Әдебиет • 21 Желтоқсан, 2017

Көңіл әлдиіндегі Әзағаң

711 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

(Күнделік беттерінен)

Көңіл әлдиіндегі Әзағаң

 14.02.2007. Бүгін ұмытылмас күн! Оқырмандарыммен кездес­кен күнім. Бұл өтініш Астана­дағы №51 қазақ орта мектебінің 9 «Б» сыныбы ата-аналарының атынан түскен еді. Әңгіме та­қы­­ры­бына менің «Махаббат жыр­шы­сы» кітабым арқау болуға тиіс­ті екен. 

Дәл төрдегі «Ербол мен Мең­тайсыз – бұл махаббат баянсыз!» деген айшықты жазу көзіме шалынды. Бойым қызынып кетті.... Есіме Әзағаң түсті...

...Үйге келген соң Әзағаңмен хабар­ластым. «Бүгін құлағыңыз шулаған шығар» десем, «Иә, шулағандай болды» дейді, Әзағам әзілмен. Мен оқырмандарыммен кездескенімді айттым. 

 – Өте дұрыс жасағансың! – деді Әзаға. – Кездескен деген жақсы. Желпініп жүресің. Көңіл өсіп жүреді. Мен қазір кездесу­ге бұрынғыдан да ынтығып ба­ра­тын болдым. Кездесу – оқыр­­мандарыңды да, өзіңді де өмір­ге ғашық ете түсетін бірден-бір­ әсері күшті рухани ықпал. Қай­­­сар, саған айтар ақылым – кез­десу­лерден қаша көрме! 
– Құп болады, Әзаға! 

17.06.2007. Солтүстік Қазақ­стан облыстық сотының төрағасы Бекет Тұрғараевтың 60 жасқа толу тойы Астананың салтанат са­райында өтті. Алматыдан Әз­ағаң келіп қатысты. Он том­дық таңдамалы шығармалар жина­ғын «Қазығұрт» баспасынан шығаруға демеушілік жасаған Бекет інісінің тойында Әзағаң ке­ліс­тіріп сөз сөйледі. 

Келесі күні Әзағаң біздің үй­дің құрметті қонағы болды. Төріміздегі отырысы қандай! Әз мейманды қаумаласып жайғас­қандар: жазушы-аудармашы Ке­ңес Юсуп, журналист-жазушы Әділ Дүйсенбек, ақындар Серік Тұр­ғынбеков пен Қонысбай Әбіл, «Фолиант» баспасының ди­ректоры Нұрлан Исабеков – зайып­тарымен. Әбу құдам да бол­ды. 

Тағылымды отырыс есте қа­­­лар­лықтай еді. Бәрі де кең жай­лау­да жайғасқандай арқа-жарқа болысты. Әзіл-қалжың, қағытпа сөздер... Ән кетті әуелеп...

...Әзағаң Халимасын аракі­дік еске түсіргенде, көзінен мөл­тілдеп жас келеді. «Махаббат жас талғамайды» дегеннің сырына тереңірек бойлай түскендейміз. 

... Әзағаңның батасы ұзақ әрі мағыналы екен!

 03.08.2007. Баспагер Нұр­лан Исабеков екеуіміз Әз­ағаң­­ды қыдырттық. Қала сыр­тын­дағы Қабанбай батыр баба­сының басына апардық. Тәу еттік. Шаһар ішінде жуырда (05.06.2007) ашылған Бөгенбай батыр ескерткішін көрсеттік. Әзағаң «Фолиант» бас­пасының ұжымымен кездесу өткізді. Бетінен Гүлжаһан мен Раушан сүйіп алып еді, разы болып «Мәңгілік махаббат жыры» кітабын сыйлады. 

... «Бәйтерек» қасында Әз­ағаң менің немерелеріммен, келіндеріммен, балаларыммен, өзінің немересі Әлиямен суретке түсті. 

... Сөйтіп тамыз басы біздің от­басымыз үшін берекелі де мерекелі болды. Бурабайдың сұлулығына тәнті боп оралған Әзағаңды мей­­рамханаға шақы­рып, Әсем немеремізге батасын алдым! 

15.02.2008. «Махаббат. Отан­сүйгіштік!» Бұл бейнелі на­қышты сөз 85 жасқа толу (2007 жылдың 15 желтоқсанында тол­ған) мерейтойын бүкіл халқы мейір­леніп атап, марқайып қа­лып жатқан осы кезекті бір әсер­­лі шақта – оңтүстік астана жұрт­­шылығымен ыстық кездесу алдында қадірменді жазушы Әзілхан Нұршайықовтың өз аузынан шыққан еді. Себебі, өзгесін былай қойғанда, «Махаб­бат, қызық мол жылдар» мен «Ақи­қат пен аңыз» романдары ғана­ әр жүрекке махаббат пен отан­сүйгіштік пәк сезімдерді ұялататынын айтып жатудың өзі артық секілді.

Қазақ өнерінің қара шаңыра­ғын­да ине шаншар орын болмаға­нын көрдік. Алатаудай ақ бас­ты зиялылармен қатар студенттер, «ұлан­дық» жауынгерлер, тіпті, өзге ұлт өкілдері де молы­нан көрінеді. Бәрін бір тылсым сезім шырмап тастағандай. Ол – кітап құдіреті, оқуға деген ынтызарлықтың белгісі еді. Ол – қазақ елінің кітап оқуға деген ыстық ықыласы еді.

...Кездесуде біраз тұлғалар жүрекжарды лебіз білдірді. Мәсе­лен, халық жазушысы­ Қ.Жұ­ма­ділов: «Әзілхан аға біздер­ге олжа адамдар, соғыс олжасы», деді.

...Бұл жолы Әзағаңды жақы­нырақ, тереңірек тани түскендей болдым. Сол салмақты, маңғаз қалпы. Сахнада да көбіне тікесі­нен тік тұрып өзіне арнал­ған ілтипатты лебіздерді қабыл­дау­дан жалықпаған Әзағаң мейрамханада да әр тілекті солдатша қаздиып елгезектікпен тың­даудан жаңылған жоқ.

Жалпы, Әзағаңды ұлықтан­дырып тұрған оның өте қарапа­йым, көпшіл, кішілік, аса кісілік міне­зі екеніне тағы бір көзім жет­ті.

29.05.2008. Астанадан Алма­ты­ға келген күні Жазушылар ода­ғы дайындап қойған қонақ үйде сәл тыныстап алып, Әзағаңа (Нұр­шайықов) телефон шалып, қашан кіріп шығуға мүмкіндік болатынын сұрадым. Түскі кезең­ге уағдаластық.

Үйде жалғыз екен. Кабинетіне бас­тады. Төрт бөлмелі үйдің ең үлкенін – жазу отауына ың­ғайлап алған екен. Төрт қабырға кітаппен жабылған. Тек кірер есік пен балкон оймасы жалаңаш. Жәшік үстінде әралуан порт­реттер қойылған. Бөлме ортасында үлкен үстел. Оған жанамалап тағы біреуі қосақталған. Екеуінің үсті толған жазу-сызу техникалық құралдары: компьютер, факс, телефон,т.б. Пәпкіге салынған қолжазбалар, кітап бумалары диван үстінде үйме болып жатыр. Осы «таудың» арасында Әзағаң өзін жоғалтып алмай қалай жүр екен деп таң қаласың еріксіз.

Кабинетте Әзағаң екеуіміз бір-бірімізді суретке басып алдық әлденеше рет.

Жатын бөлмеге әкелді. Теле­визор, киім жәшігі, қос төсектік кереует. Оның үстінде газеттер жай­рап жатыр. Ортасындағы көзіл­дірік бейне бір Әзағаңды газет оқып шалқасынан жатқандай елес­тетеді.

Есіктің кіреберіс оң жағында ені 1,5 метрлік, ұзындығы төбеге сәл тірелмей тұрған темір жәшік орналасқан.

– Міне, мұнда менің блокнот-жазбаларым, сурет негативтері, түрлі құжаттар­ым сақталады, – деп Әзағаң жәшіктің кілтін сылдырлатып ашып қалғанда, көзіме алуан жиһаз оттай басылғандай болды... Шырт еткізіп сол көрі­ністі түсіріп алдым.

22-24.12.2009. «Егемен Қазақ­стан» газетінің шыға бастағанына – 90 жыл толуына арналған үш күндік салтанатты шараларға Алматыдан арнайы келіп Әзілхан Нұршайықов та қатысты. 87 жаста­ғы қарт жазушы, тып-тың,­ елгезек, жылы жымиыспен маңа­йын нұрландырып жүр. Жол бас­таушы етіп, қасына мені бөліп қой­ған еді. Екеуіміз егіздей қо­сар­ланып, бір елі ажырамаймыз.

23 желтоқсанда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Егемен Қа­зақ­стан» газетінің редакция­сында болатыны күнібұрын бел­­гілі еді. Ол кісіні қарсы алу мезетінде сөз сөйлеу Әзағаңа жүк­телген-тін. «Данияр» қонақ үйінде алдын ала жазып қойған сол сөзін пысықтап оқудан жа­лықпайды. Маған тыңдатады. «Не дейсің?» дегендей, басын кө­теріп, иегін қағады. «Жақсы екен!» деймін ізетпен.

27.06.2010. Дос-ағам Ә.Нұр­шайықовпен сөйлестім. Теле­фоннан дауысы жарқын шықты. «Шалдарша жүріп жатырмын» – дейді лекіте күліп. «Егемен Қазақстан» газетінде шыққан «Замандасқа хат» мақаласына орай Елбасы Н.Ә.Назарбаев теле­фонмен хабарласыпты. Ри­за­лығын білдіріпті. 

Үкімет басшысы­ К.Мәсімовке хат жазып, «Ма­хаббат, қызық мол жыл­дар»­ кітабының жарық көрге­ні­не 40 жыл толуына орай рес­пуб­ликалық деңгейде іс-шара өт­кізудің жай-жапсарын мәлім­деп­ті. 

22-24.09.2010. Осы кезеңде Та­раз қаласындағы Халық батыры Б.Момышұлының туғанына 100 жыл толуына арналған ғы­­лыми-практикалық конферен­ция өткен еді. Соның жайын­ Ә.Нұршайықов телефонмен хабардар етті. Батыр­дың келіні Зейнеп былай депті. «Сіз төрал­қада отырдыңыз ғой. Бір сәт көзім сізге түсіп кеткен­де, өне бо­йым шымырлап жүре берді. Ақ ­көбелектер сіздің басыңызға қо­нып, ұша жөнеліп, қайыра жыпырлай үймелейді. Кенет ба­сыңыз аппақ шардай боп, іле жер бетіндегі алып баққа айналып, төбеңізбен күнді көтеріп тұр­ғандай әсерге бөлеттіңіз...»
«Қарағым-ау! Бұл нендей түс? Түс деппін ғой. Өңіңде көр­генің екен» – деп таң қалыпты Әзағаң. 

«Сізде бір керемет магиялық күш-қуат бар шығар деймін», деп Зейнеп қарындасы жарасымды жымиысын тежей алмапты.

07.02.2011. Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов Алматыда Елбасының қолынан стипендия алғалы тұрып, күту залында инсульт болыпты. Сөйлемек сөзі қалтасында қалған...

09.02.2011. Немересі Әлиямен сөйлестім. Ауыр соғыпты, 6 айдай жатуы мүмкін дейді. 

С.Досанов хабарласты. Әзағаң кірпігін әрең қағып жатқанда: «Алдағы 90 жылдығыңызға баян­даманы өзім жасаймын!» депті. 

10.02.2011. Әзағаңа жақын іні боп келетін, Астанадағы жазушы Кеңес Юсупқа хабарластым. Қатты қайғырды. С.Досановпен сөйлесіп, Әзағаңның хал-жайын сұрастырдым. Көңіл тұшытатын ештеңе айта алмады. Халі өте ауыр болса керек. 

11.02.2011. С.Досановпен сөй­лесіп едім, Әзағаң денсаулы­ғында ілгерушілік жоқ секілді. «Қиын, қиын!», деді Сәбит шарасыздықпен. Әзағаңның не­мересі Әлиядан сұрастырып едім, «Кеше бардық, ұйқыда жатыр», деді. 

12.02.2011. Сағат 18.20-да Ал­матыдан қоңырау түсті. Өксік... Телефон үзіліп қалды. Мен дереу жалғастым. Жүрегім бір сұм­дықты сезді... Әзағаң жарты са­ғат бұрын өмірден өтіпті... 

Дереу үлкен ұлы Арнұрмен сөйлестім. С.Досановпен хабар­лас­тым. Мән-жай белгілі. 

Сағат 20.30-да қызы Жаннат шығып, 15 ақпан – сейсенбіде М.Әуезов атындағы драма театрында қоштасу рәсімі болатынын айтты. 

05.02.2012. Ә.Нұршайықовтың өмірден озға­нына – жыл толды. Жылына ар­нал­ған асы Алматының «Есік» мей­рамханасында өтті. Асты жүр­гізу маған жүктелді. 

Көп адам жиналды. Біразына сөз берілді. Кезек тимегендері өк­пе­леп қалды. 

Ә.Нұршайықовтың «Естелік­­терінің» 2 томдығы, «Әз-аға» естеліктер жинағы (құрастырған Н.Қуантай), «Әйгілі Әз-аға» (құрастырған М.Тоқ­тағазы) кі­тап­тары таратылды. 

... Астан соң мейрамхана алдынан такси ұстап мінсем, мана сәлдеге оранып құран оқыған түрін көргенмін ғой, азаматтық киімінен жыға тани алмаппын, молданың нақ өзі боп шықты жүргізушім. Мені көріп тоқтаған ғой. Баратын жеріме апарып тас­тады. Жолда: «Абайлаңыз!..» – деп ­қамқорсып отырды. Бейне бір оның жүрегінен Әзағаңның ақ тілегі ақтарылып жатқандай еді... Маған оны құдайым әдейі жолықтырғандай еді...

27.09.2013. Елордадағы Л.Н.Гуми­лев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінде Қазақ­станның халық жазушы­сына арналған «Әзілхан Нұршайы­қов және қазақстандық журналис­тиканың өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми конференция өтті. 

18.11.2013. «Ештен кеш жақ­сы» деген қазағымның дана­лы­ғына тағы бір айқын көз жетіп, көңіл сенгендей болды. Аса көрнекті қаламгер Ә.Нұршайы­қовтың 90 жылдығына арналған салтанатты жиын мерзімі сырғы­тыл­ғанымен тағылымды өтті. 

Қазақ өнерінің қарашаңырағы осы «әкемтеатрда» Әзағаңның 85 жасқа толу мерейтойы мәңгілік махаббатқа бағындырып, Ербол мен Меңтайды сағындырып, Бауыржан батыр ерлігіне табындырып, ел іші оқырмандарын сабылдырып бір демде өткенінің куәсі болған едік. 

Кешті қорытындылаған Әз­ағаңның немересі Дина Жан­нұрқызы атасының мол деректі мұрағатының халық игілігіне айналуы орайында атқарылып жатқан толымды істер туралы, соның бір парасы – ғаламторда арнайы парақша ашылғанын хабардар етті. 

27-30.04.2014. Алматыда «Бей­­біт­шілік Әлемі» халық­ара­лық Қазақ творчестволық Бір­лестігінің 5 жылдығына ар­налған 1-ші құрылтайына қа­тыстым. Бірлестік жұмысына белсене араласқаным және Қа­зақ­станның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайықовтың шығармашылығын насихаттауға қосқан үлесім үшін «Әзілхан Нұршайықов» медалінің иегері атандым. 

...Кеудеме Әзағаңның бей­несі бедерленген медаль та­ғылды. Беткі бетінде «Әзілхан Нұр­шайықов» деген жазу бар. Сыртқы бетінде: «Журналистика саласына сіңірген еңбегі үшін» деп жазылған. 

...Қайран менің Әзағам! Өзі А.А.Фадеев атындағы халық­аралық сыйлықтың лауреаты ретінде «Фадеев» бейнесін омырауынан тастамай тағып жүретін. Енді менің келіп кеудеме Өзі – «Нұршайықов» орнай қалғанын қарашы!..

03-05.11.2014. «Бұл үйді ен­ді тарих еншіледі», – деп бас­тадым жазушы Әзілхан Нұр­шайықовтың Алматыдағы тұрған үйінің қабырғасына ескерткіш тақта қойылғандағы салтанатта айтылған сөзімді. – Бұл үйде Әзағаң 26 жыл өмір сүріп, еңбек еткен екен. 

Бұл үйде жазушының мол мұралы кітапханасын ұрпақтары әспеттеп сақтап отыр. Сол пәтерді «Махаббат маздағы» деп аталатын әдеби мұражайға айналдырса деген оқырмандар тілегін Алматы әкімдігіне жеткізгіміз келеді.

26.05.2016. «Егемен Қазақ­стан» газетінде «Махаббат мұра­жайы ашылса» деген мақала (26 жел­тоқсан 2015) шыққан еді. Ол «Алматы қаласының әкімі Б.Бай­бек назарына» деген айдармен жарияланған болатын. 

27.10.2016. Ауған соғысының ардагері Қ.Пәрмәшов радиодан сөйлеп, Ә.Нұршайықовтың «Ма­хаббат, қызық мол жылдар» кітабын оқ астында оқығанын, бір жолы ұрыста түтеленіп 18 беті ғана қалғанын, соны «сімі­ріп» жатып жауынгердің опат болғанын әңгімеледі. Кейін осы оқиғаны Әзағаңа айтқанда жазушы: «Пәлі, сонда менің кітабым да соғысқа қатысқан ба?» – депті таң­данып.

31.10.2016. Ә.Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романының кейіпкері есімін алған Ербол әйелі Лима (Әзағаңның жары Халимаға ұқсастырған) екеуі қос ұлының атын Ақиқат және Аңыз деп қойыпты («Ақиқат пен аңыз» романының атауына еліктеп).

18.11.2016. Алматыны да қар­ қалың басыпты. Ұлттық кітап­ханада Әзағаңның мемо­риал­дық кабинеті жақсы жабдық­та­лыпты. Қызыл кергіш жіпті зама­нымыздың талантты ақыны Ұ.Есдәулетов пен сөз зергері М.Рәш қиып, ішіне кірдік. Әз­ағаңның өз үйіндегі жазу бөлме­сінен айнымай қалыпты. 

03.03.2017. Әзілхан Нұр­шайы­қов ағаммен көп жылғы дос­тық аралас-құраластығымда ол кісіні көзінше мақтаймын деп, бір жолы көңілін пәс етіп ал­ғаным бар еді. Көзге мақтауды ұнат­пай кетті. Өзі кеткесін аз-аздап мақтау сөз айтып қоямын. Аспандатып емес, өзінің жер бетіндегі баяғы жауынгерше басатын нық қадамындай ап-анық, тақұл-тұқыл етіп қана мақтаймын... Несі бар, қандай мақтауға да тұратын Әзағам емес пе! 

Қайсар ӘЛІМ,
Қазақстан Республикасының Президенті сыйлығының лауреаты,
Қазақстан Журналистика академиясының академигі