Аймақтар • 25 Желтоқсан, 2017

Көпшілік көгілдір отынның игілігіне үмітті

649 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өңірлерді көгілдір отынмен қамту мәселесі әрдайым өзекті. Әсіресе, облыс, ауда­н орталығынан шалғай жатқан елді мекендер үшін газ мәселесі талай жылдан бері түйткілді мәселеге айналған. 

Көпшілік көгілдір отынның игілігіне үмітті

Жамбыл облысында жалпы 377 елді мекен бар. Бүгінгі таңда оның 181-і тауар­лы газбен қамтылып, көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Ағымдағы жылы газдандыру жұмысын жалғастыру мақсатында 7 миллиард 726 миллион теңгеге алты жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілген. Аталған қаражатқа Т.Рысқұ­лов ауданындағы «Ақыртөбе» жаңа газ реттегіш стансасының құрылысын жүр­гізу, сол аудандағы «Нартәуекел-2001» ЖШС аумағында орналасқан «Ақ бұлақ» шаруа қожалығының жылына 120 тонна бие сүтін өндіретін зауытын газдандыру, Тараз қаласының Шөлдала тұрғын алқабына газ тартатын құбыр салу, сонымен қатар Меркі ауданындағы Нововоскресеновка газ реттегіш зауытын қайта жаңғырту, Т.Рысқұлов ауданындағы Құлан ауылының «Арай» тұрғын алқабын газдандыру, Талас ауданының бес және Сарысу ауданының төрт елді мекеніне газ келтіретін құбырдың құрылысын жүргізу сияқты жұмыстар атқарылған.

– Сонымен қатар бес ауданның 69 елді мекенін газдандыруға 484,3 миллион теңгеге жобалау-сметалық құжаттама дайындалуда. Бұл Байзақ ауданының жиырма бір ауылы, Жамбыл ауданының он үш ауылы, Шу ауданының он сегіз ауылы, Талас ауданының үш ауылы және Сарысу ауданының он төрт ауылы. Тараз қаласы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында екі автоматтандырылған газ реттегіш станса қаланың сыртына шығарылады, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы газдандыру және өнеркәсіптік қауіпсіздік бөлімінің басшысы Бақтыбай Қырықбаев.

 Басқарманың мәліметінше, Қордай ауданында тау бөктерінде орналасқан 29 елді мекенді және жазықта орналасқан 17 елді мекенді келесі жылы газбен қамту көзделуде. Алайда бұл орайда «Азиялық газ құбыры» ЖШС бойымен Отар ауылының тұсына газ реттегіш станса салынуы тиіс екен. Сонымен қатар осы аудандағы «Георгиевка» газ реттегіш стансасын қайта жарақтандыру қажет. Егер берілген бюджеттік өтінімге сай облыс әкімдігінен тиісті қаражат бөлінсе, келесі жылы Қордай ауданының 46 елді мекені көгілдір отынмен қамтылады.

 Бүгінгі таңда облыстың Мойынқұм және Сарысу аудандары мүлде газбен қамтылмаған. Осы орайда облыс орталығынан 300 шақырымнан астам жерде орналасқан Мойынқұм ауданындағы 9 ауылға келесі жылы газ тарту мақсатында «Азиялық газ құбыры» бойынан газ реттегіш стансасын салу қажеттігі туындап тұр. Бұл мәселе де берілген бюджеттік өтінімге байланысты болмақ. Сонымен қатар Тамды елді мекенінің жанынан газ реттегіш станса салу қажеттігі Билікөл аумағында орналасқан 9 елді мекенді газбен қамту мәселесі де туындайды. Бұл аумақта Жуалы ауданының – 4, Талас ауданының – 2 және Жамбыл ауданының 3 елді мекені бар.

 Бүгінде Әулиеата өңіріндегі «Амангелді Газ» кәсіпорнында өндірілетін көгілдір отынның 80 пайызы облыстың үлесінде. Егер облыс әкімдігі тарапынан басқарманың берген бюджеттік өтінімі мақұлданса, онда келесі жылы жамбылдықтардың біразы көгілдір отынның игілігін көрмек. Облыстың 48 пайызын тауарлы газбен қамтыған өңір келесі жылы да қапы қалмаудың әрекетін жасайды деген тұрғындардың сенімі бар.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы