Аймақтар • 22 Желтоқсан, 2017

Атырауда Президент шыршасына 850 бала қатысты

550 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін еліміздің барлық өңірлерінде кішкентай қазақстандықтар үшін дәстүрлі Президент шыршасы өтті. Бұл мерекені Атырауда да ауқымды түрде атап өтті, деп xабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.

Атырауда Президент шыршасына 850 бала қатысты

Айта кетейік, биылғы жылы  Президенттік жаңа жылдық шырша Астананың 20 жылдығы аясында «Асқақ ордам – Астана» тақырыбына арналған.

Мерекелік шараға 9-13 жас аралығындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған және көп балалы отбасылардың жəне оқуда, спортта, шығармашылық немесе қоғамдық өмірде табысқа жеткен дарынды балалар - барлығы 850 бала қатысты.

Мерекелік шара барысында Қазақстан Республикасы Президентінің бейнетаспа арқылы балаларға арналған жаңа жылдық жылы құттықтауы көрсетілді. Сонымен қатар, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев та балаларды жаңа 2018 жылмен құттықтады.

- Құрметті балалар, біз сіздермен мақтанамыз. Сіздер біздің болашағымызсыздар. Бүгінгі күні облысымызда 116 мың оқушы білім алуда.  Елбасының тапсырмасы бойынша сіздердің жақсы білім алуларыңыз үшін барлық жағдай жасалған, мектептер мен балабақшаларда заманауи теxнологиялар, теxникалық жабдықтар қолданылуда. Сіздердің міндеттеріңіз ата-аналарың, әжелерің мен аталарыңның артқан үмітін ақтау үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалану. 2017 жылы сіздер өте жақсы еңбектендіңіздер. Келер жылды да жаңа жетістіктер мен үлкен жеңістермен қарсы алуларыңызды тілеймін!

Кеш барысында балаларға ертегі әлемінің кейіпкерлері мерекелік қойылым көрсетіп, балалармен бірге жаңа жылдық шыршаны айналып, ән айтып, би билеп, түрлі қызықты ойындар ойнатты.

- "Маған бүгінгі шырша қатты ұнады. Бұл жерде Аяз ата, Ақшақар және көп балалар бар. Мерекелік шарадан алған жылу мен қуаныш сезімі жүрегімді ұзақ уақытқа қалады. Мен барлық адамдарды жаңа жылмен құттықтаймын!" - дейді Еркінқала орта мектебінің оқушысы Перизат Базылxан.

Балалардың әрқайсысына Қазақстан Республикасы Президентінің атынан: қысқы киім, аяқ киім, спорттық киім, оқу құралдары және тәтті сыйлықтар табысталды.