Парламент • 22 Желтоқсан, 2017

Сенат ақпарат және коммуникациялар салаларына қатысты өзгерістерді мақұлдады

219 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілік етуімен палатаның жалпы отырысы өтіп, онда бірқатар заң жобалары қабылданды. Олардың бірі – Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев таныстырған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралып, депутаттар тарапынан қолдауға ие болды.

 

Сенат ақпарат және коммуникациялар салаларына қатысты өзгерістерді мақұлдады

Дәлелсіз ақпардың дауы сотқа жетпей шешіледі

Аталған заң жобасында 16 заңға және 6 кодекске 280-нен астам өзгеріс пен толықтыру енгізу қарастырылған. Сол себептен де жобада қарапайым азаматтардың ақпарат сала­сындағы құқықтарын қамта­ма­сыз ететін бірқатар норма ұсы­нылған. Атап айтқанда, тұлға мен редакция арасын­дағы дәлелсіз ақпаратқа қатыс­ты дау-дамайды сотқа дейін шешу тәртібі егжей-тегжей­лі қарастырылған. «Қазір ақ­параттың таралу жылдамдығы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Бір ғана жалған дерек санаулы уақытта адамға орасан нұқсан келтіре алады. Сондықтан біз азаматтарды осындай жағдайдан қорғай отырып, бұл мәселені сотқа дейін реттеу жолын ұсынып отырмыз. Әрине, бұл ретте заңда БАҚ-тың теріске шығарудан бас тартып, азаматтың сотқа жүгінуін күту сақталады», дедi Д.Абаев.

Министрдiң айтуынша, ақпарат құралдарында азаматтардың суретін олар­дың рұқсатынсыз қолдануға арналған талаптар тізiмi бекітілген. Мысалы, қандай да бір тұлға мәдени, спорттық және басқа да көпшiлiк шараларға қатысып әрi жұрт алдында сөз сөйлесе, журналистер оның суретін рұқсат сұрамай-ақ жариялай алады. Ал жеке-дара жағдайда келісімсіз жариялау заңға қайшы. Сол сияқты бұл заң жобасында балаларды зиянды ақпараттан қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған нормалар да қарастырылған. «Атап айтсақ, жалпы білім беретін мектептерде оқушыларды «тазартылған» интернет контентпен қамтамасыз ету талабы көзделiп отыр. Сонымен қоса, күш көрсету, жәбірлеу салдарынан зардап шеккен бала туралы жеке мәліметтер мен оның суретін баланың немесе оның заңды өкілдерінің келісімінсіз қолдануды шектеу сияқты өзгерістер ұсынылып отыр», деді министр.

Құқықтық реттеуді қамтамасыз етуге бағытталған заң

Жалпы, құжат бұқаралық ақпарат құ­рал­дары, телерадио хабарларын тарату, ақ­па­рат­тандыру және байланыс, ақ­парат­тық қауіпсіздік салаларында қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеуді қам­та­масыз етуге бағытталған. Ал осы мақсаттағы тетіктер мін­сіз жұмыс іске асырылуы үшін Бюджет, Қылмыстық, Қыл­мыстық-процестік, Кәсіп­керлік кодекстерге, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы, «Ха­лық денсаулығы және ден­саулық сақтау жүйесі тура­лы» кодекстеріне, сон­дай-ақ «Бұқаралық ақпарат құ­ралдары ту­ралы», «Теле­радио хабарларын тарату туралы», «Ақпараттандыру туралы», «Бай­ланыс туралы», «Электронды құжат және элек­тронды цифрлық қолтаңба туралы», «Пошта туралы», «Жарнама туралы», «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» және басқа да заңдарға түзетулер енгізу көзделеді. Оған қоса, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының заңында БАҚ-тың ауызша және жазбаша сұрау салулары бойынша оларға ақпарат беру процесі реттеліп, БАҚ-пен жұмысты жүзеге асыру жөніндегі уәкілетті тұлғалардың немесе бөлімшелердің мәртебесі мен функциялары алғаш рет заңнамалық тұрғыдан ай­қын­далады. Тағы бір айта кетерлік жайт, заңда бұқаралық ақпарат құралдарының шығындарын қысқарту мақсатында уәкілетті органға жіберілетін мерзімді баспасөз басылымының мін­детті данасының қағаз нысанын алып тастап, электронды ны­санда жіберу ұсынылады. Бұдан басқа, заңда халықтың тыныс-тіршілігін бұзатын оқи­ғаларға жедел ден қоюды және оларды уақтылы хабарлауды қамтамасыз ету шеңберінде мем­лекеттік органдардың үш сағат ішінде халықты ақпа­рат­тандыру міндетін заңнамалық тұрғыдан бекіту көзделеді. 

Жөнсіз жарнамаға жол жоқ

Заң жобасында ресми хабарларға жатпайтын ақпаратты беру туралы сұрау салулар бойынша жауап беру тәртібі де тиянақталған. Егер сұрау салудың өзінде өзгеше атап көрсетілмесе, сұрау салу келіп түскен күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде, берілген сұрау салу сипатында және тілінде жауап қайтарылатындығы да нақты атап көрсетіледі. Оған қоса, «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңға сәйкес аралық жарнамамен бө­лу­дің мүмкіндігін болдырмайтын «діни», «білім беру» және «балалар» телебағ­дар­ламасы ұғымдарына анықтама берілген. 

Осылайша, жиын барысында басқа да өзгерiстер мен толықтыруларды қарас­тыратын заң жобасы ақпарат, бай­ланыс және ақпараттандыру субъек­ті­лері үшін оңтайлы жағдай жасап, олардың одан әрі қарқынды дамуы­на бағытталғандығы айтылды. Ал атал­ған заң жобасына қатысты қосымша баян­даманы Сенаттағы Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мү­шесі Бақытжан Жұмағұлов жасаса, сенатор Дариға Назарбаева мен депутат Дархан Кәлетаев ақпараттық қауіп­сіздік мәселесіне қатысты мән-жайды тереңірек түсіндіруді сұрап, сөз сөйледі.

Осы күні сенаторлар Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің таныс­тыруымен «Қазақстан Республикасында кедендік реттеу туралы» кодекстің жобасы мен оның ілеспе заң жобасын да талқылап, қабылдады. «Қазақстан Рес­пуб­ликасының жаңа Кеден кодексінің негізін Еуразиялық экономикалық одақтың жаңа Кеден кодексі құрап отыр. Осы құжатты қалыптастыру ке­зінде біз қолданыстағы Ке­ден кодексінің нормалары құрылысының логикасын негіз етіп алдық. Бірінші кезекте бұл екі құжаттың орнына бір құжатты пайдаланудың ың­ғайлы болуына байланыс­ты кодекс жобасында Еура­зия­лық экономикалық одақ­тың Кеден кодексінің ереже­лері то­лы­ғымен имплемен­та­цияланған, ұлттық заңнамаға сілтеме нормалар көрсетілген. Сон­дай-ақ ЕАЭО кодексінде рет­тел­меген құқықтық қаты­настар белгі­лен­ген», деді Т.Сү­лейменов.

Оның сөзіне қарағанда, Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінің электрондық декларациялауға, «бір терезе» тетігіне, тауарларды автоматты түр­де шығаруға байланысты кедендегі биз­нес-процестерді автоматтандыру бөлі­гін­дегі негізгі тәсілдері жаңа жобада толық көрсетілген. Сонымен қатар құ­жат­та Мемлекет басшысының «100 нақ­ты қадам» Ұлт жоспарында көрсетіл­ген тапсырмаларды іске асыру үшін «Пост­фактум» кедендік тазарту режімі деп аталатын кедендік декларация беріл­генге дейін мәлімдеме бойынша шығарылатын тауарлар тізбесі кеңейтіледі деп көрсетілген. Сонымен қатар министр еліміздің транзиттік әлеуетін дамыту мақсатында кодексте кедендік операцияларды оңтайландыру бойынша бірқатар нормалар көзделгенін атап өтті. «Қолданыстағы кодексте 24 сағатта кедендік транзитті аяқтау көзделген болса, жаңа кодексте рәсімді аяқтау үшін 4 сағаттан аспайтын жұмыс уақыты берілген. Бұдан басқа, транзиттік жүктерді кедендік тексеріп қарауды жүргізу қажет болған жағдайда, оларды жүргізу мерзімі он күннен бес күнге дейін қысқартылған. Сол сияқты жаңа Кеден кодексінде бір транзиттік декларация ресімдеу мүмкіндігі берілген. Бұл мультимодальды тасымалдау рәсімін едәуір жеңілдетеді», деді Т.Сүлейменов.

Инвестиция тартуға икемді заң жобасы

Жалпы отырыс аясында палата де­пу­таттары «Жер қойнауы және жер қой­науын пайдалану туралы» кодекс жо­басы мен оған ілеспе заң жобасын екі оқылымда қарап, қабылдады. Инвес­ти­циялар және даму министрі Жеңіс Қа­сымбек таныстырған аталған заң жо­ба­сында қатты пайдалы қазба мен көмір­сутегі шикізат қорлары бойынша есеп берудің CRIRSCO халықаралық стан­дарттар жүйесін енгізу арқылы жер қой­науын пайдалану саласының ашық­тығы мен болжамдылығын арттыру көз­делген. Сондай-ақ ең үздік әлемдік тәжі­ри­бені пайдалана отырып, барлық пайда­лы қазбалар үшін келісімшарт жасасу­дың оңтайландырылған тәсілі енгі­зілген. Кодекс жобасы жер қой­науын пайдаланушылардың жұмысында кез­десетін кедергілерді жойып, саланың құқықтық базасын жетілдіруге, халық­аралық стандарттарға өтуге және ин­вес­тициялық климатты жақсартып, сала­ға тікелей шетелдік инвестиция тар­туға бағытталған. Бүгінде 104 елдің ішінде Қазақстан геология саласын мем­лекеттік реттеу бойынша 74-ші, ал жер қойнауының геологиялық тартымдылығы жағынан 45-ші орында тұр. Осыған орай пікір білдірген министр бұл реформа әлемде болып жатқан дағдарыс пен оның салдарынан инвестор тартуға байланысты бәсекелестіктің артуынан туындап жатқан жағдай екен­дігін айтты. «Ұзақ мерзімді шикізат тасымалының тұрақтылығы, жүргі­зілетін саясат пен саладағы ашықтық және рәсімдердің жеңілдігі бүгінгі күн­нің басты талабы. Кодекс жобасын әзірлеу барысында аустриялық заң моде­лін үлгі ретінде алдық. Мұндай шешім біржарым жылдық зерттеу жұ­мыс­тары мен Дүниежүзілік банк ұсынысының нәти­же­сін­де қабылданды», деді Ж.Қ­а­сымбек.

Жолаушылар қауіпсіздігі алаңдатады

Жалпы отырыс бары­сында депутат Әбдәлі Нұ­ра­лиев Премьер-Министр Ба­қытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдады. Жамбыл облысының бір топ азаматтарының хаты негізінде жарияланған сауалға Қазақстанның жолдарында қауіпті жағдайлардың жиі орын алуы арқау болған. 

«Бүгінде күн санап рес­публикалық немесе жергі­лікті трассаларда ірі жол апат­тарының саны ұлғаюда. Жа­қын­да Маңғыстау облы­сын­дағы жан­түр­шігерлік апат, Алматы облысындағы қай­ғылы оқиғалар қалааралық заңсыз тасы­мал көліктерінің қатысуымен бол­­ды. Жеңіл көлікпен жолаушылар тасы­­малдау саласында ретсіз бей-бере­кет­тікке орын берілген. Ресми автовок­залдарды айналып, заңсыз тасымалдау­шылар уәкілетті органдарының бақы­лауынан тыс, рұқсатсыз өздерінің авто­тұрақтарын ұйымдастырған.

Жамбыл облысының ресми тасы­мал­даушыларының хатында, кәсіпкерліктің осы түрінде заңсыз немесе заңға қайшы келетін әрекеттер белең алғанын ашық көрсетті. Тек қана Тараз қаласынан 50-ден астам автокөлік бақылаусыз, ас­тыр­тын қала, ауданаралық қатынасқа шығуда.
Мемлекеттік құзырлы органдардың жауаптары бір­текті, құрғақ, ресми кеңсе әдеті бойынша қайтарылады. Про­ку­ратура, ішкі істер, жергілікті билік та­ра­пынан заңсыз тасымал­дау­шыларға қол­данылып жат­қан тұжырымды әрекеттер көрінбейді. Мұндай жағдай еліміздің барлық өңірлерінде туындауда.

Осы жерде, атап өтетін өте маңызды мәселе бар: тасымалдаушылардың басым көпшілігі еліміздің заңға бағынушы, жеке тасымалдауды кәсіпке айналдырып, жанұялық қаражат табыс көзін жасап жүрген жандар.

Мәселенің шешімін техни­калық құрал арқылы шешу жолы айқын. Шағын құжат жиын­тығы, жеке тұлғаларға ауырт­палық түсірмейтін са­лық, жеңіл тасымал көлікте­рі­не автотұрақтар орнын заң­дас­тыру амалдарын енгізу. Шын­туайтында, мұндай заң­сыз тұрақтар Қазақстанның бар­лық облыс, одан қалды аудан орталықтарында бар.

Бұл сұраққа өте мұқият әрі үлкен жауапкершілікпен жан-жақты қарап, қолданыстағы кәсіпті дамытып, тасымалдаушы жеке көліктерді заңдас­тырып, қала, ауданаралық тасымалдаушы автокөлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін амалдарды қолға алу керек. Өзін-өзі жұмыспен қамтушы азаматтардың көлеңкелі жұмыс пен көлеңкелі экономикадан шығуына жол ашып, одан әрі де табыс табуына жағдай туғызып, ал жолаушылардың керекті мекеніне кедергісіз жетуін қамтамасыз ететін шаралар кешенін енгізуді ойластырған жөн. Сонымен қатар осы саланы бірың­ғайландырып, тәртіпке келтіру қажет.

Осы мәселенің үлкен әлеуметтік салмағын ескере отырып, жергілікті ат­­қарушы органдарға мүдделі ведомстволармен бірігіп, облыс, қа­ла, аудан­аралық тасымалдауды заңдас­ты­рудың жаңа тұжырымдамалы тетіктерін қарас­тыруды тапсыруыңызды сұраймыз. Осы тұста, жолаушылардың қауіпсіздігін арт­тырып, осы кәсіп түрінің жеке көлік иелеріне қолжетімді болуын ескеруді ұсынамыз» делінген депутаттық сауалда.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»