Парламент • 14 Желтоқсан, 2017

Стандарттау ісін жетілдіру маңызды

256 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше Парламент Мәжілісінің жалпы отырысы өтіп, онда салық салу мен бюджетке төленетін төлемдер туралы үш заң жобасына Сенат енгізген өзгерістер мен толықтырулар мақұлданды. Сонымен қатар екі бірдей заң жобасы қызу талқыланып, жеті заң жобасына қатысты қорытынды әзірлеу жөнінде шешім қабылданды. 

Стандарттау ісін жетілдіру маңызды

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин жетекшілік еткен отырыста ең алдымен күн тәртібіне сай жеті заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде шешім қабылданды. Атап айтқанда, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Глеб Щегельский «Газ және газбен қамту туралы» заң жобасына қатысты баяндама жасады. Сол сияқты Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлнар Иксанова кинематография туралы және оның мәселелерін реттеуге бағытталған заң жобасы жөнінде сөз алса, депутат Нұртай Сабильянов арнайы экономикалық және индус­триялық аймақтар туралы заң жобасына ілеспе түзетулер, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуы туралы хаттаманы ратификациялау туралы және Қазақстан мен Әзербайжан үкіметтері арасындағы табыс пен мүлікке қосарланған салық салуды болдырмау, салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобалары жөнінде баяндады. Депутаттардың дауысқа салуымен аталған мәселелерге қатысты арнайы қаулы қабылданып, алдағы уақытта заң жобалары жөнінде жан-жақты жұмыстар жүргізілетін болды.

Содан кейін халық қалау­лы­лары Мәжілістегі Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы Татьяна Яковлеваның таныстыруымен «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің (Салық кодексі) жобасына Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты енгізген өзгерістер мен толықтырулар жөніндегі заң жобалары талқыланды.

Баяндамашының айтуынша, аталған заң жобаларына Пар­ламент Сенаты 35 түзету енгізген. Оның ішінде көрсетілетін фармацевтикалық қызметтерді және дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды есепке алу мен өткізу жөнінде көр­се­тілетін қызметтерді, еркін қойма иелері ретінде тіркелген ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілер үшін ҚҚС-тан (қосымша құн салығы) босатуды ұсыну, букмекерлік кеңселерге арналған электронды кассалар бойынша 1,5 есе ұлғайтылатын мөлшерлемелерді қоспағанда, ойын бизнесі үшін салықты 2 есе арттыру сынды мәселелер бар. 

«Жалпы, Сенат енгізген осы тақылеттес өзектілігі мен маңызы жоғары түзетулер Мәжіліс ма­құл­даған заң жобасының тұжы­рымдамасын өзгертпейді және мазмұнын нашарлатпайды. Сондықтан да Қаржы және бюджет комитеті аталған заң жобасына Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты енгізген өзгерістер мен толықтыруларға келісім білдіруді ұсынады», деді Т.Яковлева.

Депутаттардың жоғарыда аталған заң жобаларын бірау­ыз­дан мақұлдауынан кейін Инвес­тициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің баяндауымен «Стандарттау туралы» заң жобасы мен осыған қатысты өлшем бірлігін қамтамасыз ету және стандарттау мәселелері бойынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу жөнінде баянда­ма жасады. Бұл заң жобалары бірінші оқылымда қаралған бола­тын. «Қазіргі Қазақстан эконо­ми­касының даму жағдайын­да бизнесті дамыту үшін өлшем­дердің біркелкілігін қамтама­сыз ету, отандық өндірістің бәсе­­кеге қабілеттілігін арттыру жә­­не халықаралық сауда серік­тес­­тіктерінің сеніміне ие болу мә­се­­лелері басты назарға алынуы тиіс. Бұл қажетті өлшеу дәл­ді­гін қамтамасыз ету арқылы іске асады. Заң жобасында шы­ға­­ры­­латын өнімнің сапасын жақ­­сар­тудың тиімді механизмі ре­­тінде өлшеу құралдарын ка­ли­б­­­рлеуді дамытуға және биз­нес­тің дамуына ықпал ететін өн­ді­­­ріс­тік технологияларға баса назар аударылады», деді Ж.Қасым­бек.

Министрдің мәлімдеуінше, өлшеу құралдарын калибрлеу – өлшеу дәлдігін қамтамасыз ететін икемді және өздігінен реттейтін құрал. Осыған байланысты отан­дық өндірушілер мен бизнес ка­ли­брлеуге көшуге мүдделі. Се­бебі бұл қажетті өлшеу дәл­дігін өздерінің анықтауына мүм­кіндік беретін көрінеді. Алайда өлшеу құралдарын калибрлеу Қазақстанда кең таралмай отыр. Тіпті даму деңгейі де төмен екен. Ал талқылау барысында сөз алған депутаттар тарапынан салада делдалдар саны өсіп, ол өз кезегінде стандартқа қол­жетімділік қызметінің қым­бат­тауына жол ашуы мүмкін деген пікір айтылды. Сондай-ақ заң жобасында стандарттау туралы ұлттық органмен келісімшарт жасасу үшін заңды және жеке тұлғаларға қойылатын талаптар нақты көрсетілмегені де айтылды. Осы ретте мәселені шешу тетігін қалыптастыруды, жүр­гізуді және сүйемелдеуді ұлт­тық стандарттау органы жүр­гі­зетін нормативтік техникалық құ­жат­тардың бірыңғай мемлекеттік қорына назар аударған Мәжіліс Төрағасы аталған ақпараттық жүйе­ні жалпыға ортақ қолже­тімді етуге не кедергі болып отыр­ғанын сөз етті. «Әрине, стандарттау институты одан түскен қаржымен ақпараттық жүйені жүргізу бойынша шығындарын жабатыны түсінікті. Алайда оны тарату үшін арада делдалдың болуы қандай қажеттіліктен туындап отыр? Оның үстіне заң жобасында оларды таңдау бойынша, қызмет құны бойынша, тіпті ақпараттардың шына­йылығына жауапкершілік турасынан ешқандай өлшем, талап белгіленбеген. Жұмыс тобы екін­ші оқылымға дейін осы бапты қарап, маңыздылығына қатысты нақты шешім қабылдауы тиіс», деді Н.Нығматулин.

Айта кетейік, бірінші оқы­­­лым­да мақұлданған заң жоба­­сының негізгі мақсаты субъек­тілердің жә­не олар­дың стандарттау са­ла­сындағы қыз­метті жүзеге асы­ру проце­сіндегі қатынастары­ның жиын­тығы ретінде ұлт­тық стан­дарт­тау жүйесін қалып­тас­­тыру болып табылады. Он­да стан­­дарт­таудың мақсат­та­ры, қағи­даттары, стандарттау субъек­тілерінің құзыреті мен олар­­дың өзара іс-қимыл рәсім­дері нақ­ты айқындалған.

Отырыс соңында Зәуреш Аман­жолова, Сәкен Қаныбеков, Екатерина Никитинская, Зағипа Балиева, Азат Перуашев сын­ды халық қалаулылары орта­лық мемлекеттік орган бас­шы­ларының атына депутаттық сауалдар жолдады.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»