Әдебиет • 13 Желтоқсан, 2017

Көкшетауда алтын қазық...

791 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Елімізге белгілі ақын, жазушы әмбе драматург Төлеген Қажыбаевтың қаламгерлік һәм азаматтық болмысындағы әлдебір сүйкімді даралықты бұл кісімен әредікте бетпе-бет келген жандардың қай-қайсысы да сезінбей қалмас еді. Және сол даралық қасиеті кім-кімді болсын баурап аларын қырық жылдан астам жақын інісі болу бақыты бұйырып келе жатқан біз де бірсыдырғы білеміз-ау. Ал енді ол қандай қасиеттер десеңіз, біртоға мінезіндегі тау қозғалса тапжылмас сабыр-салмақтылықты, жан түбінен суырылған қайраулы қылыштай қайсарлықты, көкірегіндегі қоңырау күмбірлі рухтылықты алдымен айтар едік. 

Көкшетауда алтын қазық...

Осы арада сәби Төлегенді тербеткен бесік, болашақ үлкен жүректі ақынның іңгәлап туған топырағы, уызынан жарыған тегі туралы бір ауыз айтпасқа әдді­міз жоқ. Қаһарлы 42-нің жел­тоқсанында, майдандағы Қажыбай әкесінен «қара қағаз» келген қаралы күндерде туған бейкүнә нәрестеге Отан үшін төлеуін төлеп қойған азалы ша­­ңырақ азан шақыртқызып атын «Төлеген» деп қойыпты. Шерлі жесір ананың әлдиі, атасы Сыздықтың әлпеші құйылған көкірек. Ал бұл Сыздық атамыз тегінде де тегін адам емес.

Атақ­­ты ақын, Сейфуллиндердің соңынан ерген, Сәбеңдермен сыйласқан, Мұхаңдарға еркелей білген, ашаршылық туралы «Әлі қарттың әңгімесі» деген налалы дастан тудырған Жа­қан Сыздықовтың әкесі. Со­ғыстың алдында «Қарағаш» колхозының төрағасы болған інісі Қажыбайдың ақындығы Жақаннан да мықты болар еді, әттең оқымай қалды ғой деп ауылдың көзкөрген қариялары бертінге дейін айтып отырар еді. Бұл екеуінің інісі белгілі әде­биетші, кәсіби аудармашы, Брестің бір қорғаушысы болған, тоқсан жасап өмірден өткен Қа­жымұрат Сыздықов ақса­қал еді. Бір әулет, бір арман, бір тілек. Қазақтың осы ағайынды нар жігіттерінің, атасы Сыздықтың ама­натын арқалау ақыр соңын­да Төлегеннің маңдайына жазы­лыпты-ау.

ҚазПИ-де алпысыншы жылдары оқып жүрген дәуренінде бала Төлегенді аға Төлеген, аяу­лы Төлеген Айбергенов ізіне көп ерткен екен. Жақсы көріпті. Өнерін. Өлеңін. Серілігін. Және жүрегін. Бала Төлеген домбыра тартады, ән салады. Бірде аға Төлеген қоярда-қоймай қолынан сүйреп кәдімгі «қасиетті қазына жыр, байтақ ән» Ғарекеңнің, Ға­рифолла Құрманғалиевтің өзінің алдына алып барады. Тегінде, консерваторияға ауыстырмақ ойы бар. «Осы інімнен әнші шығады, Ғареке, тыңдап байқаңызшы» деп қиылады. Төлегендей саңлақ інісінің бетінен қағатын Ғарекең қайда! Тыңдайды. Әнін тыңдап болған соң өлеңін оқытады. Со­сын бір дем ойланып отырып: «Төлешжан, баланы бекер қи­нама. Одан да өлеңін жазсын» депті. Содан бергі жарты ға­сырдан астам уақытта Тө­леген өлеңін үзбей жазып келеді. Өле­ңіне прозасы мен драматур­гиясы қосылды, қаламынан дастан-поэмалар жосылды, шағын әңгімелері шырайлы хикаяттар мен шалқар романдарға ұласты. Көсемсөзі мен ақмылтық жур­налистігі және бар. Әрине, ән-күйімен де ажырасқан жоқ. Ақын әнсіз болушы ма еді. Шындап кет­се, Шәмшінің айтатынындай, «домашний әншілерден» әлде­қайда биігірек қалықтайды-ау. Төлегеннің өзін көрмей-біл­мей жатып Алтынбек Қораз­баев оның өлеңіне ынтық болып, «Әгугай, домбыра-ай» әнін өмірге келтіруінен де ақын таби­ғатының күйлі, сырлы, сазды астарларын сезінеміз. 

