Әдебиет • 14 Желтоқсан, 2017

Түркологияға қосылған үлес

497 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қасиетті Түркістанда орналасқан Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұйымдастыруымен үстіміздегі жылдың қазан айының 18-20 күндері аралығында «Жойылу қаупі бар түркі тілдері» атты VII Халықаралық түркология конгресі өткені белгілі. Әлемнің және Отанымыздың түкпір-түкпірінен арнайы шақырылған түркітанушы ғалымдар тағы да бас қосып, түркологияға қатысты маңызды мәселелерді талқылап, соның ішінде жойы­лу қаупі бар түркі тілдерінің бүгіні мен болашағына қатысты және оларды сақтап қалудың жолдарын қарастырған мәмілелі мәслихатта өздерінің құнды ой-пікірлерімен бөлісті.

Түркологияға қосылған үлес

Конгресс барысында келелі тақырыптарға негізделген ауқым­­ды баяндамалар тыңда­лып, тал­­қыланумен бірге қазіргі за­манғы түркологияның жетістіктерін паш ететін кітап көр­ме­сі ұйымдастырылып, жаңа ғы­­лы­ми еңбектердің тұсауы да кесілді. Сондай кітаптардың бірі һәм бірегейі белгілі түр­ко­лог ғалымдарымыз, филология ғылымдарының доктор­лары, профессорлар Жан­сейіт Түйме­­баевтың, Мағрипа Ес­кее­ваның, Гүлғайша Сағидол­даның «Түркітану сериясы» бойынша баспадан шыққан 8 томдық ғылыми зерттеу ең­бектерін ерекше атауға болады. Аталмыш көп томдықтың бірі «Мәңгілік Ел» идеясын дамыту­дың лингивистикалық негізі» деп ата­лын­ған. Онда «Мәңгілік Ел» идеясының рухани ұлы мақсат-мұраттарын іске асыру­дың негізгі тетіктерінің бірі – гуманитарлық пәндердің көкжиегін кеңейтіп, соның ішінде жалпы түркілік рухани құндылықтарды сақтауға, жаң­ғыртуға, соны ғылыми айна­лымға түсірудің, оларды кешенді түрде талдаудың лингвистикалық мүмкіндіктері қарастырылған. Мәселенки, солардың қатарында көне түркі жазба ескерткіштері тіліндегі Bengu El идеясы, осы идея­ны жаңғыртудың лекси­ко­­графиялық негіздері, түркі тіл­дерін салыстыра зерттеудің ортақ руха­ният­ты жаңғырту құ­ралы екендігіне қатысты жан-жақ­ты, терең талдау­лар бар. 

Ж.Түймебаев пен Г.Сағи­дол­да­ның бірлесіп жазған «Қазақ және түркі тілдерінің салыс­тырмалы-сипаттамалы грамматикасы», «Алтаистиканың тарихи лин­г­вистикалық негізі», «Қазақ және татар тілдері­­нің ­са­лыс­тырмалы-си­паттама­лы ­грам­­­­­­­матикасы», ­Ж.Түй­мебаев пен­­ М.Ескееваның жазған «Түр­кі­­танудың тарихи-лин­гвис­тикалық негіздері», «Көне түр­кі жазба ескерткіштері тілінің мор­фологиялық жүйесі» және де үш автордың ортақ қолтаңбасы қал­ған «Түркі тілдерінің салыс­тырмалы-тарихи грамматикасы»­ атты ғылыми еңбектерінің қа­зіргі түркологияда алатын орны айрықша дер едік. Өйткені түрко­ло­гияның ең қажетті, өткір бір саласы түркі тілдері линг­висти­касын бұлайша ашып талдап,­ жеке-жеке зерттеу нысанына айнал­дырған ғалымдардың ең­бектері кемде-кем. Түркі тіл­де­рін тарихи-фонетикалық, морфологиялық, грамматикалық тұр­ғыдан салыс­тыра зерттеу ке­шенді, кемел іс дер едік. Сол се­бепті осы ең­бек­тердің ғылыми теориялық, прак­тикалық маңыз­ы өте зор болмақ. 

Отандық түркология сала­сын­­да тіл мамандары үшін таптыр­май­­тын құнды да бағалы ғы­лыми еңбек­тердің жарыққа шығуы – үл­кен табыс әрі мерей!­ Елбасының бас­тамасымен елімізде кең өріс алып жатқан рухани жаңғыру бағ­дарламасы негізінде атқарылар ұшан-теңіз істің толайым жетіс­тік­тері мол болып, түбі бір түркі­нің рухани дүниесі осылайша тү­ген­­деле берсін! – деген ізгі ті­ле­гім­­ді жеткізгім келді. 

Раушангүл АВАКОВА,
филология ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры