Әдебиет • 21 Желтоқсан, 2017

Жыр арқауы - жаңғыру

355 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік тақырыбы мен бүгінгі қазақстандық қоғамдағы рухани жаңғыру көріністерінің арасында тығыз байланыс пен үндестік бар. Біздің бүгінгі барлық жетістіктеріміз бен табыстарымыздың түп-тамыры тәуелсіздіктен бастау алатыны сөзсіз. Ал биылғы көктемде Мемлекет басшысы белгілеп берген «Рухани жаңғыру» бағдарламасы тәуелсіздігімізді одан әрі тұғырландыруға өз ықпалы мен септігін тигізді. 

Жыр арқауы - жаңғыру

Осы тұрғыдан келгенде Мәде­ниет және спорт министрлігі ұйым­дастырған «Жыр арқауы – жаң­ғыру» атты республикалық ақындар айтысының басты өзегі тәуелсіздік мұраттары мен­ құн­дылықтарын паш етуге бағыт­тал­ғаны оның мәртебесін биіктете түсті. Айтыстың алдына қойған мақ­сатын ойдағыдай орындап шығуына Ақтөбе облысының әкімдігі жан-жақты қолдау көрсет­ті. 

Айтыс биыл облыс орта­лы­ғында пайдалануға берілген 1200 орынды өнер орталығының концерт залында өткізілді, жеребе­ тас­­талған кезде айтыстың шы­мыл­­­дығын ашу сәті атырау­лы­қ Са­ғадат Нұрманов пен павло­дарлық Қуаныш Шарманов­қа бұйырды. Бұдан кейінгі кезекте есімі республика жұртшылығына кеңі­нен танымал айтыстың ерен жүй­ріктері мен жас перілері өрнекті сөздердің көрігін қызды­ра түсті. 

– Биыл алтыншы рет өткізілген «Алтын домбыра» бәйгесінің ал­­дына қойған мақсатының бірі жа­ңа есімдерді табу еді. Осы ойымыз орындалды деп білеміз, бұл ретте ең алдымен Жамбыл облысынан келген Әсет Дүйсебаевтың есімін атай аламыз. Оның өзін-өзі ұстауы, домбыра қағысы мен мақа­мының үндестігі, өз ойын айқын білдіре алатыны – халықтың да, қазылар алқасы мүшелерінің де көңілінен шықты, – дейді қазылар алқасының төрағасы Қонысбай Әбіл. 

Айтыс кезінде талдықорғандық Жандарбек Бұлғақов және алма­тылық Сырым Әуезхан секілді бұған дейін шашасына шаң жұқ­пай келген киелі өнеріміздің тарланбоздары бүгінгі күні де өз баптарында екенін таныта білді. Жалпы, республикалық айтысқа қатыс­қан ақындардың қай-қайсы да тәуелсіздіктің әкелген табыс­тарын ашып көрсетуге ұмтылды. Тәуелсіздіктің ел мен халыққа берген құндылықтарын кестелі мар­жан сөздермен көркемдеді. 

Түр мен мазмұнның үйлесімі тұр­ғы­сынан алғанда «Алтын домбыра» бәйгесінің бәсі биік тұр. Ең бастысы, айтыскерлердің алға қойылған тақырыпты аша білуге де­ген ұмтылыстары өз жемісі мен нәтижесін бергенін айтудың өзі­ бір мерей. Әрі осы ұмтылыс тұтастай алғанда айтыстың дең­гейі мен өрісінің жоғары болуына әсерін тигізгені кәміл. Жа­сақ­талған қазылар алқасының құ­ра­мы да есімдері елге кеңі­нен танымал, тәуелсіздіктің қа­дыр-қасиетін және еліміздің кеше­гісі мен бүгінгісін өз шығар­ма­ларына өзек етіп ала білген хал­қы­мыздың айтулы тұлғалары екенін айту парыз. Бұл ретте халық ақындары Қонысбай Әбіл мен Әселхан Қалыбекова, Мем­лекеттік сыйлықтың иегерлері Қойшығара Салғараұлы мен Қа­жығали Мұқамбетқалиев, ақын, «Құрмет» орденінің иегері Ме­йір­хан Ақдәулет, филология ғы­лым­дарының докторы Жанат Әскербекқызы және «Алтын домбыра – 2014» байқауының жеңім­пазы Балғынбек Имаш есімдерін айтпай кету еш мүмкін емес. 

Мәдениет және спорт ми­нис­тр­лігі Тілдерді дамыту және қоғамдық саяси жұмыстар комите­тінің төрағасы Қуат Бораш бас бәйгені Жандарбек Бұлғақовқа тапсыр­ған сәтте халықтың орын­­да­рынан тұрып, қол соғып қо­ше­мет көрсетуі қазылар мен көрер­меннің пікірі бір жерден шыққанының дәлелі. 

Еңселі ел болудың жолы қай кез­де де оңай болмаған. Ең алдымен ұлт рухы асқақ түскен жағ­дайда елдіктің туы биік бол­мақ. Тәуелсіздік мерекесі қар­саңында Ақтөбеде аяқталған респуб­ли­калық ақындар айтысының бас жүл­десін иеленген Жандарбек Бұл­ғақовқа 3 000 000 теңгенің сертификаты тапсырылды. Бірінші орынды алған Сырым Әуезханға екі миллион теңге бұйырды. Бұ­дан кейінгі жүлделі орындар қа­та­рынан көрінген Жандарбек Нау­шабек, Сара Тоқтамысова, Айнұр Тұрсынбаева және Әсет Дүй­себаевтар да тиісінше ақша­лай сыйлықтарға ие болды. Тә­уел­­сіздік пен рухани жаңғыру та­қы­рыбын жырға қосқан аламан айтыста бірде-бір ақын сый-құр­метсіз қалған жоқ. Мұны да «Алтын домбыра» бәйгесінің тағы бір артықшылығы деп білеміз.

Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