Бір кездері Алматыдан, одан кейінгі Астанадан Арқаның кербез сұлу Көкшетауына ат ізін салар азаматтар «Көкшеде ат басын тірер кім бар еді?» дегенде «Көкшетауда Төлеген бар ғой!» деген жауап алар еді. Аяулы Ғафаң – Ғафу Қайырбеков, Кә­кең – Кәкімбек Салықов, Сә­кең – Сәкен Жүнісов, Ақаң – Ақ­селеу Сейдімбек, тағы басқа әз ағалар Көкшеге келген сайын «Төлешжаным» деп Төлегенді іздеп табар еді. Көкшенің сыры мен жырына, пейіліне жырғап қанығар еді. Іші терең, көкірегі көмбелі зерен Төкеңді Көкшенің бүгінгі Ақанындай, Біржанындай көрер еді. Көкшетауда болған кездерінде қастарында қашан да Төкеңнің болғанын қалар еді. Бүгінгі Ілия Жақанов, Кәдір­бек Сегізбайұлы, Қажығали Мұ­хамбетқалиев, Иран-Ғайып, Ұлық­бектер де солай. Ертеректе Көкшетаудың обком партиясы ауылға қадірменді үлкен кісілер ат ізін салғанда Көкшенің елі-жұртын, Бурабай мен Зеренді, Айыртау-Сырымбетін аралатып қыдырту үшін қастарына әр­дайым жолбасшы қылып қосып беретіні де есімізде. Бірде егін орағы кезінде елге атақты ақын Әбу Сәрсенбаев ақсақал ар­найы келе қалды. Төкең қа­шан­ғыдай облыстық газетте. Үш күн қатарынан Әбеңді үш аудан­ға апарды. Күнде кештетіп қайтып әр сапардан новеллаға бер­гісіз төгілтіп толғамды мақала жазып, таңертең редакцияға қал­дырып кетеді. Ертеңіне таңер­тең ол мақала жарқырап шығып тұра­ды. Үш күні бойы солай. Сол эсселерді Әбу ақынның Көк­ше сапарының гимні сияқты қа­был­дап едім. Және Төкеңнің ерен еңбеккерлігіне таң қалып қы­зыққанмын сонда. Сол аптада ағамыз, сірә көз шырымын алмаса, ұйықтамаған болар. 

Тағы бірде Көкшетауға ұлт арыстарымен үзеңгілес жүрген, Лениннің алдында Қазақ авто­номиясының Ресеймен шекарасы туралы байыпты баяндама жасаған, қазақ тілінде тұңғыш рет математиканың ұлы оқулығын жазған Алаштың ардақтысы Әлім­хан Ермековтің жолы түсті. Ол кезде біздей бозөкпелер Қара­ғандыда тұратын Әлекеңнің мұн­дай қадір-қасиетінен мүлдем бей­хабармыз. Міне, осы кісінің қа­сына кезінде Шолоховқа Нобель сыйлығын алғанын сүйін­шілеген обкомның зиялы хат­шысы Бейсен Жұмағалиев атқосшылыққа біздің Төкеңді қосады. Қадірлі мейманға ел мен жердің әңгімесін айта біле­тін адам керек қой. Ал оған Төле­геннен артық кімді табасың. Содан ағамыз үш-төрт күннен кейін оралды. Құдай салмасын, әсері көл-көсір. Алаш тарихының әңгі­месіне бізді де қарық қылды.

Әлім­хан Ермековтің де кім еке­нін білдік. Әлбетте, Төкеңнің арқасында. 
Ахмет Байтұрсынов, Мағ­жан ақын туралы да алғаш Тө­кеңнен естіп білгенбіз. Қазақ грамматикасының арғы атасы Ахаң екендігін, Мағжанның: «Бар бәле анау қасқабастан шы­ғып жатыр» деп айтқаны сияқ­ты әңгімелерді құлағымызға құя­тын да осы ағамыз-ды. Сонда бұл, құдай-ау, кеңестің қы­зыл саясаты екпіндеп тұрған жет­пісінші жылдардың бел ортасы. Студент кезінде Алматыда Жақан Сыздықов ақын атасының айналасында көбірек жүрген Төлеген көкірегі қазақы рух пен жігерге толы болатын. Әсіресе сексенінші жылдар ішіндегі ақындар айтысы, қазақтың ұлттық өнері, Біржан сал мен Ақан серілердің мерейтойларын өткізу, қазақ мектептерін ашу, алғашқы Абылайхан тойы­н өткізу, Көкшетау облысының Алма­тыдағы күндері – осылар­дың ешқайсысы, былайша айт­қанда, қатардағы журналист Төле­ген Қажыбаевтың қаты­суын­сыз орайына келмейтін, бәрінің басы-қасында бастаушы, нұ­с­қаушы, жасқаушы болып Төле­ген жүретін-ді. Көкшеде кеңес заманында қазақтың сөзін Төле­ген айтатын-ды. Ақындық та, азаматтық та дауысы халық жү­ре­­гіне жол тапты, ел ішіндегі абы­рой-беделі жылдан-жылға зорая берді. 

