Таным • 21 Желтоқсан, 2017

Бүгінгі дәуірдің тұтас шежіресі

468 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміздің дамуы мен Елбасының білікті басқаруының жемісті нәти­же­сінің әр сәтіне куәмін десем, мұным артық айтқаным емес. Тәуел­сіздік алған жылдары Отан экономикасының ең бір сындарлы кезеңдерді бастан өткергені әлі есімде.

Бүгінгі дәуірдің тұтас шежіресі

Мемлекеттің «нөлден» басталған қар­жы­лық саясатының өткелек жолдарды артқа тастап, бүгінгідей дамыған кезең­ге қол жеткізуі асқан тәуекел мен ере­сен еңбекті қажет етеді. Бұл сынға қажыр-қайраты толысқан ұлт пен жігерлі көшбас­шысы бар халық қана төзіп, түбі жеңіске жететіні тарихи шындыққа айналды. Егемен ел ретінде еңсерген алғашқы ширек ғасырлық кезеңде қазақ халқының осы ерлігі мен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатын атап айтып, лайықты бағасын беруіміз керек. 

Кеше Елбасының қаламынан туған кезекті кітабының жарыққа шыққанын естіп, қуанып қалдым. Сексеннің сеңгіріне шыққан жасыма қарамай, кітаптың мазмұнымен таныстым. Бұл өзі бүгінгі дәуірдің тұтас шежіресі сынды еңбек болғандықтан, болашақ ұрпақ үшін баға жетпес тарихи оқулыққа айналары сөзсіз. Кітаптың «Мемлекетіміздің дүниеге келуі. Қазақстанның бірінші жаңғыруы», «Ұлы бетбұрыс. Қазақстанның екінші жаңғыруының басталуы», «Қияға құлаш сермеу. Қазақстанның екінші жаңғыруы» және «Қалыптасқан мемлекет. Қазақстанның үшінші жаңғыруы» деген тарауларға жік­телуі Елбасының басқаруында баян­ды даму жолымен нұрлы келешекке бас­қан ел қадамының сатылап өсу кезеңін айғақтайды. 

Елбасы нұсқауымен жасалып, жүзеге асырылған бағдарламалардың мазмұны сатылап өсу дегенді білдіреді. Барлық реформалар – өмір талабы, барлық бағдарламалар – сатылап өсу жоспары. Реформалар бірін-бірі толықтырса, бағдарламалар бірінен соң бірі дамудың келесі және кезекті жолынан өтудің жоспары болып шықты. Айталық, Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы» негізінен табиғи байлыққа, шикізат қоры­на арқа сүйей отырып, ел экономикасын дамыту, халықты жұмыспен қамтамасыз ету мәселесін шешу, алдағы дамуларға баспалдақ жасау жоспарына айналды. Бұл мерзімінен бұрын ойдағыдай орындалды.

Мен осы бөлімдерде сөз болған тарихи сәттердің куәсі болғаным үшін, кейбір мәселелерде білек сыбанып араласқаным үшін өзімді бақытты сезінемін. Әлі есімде, Нұрсұлтан Әбішұлы сол кездері отандық бір топ ғалымды жинап алып, Қытай және Оңтүстік-Шығыс Азиядағы қарқынды дамушы мемлекеттердің тәжірибесін зерттеп, зерделеуді, кейін Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын жасауды тапсырды. Алғашқы нұсқасын оқып, танысып шыққаннан кейін көп тұс­тарына өзінің ұсыныстарын қосты. Бәрі­нен бұрын көмірсутегі өндірісін ұл­ғай­ту­ға басымдық беру керек деп шеш­ті. Екінші орынға өндірістік металдар нары­ғын дамыту бағыты орналасты. Өмір тәжі­рибесінде бағдарламаның дәл осылай құрылуы дұрыс екеніне куә болдық. 

Мен сол кезде қазақстандық ғалым­дар­дың ара­сында «Қазақстан-2030» стратегия­сын Президент жасаған «төртінші ғаламат» деп атаған едім. Мысалға, 1991 жылы Қазақстан Республикасының егемендігі жарияланғанда, елімізде гиперинфляция өрттей қаулап тұрған еді. Бұған жұмыс­сыздық қосылды. Президент бекіткен экономикалық саясат мейлінше қысқа мерзім ішінде гиперинфляцияны, девальвацияны, рецессияны толық ауыздықтады. Осылайша, нарықтық экономикадағы жобаланған жұмыстар сәтті жүргізілді. 1996 жылы Қазақстан соңғы қиындықты бастан кешірді. 1998 жылы экономикада аздаған ілгерілеушілік тіркелді. 2000 жылдардан өсіп-өркендеу басталды. 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа кітабының негізгі тарауының бірін «Ұлы бетбұрыс. Қазақстанның екінші жаңғыруының басталуы» деп атауында үлкен мән жатыр. Бұл жолда Нұрсұлтан Әбішұлының мемлекетті аяғынан тік тұрғызып, дүние жүзі елдерінің сапында айтулы елге айналдырудың шежіресі тұр. Елбасының Кеден одағын құру мен оны Еуразиялық экономикалық одақ деңгейіне дейін көтеруге бастаған таза экономикалық саясатын көргендік деп айтар едім. Дәл осындай құрылымды өмірге әкелу арқылы Президент Назарбаев болашақта шамамен 4 еседей молаятын Қазақстанның тауар өндірісіне өріс ашты. Бір сөзбен айтқанда, Еуразиялық экономикалық одақ Қазақстанның 180 миллиондық тұтынушысы бар алып нарықтың белді ойыншысы болуына негіз қалады. Мұнан бөлек, Мемлекет басшысының ежелгі Ұлы Жібек жолының ХХІ ғасыр талабына сай қайта жаңғыртылуына мүдделі болуының астарында да әлемдік нарыққа шығудың айқын бағдары тұр. 

Жалпы, экономиканы көтеру үшін бірнеше салаға басымдық беруіміз керек. Біріншіден, өнім өндіретін зауыт-фаб­­ри­каларды қолға алу. Екінші орында ауыл шаруашылығы тұр. Ауыл шаруа­шы­лы­ғы саласын өркендетпей, ел еңсе­сін тіктеуі қиын. Үшінші – мұнай-газ саласы. Осылардың нәтижесінде қазақ­стан­­дық­тардың әлеуметтік жағдайы жақса­­рады. Біздің қазіргі ұстанып отырған саяси бағдарымызда аталған бағыт­тар толы­ғымен көрініс тапқан, демек Нұрсұлтан Назарбаевтай басшысы бар елдің ертеңгі күн үшін алаңдамауына толық негіз бар.

Қазір Мемлекет басшысы ел алдына рухани жаңғыру міндетін қойып отыр. Бұл әуел баста «Алдымен, экономика...» ұстанымының нәтижелі, үлкен жеңіспен аяқталып, қазақ елінің Ұлт ретінде даму кезеңінің нағыз шарықтауына берілген старт сияқты сезіледі маған. Ел аман, Елбасы ғұмырлы болсын!

Сағындық САТЫБАЛДИН, 
ҰҒА академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор