Аймақтар • 14 Желтоқсан, 2017

Студенттер «ақылды үйде» тұрады

1083 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінгі замандағы студенттер мекенжайы қандай болуы керек? Оның үлгісі мен эталонын Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректораты қоғамдық өмірге кіріктірді. Соған сай мұнда 500 адамға арналған тоғыз қабатты жастар мен студенттер үйі бой көтерді. 

Студенттер «ақылды үйде» тұрады

Оның әдеттегі жатақханалардан өзгешелігі қандай? Естігеннің жалғаны болар, көргеніңді айт демей ме дана халқымыз. Осы халықтық қағидаға сай көргенімізді айтар болсақ, «ақылды үй» атанып үлгерген ғимараттың артықшылығына ештеңе тең келмейді десе де болады. Оған тіркеу электрондық нұсқа бойынша ашық, мөлдір және жариялы түрде жүргізіледі. Мұнда әлеуметтік әділеттілік талаптары толықтай сақталған. Сондықтан да жастар мен студенттер үйінің тұңғыш тұрғындары –тұрмысы төмен, табысы аз әрі толық емес отбасылардың балалары, оқу озаттары, сондай –ақ өзге өңірлерден келіп, оқып жүрген студенттер болып отыр. Ғимарат пен бөлмелерге кіру тәртібі толықтай автоматтандырылған. Дәліздерге бейнекамералар қойылған. Сырттан кіргендер бөлмедегі тұрғындарың бас-жоғын анықтап, қажетті жағдайда электрондық табло арқылы төменде тұрып-ақ байланысқа шыға алады. Смартхоум үлгісіндегі жастар үйі ең соңғы инновациялық технология жетістіктерімен, интернет жүйесімен, соның ішінде смарт оқу залымен толықтай қамтылған. Студенттер секциялық үлгіге сәйкес бір бөлмеде екі және үш адамнан тұрады.

Жоғары оқу орны жанындағы цифрлық-технологиялар орталығының директоры Талғат Жүнісқалиев бізге таяудағы уақытта мұнда өздігінен жиналып жабылатын, қажет кезінде бір демде стол мен орындық бола қалатын керемет керуеттер де пайда болатынын айтып берді. Ал үй шаңырағының төбесіне күн батареялары қондырылмақ. Студенттер үйіндегі ыңғайлы ас үй, демалыс бөлмелері мен мәжіліс, жаттығу залдары және медициналық қосын оның жан-жақтылығы мен әмбебаптығын айғақтай түседі.

Облыс орталығында ел өңірлері арасында ешқандай баламасы жоқ ғимараттың тұрғызылуы аталған университет студенттерінің жатақханамен қамтылу деңгейін бұған дейінгі 56 пайыздан 80 пайызға дейін көтеруге мүмкіндік туғызыпты. Бұдан бөлек тағы да 500 орындық жатақхана күрделі жөндеуден өткізілуде. Бұл ғимарат келесі жылы пайдалануға берілмек. Сол кезде студенттерімізді жатақханамен толықтай қамти аламыз,- деді газет тілшісіне университет ректоры Бауыржан Ердембеков.

Студент-жастарға арналған «ақылды үй» Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің өз қаражатына тұрғызылған. Оның құны 1 миллиард теңгені құрайды.

Темір Құсайын

"Егемен Қазақстан"