Медицина • 22 Желтоқсан, 2017

«Мен ешкімге керек емеспін» деп хабарласатын балалар көп

1849 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Әке – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ». Қазақ тұтас бір отбасы мүшелерінің рөлін осы бір сөйлеммен анықтап берген сыңайлы. Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Ұлттық сенім телефонына (жедел желі-111) тынбай соғылған қоңыраулардан кейін сол ата-ананың рөлі тіпті де еселеп артқанын байқадық. Ендеше, бүгінде жұмысбасты жұптар бала тәрбиесі дейтін таудай жүкті арқалай алып жүр ме? Балалар мен ата-аналардың арасындағы қайшылыққа толы қарым-қатынас қалай қалыптасады? Балалардың суицидке баруы тәрбиедегі селқостықтан ба? Телефонға тәуелділік балалардың психикасын қалай бұзады?

«Мен ешкімге керек емеспін» деп хабарласатын балалар көп

Бір жылда 114 суицидтің алдын алды

Балалар мен жастарға арналған «111» ұлттық сенім телефонының басшысы Ысқақ Құлатайдың айтуын­ша, жедел желіге тәулігіне көмекке мұқтаж 4-6 мың адам хабарласатын көрінеді. 30 оператор, 12 психолог және заңгер жұмыс істейтін орталыққа бір жыл ішінде 2 миллионнан аса қоңырау шалынып, олардың 7042-сіне нақты кеңестер беріліпті. Көмекке жүгінгендердің көбі психо-әлеуметтік (24,3%), отбасындағы қарым-қатынас (15,4%), денсаулық сақтау (7,9%) және басқа да мәселелер бойынша сұрақтарға жауап алған. 

– Біздің жедел желіге «Мен ешкімге керек емеспін. Өмір сүргім келмейді» деп хабарласатын балалар көп. Бұл – өте қауіпті. Яғни, дер кезінде көмек көрсетілмеген жағдайда өздерін қорғансыз сезінген балалар суицидке баруы әбден мүмкін. Бір жылдың ішінде өз-өзіне қол жұмсамақ болған 114 бала құтқарылды. Оның 70 пайызы – «Вконтакте» желісіндегі «Көк кит» ойынының құрбаны бола жаздағандар. Өткен қараша айының өзінде 5 суицидтік жағдай тіркелді. Мысалы, өгей әкесіне өшігіп телемұнараның төбесінен секірмек болған 20 жастағы жігіт, досымен ренжісіп дәрі ішпек болған қыз деген сияқтылар. Осындай жағдайда тұрып хабарласқан балалармен психологтарымыз 2 сағаттан 4 сағатқа дейін сөйлесе алады. Ол кезде операторлар бос отырмайды. Олар бізге қызмет көрсететін ішкі істер органдары, жедел жәрдем және төтенше жағдай қызметіне хабарласып, өлім аузында тұрған адамды құтқаруға жұмылдырады, – дейді Ысқақ Құлатай. 

Жағымсыз ақпаратты жариялау жамандыққа итермелейді

Қазіргі кезде сайттар мен әлеуметтік желілердегі жаға ұстатар жағымсыз ақпараттарға көзіміз үйренгені түгіл, айналамызда не болып жатса да елең етпейтін деңгейге жеткенбіз. Мамандардың айтуынша, кереғар жазбалардың жас баланың психологиясына әсері ересен екен. 

«Қай заманда да балаларға қастандық жасалған. Бірақ оны ашық жаза бермеген. Сондықтан да қазір біздің қоғамымызда ғана балалар жәбір көріп жатқандай көрінеді. Ондай жағымсыз ақпараттарды жарияламаған жөн. Әсіресе суицидке бастау болатын ақпарат тарал­мауы тиіс. Қайта ондайға бармаудың жолдары көрсетіліп, ақыл-кеңестер берілуі керек. Телеарналар мен радиоларда бала тәрбиесіне арналған бағдарламалар ашылып, баспасөз бен сайттар осы тақырыпты жиі жазып отырғаны абзал. Мектептерде тәрбие сағаттары үзбей өтсе жағдай түбегейлі өзгерер еді», дейді Ы.Құлатай.

Сондай-ақ мамандар әртүрлі ойындар да баланың психологиясына кері әсерін тигізіп жатқанын алға тартады. 

«Бір ғана «Джета» деп аталатын смартфон ойынын мысалға алайық. Балалар қызығып ойнайтын бұл телефон қосымшасы нағыз қатыгездікке тәрбиелейді. Ойында жазықсыз біреуді төбесінен бір қойып өлтіре салады да, қалтасындағы ақшасын ала салады екен. Бұл баланың санасында бейкүнә жандарды өлтіру, ақшасын ұрлау әдеттегі жағдай сияқты қалыптастыруы әбден мүмкін», дейді «111» ұлттық сенім телефонының басшысы. 

Ата-ана мен балалар проблемасы

Ата-ана мен баланың тіл табысуы – тәрбиенің ең өзекті тұсы. Мамандар нәпақа табумен жүрген ата-аналардың балаларымен жұмысы болмай бара жатқанын айтады. «Ата-аналар балаларының киімі бүтін, қарны тоқ болса болды деп, тұрмыстың қамымен кетеді. Балаларының пікіріне құлақ аспайды. Сырласпайды, ынталандыра алмайды. Мәселенің бәрі осыдан басталады», дейді Ы.Құлатай. 

Психолог Марал Ибрагим де балаға уақыт бөлудің өте маңызды екенін құптайды. 

«Біздің орталықта психологтардың көмегіне жүгінетін ата-аналар мен балалардың салыстырмасы негізінен ұқсас. Балалар көбінесе ата-анасымен немесе достарымен қарым-қатынасы дұрыс еместігін айтады. Басқа проблемалар осы екеуінен туындайды. Ал ата-ана болса баласына сөз тыңдата алмай әлек. Әке-шешенің балаларымен қарым-қатынасындағы ең үлкен қателігі – олармен ашық сөйлеспеуінде. Көбінесе балалар біз ата-анамызға айта алмаймыз, олар қатал, қорқамыз дейді. Сөйтіп бала жолыққан проблемасын шешілмеген күйде ішіне бүге береді. Жасампаз балалар өздері ойлап тапқан жаңалығын айтудан жасқанатын күйге дейін жеткен», дейді ол.

Қазақ «қисықты тез түзейді» деп баланы тыйыммен тәрбиелеуге тырысады. Бірақ психолог маман балаларды барлығынан тыйып тастауға болмайды дегенді айтады.

«Ата-аналар балаларын проблемалардан қорғап қалғысы келіп, тыйым салады. Бірақ ол тыйымды не үшін қоятынын, себебін түсіндірмейді. Тыйым көп болған сайын бала қай ережені бұзарын білмей дағдарады. Сондықтан баламен ортақ пікірге келіп, келісіп үйрену керек», дейді Марал Ибрагим. 
Сондай-ақ ол ата-ана баламен тең тұрып пікірлесуі керек екенін, бұйрық берген сайын бала өзін қорғансыз, құндылығы жоқ сияқты сезіне беретінін алға тартады. 

«Бүлдіршіндерді ойын баласы деп қарап елеусіз қалдыруға болмайды. Онымен әңгімелесіп, пікір алмасуды тілі шыққаннан бастау керек. Сонда ғана балалар қандай проблемасы болса да, ата-анасымен ақылдасып, ойын еркін жеткізеді. Бала қандайда бір қателік жасаса, жазалауға асықпаған дұрыс. Қайта одан сабақ алудың жолын үйретіп, әр уақытта мәселені байыппен шешкен жөн. Баламен күніне 10-15 минут тілдессе жеткілікті. Сол қысқа уақытта баланың көңіл-күйін толық біліп, сырласуға болады», дейді психолог. 

Телефонға тәуелділіктің зардабы ауыр

Бүгінгі күні телефонға деген тәуелділік балалардың ғана емес, ересек кісілердің де «дертіне» айналған. Психологтың пікірінше баланы әлеуметтік желіден түбегейлі тыю мүмкін емес. Қолымыздан келетіні – жағдайды ушықтырмай, бақылауда ұстау. 

«Біз балаларды әлеуметтік желіден мүлде тыйып тастаймыз. Олар бәрібір оған аңсары ауып, тығылып қолданады. Сондықтан біз оларға әлеуметтік желілердің қаупін жақсылап түсіндіріп, белгілі бір шекпен пайдалануға рұқсат беруіміз қажет. Бұл тыйым мүлде болмау керек дегенді білдірмейді. Мысалы, телефонды немесе компьютерді еркін пайдаланатын баланы одан алып, басқаға назарын аударту өте қиын. Өйткені ол телефонға әлдеқашан тәуелді болып кеткен. Ал тәуелділік – психикалық ауру. Ол бір ай немесе бір жылдың көлемінде шешілетін жұмыс емес. Мәселен, мынадай жағдайды қарастырсақ, балаға шектеу қойылмайды, қандай мультфильм болса да кез келген уақытта көре береді. Бірақ бала есейіп, бір күні мектепке баруы, тапсырма орындауы керек болады. Осындайда мультфильм көріп үйреніп қалған баланы ата-аналар сабақ оқуға отырғыза алмай қиналады. Сөйтіп айғай-шуға ұласады. Ол баланың жүйке жүйесіне де әсер етеді. Өйткені бүгін балаға еркіндік берілсе, ертең аяқ астынан тыйым пайда болады. Бала сол кезде: «мен бұны бұған дейін істеп келдім, енді не үшін тыйым салады? Демек ата-анам мені жек көреді, мен бұларға керек емеспін» деген ойға барады. Осылайша баланың мінезі бұзылады, ата-анасын тыңдамайды. Сондықтан бала бағытын біліп, дұрыс-бұрысын ұғынуы үшін еркіндіктің де шегі болуы керек», дейді М.Ибрагим.

Ал Ысқақ Қашқынбайұлы телефонды тек мектепте оқуға қатысты ғана қолданып, басқа уақытта тыйым салу керек деп есептейді. «Мектепте сен байдың баласысың, сен кедейдің баласысың деп жіктейді екен. Оны бізге хабарласқан балалардың аузынан естідік. Олар байлықты немен есептейді? Әрине, бір оқушы iphone 8 ұстаса, «кедейдің» баласы қарапайым телефон қолданады. Олар үшін бәсеке сол. Кеше ғана бір ақпарат оқыдым. Бір мұғалім оқушысының алтындарын ломбардқа өткізіп жіберіпті. Ол бала не үшін мектепке алтын тағып барады? Ол оқушы емес пе?! Соған ата-аналардың өзі кінәлі. Әрине олар барын салып балаларын ешкімнен кем қалдырғысы келмейді. Ал оның қандай зардаптарға әкеп соғарын еш ойламайды», дейді ол. 

Шынтуайтына келгенде, технология дамыған, ақпарат қолжетімді XXI ғасырда бала тәрбиесіне аса қырағылық пен, үлкен жауапкершілік керек. Балалар бұл күнде бәсекеге біліммен ғана түсіп қоймайды, олар қасында жүрген бай мен мансаптының баласынан кем қылмай өсіру үшін де рухани қолдау мен қорғау аса маңызды екенін естен шығармаған жөн.

Майгүл СҰЛТАН,
«Егемен Қазақстан»