Тарих • 16 Желтоқсан, 2017

«Метель» операциясынан бір күн бұрын...

934 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Біз оқырман назарына ұсынып отырған бұл сурет 1986 жыл­дың 17 желтоқсанында түсі­рілген. 

«Метель» операциясынан бір күн бұрын...

Иә, қанды оқиға орын алған Алматының сол кез­дегі Жаңа алаңы. Су­ретте на­­разылық танытуға жинал­ған студенттердің бейбіт бей­несі. Шеп құрып, талап біл­діріп тұрған жастардың үл­кен шоғыры дәл осы күні кеш­құрымда алаң алай-дүлей болып, қарулы әскердің шабуылына ұшырайтынын білмеген еді. «Метель» операциясының басталуына санаулы сағаттар қалған болатын...

Біздің кейіпкеріміз – осы суретте бейнелеген қайсар қазақ қызы Ақша­гүл Жемісбаева. Тұ­тасып тұр­ған топ­тың екінші қа­тарында, ақ түсті бас киім­мен, жы­лы жымиып тұрған бойжеткен – Ақшагүл. Ол кезде Қа­зақ мем­­лекеттік университетінің фи­ло­логия факультетінің 4-курсында оқып жүрген. Өзі оқу озаты, әрі ком­сомол, топтың старостасы еді.

– Орыс тобында оқыдым. Тобы­мыз­да ауылдан келген жастар көп болды. Ол кезде қазақ бөлімдеріне қара­ғанда, орыс тобына оқуға түсу жеңіл сияқты еді. Сөйтсек, бұл да бір саясат екен ғой, орыстана берсін деген. Бір үйдің баласындай татумыз, бірлігіміз бекем болатын. Әрі жалындап тұрған отаншыл едік. Желтоқсан оқиғасынан екі-үш күн бұрын студенттер арасында­ бір толқудың бас­талғаны анық сезіл­ді. Намысты оятатын, сезімді қайрайтын сөздер ай­тыла бастады. Бойымызда бір жалын тұтанды. «Егер 3 күн қатарынан нара­зылық білдірсек, Мәскеу шешімін өзгер­теді екен. Алаңда болуымыз керек», деген үндеу тасталғанда тобымыз­бен орталыққа тарттық. Мен топ старос­тасы болғандықтан алдың­ғы шеппен келдім, – деп еске алады Ақша­гүл ол күндерді.

Суретте алдыңғы қатарда кі­лең жігіт­тердің тас-түйін бо­лып­ тұр­ғаны анық байқалады. Аранда­тушылардан сақ­танған азаматтар қыздарға да қорған болып, оларды арқа тұстарына алған. Алаңға 17 желтоқсан күні шаңқай түс шамасында барған Ақш­агүл­дің курстастары кешкі 17.00-дің кезінде жатақханаға қайтқан. Бұл кезде алаң тыныш еді. Сағат 18.00-ден өте сирена ұлып қоя бе­ріп, ит жетекте­ген, сапер күрекпен қаруланған әскер шерушілерге лап қойған болатын. Арғы­сы... ащы тарих.

Ақшагүлдің алаңда болғанына бұл­тартпас айғақ болған бұл суретті ар­найы қызмет өкілі түсірген болуы ке­рек. Ертесі сабаққа келгенде оқу ор­ны басшылары тарапынан қысым басталған. Топтағы студенттер соған қа­ра­мастан, тағы да алаңға шыққан екен. Ақшагүл де құрбыларымен орта­лыққа жете алмай, қоршау сыр­тын­дағы жасақшылардың қолына тү­сіп қалады. «Жасақшылар бізді те­мір таяқтың астына алғанда бір топ жігіт арашалап, «Қашыңдар, кетіңдер...», деп жанұшыра айғай­лады, қыздар сытылып үлгердік», дей­ді Ақшагүл.

...Факультетте үлкен жиын өтіп, «Алаң­да нашақорлар мен мас­күнемдер жиналды», деп айыптау басталғанда ызадан жарылардай болған Ақшагүл орнынан атып тұрып: «Мен алаңда болдым, онда ешқандай мас адам болмады, біз өзіміз ғана болдық», деп жылап жібереді. «Осыдан кейін маған қазір елімізге белгілі бір үлкен кісі, оқытушымыз дүрсе қоя беріп: «Бұл – шовинстка. Ұлтшыл. Сабақта «АЗиЯны оқып отырады» деп айғай салды», дейді желтоқсаншы. Мұнан кейінгі жағдайдың желісі таныс. МҚК тергеуі, комсомолдан қуылу, диплом алғалы тұрғанда оқудан шығарып жіберу...

– Ештеңеге өкінген емеспін. Тек әкемнен ұялдым. Ол кісі бар өмірін ком­партияға арнаған еді. Менің қылығымды оның да бетіне салық қып басып, жиналыста жазалапты. Кейін ақталдық, құқы­ғымызды қал­пына келтірдік. Мемлекет тара­пы­­нан марапат та алдық. Бі­рақ ме­ні Желтоқсан оқиғасына қа­тысу­шылардың атын жамылып, өз­дерін сол күннің батыры етіп көрсеткісі келетіндердің көптігі алаң­­датады. Мысалға, осы суреттегі менің орныма таласушылар бар. Суретті шығарып алып, «Ақ түсті бас киім киген қыз менмін», деп әкімдікке барып, жеңілдік сұрап жүрген бірнеше адам бар дейді. Таныстарым, достарым оларды заң жолымен жазалауды айтады. Мен әркімнің ар-ұяты білсін деймін. Ол қасіретті күндердің азабын, жүрекке салған жарасын басынан өткізген адам ғана түсінеді, – деді біздің кейіпкеріміз.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар