Театр • 22 Желтоқсан, 2017

Қазіргі драматургияға не жетпейді?

684 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінгі драматургия тым сыпайы... Біз тұрмыстық-адам­гер­ші­лік, мораль тақырып­тарының ға­на ай­наласында айналсоқтап қалдық. Қазіргі драматургия шын күлдіріп, шын жылата алмайды. 

Қазіргі драматургияға не жетпейді?

Қазіргі қазақ сахнасына ойлы, терең трагедия, астарында ащы шын­дығы бар комедия керек. Дра­ма­тургияның өзіне тән екпіні, ди­на­микасы, жігері болады. Көрер­мен­ге дайындап, түсіндіріп, баяндап отыру қазір қызық емес. Көрермен Ібілістің жаман екенін өзі де біледі. Бірақ Ібілістің әре­кеттері мен қитұрқысын, инт­ри­га­сын білмейді, әрекетінің қан­ша­лықты қауіпті екенінен секем ал­­майды, себебі Ібілісті танымайды...

Осы таныту әдісі – драматургия мен режиссурада.

Драматургия кейіпкерін идеаландырмайды, идеалдың күл-талқанын шығарады. Қос ғашық Қозы мен Баян қосылуы керек еді, өледі. Еңлік-Кебек бақытты бо­луы керек еді, бақытсыз болды, ажал құшты. Абай данышпан еді – басына қамшы тиді, жігерін құм қыл­ды, қор қылды. Отелло батыр, ке­меңгер, ақылды еді. Өзі сүйген Дез­демонаны өзі өлтіріп тынды. Че­ховтың Андрей Ефимичы жын­ды­хана дәрігері еді, ақыры өзі жын­дыханаға қамалды. 

Жанр – қатал. Сюжет құрудағы шеберлік оқиғаны қабат-қабат өре отырып, шыңғырған шындықтың құлын дауысы арқылы қоғам­ның да, кейіпкерлердің де бет-пердесін ашып тастайды. Көрер­мен­ді қалт жібермей ұстап тұратын аласапыран қуат бүгінгі драматургияға жетпей тұрғандай. 
Көрерменнің сезімін ғана қытық­таймыз, ішін қопарып, санасын өз­гертуге талпынысқа апаратын жол­ды іздемейміз. 

Шығарма – қозғаушы күш. Егер ол санаға қозғау салмаса өз міндетін атқара алмағаны. Ал біз­дің бүгінгі драматургияда сю­жет жоқ, сөз көп. Кейде тіпті оқи­­­­ға да идея да болмайтынына таң қаласың. Автордың не айт­қы­­сы келгені түсініксіз. Иә ре­жис­­­сердің былықтырғаны, иә о бас­­та драматургияның әлсіз бо­лғаны. Анекдотпен, қылжақпен, ән­­мен, күймен, бимен драматургия жасамақ боламыз. Бүгінгі дра­матургияда кейіпкер образы сом­далмайды, жасанды жазылады, жасандылық бәрібір қабылдана қоймайды. Өмірде болмағанды ақиқатқа айналдырғымыз келе­ді, сондықтан болса керек, көрер­ме­німізді сендіре алмаймыз. 

Енді шеберлікті шыңдай түсу керек деген ой туындайды ғой. Ол үшін не істеуіміз керек? 

Театрлардың жанында жас драматургтердің, режиссерлердің лабо­раториясы жасақталуы қа­жет. Өйткені жас маманның өнді­рісте жүріп, тәжірибе жинайты­ны сияқты жас драматург те те­атр­­дың ыстық-суығында бірге қай­­науы керек. Режиссермен, ак­тер­лермен тығыз байланыста бол­ғанда ғана толыққанды дүние туады. Драматург өз шығармасын қай актердің ойнай алатын шебер­лі­гіне дейін ден қоятын болады. Көп жағ­дайда драматург режиссерге, режис­сер драматургке риза болмай, бір қайнауы ішінде қалып жатады. 

Театр ешкімнің жеке меншігі емес. Жас режиссерлер отандық дра­ма­тургтерді сахналауға қол жет­кізе алуы керек. Драма­тург­тер­ді жиырма жылға дейін театр репертуарынан аластату, шы­ғар­ма­ларын қойдырмау де­ген оларды тапа-тал түсте аяқ-қо­лын кі­сендеп, жер аударып жі­бе­румен бір­дей. Бұл пиғылдан театр­дағы көр­кемдік жетекші де, театр ди­рек­торы да арылу керек. «Өзім жа­зып, өзім қоямын» деген дерт бар театрларда. Бұ күнде режиссер де, актер де, театр сыншысы да, сая­сат­кер де, журналист те драмату­рг болғысы келеді. Қош делік, егер қолдан келіп жатса несі бар. Бі­рақ ұлы режиссер Товстоногов Шек­спирден бастап, Чехов, Досто­ев­ский, Гоголь, Володин т.т. айта бе­ру­ге болады. Барлығын дерлік сах­­налады, өзім жазамын деп же­лікпеді. Ұлы шығармалардың жұм­бағын көрерменге жеткізе алу­дың режиссерлік тәсілін тапты. Автордың жұмбағына, сырына, нені меңзеп отырғанына үңіл­ді. Режиссер – суреткер, бірақ өз саласының, өз мамандығының су­реткері деп білемін. Осындай ма­хаббат, ықылас, сүйіспеншілік арқылы Товстоногов ізденіп, толығып, кемелдене берді. Көрер­меннің жүйкесіне жүк түсіре алды. Толстойдың шығармаларына инсценировка жасау арқылы авторға деген сүйіспеншілік, кірпияз тал­ғам тұрды. Сол арқылы өз би­ігін, режиссерлік даралығын, та­лантын айшықтай түсті. 

Ал қазақ режиссерлері өзін ұсы­нады, «өзім қайда қалдым...» деп уайымдай бастайды. Өзінің де суреткер, режиссер екенін естен шығарып алады. Режиссер драматург болып танылудан гөрі терең шығармаларды талғаммен таразылай алғаны дұрыс. Суреткерлік талғам керек. Қай кезеңде болса да көрермен қоғамнан таппаған ақиқатын театрдан тапса, спектакльге кеткен уақытына өкінбей, рухани ләззат алып, сағынып қауышса деп ойлаймын. Көрермен алданса – көңілі қалады, көңілі қалса енді қайтып театрдың есігін ашпайтын болады.

Роза МҰҚАНОВА,
драматург