Қазақстан • 15 Желтоқсан, 2017

Қауіпсіздік Кеңесіндегі табысты бір жыл

431 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақстанның Біріккен Ұлт­тар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне (БҰҰ ҚК) тұрақты емес мүше болып сайлануы – тәуел­сіздік алғалы қол жеткізген же­тістіктеріміздің бірегейі. Ірге­лі ұйымның құрамындағы бір жы­лымыз аяқталуға жақын. Келе­сі жылдың алғашқы айында Қазақ­стан Кеңеске төрағалық етеді. Біздің еліміздің ҚК-ге мү­ше­лігі­нің алғашқы жылында қандай жұ­мыс­тар атқарылды? Еліміздің бастамалары Кеңеске мүше мемлекеттер тарапынан қолдау тапты ма? Бұл сұрақ­тар­дың жауабын білу үшін Қазақ­станның Қауіпсіздік Кеңесі құ­ра­мын­дағы бір жылына шолу жа­саған едік. 

Қауіпсіздік Кеңесіндегі табысты бір жыл

Қауіпсіздік Кеңесі қандай ұйым? 

Қауіпсіздік Кеңесінің міндеті – әлемде бейбітшілік пен қауіп­сіздікті сақтау, бітімгерлік миссиясын атқару, халықаралық санкциялар салу және ҚК қа­рар­лары арқылы әскери іс-қи­мыл мәселелерін шешу. Ке­ңес БҰҰ құрамындағы негізгі алты мекеменің бірі саналады. Қауіпсіздік Кеңесі БҰҰ-ға мүше басқа мемлекеттердің орын­­дауы міндетті шешім шығаруға құ­қылы. Іргелі ұйымға мүше бол­ған ел өзінің бастамаларын ұсынуға және мүддесін қорғауға, маңызды деп санаған мәселелерге әлемнің назарын аудартуға мүмкіндігі бар. Қыс­қаша айтқанда, Қауіпсіздік Ке­ңесі – өз ұстанымының өзек­тілігін дәлелдеуге арналған біре­гей алаң. Сондықтан аталған Кеңес­ке мүшелікке сайлану абыройлы міндет. 

Жалпы, ҚК күн тәртібіне негізінен Палестина-Израиль қақтығысы, Ирак­тағы, Йемендегі, Ливандағы және тұ­тас­тай Таяу Шығыс проблема­сы енген. Бұ­дан бөлек, КХДР-дың атом бомбасын сынақтан өткізуі мен ядролық қаруды таратпау проб­ле­­масы да өткір болып отыр. Де­ген­мен, БҰҰ ҚК-нің бүгіндегі күн тәр­тібін қамтитын мәселелердің үш­­тен екісіне жуығы Афри­ка­дағы қақтығыстарға арналған. Құрлықтағы бірқатар мемлекеттегі ұзақ мерзімге созылған, шиеленіскен қақтығыстар жиі талқыланады. Ондағы жағдайға арналған отырыстар айына бірнеше рет өтіп, бірқатар құжаттар келісі­ліп, уақытқа созылған консультациялар өтеді. 

Қауіпсіздік Кеңесі жұмысының тағы бір парасы – Ауғанстанға арнал­ған. Африкадағы дамушы елдердің мәселелері Ауғанстандағы жағдайға ұқсас. Екі аймақта да халықаралық терро­ризмге қарсы күрес, тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу, гу­ма­ни­тарлық көмек көрсету, жұ­мыс орындарын құру, климаттың өзге­руімен күрес және басқа да көп­теген мәселелер туралы сөз болады. Мәселен, биылғы 17 наурызда Қа­уіп­­­сіздік Кеңесі Ауғанстандағы тер­рористік ұйымдардан келетін қа­уіп-қатер жөніндегі №2344 қарарын қа­былдаған болатын. Айта кету керек, Ауғанстан мәселесі – Қазақстан басымдық беретін бағыттардың бірі.     

Қауіпсіздік Кеңесі халықаралық террористер тізіміне енетіндерді анықтап, оларға санкция салып отырады. Кеңес комитеттерінің 1267 және 1988 санкциялар режімі лаңкестік құрылымдардың қызметіне байланысты жеке, заңды тұлғалар және ұйымдарға қатысты жол жүру, активтерге тыйым салу, сондай-ақ қару-жарақ эмбаргосына тыйым салуды көздейді. Оның үстіне, жеке және заңды тұлғалар мен ұйымдарды террорист деп тану үшін Қауіпсіздік Кеңесі құрамындағы мемлекеттердің келісімі керек. Алда-жалда Кеңестің тұрақты мүшесі оған вето қойса, олар террорист ретінде танылмайды. Мәселен, таяуда АҚШ, Франция және Ұлыбритания «Джаиш Мохаммед» лаңкестік тобының басшысы Азхар Масудты халықаралық террорист ретінде тануға ұсыныс білдірген. Алайда Қытай Кеңестің тұрақты мүшесі ретінде оған вето қойды. Нәти­жесінде, Үндістандағы бірқатар тер­рорлық әрекетті ұйымдастырды деп есеп­телетін Азхар Масуд тағы да «қара ті­зімге» енбей қалды. 

