Жеңіл атлетика • 21 Желтоқсан, 2017

Олимпиада чемпионы Ольга РЫПАКОВА: Спорт мінезді тәрбиелейді

1654 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Ол – еліміздің жеңіл атлетика тарихындағы рекорд иесі. Ол – әлемдік жарыстар­­да ең нәтижелі әрі тұрақты өнер көрсетіп келе жатқан бір­ден-бір спортшы. Сұлулығымен де, нәзік­тігі­мен де, қарапайым әрі ашық міне­зімен де өзіне бірден баурап алады. Жаратушының осын­шама жақсы қасиеттің бәрін бір адамның басына үйіп-төгіп бере салғанына таңғаласың. Егер әңгіменің Ольга РЫПАКОВА жайлы екен­­дігін сезсеңіз, бұл сұх­бат­­ты оқып шығуға сізге артық жарнаманың қажеті жоқ.

Олимпиада чемпионы Ольга РЫПАКОВА: Спорт мінезді тәрбиелейді

– Ольга, алдымен тағы бір сәтті маусыммен құттықтауға рұқ­сат етіңіз. Бұл жыл дәл сіз қала­ған­дай өтті деп айта аламыз ба?

– Бәрі ойдағыдай болды, тіпті менің ойлағанымнан да асып түсті. «Гауһар лигасының» финалындағы жеңіс біздің жоспарда болған жоқ. Кейде аяқ астынан жарақат алып, мақсатыңның күл-талқаны шығатын кездер де болады. Сондықтан көрсеткішіме де, денсаулығымның сыр бермегеніне де қуаныштымын.

– Әлем чемпионатында, көпшілік болжағандай, жүл­де­герлер қатарынан сіз ғана көрін­діңіз. Өзге спортшылардың нәти­желі өнер көрсете алмауына не себеп болды деп ойлайсыз?

– Спринттегі қыздарымыздың басым көпшілігі жарыс жолына жарақатпен шықты. Ауру мазалап тұрғанда, толық қауқарыңды көр­сету өте қиын. Лондонға олар нағыз баптарында барғанда, жалғыз қоламен шектелмейтін едік.

– Сіз елімізде тұрақты нәтиже көрсетіп келе жатқан бірден-бір спортшысыз. Мұнда бір сыр бар деп ойламаймын. Дей тұрғанмен, сізді әр кез алға ұмтылдыратын не нәрсе?

– Алдымен өз ісіме деген махаббат. Одан кейін жанымдағы адамдардың, отба­сым­ның маған деген сенімі. Жарысқа шығарда оның нәтижесі туралы ойламаймын. Қолымнан келетін істен ләззат алып әрі жанкүйерлерімді қуантқым келеді. Бұл жауапкершілік жүгін се­зінбеймін деген сөз емес, тек соның салмағы білгенімнен жаңыл­дырмасын деймін. Күйеуім: «Сен өзіңді ешкімге дәлелдеуге міндетті емессің, дәлелдеп қойғансың, енді тек ләззат ал» деп кеңес беріп отырады.

– Еліміздің жеңіл атлетикасында жүл­де­лер санынан рекорд орнатып тас­та­дыңыз. Былтыр қоржыныңыз тағы бір қо­­ламен толықты. Бейжің Олим­пи­ада­сы­ның медалі қазір қайда, сізге тапсырыл­ды ма?

– Бұл сұрақ маған да қызықты. «Темірді қызған кезінде соқ» деген сөз бар ғой. Енді бұл жүлде сол сәтте, миллиондаған көрерменнің алдында тұрып таққандай сезімге бөлей алмасы анық. Арада неше жыл өтті. Бірақ қазір мені Бейжің Олимпиадасының да қола жүлдегері деп ресми таныстырады. Медальдың өзі қайда екенінен хабардармын. Ол үшін федерациямыз Ұлттық олимпиада комитетіне, олар өз кезегінде Халықаралық олимпиада комитетіне өтініш берулері керек. Ал мұнымен айналысып жатқан адам жоқ сияқты. Жүлденің біздің елге берілу процесі тоқтап тұр. Сондықтан бұл сауалды федерация өкілдеріне қойған жөн болар.

– Жалпы, осы допинг даулары спортты қаншалықты «та­зар­тып», жанкүйерлердің қызығу­шы­лы­ғын қаншалықты арттырады?

