Футбол • 14 Желтоқсан, 2017

Талғат БАТЫРХАН. Рубинбашы

650 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қалғандарын қайдам, қашаннан қағілез спортсүйер қауым әнтек әзіл аралас мақала тақырыбына қарап-ақ кейіпкеріміздің кім екенін бірден біліп қойғаны күмәнсіз. Осы тұста Орта Азиядағы бейтарап мемлекетте мейлінше құзіретті билік құрған белгілі тұлғаны естеріне түсіріп, сыңар езулеріне ептеп күлкі үйірілгенін де сезіп отырмын.

Иә, бүгін біз түрікмен футболының түлегі, сексенінші жылдардағы «Қайраттың» серкесі, қазір Қазанның «Рубинін» қайта құрып жатқан білікті бапкер Құрбан Бердыев туралы қалам тербемекпіз.

Талғат БАТЫРХАН. Рубинбашы

Ашхабадтағы үйінің ауласында аяқдоптың әліппесін ашқан қара баланың қатарынан озықтау қарым-қабілетін байқап қалған қаладағы «Строитель» футбол мектебінің мамандары көрегендік танытқан тәрізді. Біраз баулыған соң дарынды шәкірт басқалардан даралана бастайды. Содан талабы оңғарылған талантты оғланды Түр­ікм­енстанның маңдайына бас­қан мақ­танышы – «Колхозчи» коман­дасы аттай қалап әкетеді. Осы клуб­та ол оң-солын айырып, ше­бер­лігін шыңдайды. Жан­кешті жат­ты­ғуларда төккен тер­дің ар­қасын­да қанаты қатайып, бұға­на­сы бекіді. Қарсыластары қаймығар қа­бырғалы ойыншыға айналды.

Жалындағы жиырма бестің жа­лына жармасқан нағыз науша шағында Алматының «Қайратына» шақырылды. Сол үшін күні бүгін­ге дейін Тимур Санжарұлы Се­гіз­баевқа алғыс айтады. Әке-ше­ше­сі, ағайын-туыс, әсіресе әріп­тес­тері оған ұшқан ұяны ұятқа қал­дыр­мауды қайта-қайта тапсырып, мойнына мол жауапкершілік жүгін артып Қазақстанға шығарып салды.

КСРО чемпионатының жоғары лигасында өнер көрсету оның көкейін тескен көп арманының асқар шыңы болатын. Соның сәті түскеніне қатты қуанды. Аламанға шабар арғымақтай арындап, жасыл алаңда жарқылдауға асықты. Онда негізгі құрамнан ойып орын алу оңай емес-тұғын. Алдыңғы сап­тан көрінуді көздеп барын салып бақты. Ақыры айы оңынан туды. «Қайраттың» Ордабаев, Бай­ша­қов, Талғаев, Хисамуддинов, Ион­кин секілді саңлақтары шау тар­тың­қырағанымен әлі шабандай қой­маған кезі еді бұл. Бұған сондай сойқан ойыншылармен бірге ойқастау бақыты бұйырды.

Ойхой, шіркін, Құрбанның құ­мар қандырар көркем ойынын кө­руге көз керек-тін. Асыл тұқым­ды Ақал­текенің аяқ тастасын­дай әде­мі қи­мыл-қозғалысы қандай де­сеңіз­ші. Орталық стадиондағы ре­п­­ро­дуктордан саңқылдаған дауыс «Қай­раттың» құрамымен та­ныс­тырып жатқанда сілтідей тына­тынымыз, ал енді «Жетінші нөмірде команда капитаны Құр­бан Бердыев» дегенде самсаған жан­күйерлер сатырлата қол соғатын сәттер сірә, естен кетер ме?!

Сеңсең бөріктілер елінен келіп, қазақтың өз ұлындай болып кеткен сүйікті футболшымыздың мәртебесі биіктеуін бәріміз іштей тілейтінбіз. Кейде тіпті, техникасы жағынан оған күллі Одақта тең келер ешкім жоқтай көрінетін. Кезінде керемет ойын өрнегімен көрермен көңілін көншіткен Кипиани, Буряк, Гаврилов, Черенков секілді жарық жұлдыздармен иық тірестіруге жарайтын жампозымыздың барын ауыз толтыра айтатынбыз. Бірақ, біз ұнатып ұлықтағанмен ел құрамасының тізгінін ұстаған Константин Бесков, Валерий Лобановский, Нодар Ахалкаций, Эдуард Малофеевтердің назарына ілікпей қойғаны өкінішті-ақ. Бәлкім, олардың да бір ойлағаны болған шығар. Қайдан білейік... 

Әншейінде әттегенайлатып, жігерімізді құм қылатын «Қай­ра­тымыз» кейде қаһарына мін­ген­де жаралы жолбарыстай шабы­нып, азуын айға білеген команда­лар­дың қалпағын қайырып жібере­тінін қайтіп ұмытайық. Сөйтіп Мәс­кеудің «Спартагын» да сүрін­дір­ген, Киев пен Тбилисидің «Ди­на­мо­ларын» да дірілдеткен. Жерлес­терімізді желпіндірген мұндай жеңістерге Құрбанның қосар үлесі аз болмайтын.

Бағына қарай, Бердыевтің командалас серіктері «сен тұр, мен атайын» дейтіндей сенімге ие еді. Аттарын атасақ, Евстафий Пех­ле­ва­ниди, Сергей Стукашев, Сергей Волгин, Владимир Никитенко, Ва­хид Масудов, Фанас Сәлімов, Сер­гей Ледовских, Александр Убы­кин... Ал, Құрбан Бердыев осылардың ойынын үйлестіретін орталық сияқты болғанын көзіміз көрді. Алаңдағы аңғарымпаздығы арқасында ойын тактикасын «оқи» білетін. Өзіне қарай ұшқан доп аяғына тигенше оны қалай қарай бағыттайтынын қас-қағымда шешіп үлгерер шеберлігіне тәмам жұрт таңдай қағатын. Құрбан құр босқа шапқыламайтын. Әр қимылы есепке құралатын. Бұл жөнінде сонау 1983 жылы «Лениншіл жастың» жүйрік журналисі Несіп Жүнісбаев ағамызға берген интервьюіндегі «Мен үшін футболдағы ең басты нәрсе – ойлылық. Ойлы ойынсыз фут­­бол – тек доп тебу!» деген сөзі оның бүкіл болмыс-бітімін, спорт­тық жо­лында ұдайы табан тірер ұс­танымын айқындап тұрғаны анық.

Жартылай қорғаушы бола тұра өткір шабуыл өтіндегі жігіт­тер­ден кем соқпайтын. КСРО бірін­ші­лігінің жоғарғы және төменгі топ­тарында 366 ойын өткізіп, ұзын саны 55 гол соғыпты. Біле білсек, бұл бір ойыншыға аз олжа емес.

Көкмайсада көпшіліктің көз қуа­нышы болған Құрбан Бердыев бутсысын шегеге ілген бойда жат­тықтырушылық жолды таңдады. Мәскеудегі бапкерлердің жоғары мектебін бітіріп, он шақты жыл Қа­зақстанда жұмыс істеді. Өзін тәр­биелеп өсірген «Қайраттың», Жамбылдың «Химигінің», Маңғыс­таудың «Мұнайшысының» футболшыларына миллиондардың миын арбаған осынау спорт түрінің қыр-сырын үйретті және онысы жеміссіз болған жоқ. Өкінішке қарай, республика футболының басында отырған шенеуніктеріміз тарапынан шектеу көргендіктен амалсыз несібесін басқа бақшадан теруіне тура келді.

Жақсыда жаттық бола ма, жұ­мыс­сыз жүрген жампозға ресей­лік­тер «құда түсті». Бірінші диви­зион­дағы Смоленскінің «Крис­­­та­лын» көш соңында салпақ­та­ған көтерем күйден арылтып, бе­сін­ші орынға дейін көтерді. Сөйтіп, ала доп айналасындағы атқамінер­лердің ыстық ықыласына бөленді.

2001 жылдың тамылжыған тамызында Қазанның «Рубиніне» бас бапкерлікке тағайындалды. Алла жарылқап, алдынан ақ күн туды. Аз ғана уақытта бүкіл Татарстан күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылып, аламаннан аты озуын тілеген «Рубиннің» есіктегі басын төрге сүйреп, Ресейдің премьер-лигасына жолдама әперді. Әрі қарай Рубинбашының алтын дәуірі бас­талды. Қанаттанған қазандықтар ел­ді қайран қалдырып, екі рет қата­рынан Ресейдің чемпионы атанды. Онымен тоқтамай, Ресей кубогын да, суперкубогын да жеңіп алды.

Бердыевтің абырой-беделін асқақтатқан 2009-2010 жылдардағы чемпиондар лигасындағы матчтарда «Рубиннің» Еуропаның ең үз­дік клубтарын жеңуі еді. Бұл енді ай­тып тауыса алмайтын аңызға бергісіз әңгіме. Әсіресе, әй­гілі «Бар­се­лонаны» испан­дық жан­күйер­лер алдында тізе бүктіруі өңіміз түгіл, түсімізге кірме­ген бір ғажайып оқиға ретінде жады­мызда әлі талай жаңғырары сөзсіз. Осынау орасан зор оқиға Құр­бан Бердыевтің де, Ресей футбо­лы­ның да рейтингін едәуір көтеріп тас­тағаны тағы талассыз.

Қай кезде де тасы өрге дома­ла­ған табысты жандарға тасадан тас лақтыру әдеті қалған ба, сондай солақай мінезді «содырлар» Құрбанның соңына да шам алып түсті. Оның аяғы білікті бап­кер­дің қызметтен кетуіне әкеліп соқты. Сол-ақ екен, абыройлы азаматтың алдағы карьерасы туралы тұспалдар желдей гуледі. «Әй, мына татарлардың маңдайы тайқы екен. Мынандай марғасқадан айырылды. «Осыдан қара да тұр ол енді топжарған топ-командалардың бірінен бір-ақ шығады» десті.

Біраз үзілістен кейін біздің кейіпкеріміз сәуегейлер соққандай Мәскеуді емес, облыс орталығы саналатын Дондағы Ростовты бетке алды. Аң-таң болған жұрт әліптің артын бақты. Өйтетін жөні де жоқ емес. Өйткені «Ростов» Ресейдің премьер-лигасынан әне-міне «ұшып» кеткелі тұрған болатын. Баяғыда әскери борышын өтеу кезінде өзі ойнаған команданы құтқаруға белін бекем буып іске кіріскен Бекиевичтің еңбегі зая кетпеді. Өйтіп-бүйтіп, өлімсіреген ұжымға «жан» бітіріп, апаттан аман алып қалды. Ал, келесі маусымда айды аспанға шығарып, ростовтықтарға бұрын-соңды болмаған сый жасады. Ала жаздай көш бастаған «Ростов» күздегі күтпеген жеңілістерден соң чемпиондыққа сәл ғана жетпей, екінші орынды иемденді. Солайша ортадан төмен «Ростовты» үкілеп үздіктер қатарына қосты. Алайда, қаржылық жағдайы қиындап, ойын­шыларына тиісті жалақысын төлеудің өзі мұраға айналған командадан Бердыев кетуге мәжбүр болғаны белгілі.

Ойламаған отставка тағы да өрттей өршіген өсек-аяңның өрістеуіне өзек болды. Бұқаралық ақпарат құралдары ұлардай шулап оның ендігі тағдыры Мәскеудің «Спартагымен» байланысты болатынын хабарлады. Тіпті, Ресей құрамасының басына келетініне де журналистердің шүбәсі болмады. «Спартакпен» келісімшартқа қол қоюға шақ қалғанда Бердыевтің аяқ-астынан айнып қалғанын елден есітіп, еріксіз бас шайқадық.
...Ол биыл Қазанға оралды. Бү­гінде басынан бағы тайған «Ру­бин­нің» дүрілдеген даңқын қайтаруға бар қайратын жұмсау үстінде.

Қалың қазақ бауырлары атынан біз Құрбанға тек сәттілік тілейміз!

Талғат БАТЫРХАН,
«Егемен Қазақстан»