Қазақстан • 25 Желтоқсан, 2017

Астана аспанын торлаған түтін

978 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазан басталғалы елорда тұрғындары қала көшелерін басқан қою түтінге шағымдарын айтуда. 

Астана аспанын торлаған түтін

Көмірмен жылытылатын жер үйлердің, жылу электр орталықтарының мұржаларынан қалықтаған түтіннің иісі қолқа­ны қауып, көзді ашытады, тіпті ауа жұтып, дем алуды қиындатқан. «Қазгидромет» РМК кезекші тобының мәліметіне қарағанда, соңғы күндері ауа райы желсіз тымық болғандықтан қаланы түтін басқан. Желдің екпіні күшейсе, мұндай болмайтын еді.  Жаз бойы «жасыл» энергия тақырыбын ту етіп, ЭКСПО-2017 көрмесінің көрігін қыздырған бас шаһардың түтінге тұншығуы бір жағынан атымызға сын. Былтыр мамандар Астана қаласы ауасының ластану деңгейі еліміз бо­йынша төртінші орынға көтерілгенін айтып дабыл қағып еді. Мұның себе­бін жылу электр орталықтарының әлі газға көшірілмегенінен және мұр­жа­ларға сүзгіш фильтр орнатылмағанынан көргенбіз. Оның үстіне, соңғы жылдары қала төңірегін ораған орман мен биік ғимараттардың көбеюінен азынаған ауа ағынына тоқтау болған көрінеді. Мүмкін әлемдік климаттағы өзгерістің әсері де болар. Әйтеуір, ахуал әркімнің басын қатыруда.

Сапалы отын сансыратпайды

Мамандардың пікірінше, түтінді тұманның адам денсаулығына кері әсері де бар екен. Оның құрамында күкірт­тің қос тотығы, азот тотығы, көмір қышқылы сияқты зиянды газдар­мен бірге ауыр металдар болады. «Әдетте түтінмен аспанға ұшып, әрі қарай тарап кететіндерінен гөрі қайтадан жерге қонатын ауыр метал­­дардың денсаулыққа залалы ора­сан зор. Ол түрлі ісік ауруларын туды­рады, жұтқыншақ, кеңірдек, өкпе қа­тарлы ағзаларға ауыр зиянын тигізеді», дейді белгілі эколог Ерлан Мақажанов.

Яғни, астаналықтардың шулайтындай жөні бар. Ал құзырлы органдар түтіннен арылудың жолдарын қалай қарастыруда? Алдымен Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың сөзіне мән берсек, «Бұл мәселені шешудің жолы – жеке сектор мен отын энергетикалық кешенін сапалы отынмен қамтамасыз ету», дейді ол. Министрдің пайымынша, Астанада көмір жағуды тоқтату керек, қалаға газ тартып, оның бағасын қолжетімді еткен жөн. «Жылу электр стансасында газ пайдаланатын болсақ, ол жылу құнының бағасын арттыруы мүмкін. Сондықтан аталған процесті арзандату үшін не істеу қажеттігін қарастырудамыз. Көмір – арзан. Сондай-ақ ол жақын жерде, ал газ алыста орналасқан. Бірақ таңдау әрқашан денсаулық пен экология жағында болуы тиіс». Бұл да Қ.Бозымбаевтың сөзі.

Астана әкімдігі де қарап жатқан жоқ. Құзырлы орган жылу маусымы басталғалы осы мәселені қаузап, мамандардың басын бірнеше рет қосты. Аумақтық экология депар­таменті­нің деректеріне сәйкес, авто­кө­ліктен шығатын газ бен баспанасын көмірмен жылытатын жеке сектор – елорданы басқан түтіннің бас­ты себебі. «Экологиялық заңнаманы қатаңдату бойынша ұсыныс енгізу қажет және қаладағы барлық құрылым жұмысын өзгерту керек. Экология әкімдіктің 2018 жылдағы жұмысының басым бағыттарының бірі болмақ. Біз тәуелсіз сарапшылар­дан, ғалым­дардан және белсенділерден арнайы комиссия құрып, қоғамдық тыңдаулар өткізетін боламыз», дейді Астана әкімі Әсет Исекешев. Оның айтуынша, жұмыс екі бағытта жүреді. Кешенді жоспар аясында жанар-жағармай мен көмір сапасын бақылау бойынша жаңа шаралар мен механизмдер әзірленіп, экологиялық заңнаманы бұзғандарға қатысты айыппұл санкциялары көбейеді.

