Бизнес • 15 Желтоқсан, 2017

Газ транзиті де, экспорт та ұлғайды

447 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан аумағы арқылы Қытайға тасымалданатын Орталық Азия елдерінің газы мен экспортталатын отандық газдың көлемі артты.

Газ транзиті де, экспорт та ұлғайды

Ел Тәуелсіздігі күні қарса­ңында Әулиеата өңірінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ «Қазақ­стан-Қытай» магистральды газ құбырының жаңа №3 (КС-3) ком­прессорлық стансасын пай­далануға берді. Осылайша, «Қазақстан-Қытай» газ құбыры жаңа компрессорлық станса есебінен қуатын ұлғайтты. Аталған нысан облыс орталығы Тараз қаласының іргесіндегі «Айша бибі» елді мекені ма­ңында орналасқан және магис­­тр­альды газ құбырының «С» тар­ма­ғының жоспарланған 8 стан­сасының бірі. Станса жұмысы «ҚазТрансГаз» АҚ Астанада орналасқан диспетчерлік орта­лығынан онлайн режімде бастау алды. Аталған салтанатты шараға Жамбыл облысының әкімі К.Көкірекбаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы С.Мың­баев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ атқарушы вице-пре­зи­денті Қ.Шәріпбаев және респуб­ликалық БАҚ өкілдері қатысты. 

Әулиеаталық жұртшылық – халықаралық мегажобаның берері мол екенін әлдеқашан сезініп үлгерді. Аймақтағы жүзге тарта шаңырақтың мүшелері осы жерден жұмыс тапса, облыс бюд­жеті де қомақты қаржымен толыққан. 

Кәрім Нәсбекұлының айтуынша, басқа да газ тасымалдау объектілері сияқты ком­п­рес­сорлық стансаны іске қосу, өңір­дің әлеуметтік-эко­номи­калық дамуында маңызды рөл ат­қа­рады. Бүгінгі күні облыста 377 елді мекеннің 181-і газ­дан­дырылған, дейді Кәрім Көкірекбаев.

 – Осындай ірі газ тасымалдау жобаларын іске асыру есебінен 2020 жылға дейін тағы да 147 елді ме­кенді газдандыру жоспарланып отыр. Яғни газбен қамтылған елді мекендер өңір бойынша 87 пайызға жетпек. Сонымен қатар бұл – бюджетке қосымша түсімдер, қосымша жұмыс орындары. Тек қана біздің облысқа осы құбыр жо­ба­сы­нан салық түрінде 500 млн теңге түсіп отыр. Сондықтан да біз елдің игілігі үшін жұмыс жа­­сап жатқан газ мамандарына шы­на­­йы ризалық білдіреміз, деп атап өтті салтанатты шара барысында. 

Онлайн режімде өткен бұл шарада Астана төрінен сөз алған «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев та жамбылдықтарға ыстық лебізін жеткізді. Оның пікірінше, 9 жыл ішінде «Қазақстан-Қытай» магист­ральды газ құбырында 11 ком­прессорлық станса тұрғы­зыл­ды, екеуін келесі жылы іске қосу жоспарланып отыр. Ал құрылыс жұмыстарына жалпы саны 15 мыңнан астам адам тартылыпты. 

«Бұл бізге жылына газдың 55 млрд текше метр жалпы қуатына шығуға мүмкіндік береді. Осы 9 жыл ішінде, толық қуатына шықпағанның өзінде, 200 млрд текше метр Орталық Азия елдері­нің газы осы құбыр арқылы тасымалданды. Биылғы қысқы кезеңде, біз қазақстандық газдың 2 - 2,5 млрд текше метрін Қытайға экспорттауды жоспарлап отырмыз. Жалпы, Қытайға 5 млрд текше метр өз газымыз экспортталатын болады. Әрине, мұның барлығы газ мамандарының үлкен еңбегі. Еңбектеріңізге жеміс тілеймін! Мерекелеріңіз құтты болсын!» – деді Сауат Мұхаметбайұлы. 

Үшінші тармақ аталып кеткен «С» желісінің нөмір 3-ші компрессорлық стансасының құрылысы 2014 жылдың қаңтар айында басталған. Жалпы ауданы 6 гектар жерді алып жатыр. Құрылысқа 1000-нан астам адам және 200-ден астам түрлі машиналар мен механизмдер жұмылдырылды. Rolls Royce агрегаттары сағатына 2,4 млн текше метр газ айдауға қауқарлы. 

Пайдалану және қызмет көрсету үшін 120 адамға арналған вахталық кент салынды. Бүгінде 115 қызметкер жұмысқа орналасып, оларға барлық жағдай жасалған. 

Осының бәрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында аймақта көліктік-логистика саласын дамытудың жаңа қадамы деуге болады. 

КС-3 «Орталық Азия-Қытай» трансұлттық жобасының құрам­дас бөлігі болып табылады. Газ инфрақұрылымының жаңа объектісі газ құбырының «С» тармағының өнімділігін арт­тыруға және жылына 25 млрд тек­ше метрге дейін газ тасымал­дау көлемдерін ұлғайтуға мүмкіндік береді және газды үздіксіз тасымалдау процесінің барынша тиімділігін қамтамасыз етеді. 

Мамандардың берген мәлі­метіне сүйенсек, 2017 жыл­дың жел­тоқсан айына дейін, «Қазақстан-Қытай» магистральды газ құбырының «А, В және С» тармақтарындағы құрылыс жұ­мыстарына 15 мыңнан астам адам тартылған. Тұрақты 1113 жұ­мыс орны ашылған. Олардың 90 па­йызы жергілікті тұрғындар екен. 

Айта кетерлігі, жобаны салу мен одан әрі пайдалануды ұлт­тық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ және «Trans-Asia Gas Pipeline Co. Ltd» компанияларының ен­шілес кәсіпорны – «Азиялық газ құбыры» ЖШС іске асырды. 

Ерман ӘБДИЕВ, 
журналист

Жамбыл облысы