Тәуелсіздік ұлтжанды қалам­гердің екінші тынысын ашты. Күрескерлігі, қайраткерлігі, қа­жы­мас еңбекқорлығы жыға­сын жықпады. Табиғатты бүл­д­і­рушілерге қарсы тұрып, қарлы­ғашша шырылдап, Бура­байға араша түсті. Қазақтың тілі мен ділін қорғаудан жалыққан да, жалтарған да, жасқанған да жері жоқ. Осы ретте әкімқаралармен шарпысып, шайқасып, бетке айтып салатын кезі де жоқ емес. Көлтексіз, турашыл болмысы солай болғасын қайтсін. Соны­сымен ұнамай да қалады. Дегенмен де нағыз ақсақалдың шын ниетті, елдіктің парасатты сөзін аңғаратын нарқасқа азамат­тар, құдайға шүкір, бұл қазақта бар ғой. Ана жылы Ақ­мола облы­сының әкімі Қайрат Пер­нешұлы Қожамжаров әлдебір шаруамен Астанада жүрген Төкеңді шұғыл іздеп, тауып алды. Ертең Көкшетауға Елбасы келеді екен...

Облыс орталығының бас алаңы. Абылай хан ескерткішінің жаны. Нұрсұлтан Әбішұлы қау­малаған халық, кәрі-жаспен емен-жарқын дидарласуда. Сол арада қадірменді Президентке күллі Көкшетау-Ақмола хал­қының жар­қын сәлемін, ақжарма тілегін, арман-мұңын тебіреністі өлең шумақтарымен Төлеген жеткізді. Ақын аузымен айтылған аталы сөзге Нұрағамыз да разы бол­ғанын көзіміз көрді. Бүкіл Қазақ елі көрді. Сол толқулы сәт­терді республиканың басты басылымдары түгел жариялады. Дүйім Көкшенің аманатын арқа­лаған Төлеген ақынның жыры сөйтіп Елбасы жүрегінен де орын алды. Елдің сөзін айтар ақсақалға, парасат иесіне, Көкшетаудағы алтын қазыққа айналды.

Ең алғаш әдебиет сүйгіш қауым қаламгер Қажыбаевтың 1977 жылы жарық көрген «Жол басы» жыр жинағын оқығанда терең ой қозғайтын, шымыр да ширақ жырлайтын, қалыптасқан жақсы ақынды ұшырастырып қуанған еді. Ал екінші кітабы прозалық шығармаларынан құ­ралып, «Атыңнан айналайын» деп аталған-ды. Сондағы «Жаралы жылдар» повесінде, «Зауал» әңгімесінде табиғат көрінісін, адам мінезі мен жалпы болмысын, көңіл күйіндегі толқулы сәттерді бейнелі, қаза­қы ұғыммен, тіл өрнегін төге суреттейтіні қазақ әдебиетіне тағы бір тың үрдісті, кең тынысты жазушы келіп қосылғандығын білдірген-ді. Үміт алдамапты. Төлеген поэзияда да, проза­да да салқар сарындарды, адам бо­йындағы өршіл рухты тербеді. Бұдан кейінгі «Құлан қырғыны» аңыз-хикаяты, «Ағы­бай батырдың үш арманы» хикаясы, «Қорқаудың ақыры», «Қанкешу», «Аран» хи­каят­тары, «Күйік-ғұмыр», «Әу­піл­дек зары» әңгімелері, «Жа­ным­­ның жапырақтары», «Өмір, сені жырлай­мын», «Сексен көл сылдыры», «Қа­расай-дастан» жыр жинақ­тары осы ойымызды айқындай түседі. Ал «Ұмытпа мені, Гәк­куім», «Зауал», «Жындар биі» драмалары ши­рыққан жан тол­қуының шы­найы сахналық көріністеріне айналды.

Төкең айхай жетпіс беске та­қағанда айды аспанға шығарып, соңғы екі жылда «Қансоқта» және «Қанды қасап» атты екі ро­ман жазып тастады. Бұларда ортақ кейіпкер арқылы даңғой елінің төңкеріске дейінгі тір­лігі, төңкерістен кейін Сәкен Сей­­фуллиннің жер бөлісіне келуі, Сыздық болыстың елді ұйым­дастырудағы ерен еңбегі, ел ішін­дегі салпаққұлақ арызқойлар, Кенженің Колыма шахтасын­да опат болуы оқиғалары сурет­теледі. Бұл қос томдық роман әлі күнге дейін әдебиет сыншыларынан әділ бағасын алып болмаған жазушы Төлеген Қа­жы­баевтың соңғы кездегі елеулі шығармашылық табысы екен­дігін қадап айтамыз.

Қаламгер 2011 жылы тәуел­сіз елінің «Құрмет» орде­ні­мен марапатталыпты. Биыл «Қа­зақстанның құрметті жур­налисі» атағы берілді. Елу жылдан астам уақыт бойы қазақ баспасөзінің отымен кіріп, күлімен шығып қызмет жасаған өр рухты, қар­шығадай қайсар мінезді Төкең қол қусырып қарап отырудан әлі де аулақ. Талай жылдар бойы Жазушылар одағының өңірдегі бөлімшесіне басшылық еткені өз алдына, Көкшетаудағы тәуелсіз «Бұқпа!» газеті мен әде­би-мәдени «Жер шоқтығы» журналын сәтімен шығарып келеді. Жұрт бұл басылымдарды іздеп жүріп оқиды. Көкшенің алтын қазығындай ардақты азамат, ақын, жазушы Төлеген ағамызды да алыс-жақыннан жүрегімен іздеушілер жетерлік. Біз соған сүйінеміз.

Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»

АСТАНА