Көмірге шектеу қойылады

Шаһар басшылығы аспанды торлаған түтінді сейілтуге бағыт­талған тағы бірқатар шараларды қарастыруда. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұса Танабаев олар жайында кеңінен тоқ­талып, 2017-2018 жылдарға арнал­ған кешенді жоспар туралы айтты. «Бүгінгі таңда қала әкімі тиісті тапсырма беріп, оған толықтырулар ен­гізуді жүктеді. Кешенді жоспарды жүзеге асыру үшін 5 жұмыс тобы құ­рылды. Атап айтсақ, атмосфералық ауа­ның сапасын арттыру, көліктің кері әсерін азайту, жеке тұрғын үй­лерде жылу маусымында қауіпті қал­дық­тарды өртеу жағдайының алдын алу, ағаш отырғызу, су ресурстарына байланысты мәселелерді бақы­лау жұмыстарымен айналыса­тын топтар. Бұл топтарға әкімдік және жауапты органдардың қызмет­кер­лері­мен бірге Қазақстан экологтары қауым­дастығының өкілдері енді. Жуық арада жұмыстар аяқталады», деді ол.

Жұмыс тобы жүргізген шаруа­лар­ға сәйкес, Астана қаласының би­лігі бірнеше ұсыныс әзірлеген. «Бірін­­шіден, елорда аумағында жаңа нысандардың құрылысын жүргіз­ген кезде қатты отындарды жағуға арналған автономды қазан­дық­тарды пайдалануды 2018 жылдан бастап шектеу қажет. Астана қала­сында отын ретінде көмірді қолда­нат­ын 400-ге жуық кәсіпорын бар. Осыған байланысты 2019 жылы қатты отынды осы кәсіпорындарда қолда­нуға тыйым салу жоспарлануда. Олар­ға нысандарын қайта жөндеуге 1 жыл уақыт беріледі. Яғни аталған кәсіп­орын­дардың бәрін табиғи газға көшіру көзделуде», деді Мұса Тана­баев. Басқарма басшысының айтуын­ша, үшіншіден, электро­мобиль­ді көлік иелеріне жеңілдік беру қарас­тырылған.

Газдандыру қарқын алады

Астана қаласы энергетика басқар­масы­ның басшысы Бақтыбек Жапаев елордада табиғи газды пайдалана оты­рып, бірнеше жобаны іске асыру бас­талғанын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, бас қаланы регазифи­кациялау бойынша алты станса орнатылады. Келесі жылы «Global Gaz Group» ЖШС екінші «Тельман» сұ­йы­­тылған табиғи газ стансасын салады.

«Біз инвестор «Global Gaz Group» компаниясына «Оңтүстік-Шығыс» шағын ауданын газдандыру бо­йынша талап қойдық. Олар алдымен Железнодорожный кентінде «Индустриальная» газдандыру стансасын салуы тиіс. Сол жерден құбыр Астананың «Оңтүстік-Шығыс» шағын ауданына тартылады. Қазіргі күні станса құрылысына жер телімі бөлін­ген. Бұл аумақ 2019 жылы газдан­дырылады», деді басқарма басшысы.

Компания газды таратушы стан­садан шағын ауданға дейін жеткізеді, ал әр тұтынушы өз қаржысына үйі­не құбыр тартуы тиіс. Маманның мәлі­метінше, тұтынушы үшін газ бағасы­н­ың текше метрі 110 теңге­ні құ­райды. Қазіргі уақытта тариф­ті суб­си­диялау туралы мәселе мемле­кет-жекеменшік әріптестігі бағдарла­масы бойынша Ұлттық экономика министрлігінің қарауында жатыр. Егер оң қорытынды шығарылса, газ бағасының текше метрі 35 теңгеге төмендейді.

Даудың басы – желдің болмауынан

Ал Астана қаласы бойынша экология департаментінің басшысы Мансұр Ошырбаев қала көшелерін тұман мен ыс иісі алып кетуінің бас­ты себебін атмосфераның төменгі және жоғары қабатында ауа алмасу әлсіздігінен, яғни желдің болмауынан көріп отыр. «Қала ішінде желдің жылдамдығы соңғы күндері секундына 0-0,9 метр болса, ауа ылғалдығы 79 пайызды құрады. Нәтижесінде жекеменшік жер үйлер мен жылу электр стансаларының мұржасынан шыққан түтін тарамай қалады. Ауаның еркін алмасу процесіне аспанмен таласқан биік ғимараттар да кедергі келтіреді. Сонымен қатар автокөліктерден бөлініп шығатын зиянды түтін де ауаның ауырлауына әсер етеді», дейді ол. Департамент басшысының сөзіне сенсек, тұман мен түтіннің көмір тапшылығы мен отын сапасына қатысы шамалы.

P.S. Астана тұрғындарын тұншықтырған түтіннің себебін біршама терген болдық. Расында, Целиноград заманында тумаған проблема қайдан пайда болды? Астана – Алматы секілді таудың ортасында тұрған қала емес, жазық далаға жайғасқан қала. 

Көліктен бөлінген газ, жеке сектор жаққан көмір түтіні, желдің ұйтқымауы... Бұл – мамандар болжамы. Астанадан айтарлықтай үлкен қалалар бар, көліктері де еселеп асып түседі, көмірді әлдеқайда көп жағады. Бір жылда болатын 365 тәуліктің 288-інде Арқа төсінде жел соғып тұрады екен. Ендеше?..

Асхат РАЙҚҰЛ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар