Қазақстан • 17 Желтоқсан, 2017

Қытайда Димаш Құдайбергеннің ән кеші өтті

591 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

16 желтоқсанда Қытайдың Чанша қаласында Димаш Құдайбергеннің жеке концерті өтті. Оның видеосын «ДимашАли» шығармашылық орталығының басшысы Қанат Айтбаев жариялады.

Қытайда Димаш Құдайбергеннің ән кеші өтті

«Он мың адамдық зал лық толып, көрермендер көтеріңкі көңіл-күймен концертке үлкен серпін берді. Бұл кеште қазақ, ханзу, франсуз, ағылшын тілдеріндегі əндер шырқалды. Димаштың орындауындағы шығармаларды Қытай, Канада, Америка, Ресей, Украиналық музыканттардан құралған оркестр сүйемелдеп, бишілер билерімен өрнектеді. Кеш шымылдығы Қанат Айтбаевтың сөзіне жазылған Димаштың өзінің «Сəлем» əнімен ашылып, Ұлықпан Жолдасовтың Асқар Дүйсенбінің сөзіне жазылған «Жұлдызым» əнімен жалғасты», - деп жазды Қанат Айтбаев Инстаграм парақшасында.

Кеште, сонымен қатар, Айгүл Бажанованың «Махаббат бер маған» əнінің ханзу тіліндегі нұсқасы, Орал Байсеңгірдің сөзіне жазылған Димаштың «Ұмытылмас күн» əндері орындалып, тыңдармандар бірге қосылып шырқаған.

Бұдан бөлек, Бейжің қаласынан келген шығармашылық топ замануи сахналық безендірудің, режиссерлік оңтайлы шешімдердің шеберлігін көрсете білген.

«Қытай еліндегі қазақ фольклорлық триосы қытай халықтық триосымен бірлесе шығарма орындап концертке көрік берді - достық əуендерін төгілтті. Димаш өзін рояльмен сүйемелдей отырып Естайдың «Қорланын» орындады. Интернационалдық оркестрмен бірге Нұрғисаның «Əлқиссасын», Құрманғазының «Адайын» домбырамен тартты. Димаштың жақында жазылған «Əлемде соғыс болмасын» атты төл туындысы қытай тілінде орындалып халықты тебірентті. Кеш бойы көрермендердің қошеметі, ықыласы ерекше болды», - деп жазды әншінің әкесі.

Концертте кроссовер, этно, классика, поп бағытындағы жалпы саны отыз бір шығарма орындалып, кеш шымылдығы Саят Əбеновтың сөзіне жазылған Димаштың өзінің «Тəтті елес» əніменен жабылды.

Соңғы жаңалықтар