Қазақстан • 22 Желтоқсан, 2017

Мырзатай Жолдасбеков: Тәуелсіздіктің тағдыры туралы кітап

662 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дә­уірі» атты кітабына Қазақ­стан­ның азаттық жылдарында жүріп өткен жолы анық көрсетілген. Бұл – Тәуелсіздіктің тағдыры туралы кітап, Тәуелсіз мемлекет болудың тәжірибесі болмаған Қазақстанда Тәуелсіз мемлекет орнатудың тәжірибесі туралы кітап. Мұнда біздің өткен өміріміз, Тәуелсіздігіміздің алғашқы күнінен басталған өткелдеріміз анық көрсетілген. 

Мырзатай Жолдасбеков: Тәуелсіздіктің тағдыры туралы кітап

Суреттерді түсірген Ерлан Омар, "Егемен Қазақстан"

Біз енді осынау оқиғалардың бел ортасында болған адамдармыз. Бәрі де тайға таңба басқандай көкірегімізде сайрап тұр. Кеңес Одағы деген империя құлап, тас-талқан болып жатқан кезде республикалардың әрқайсысы жеке шаңырақ көтеріп, ел болып жатты. Біз де құдайға тәубе деп, 1991 жылы бүкіл халық болып Елбасымызды сайладық. Сол кезде сайлаудың штабын басқарғаным есімде. 98,8 пайыздық дауыспен Нұрсұлтан Назарбаев Президент болып сайланған еді. 

16 желтоқсанда Қазақстан­ның Тәуелсіздігі жарияланды. Содан бері қарай Елбасы қолына мемлекетіміздің тізгінін алып, қирандыдан, быт-шыт болып тамтығы қалмаған, республика деген аты бар, заты жоқ мемле­кет­тен Тәуелсіз Қазақстанды ор­нат­ты. Ел Президенті қазақ­стан­дық жолды айқындап, да­му ке­зеңі басталғаннан кейін Қа­зақ­­станды әлем танып, мойындады. 

Мен көптеген оқиғалардың ішінде болған адаммын. Ел­ба­сымен бірге отырып, сол кісінің қасында жүріп, Қазақстанда тұңғыш құрылтай өткіздік. 1991 жылы желтоқсанның 10-ы күні Тұңғыш Президентті таққа отырғызу рәсімін өткіздік. Сол рәсімді басқару менің пешенеме жазылған еді. Міне, осы сәттердің барлығы кітапта жазылған. 

Кітап үлкен төрт бөлімнен тұрады. Сол төрт бөлімде Елбасы басынан аяғына дейін маржандай қылып, біздің үш рухани жаңғыруымызды көрсете білді. Біз Тәуелсіздік алғаннан бері жаңғырып келе жатқан елміз. Сондықтан бұл кітап жас балалардан бастап, еңкейген кәрілерге дейін қолынан түспейтін кітап болар деген сенімдемін.

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері