Кино • 15 Желтоқсан, 2017

Алматыда «Қазақ деректі киносы күндері» аяқталды

405 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алматыда алғаш рет ұйым­дастырылып, екі ай мерзімге созылған «Қазақ деректі киносы күндері» көрермендердің зор ризашылық-ілтипатымен аяқталды.

Алматыда «Қазақ деректі киносы күндері» аяқталды

Қоғамдық өмірдің тынысы әр бағыттағы режис­сер­лердің көзқарасымен шынайы таспаланып жүрсе де, тасада қалып келе жатқан деректі фильм жанрының бүгінгі даму жайымен дәл осындай кең ауқымда көрермен бірінші рет танысты. Бұл мәдени шараның жаңалығы да осында болатын. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасы қорында әр сәрсенбі сайын екі деректі фильм­нен көрсетіліп, жиыны 10 дерек­ті фильмнің тұсауы кесілді. Ақ­парат құралдарында «қазақ кинематографиясында деректі фильм жанры тұралап қалды, тоқтады, өлді», деген ауызды қу шөппен сүрткен байбалам жиі естіледі. Олай емес екен. Деректі киномыз демігіп қалмапты, динамика, қозғалыс-қуат бар, бастысы – дамып келеді. Әр режиссер – бір әлем. Көтерген идея­сы, қаузаған тақырыбы, көр­сету пішіні – әртүрлі. Жаңа есім, соны бағыт, тың идея – бәрі осын­да. Сериалдардың тасасында жүр­генімен, қасаң пікірлерге тойтарыс беруге жарайтын салмақты сер­піні, асығыс болмаса да, өз ағысымен келе жатқан арнасы бар сала екенін байқап, көңіл тоғайттық. 

Руханияттағы үлкен жобаның жабылу салтанаты Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақ­стан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы қоры қолдауымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ ұйыт­қы болған Қазақ деректі киносының күн­дері «Отан неден басталады» атты деректі фильмімен түйінделді. Фильмнің авторы – жас кинодраматург Еркебұлан Бектұров. Мәдени іс-шараға Қазақстанның бел­гілі киногерлері режиссер Саты­балды Нарым­бетов, кинодраматург Нұрлан Сан­жар, деректі киносүйер қауым және «Отан неден басталады» фильмінің түсіру тобы қатысты. 
«Отан неден басталады» фильміне келсек, фильмде 30 жыл­дың ішінде кедейлік пен құл­дырауды еңсеріп, қазіргі таң­да өзінің жетістігі мен тиімді менед­жменті жағынан елдегі бар­лық ауылдарға үлгі болып отыр­ған «Родина» ауылының фено­мені зерттеледі. Авторлар осы жетістікке жетудің сырын нағыз отаншыл азаматтың, яғни, ешқайда көшіп кетпей, осы ауылды көтерген ұлты неміс Сауэр Иван Адамовичтің бол­мы­сы­нан іздейді. Аз уақыт ішін­де әлеумет­тік құлдырауды ең­серіп, Қазақ­станның табысты ауыл­шаруа­шылық кәсіпорнына айналған Ақмола облысындағы «Родина» атты ауыл тақырыпқа айналуға, ал оның сол жетістікке жетуі үшін жан аямай тер төккен Иван Сауэрдің кейіпкер болуға сұранып тұрғанын фильм ре­жиссері айна-қатесіз танып, идеяны ширыққан мысалдармен, өнеге болатын детальдармен қызықты тарқатады. 

– «Родина» ауылының фено­­меніне қатысты көршілес ауыл тұрғындары, тіпті астана­лық­тардың өзі олардың жетістіктерін қызғанатындарын байқадық. Осы ауыл туралы түрлі жағымсыз пікірлер айтып жүргендеріне қарағанда, олар Иван Сауэрдің 30 жылда жүріп өткен қиын жолы туралы мүлдем бейхабар екенін түсіндік. Өкінішке қарай, уақыттың тығыздығына байланысты авторлық ойымды толығымен іске асыра алмадым. Алайда осы фильм арқылы мен режиссер-документалист ретінде бар қарымымды көрсете алдым деп ойлаймын. Фильм арқылы түсінгенім, Иван Сауэр сияқты 10 шақты адам болса, Қазақстанның ауылшаруашылық өндірісін аяққа тұрғызуға болатынына көз жеткіздім. Фильмнің кейіпкерін оның әңгімесі, Жер-ана туралы ойлары арқылы көрсеткім келді, – деді фильмнің режиссері Еркебұлан Бектұров. 

Қазақ деректі киносы күндері ая­сында «Қазақфильм» кино­сту­диясы, негізінен, биыл түсір­­ген фильмдерін ұсынған. Фильм­­дері көрсетілген авторлар ара­сында еліміздің танымал доку­мен­талист-режиссерлерімен қатар, жас кинематографистер де бар. Екі айға жуық жүрген фильм­­дерді тамашалауға бар­лы­ғы 3 мыңға жуық көрермен келген. 

Алексей Каменскийдің ре­жис­серлігімен қазақтың тұң­ғыш театр режиссері туралы «Қазақ ренессансы. Жұмат Шанин» фильмінің көрермен­ге әсері өте күшті болды («Қазақфильм» АҚ президенті Бақыт Қайырбековтің айтуынша, бұл картина «Қазақ ренессансы» атты циклдің бастамасы және киностудия осы фильмнің жалғасы ретінде өткен дәуірдің өнері мен мәдени тұлғаларына арналған циклді деректі фильмдер түсіруді жоспарлап отыр). Әсия Байғожинаның «Сенім жолында» атты фильмі діни тәрбие мен дәстүрлі емес ислам ағымдарының жастарға әсері туралы айтады. Фотограф-натуралист Олег Белялов түсір­ген «Алтынемел» картинасы Қазақстанның табиғаты тамыл­жыған қорығының сұлу­лығы туралы сыр шертеді. 

Владимир Тюлькин түсірген «13 километр» бүгінгі күннің батыры – Шығыс Қазақстан облысында тұратын зағип фермер туралы болса, режиссер әрі драматург Ғазиз Насыров пен хореограф Арвара Садықова бірлесіп түсірген «Қазақ биі» фильмі, қазақ би өнерінің энциклопедиясы іспетті. Жас кинематографистер «Қазақ деректі киносы күндерінде» «Түстер үйлесімі» (Евгений Лумпов), «Наири» (Қайша Рахымов), «Себебі, сүйемін...» (К.Бердімұратова мен К.Әбділдинова) атты қыс­қа­метражды деректі фильмдерін ұсынды. Сондай-ақ «Үлкен мемлекет – үлкен отбасы» циклі (өз істерінде жетістікке жеткен отандастарымыз туралы) шеңберінде «Жігіттер оны әке дейді» (Айнұр Ахметжанова) және «Отан неден басталады» (Еркебұлан Бектұров) фильмдерін көрсетті. 

– Деректі кино – біздің өтке­німіз бен бүгінімізді көрсе­тетін таптырмас құрал. Ш.Ай­манов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсіретін барлық фильм Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен іске асқан мемлекеттік бағдар­лама­­ларды қамтиды. Олар: «Рухани жаңғыру», «Үлкен мемлекет – үлкен отбасы», «Мәң­гілік Ел». Бұл бірлесе өткізген мәдени іс-шарамыз Алматы қаласының мәдени өмірінде елеулі оқиға болды деп сенеміз, – деді Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Бақыт Қайырбеков. 

Тоғайған көңілімізде «бұл деректі фильмдер Елбасы қорын­да ғана көрсетілмей, көрер­мен­ді қуантып, кең прокатқа шық­са екен» деген тілек тұрды. Осы­лайша ел Тәуелсіздік алған­нан бергі жетістіктер таспа түрінде тарихқа айналып келеді.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, 
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