– Даудың өзі адам қызығу­шы­лығын ояту, назар аудару үшін жасалады. Бұл салаға аса мән бер­мей­тіндер де «анау допингпен ұста­лыпты, мынау шеттетіліпті» деп жатыр. «Медальдың екі жағы болады» деп айтылуы бекер емес. Біз түсіне бермейтін жайттар өте көп. Біреулерге қолдануға болады, біреулерге болмайды деген сияқты...

Есесіне нәтижелер төмендеп кетті. Бұл келеңсіздіктер жеңіл атле­ти­каны да айналып өткен жоқ. Мұ­ның бәрі адамның көңіл күйін түсіреді. Біреу шалыс басса, ұжым­ды түгел жазалау дұрыс емес деп ойлаймын. Спортпен шұғылдану қиындап кетті. Артық қимыл жасауға қорқасың.

Спортшыларға көрсетіліп жатқан қысым сұмдық. Тіпті ауруға да болмайды. Кезінде кәдімгі антибиотиктер рұқсат етілсе, қазір олар тыйым салынған препараттардың қатарында. Білмей байқаусызда қолданылған дәрі-дәрмек допинг болып шығуы мүмкін. Басың, тісің ауырса да, мұрның бітіп қалса да шыдауға мәжбүрсің. Бұл жайттар елімізде спорт медицинасын дамы­ту қажеттігін аңғартады. Оқыс жағ­дайлардың алдын алу үшін спортшылар кеңесетін, жанында жүретін білікті мамандар болуы керек.

– Бірінен соң бірі «қара ті­зім­ге» еніп жатқан сол дәрілердің бар­лығы шынымен де спортшы­лар­дың күшіне күш қоса ала ма?

– Кейбіреулері төзімділікке себепші болуы мүмкін. Бірақ бар­лығы бірдей дей алмаймын. Маман болмағандықтан, бұл сұраққа нақ­ты жауап беру қиын. Жетістікке жетудің «төте» жолын таңдатуға мүмкіндік бермеген Жаратушыға мың сан шүкіршілік етемін. Жалпы, өзім де мұндай қадамға бармаушы едім. Бір сәт үшін дәл бұлай тәуекелге барудың мәні жоқ. Оның үстіне әр сараптама қорытындысы 10 жыл сақталатынын және қажет болғанда қайта тексерілетінін ескерсек, өмір бойғы абыройдан бір күнде айырылып қалу бек мүмкін.

– Елімізде спорттық медицина қанша­лық­ты дамып келеді?

– Кенже қалған саланың бірі ғой. Осыдан 20 шақты жыл бұрын спорттық медицина бойынша мектептерді тәмамдаған мамандар ғана жұмыс істеп жүр. Қазір бөлімдер де жоқ. Енді-енді қадам жасалып жатыр. Бірақ мұның өзі көңіл көншітпейді. Жақсара түссе екен деген тілек бар.

– Ресей құрамасын Пхен­чхан­дағы қыс­қы ойындардан шет­тетті. Бұл көп­шіліктің ойын сан-саққа жүгірткені анық. Ал ресей­лік спортшыларға бейтарап тудың ас­тында өнер көрсету керек пе, сіз қалай ойлайсыз?

– Бұл – әркімнің жеке басының шешімі. Спортшыны белгілі бір шең­бердің ішінде тұсаулап, мүмкін­дігін шектеу қате. Пат­ри­отизм не басқа себептерді айтып қы­сым көр­сету де дұрыс емес. Ресей­лік спорт­шылардың пікірлерін оқып шықтым. Олардың дені «Олим­пиадаға қатысуымыз керек, бұл салаға өмірімізді арнадық, біреу үшін бұл алғашқы әрі жалғыз мүм­кіндік болуы мүмкін» дегенге саяды. Ал спорттан тыс саясаткерлер мен мамандар басқаша ойда. Олар спорттағы жетістік адамға қандай құнмен, нендей құрбандықпен келетінінен бейхабар. Өте қиын жағдай. Сондықтан оларға кеңес бере алмаймын.

– Бір сұхбатыңызда «Үш қар­ғып секіруді мен емес, бұл спорт мені таңдады» депс­із. Рас, кей­бір спортшылар қанша ты­ра­штан­са да, нәтижеге жете алмайды. Кей­­біреулер сол салада талай жетіс­тікке же­теді. Өз ісіңмен айналысып жүргеніңді қа­лай түсінуге болады?

– Мұны түсіну оңай емес. Есімді білгелі спортпен шұғылданып келемін. Бала күнімде бірнеше спорт түрінен өзімді сынап көргенмін. Үш қарғып секіру маған арналған спорт деп ойлаған да емеспін. Алға қойған мақсаттарымды, бапкер қойған міндеттерді біртін-біртін орындау арқылы белгілі бір жетістіктерге жете бастадым. Өзін әр салада бір сынап жүретін адамдар менің айналамда да бар. Қайткенде табыс күтетіндігінің сырын білмейді екенмін. Бәлкім, жан дүниеңе үңілу керек шығар. Өз басым тағдырыма ғана сендім. Маңдайына жазылғаны деп жатады. Ал тағдырдың кімді қайда жетелейтіні сол адамның ниеті, өмірлік ұстанымдарына байланысты да болар. Әр адам өз өмірінің иесі екендігін ұмытпаған жөн. Мұның жауабын қазбалай берсек, философияға кетіп қалатын түріміз бар ғой (жымиып).

– Ал сіз балаларыңызға бағыт, нұсқау көр­сетесіз бе, әлде таңдау еріктерін өзде­рі­не бердіңіз бе?

– Ана ретінде олардың өміріне бейжай қарауға, араласпауға менің хақым жоқ. Балаларымыздың дұрыс жолда жүруі­не ата-ана ретінде біз жауаптымыз. Мұн­дай тәжірибені бастан өткердік. Қызым же­ңіл атлетикаға барып жүрген, бір күні ұна­майтынын айтып волейболға көштік. Бап­керлер қуана қарсы алды. «Бойы да, техникасы мен соққысы да жақсы» деп жатыр. Біраз уақыттан соң волейболды тастап қайта жеңіл атлетикаға ауысты. «Өз қалаған салаңды таңдағанша спортпен шұғылдануың керек, қай салаға барсаң да спорттың пайдасы орасан» деп түсіндірдім. Спорт мінезді тәрбиелейді, дене бітіміңнің сұлу болуының кепілі – тәртіп. Уақытыңды дұрыс пайдалануды үйреніп, көптеген адамдармен танысасың, әлемді тани түсесің. Дегенмен қызымды кәсіпқой спортшы болуға міндеттемеймін. Ол мұны өзі шешуі керек. Қазір үйірмесіне тұрақты барып жүр. Жалпы, ол спорттан гөрі, шығармашылыққа жақын тәрізді. Сурет салып, қиялындағыларды жүзеге асыруды ойлайды.

– Ал бойдың немесе басқа да бір фак­торлардың әсері қандай?

– Жеңіл атлетикаға баланы 9-10 жасында апарған дұрыс, со­ған қарамастан 3-4 жасар балалар­ды сүйреп жүреді. Ал бұл саладағы на­ғыз көрсеткіштер 25-тен кейін ғана келе бастайды. Яғни бала тағы 20 жыл ата-анасының мақ­­саты­мен өмір сүреді деген сөз.

Бойға келсек, мен топта ең ұзыны болдым – 183 см. Кей қыздардың бойы 165 см болатын. Соған қарамастан, олар менен ұзаққа секіретін. Табиғи жылдам спортшылар болады, олар техниканы меңгермей-ақ сенен асып түсуі мүмкін. Яғни бұл жерде бапкер әр балаға жеке-жеке назар аударуы керек. Қай жері осал болса, соған басымдық беріледі.

– Жетістіктеріңізге қара­мас­тан сізді қа­ра­пайым, қайсарлы­ғыңызға қара­мас­тан нәзік адам ретінде білеміз. Енді қандай ана екен­дігіңізді де білгіміз келеді...