Қазақстан бастамалары

Президент Нұрсұлтан Назарбаев­­тың Қауіпсіздік Кеңесіне жол­да­ған саяс­и Үндеуі Қазақстан бас­тама­ларының негізі ретінде алынған. Онда Елбасы БҰҰ-ның 100 жылдық мерейтойына орай ядролық қарусыз әлем құру мақсатында халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту, сондай-ақ бейбітшілік, қауіпсіздік және даму арасындағы ажырамас­ байланысты қамтамасыз ете отырып, ғаламшарды соғыстар мен шие­леністерден арылту ісінде күш-жігерді біріктіру және ынтымақтасу қажеттігіне баса назар аударғандығы белгілі. 

Үндеуде БҰҰ ҚК тұрақты емес мү­шесі ретіндегі Қазақстан жұмысы­ның басымдықтары атап көрсетілді. Олардың қатарында ядролық қарусыз әлемді жақындату, жаһандық соғыс қатерін болдырмау, Ауғанстандағы бейбітшілікке ықпалдасу, Орталық Азияда бейбітшіліктің өңірлік айма­ғын қалыптастыру, Африканың бей­біт дамуына жәрдемдесу секілді мә­се­­лелер бар. Сондай-ақ еліміз БҰҰ­ қам­қорлығымен Жаһандық лаң­­ке­с­тікке қарсы коалиция (желі) құруға, БҰҰ-ның Орнықты даму мақ­саттарын, бейбітшілік, қауіпсіздік және даму арасындағы ажырамас байланысты ілгерілетуге мүдделі.

Қауіпсіздік Кеңесі Қазақстанға не береді?

Қауіпсіздік Кеңесі – еліміздің бейбітшілік пен қауіпсіздік пайымымызды ілгерілетуге мүмкіндік беретін шешуші алаң. Егер Қазақстан тарапы ұйымға мүше басқа мемлекеттермен бірлесіп өз бастамаларын іске асыруға қол жеткізсе, онда әлемде бейбіт өмір сүретін қоғамдастық құруға мүмкіндік мол.

Бұдан басқа, Қауіпсіздік Кеңе­сіне мүшелік Қазақстанның әлемдік ауқымдағы рөлін арттырып, елдің халық­аралық келіссөздерде жаһандық процестердің тұрақты және жауапты қатысушысы ретіндегі позициясын нығайтады. 

Елбасы Н.Назарбаев былтыр «Осы заманның түйінді проблемала­рын ше­шуге қатысу біздің алдымызда көп­теген елдермен және өңір­лермен қатынастарымызды дамыту үшін мүм­кіндіктер ашады», деп мәлім­деген болатын. Мемлекеттің бұл сөзі шындыққа айналғанын уақыт дә­лел­деп отыр. Бұрын Қазақстан­ның халықаралық байланыстары Еуро­па, Азия және Солтүстік Амери­каның көшбасшы елдерімен шектелетін еді. Қазіргі таңда еліміз шартараптың әр бұрышымен диалог жүргізіп, әріптестікке қол жеткізді. Мәселен, бұрын елімізбен байланысы аз Эритрея, Фиджи секіл­ді мемлекеттердің дипломаттары Қазақстанға іссапармен келді. Ла­тын Америкасының бірқатар еліне ви­засыз режім жасалды. Еліміздің сыртқы байланысының осылайша кеңеюі Елбасы Н.Назарбаев ұста­натын көпвекторлы саясаттың заңды жалғасы. 

Сонымен қатар Қазақстан Орта­лық Азия проблемаларын, өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға, терроризм мен экстремизмге қарсы күресуге, экономикалық, экологиялық және гуманитарлық мәселелерге әлемдік қоғамдастықтың назарын аударды. БҰҰ ҚК құрамына ену біздің дипломаттар үшін баға жетпес тәжірибе. Бұл дипломатиялық қызметтің ғана емес, бүкіл мемлекеттік аппараттың кәсіптік деңгейін арттыруға ықпал етуде.

Бір жылда қандай жұмыстар атқарылды?

Еліміз Қауіпсіздік Кеңесі құра­мын­дағы алғашқы жылын табыс­ты­ өткізді десек қателеспейміз. Біз­дің дипломаттар ұйымның көп­те­ген отырыстарына, ашық пікір­таластары мен брифингтеріне қа­тыс­­ты. Сонымен қатар, бірқатар бей­рес­ми консультацияларға атсалысып, Кеңеске тұрақты емес мүше елдердің бір­лестігінің кезде­суінде болды. Қа­зақстан делегациясы Кеңестің түрлі комиссиялары құрамында Колумбия, Гаити, Орталық Африкаға іссапармен барып қайтты. Еліміздің өкілдігі Қауіпсіздік Кеңесінің қарарлары секілді маңызды құжаттарды қабыл­дауға мазмұнды үлес қосты. 
Қалыптасқан ереже бойынша Ке­ңес­­ке тұрақты емес мүше мем­лекеттердің әрқайсысы қосалқы ор­гандарға төрағалық етеді. Өңірлік ерекшелігі, барлық мүдделі тараптармен екіжақты берік байланыстары ескеріліп, Қазақстанға Қауіп­сіздік Кеңесінің Ауғанстан/Талибан комитетіне, ИЛИМ/Әл-Каи­да коми­тетіне және Сомали/Эритрея Санк­­циялық комитетіне төрағалық ету тапсырылған болатын.

Осы қосалқы органдардың қызме­тін рәсімдік реттеу, санкциялық ре­жім­дердің практикалық бағыттылы­ғын қолдау біздің дипломаттарға жүк­телген міндет. Мысалы, комитет­тер нақты жеке тұлғалардың санкциялық парақтарға енгізілуіне жауапты. Со­ның негізінде олардың жүріп-тұ­руы шектеледі, қаржы актив­теріне тыйым салынады. Мұндай коми­тет­тердің мәселелері өте күрделі бол­ған­дықтан, ұзақ мерзімге күн тәр­тібінен түспейді. Қазіргі таңда біздің дипломаттар жүргізген сәтті жұмыстың нәтижесінде, Кеңеске мүше елдер Қазақстан төрағалық ететін Сомали және Эритрея жөніндегі Санкциялық комитет тиімді әрекет атқарып жатқа­нын мойындағаны белгілі. 

Кеңеске төрағалық

Келер жылғы қаңтарда Қазақстан тарапы Кеңес отырыстарына және бейресми консультацияларға төраға­лық етеді. Төраға Қауіпсіздік Ке­ңес құрамына кірмейтін БҰҰ-ға мүше мемлекеттер үшін арнайы бри­финг өткізеді. Бұдан бөлек, мү­ше мемлекеттермен, БҰҰ-ның негіз­гі органдарының және арнайы ме­кемелерінің басшыларымен, өңір­лік және басқа да топтардың төрағаларымен екіжақты кездесулер ұйым­дастырады.

Төрағалықтың функциясына БҰҰ органдары басшыларының бейресми кездесулерінде Кеңес атынан мәлім­деме жасау кіреді. Сондай-ақ төраға атанған мемлекет ҚК атынан бұқаралық ақпарат құралдарына мәлімдемелер мен түсіндірмелер жасайды. Қауіпсіздік Кеңесінің күн тәртібі алдын ала бір ай бұрын бе­кі­тіледі. Оны Кеңеске төрағалық ете­тін ұйым әзірлейді. Жұмыс тәртібі бекі­тілген жиындар күнтізбесіне сай өт­кізіледі. Әйтсе де, ара-тұра кезектен тыс мәселелер күн тәртібіне енуі мүмкін. 

Қазіргі таңда төрағалық мерзімі кезінде өтетін іс-шаралардың тізімі әзірленіп жатыр. Қазақстан Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірахмановтың айтуынша, Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен өтетін халықаралық бейбітшілік және қауіпсіздік бойынша жоғары деңгейдегі БҰҰ ҚК-нің ашық пікірталастарын шақыру жоспарда бар. Оның сыртында, Орталық Азия және Ауғанстан бойынша министрлер деңгейіндегі пікірталастар, елшілер деңгейіндегі Таяу Шығыс жөніндегі тоқсандық пікірталастар өткізіледі. 

Төрағалық мерзімі кезінде Қазақ­стан тарапы ядролық қаруды тарат­пау мәселесіне ерекше көңіл бөлуді жоспарлап отыр. Мәселен, Елбасы Н.Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» атты парадигмалық манифесін жү­зеге асыру бойынша шаралар қарас­тырылмақ. «Жаппай қырып-жоятын қаруды тартпау және сенім шаралары» тақырыбы бойынша жоғары деңгейдегі тақырыптық пікірталас ұйымдастыру көзделуде. Сондай-ақ Орталық Азия­­­ға қатысты бірқатар жиындар мен жарыссөздер өтеді. Төрағалық мер­зімде талқыланатын мәселенің бір парасы Таяу Шығыс­тағы жағдайға ар­налмақ. Онда дәстүрлі талқылаудан бөлек дін­аралық үйлесім, өркениеттер диалогы секілді тақырыптар қозғалады. 

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар