Тарих • 13 Желтоқсан, 2017

Семей сапары: Азаттық аңсары

634 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Тәуелсіздікке қол жеткізіп, әлем қоғамдастығы алдында құқықтық мәртебеге ие болып отырған Қазақстан – қазақ халқының ұйық мекені. Ежелден еркіндік аңсаған бабаларымыз азаттық жолында түн ұйқысын төрт бөліп, күндіз отырмады, түнде ұйықтамады ұрпақ қамы үшін.

Семей сапары: Азаттық аңсары

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылы жарық көрген «Жылдар мен ойлар» атты туындысында: «Қазақтар талай рет қырылып қалуға шақ қалды. Бірақ өмірге деген құштарлық, азаттық аңсары еңсесі түскен елді қайыра түлетіп, қайтадан тәуекел тұғырына қондырып отырды» дегеніндей, өткен ғасыр басында Алаш азаматтары азаттық аңсары жолында тағы да атқа қонған еді. 

Қазақтың көрнекті демократ қалам­гері, ақын Сұлтанмахмұт Торай­ғыров: «Дулатов, Байтұрсынов, Бөкей­ханов, Білемін бұл үш ердің айтпай жайын, Кешегі қара күнде болмап па еді, Бірі күн, бірі шолпан, бірі айым, Солардан бас­қа кеше кім бар еді, Қазақ үшін шам қыл­ған жүрек майын» деп жырлағандай, ұлт көсемі Әлихан, ұлт ұстазы Ахмет, ұлт жана­шыры Міржақыптар бастаған ұлт қайраткерлері: Алаш жолы, Алаш идеясы, Алаш мұраты үшін ғазиз бастарын бәйгеге тікті. 

Алаш жолы – күрескерлік

Өткен ХХ ғасырдың алғашқы ширегі – қазақ тарихында ұлт зиялыларының азаттық жолындағы жанпида күрескер­лігімен ерекшеленді. 1917 жылы ақпан айында патшалық билік құлап, Қазан төңкерісі жеңіске жетті. Осы оқиғадан кейін Ресей отарында болған жұрттар еркін­дік үшін күрес жүргізді. Соның бірі – қазақтар. 

Бұл тұста қазақ зиялылары күллі Орта Азия аумағына көшбасшылық жасай­тындай деңгейге көтерілген еді. Мысалы аз ғана уақыт өмір сүрген Уақыт­ша үкімет Торғай облысына Әлихан Бөкей­хановты, Жетісу облысына Мұха­меджан Ты­ныш­паевты, Түркістан губерниясына Мұстафа Шоқайды басшылыққа таға­йындады. 

Осы бір бұлғақ жылдары, яғни Ресей билігі Уақытша үкімет пен больше­вик­тердің қолына алма-кезек өтіп, құй­қыл­жып тұрған заманда қазақ зиялылары автономды Қазақ мемлекетін құруға ұмтылды. Осы жолда қандай қиындыққа тап болса да қажымай еңбек етті. Мұндай мүмкіндік ғасырда бір туатынын бағамдай алды. Сөйтіп Алаш қайраткерлері әуелі, қазақ құрылтайын өткізу қажет деген шешімге келіп, 1917 жылдың шілде және желтоқсан айларында екі рет Орынбор қаласында Жалпықазақ жиынын өткізді.

Әсіресе, 5-12 желтоқсан аралығында өткен екінші жиында ұлттық мүдде тұрғысынан құрылған «Алаш» партиясы­ның міндеттерін, Қазақ автономиясы және оның үкіметін қалыптастыру мәселе­лерін өте ұқыптылықпен қарас­тырып, автономия құрамына кіретін өңір­лер нақтыланып: «Қазақ-қырғыз автоно­миясы «Алаш», Ұлт кеңесі (үкімет) «Алашорда» деп аталсын. Алашорданың уақыт­ша орны – Семей қаласы болсын» деген шешім қабылдап, жаңа үкімет төр­ағасына Әлихан Бөкейхановты бекітеді.

Жоғарыда айтылғандай «Алашор­даның уақытша орны – Семей қаласы» болуына байланысты облыстық қазақ коми­тетінің шешімімен қаланың «Заречная слободка» атты аумағы «Алаш қаласы» деп аталды да, 1918 жылдың ортасынан бастап ресми іске кіріскен Алашорда ұлт кеңесі 1920 жылдың 9 наурызында Казревком «Алашорда» буржуазиялық үкіметін жою туралы бұйрық шығарғанға дейін іс-қызметін жүргізеді. 

Өткен аптада Алаш қайраткерлерінің ізі қалған Семей қаласына арнайы барған сапарымызда Алаш тарихына қатысты алғаш рет ашылған «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» музей экспозициясынан жоғарыдағы тарихи сәт туралы «Сарыарқа» газетінде: «Декабрьдің 12-сі күні, түс ауа, сағат 3-те дүниеге Алаш авто­номиясы келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоңсы қонып, шашылып жүрген қырғыз-қазақ жұрты өз алдына ауыл болды. Отансыз жұрт Отанды болды» деп жазылған мәтіннен азаттық аңсары жолындағы алаштықтардың күрескерлік үнін естігендей күй кештік. 

Семейлік зиялы қауым өкілдерімен кездескенімізде олардың ең көп еске алатын дүниесі «Әлиханның Семейге келуі». Алаштанушы, тарихшы Мұхтарбек Кәрімов пен өлкетанушы Құсмила Нұр­қа­сым­дардың айтуына қарағанда Орын­борда 1917 жылғы 21-26 шілдеде өткен Жалпықазақтың бірінші съезінен кейін Әлихан Бөкейханов елдегі саяси күш­тердің ара салмағын пайымдай келе бо­ла­шақта Сібір Республикасына автономиялық негізінде қосылу бағы­тын ұстанды, дейді. Сондықтан да Ә.Бөкей­ханов осы мәселені Сібір автоно­мис­терімен мәмілесу үшін 1917 жылы 5 қазан­да Томскіге келіп, Сібір облас­тник­терінің съезіне қатысқан. Осы сапарында бірден Орынборға қайтпай, қазанның 21-күні Семейге келеді. 

Аталмыш оқиғаның басы-қасында болған ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров «Сарыарқа» газетінің 1917 жылдың 30 қазан күнгі №18 санында «Әлиханның Семейге келуі» атты жазбасын жарияла­ған. Осы мақалада: «Семейде, 21 октябрьде, бұрынғы жандарал мекемесі, «Бостандық үйіне» қарай топ-тобымен ағылған қазақ еді. «Сегіздегі бала, сексендегі шал да қал­май» дегендей, тойға бара жатқандай бәрі­нің де мерейлері үстем, еңселері көтеріңкі, жүздері жарық, көздерінен, қозға­лыс­тарынан қуанғандықтары көрініп тұрды... Бұл қазақтар бұрынғыдай еріксіз «қанын сорған битін» тосып жиылған қазақтар емес, ерікті қазақтар, елге еңбегін сіңірген ерін тосып жиылған қазақтар еді.

Ол ері кім еді? Ол ері: елі үшін құр­бан­­дыққа жанын берген, бит, бүрге, қан­д­алаға қанын берген, көрдей сасық ауа, темір­лі үйде алаш үшін зарығып бейнет ет­кен, болса да қалың тұ­ман, жар­қыл­да­ған түймеге алданбаған, бас­қадай бір басы үшін жалданбаған, қайт­кенде алаш көр­кейер деген ойдан бас­қа ойды өмірін­де малд­анбаған Әлихан Нұр­мұ­ха­мед­ұлы Бөкей­ханов еді» деп жазып, Әле­кең­ді құт­ты­қтаушылар қатарында өзі де болып, жастар атынан: «Көш бастаған ері­міз, Қуанышта еліңіз, Көкіректен бүгін кет­­кендей, Сізді көріп шеріміз... Алаш туын қолға алған, Қараңғыда жол салған, Арыс­­таным, келіңіз!», деп жыр толғағаны белгілі.

 Алаш идеясы – ұлттық ояну

Осылай ғасыр басында пайда болған Алаш қозғалысы қысқа уақыт ішінде қазақ қоғамына «Оян, қазақ!» идеясын әкелді. Бұл мақсат ара да бір ғасыр өткенде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты концептуалды бағдарламасына ұласуы, ұлт руханиятын жаңғыртудың жүз жылдан кейінгі тарихи сабақтастығы екені даусыз. 

 Өйткені, алаштықтардың ұлттық идеясы ақын С.Торайғыровтың: «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз, Енді ешкімнің алашты, Қорлығына бермейміз!» деген ұранды жырына ұласып жатса, бүгінгі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынып отырған «Мәңгілік ел» идеясы жоғарыдағы алаштықтар мақсатымен рухани үндестік табуда.

Сол сияқты алаш идеясының класси­ка­лық құжаты – «Алаш» партиясы­ның бағдарламасы. Бағдарламада: мемлекет қалпы, жергілікті бостандық, дін ісі, билік һәм сот, ел қорғау, салық, ғылым-білім үйрету, жер мәселесі бәрі-бәрі қазақтың ұлттық мүддесі тұрғысынан көрініс тапқан. 

Осы орайда, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Тарих толқынын­да» атты кітабында алаш идеясы жайлы: «ХХ ғасырдың басында қазақ ұлт­тық идеясын қалыптастыру міндетін ұлт­тық элита өзіне алды. Өз уақытында «Алаш» партиясының басшылары алға жыл­жытқан көптеген ережелер өзінің мағы­насын қазірге дейін сақтап келеді. Бұл ұлттық емес, патриоттық ұйым бол­ды» деп пайымдаса, алаштанушы, ғалым М.Қойгелдиев «Ұлттық саяси элита» атты зерттеу еңбегінде Алаш идея­сы біріншіден, ұлттық демократиялық мем­лек­ет құруды, екіншіден, жердің астын­дағы, үстіндегі, көгіндегі барлық байлық қазақтың өзіне қызмет етуін, үшіншіден, қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекет азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуін, төртіншіден, қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлт­тың тілі өзге ұлттардан қарағанда үс­тем болуын, бесіншіден, ұлттық дәстүр­ге негізделген Жапония үлгісіндегі ұлт­тық демократиялық мемлекет құруды ұстанды депті. 

Осылайша, ұлттық идеяның кемел бағытын кемеңгерлікпен түзген алаштықтар мемлекет құрудың жаңа белесін ашып, яғни ұлттық идеяға адалдық, жанкештілік танытып, елдің болашақ бағыт-бағдарын айқындай білуі – Алаш аманатының бізге тарих болып жеткен құндылығы. ХХ ғасырдың 30-шы жылдарының аяғына қарай жүргізілген сталиндік зұлмат, хрущевтік «жылымық», брежневтік тоқырау тұсында да Алаш идеясы қазақ даласын елес болып шарлады.

Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханов айтқандай, мемлекеттігі жоқ халық – жетім халық. Кез келген болашағынан үміті бар ұлт үшін мемлекеттік идея не­гіз­­гі құндылық. Міне, осы тұрғыдан ал­ған­­да Қазақстан Республикасы – Алаш идеясы­­ның өмірлік шындыққа айналуы­ның кө­рінісі ретінде бағалануы әбден орынды.

Алаш мұраты – елшілдік

Алаштықтардың басты мұраты – елшілдік, яғни жеке тәуелсіз мемлекет құру және оның байтақ астанасын пайда болдыру еді. Тіптен бұл мақсат жолында Әлихан Бөкейхановтың жеке ой-пайымы да болғанын аңғарамыз. Алаш көсемі өзінің «Григорий Николаевич Потанин» атты мақаласында: «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы болса, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау» деген өзекжарды сөзі бар. 

Мына бір үндестікке назар аудары­ңыз: Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жылдар мен ойлар» атты кітабында өткен ғасыр басында алғашқы қазақ либералдары – «Алаш» партия­сы көсемдері де саяси орталықты әуел­ден зор стратегиялық маңызға ие осы аймаққа (Сарыарқаға) көшіріп әкелуге күш салды, дейді. Елбасы айтқандай, ХХ ғасыр басында тәуелсіздікті мақсат тұтқан алаш­тың ел астанасын таң­дау­дағы мұраты – қазіргі тәуелсіз Қазақ елінің ғасыр аяғындағы астана таң­дауы­мен үндесіп жатқаны, мемлекет мүддесінің үзілмей жалғасқан асыл арқауы екені шындық. 

Сонымен қатар Алаш қайраткерлері қазақ елінің сан ғасырлық даму тәжірибе­сін, салт-дәстүрін революциялық әдіспен күрт өзгертуді емес, қайта оларды эволю­­циялық жолмен, басқа өркениетті елдердің өмір тәжірибесін ескере отырып, одан әрі жетілдіре түсуді көздеді. Осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біздің кешегі тарихымыз бұлтартпас бір ақиқатқа – эволюциялық даму ғана ұлттың өркендеуіне мүмкіндік беретініне көзімізді жеткізді» деуі, жоға­ры­дағы алашшылдардың бір ғасырдан кейін іске асқан арман-аңсары екенін бағамдай аламыз. 

Сөзімізді түйіндер болсақ, қазіргі таңда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен тұтас ұлттық, елдік ұстынға айналған «Мәңгі­лік ел» идеясы, сонымен қатар Елбасы­ның рухани жаңғыру мақаласында айтылған бағыттарды, 100 жыл бұрын­ғы алаштықтардың жолы, идеясы, мұратының заман талабына сай жаңғыр­ған, жаңаша көзқараспен пайымдалған тарихи жалғасы деп түсінген дұрыс.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Астана – Семей – Астана

Суреттерді түсірген 
Раушан НҰҒМАНБЕК