– Ой, құбылып тұрамыз ғой (күліп). Алдымен өз балаларын бә­рінен артық жақсы көретін анамын, аналардың бәрі сондай шығар. Спортта жүргендіктен көбінде отбасылық қарым-қатынасты, балалармен бірге өткізетін уақытты құрбандыққа шалуға тура келеді. Қызым кішкентай кезінде мен жарысқа не жаттығу жиындарына кетер алдында есікті жауып алып: «Анашым, сені ешқайда жібер­меймін, менімен қалшы» деп жылай­тын. Есіме алсам жүрегім ауырады. Қазірдің өзінде көзіме жас үйі­ріліп қалды. Бірақ мұның бәрі бекер еместігін біз де, балаларымыз да түсініп келеміз. Үйге келгенде көңілдерін сыйлықпен аулаймыз. Бір-бірімізден жырақта жүрген сәттердің өтеуін өтеуге тырысамыз. Мұның бәрі, түптеп келгенде, біздің балалардың да еліне керек адам болып өсуі үшін қажет. Отанды сүю, адамгершіліктің құны деген сияқты ұғымдарды бойларына сіңірсек дейміз. Тәртіпті де естен шығармаймыз. Кейде ұрсып, жазалап, тіпті санкциялар да қолданамыз. Себебі тоқшылықта өскен баланың көзқарасы мүлде бөлек болады. Біз сияқты емес. Шыны керек, қызым да, ұлым да жоқшылықты көрген жоқ. Мұндайда барға шүкіршілік ету, алға ұмтылу, өзіңе керектіні алу үшін барыңды салып тырысу деген қасиеттерді түсіндіру қиындау. Бұл қатардағы балаларда мақсат та бола бермейді. Сондықтан балаларыма шектен шықпауды, ұнатқанына өзі жетуі керектігін естеріне үнемі салып отырамын. Қызым екеуміз оның болашағы, арманы, мақсаты жайлы көп сөйлесеміз. Мен сол армандарға жету жолдарын түсіндіремін.

– Тәртіпке көп мән беретініңіз сезіліп тұр. Бірақ өмір бойы белгілі бір ережелермен жүруден де адам жалығады емес пе?..

– Жарыс, жаттығу деп кейде үйдің шаруаларын атқаруға да уақыт таба алмаймыз. Сосын үйдегі заттардың шашылып жатқаны. Сондықтан қатаң тәртіппен ғана өмір сүреміз деп айта алмаймын. Кейде адамдар спортшылардың өмірі қандай қиын, қызықсыз деп бізді аяйтындарын байқаймын. Ал біз, керісінше, аптаның 5-6 күнін жұмыста компьютердің алдында ғана өткізетін жандарды түсі­не алмаймыз. Адамды қажытып жібе­ретін секілді. Спорттық ғұмырын аяқтаған спортшылардың қоғамда өз орындарын таба алмай қалып жататындары да сондықтан.

– Спорттан бөлек немен айналысасыз? Та­нымал азаматтар өз есімдерін пайдаланып істерін дөңгелетіп жатады...

– Әзірге уақыт жоқ. Әйтпесе жоспар да, ой да бар. Тек соларды жүзеге асыруға уақыт жағынан мүмкіндік болмай тұр. Дегенмен спорттан кейінгі өмірім де осы саламен байланысты болатыны сөзсіз.

– Бала тәрбиесі жайлы кі­тап­шалар жазу да сіздің қолыңыздан келетін сияқты...

– Бұған дейін ешкімге айтпап едім, сізбен бөлісейін. Өмірбаяныма ар­­налған кітап жазуды қолға алмақ­пын. Сәтін салса, ол күнге де же­тер­міз.

– Ендеше асыға күтетін боламыз. Жал­пы, спортпен 30 жасқа дейін шұғыл­дан­ған жөн деген тү­сінік бар. Сіз оны жоққа шы­ға­­рып келесіз. Соған қарағанда, уақыт өте адам­­ның ағзасы да, өзі де тез шаршайды, әл­сі­­рейді дегеннің бәрі бос сөз болғаны ғой...

– Әдетте 30-дан соң қиындай түседі. Бірақ мақсаты, ұмтылысы бар адамның қолынан келмейтіні жоқ. Ольга Шишигина 32 жасында Олим­пиада чемпионы атанды. Александр Винокуровтың, тіпті 40-қа таяған шағында Лондонда Олимпиаданың алғашқы алтынын қоржынымызға салғанына куәсіздер. Ең бастысы, денің сау болса болғаны. Ал ол үшін медициналық тұрғыда толық жағдай жасалуы қажет.

– Сөз соңында алдағы мау­сым­дағы жос­­парыңызды бөліссеңіз...

– Жазғы маусымға дайындық басталады. «Гауһар лига» кезеңдерінде жүлделі орыннан көрінсем деймін. Азия ойындарында алтын алу – мақ­сат. Одан қалды құрлықтық әлем ку­богында лайықты өнер көрсетуге тырысамыз. Токио Олимпиадасына қатысу жоспарынан да бас тартқан жоқпын.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен 
Мәдина АСЫЛБЕК,
журналист