Әлем • 13 Желтоқсан, 2017

Ердоған: Әлем елдері Иерусалимді Палестина астанасы ретінде мойындауы керек

483 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мұсылман елдерінің басшыларын Иерусалимді Палестина астанасы ретінде мойындауға шақырды, деп жазады ВВС. 

Ердоған: Әлем елдері Иерусалимді Палестина астанасы ретінде мойындауы керек

Ислам ынтымақтастық ұйымының саммитінде ол Израильдің террорлық әрекеттерін айыптап, АҚШ шешімін қолдамайтынын айтты. Ал Палестина басшысы Махмұд Аббас АҚШ бейбіт процеске қарсы шықты деді. Саммитте сөйлеген сөзінде ол АҚШ-тың шешімін қабылдамайтынын айтты. "АҚШ бұл шешімі арқылы Израильді жақтайтынын көрсетті", деді ол. 

2010 жылы Түркия Газа секторында израильдік әскерилердің 9 түрік белсендісін өлтіргеніне қарсылық ретінде Израильмен дипломатиялық қарым-қатынастарды үзген болатын. Екі мемлекеттің дипломатиялық қарым-қатынастары 2016 жылы қайта жандана бастады. Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоған АҚШ президентінің мәлімдемесіне дейін де Израильмен қарым-қатынасты үзетінін айтқан болатын. Саммитте сөйлеген сөзінде ол осы сөздерін еске алды. 

Ердоған мұсылман мемлекеттерін Трамптың Иерусалимге қатысты шешіміне жауап беруге шақырды. "Халықаралық құқық пен әділдікті жақтайтын мемлекеттер Иерусалимді Палестинаның окуппацияланған астанасы ретінде мойындауға шақырамын", деді ол. "Бізге ортақ дипломатиялық шешім керек. Израильдің Палестинадан көптеп жер алуын тоқтатқанымыз жөн. Израиль жүргізіп отырған саясатты қабылдамау керек", деді өз сөзінде Түркия президенті. 

Естеріңізге сала кетсек, жақында Дональд Трамп Иерусалимді Израильдің астанасы ретінде мойындап, елдегі АҚШ-тың елшілігін мемлекеттің қазіргі астанасы Тель-Авивтен Иерусалимге көшіретіндігі туралы мәлімдеме жасаған болатын. Сарапшылар мен саясаткерлердің айтуынша, бұл өңірдегі шиеленісті одан әрі күрделендірмек. Себебі Иерусалим – ислам, христиан және иудаизм діндері үшін қасиетті қала. 1967 жылғы Алты күндік соғыс кезінде Израиль бұрын Иорданияның бақылауында болған Иерусалимнің шығыс бөлігін басып алып, оны өз территориясының ажырамас бөлігіне айналдырды. Ал палестиндіктер болса, Шығыс Иерусалимді болашақ мемлекеттерінің астанасы болады деп отыр. Осылайша, Иерусалимның заңды мәртебесі соңғы елу жылда Араб-Израиль шиеленісіндегі ең даулы мәселелердің біріне айналды.