Әдебиет • 25 Желтоқсан, 2017

Елімнің еркесі – Фариза Оңғарсынова

2023 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Кейде тура айтып туғанына жақпай жүретін Фаризаның ерекше бір қасиеті – шын талантты жазбай танитын. Олардан да қолынан келген қамқорлығын еш аяған емес. Оны жалпақ жұрт жақсы біледі.

Елімнің еркесі – Фариза Оңғарсынова

Тау алыстаған сайын биіктейді деген ғой, адамның да шынайы қадір-қасиетін ол келмес сапарға кеткеннен кейін айқын түсіне бастайтын сияқтысың. Шынымды айтсам, өз басым Фаризаның арамызда енді жоқ екеніне көпке дейін көндіге алмай жүрдім. Иә, ол міне-міне хабарласып қалатындай елегізгенім де рас. 

Сондай күндердің бірінде Фариза әпкемнің жақын сің­лісі, менімен көп жылдардан бері араласып-құраласып ке­ле жатқан құрбым Маруся Ма­ралқызы телефон шалды. Бір айта кететін жәйт, Фариза мен Марусяның арасындағы жан жақындығы, бір-біріне деген құрметі, адами сезімдері ерекше еді. Тіпті, бұрын-соңды мұндай қалтқысыз сыйластықты, ішкі шуақты кездестірмеген екенмін. Фариза қайтыс болғанда оның соншалықты жан күйзелісіне түскені де есімде. Ақынның қа­за­сына қабырғасы қайысқан зиялы қауым өкілдерін Аста­надан да, Алматыдан да ұшақпен Аты­рауға жеткізіп, ақынның сол қалада өткен жетілігіне қа­­тыс­­тырған да Маруся болатын. Ол бұдан кейін көп ұзат­пай Фариза ақынды еске алу кештерін де ұйымдастырған еді. Фаризатануға қатысты алда­ғы жоспары да мол болатын. Бірақ амал не, ол да көп ұзамай күт­пеген жерден о дүниеге аттанды.

Міне, сол Марусяның азда­ған өлең жазатын өнері бар бола­тын. Әрине, анау айтқан ақын болмаса да, өз сезімін қағаз бетіне түсіруден жалықпайтын ол бірде маған телефон шалды да «Тыңдашы, мен мына бір өлеңді жазып едім» деді. Сөйтті де, жауабымды күтпестен оқи жөнелді.

Төркінсіз қалдық бәріміз,

Төрімнен кетті сәніміз,

Құлақтан кетті әніміз,

Жүректе қалды қайғы-мұз, –

деп бір тыныс алған ол өзінің осы сөзіне өзі жауап іздегендей:

Жібітер кім бар сол мұзды,

Қайтарар кім бар

жұлдыз­ды?..

Қалдырып кеткен жырлары,

Өсірген адал ұлдары.

Тәрбие көрген қыздары,

Өлімнен қалған көңілді

Қайтарар деп ойлаймын

Қалдырып кеткен жырлары, – деп барып демін алды.

Міне, сол кезде біреу үстім­нен бір шелек суық су құйып жібергендей болды. Фаризаның енді қайтып келмейтін жаққа аттанғанын да осы жыр жолдары маған анық байқатты... Иә, өлім алысатын жау емес, айтысатын дау емес. Адам мынау өмірге келген қонақ деген осы. Енді ол кісінің рухын еске алып жүргеннен басқа айла да жоқ.

Ойлап отырсам, екеуміздің таныстығымыз сонау жетпісінші жылдары ол кісі «Қазақстан пио­неріне» бас редактор болып келген кезден басталған екен. Әрине, аты-жөніне бұрыннан да қанық едім. Олай дейтінім, ол өзім қызмет істейтін «Лениншіл жас» газетінің Атыраудағы меншікті тілшісі болатын. Соған орай, осы өңірден жазған көлемді мақалалары газет бетін­де жиі жарық көріп жататын. Бұл кезде журналист қыз-келін­шектер сирек кездесетін. Тіпті қадау-қадау десем де болады. Ал рес­пуб­ликалық жастар газетінде Фаризадан басқа әйел затынан меншікті тілшісі де жоқ еді. Сондықтан да шығар, Фаризаны бір көруге бәріміз де ынтық едік. Өйтетін де жөні бар. Сол кездегі газеттің бас редакторы Шерхан Мұртаза ағамыздың ел арасынан кілең талантты, қолынан жазу келетін адамдарды іздеп, жалғыз жастар газетіне Атыраудан Фаризаны, Қарағандыдан Ақсе­леуді, Шығыс Қазақстаннан Орал­ханды, Шымкенттен Мұх­тар­ды қызметке алғаны жайлы әңгіме желдей есіп тұратын. Шерағаңды олардың қай-қайсы да жерге қаратқан жоқ. Күнде шығатын газет бетінен қаны сорғалаған проблемалық мақалаларымен жиі көрініп тұрды. Айтпақшы, сол тұста газетке Фаризаның жарты беттей өлең топтамасы да жарық көрген. Тақырыбы да дәл бү­гін­гідей есімде. «Мен саған ғашық емес ем...» Сонда шашын төбесіне түйген ашаң жүзді қыздың суреті да басылған. Ол кездегі жастардың бәрі поэзияны құныға оқитын еді ғой. Мен де әлгі өлеңдерді бір­неше рет оқып шыққам. Ақын атаулының мен саған ғашық­пын деп үздігуіне үйреніп қалғанбыз ба, мына тосын тақырып таңғалдырған. Қайтып таңғалмайсың, тақырыбы «Мен саған ғашық емес ем...» деп айғайлап тұрғанымен өлеңнің әр жолыңда ішкі іңкәрлік, тұп-тұнық сезім тұнып жатса. Өлең топтамасының өзіме ұнағаны сонша, оны газет бетінен қиып алып, айналасын көгілдір қағазбен көмкеріп, төсегімнің тұсына іліп қойғаным да есімде. Қолымда Фариза әпкемнің қаншама кітаптары болса да, сол бір жапырақ газет қиындысын тастауға қимаймын. Ең өкініштісі сол, қаншама жыл сыйлас, сырлас болсам да оған осы жайлы тіс жарып еш айтпаған екенмін. Енді ойласам, мұным үлкен қателік болған екен. Неге десеңіз, бір-біріне деген жылы лебізіңді көзі тірімізде айтып жүргеннің еш айыбы жоқ екен...

Өзінен бұрын өлеңімен танысқан сол Фаризамен де көп ұзамай жүзбе-жүз кездесудің сәті түсті. Алматыға қызметке ауысып келген ол алдымен өз ұжымы «Лениншіл жасқа» бас сұқты. Қабылдау бөлмесінде бір топ жастардың ортасында тұрған ашаң жүзді, қоңырқай қызды мен де бірден таныдым. Дәл газетке шыққан суретіндей екен. Сол кезден бастап Фариза­ны жиі көретін болдық. Алайда өзі ілтипат білдірмесе, менің де біреуге жұғысып кетуім қиын еді. Сондықтан да болар, біразға дейін бас изесіп аман­дасудан асқанымыз жоқ. Менің кісікиіктеу адам екенімді ол да байқап жүрсе керек, бір күні қарсы кездесіп қалғанда жы­лыұшырай амандасты да «Жұмагүл, мен сенің әңгімеңді оқыдым. Өзің кеудеңде күлше пісіп жатқан қыз екенсің ғой. Келсеңші, әңгімелесейік», деді.

Соның алдында ғана менің «Балалық шақтың бір айы» атты әңгімем жарық көрген, соны айтып тұр. Әрине, рахмет дегендей ыңғай танытқаным болмаса, неге екенін, шақырды екен деп жүгіріп бара қоймадым. Енді ойласам, екеуміздің арамыз жақындай түсуіне алғаш қадам жасаған да Фариза әпкем екен. Маңайында қыз-келіншектер үйіріліп жүрсе де, кейде ол мені өзі баратын жерлерге қоярда қоймай ілестіре кететін.

Кейде тура айтып туғанына жақпай жүретін Фаризаның ерекше бір қасиеті – шын талантты жазбай танитын. Олардан да қолынан келген қамқорлығын еш аяған емес. Оны жалпақ жұрт жақсы біледі. Әйтсе де, мен өз тарапымнан Фаризаның адам жанын өте нәзік түсіне білуімен қатар, оларға қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да шарапатым тисе дейтінін жиі аңғаратынымды айта кетейін.

Өзі қайтарынан бірнеше жыл бұрын ол Астананың төрінде «Фаризаның ақын сіңлілері» атты ерекше бір кеш өткізді. Кештің ерекшелігі сол, Фариза сол кеште ел алдында көп көріне алмай жүрген бір топ талантты ақын қыздарды республикамыздың түкпір-түкпірінен арнайы шақыртып алған еді. Өкінішке қарай, сол тұста қызмет бабымен іссапарда жүргендіктен, бұл кешке өз басым қатыса алмадым. Алайда, сол кештің өте әсерлі өткенінен хабардар едім. Өйткені кешке шақырылған талантты топтың ішінен біздің қызылордалық құрбымыз Қатыш та (Қатира Жәленова) бар еді. Кезінде қазақ поэзиясының абызы Әбділда Тәжібаевтың өзі Қатираның балаң поэзиясына сүйсініп, ақ батасын беріп, көлемді мақала да жазғанын көзі қарақты жұрт жақсы біледі. Алайда, жарық жұлдыздай жарқ етіп көрінген Қатираны соңғы кезеңде жұрт жоғалтып алғандай еді. Өйтетін де себебі бар. Денсаулығына орай өз еліне кеткен Қатыштың жазған жырлары да сиреп кеткен. Міне, сол құрбым телефон соғып, өзінің ойламаған жерден Фаризадан шақыру алғанын, Астанадағы кешке қатысқанын желпіне айтқанда қуанышы қойнына сыймай тұрғанын байқағанмын. Ақын қыздарды дүр сілкіндірген сол кештің біздің Қатираның бойына да ерекше бір серпін бергені байқалып тұрды.

Фариза әпкем редакцияға келген кезде мен сол кеш үшін, Қатира үшін рахмет айттым да, іле «Әпке, мұндай кештерді жалғастыру ойыңызда бар ма?» дедім. «Иә, жалғастыру керек сияқты», деді ол. Осы сәтті мен де қалт жібермей «Олай болса, келесі кешті прозаик қыздарға арнасаңыз қайтеді. Өзіңіз білесіз, олардың да айдарынан жел есіп жүрген жоқ. Кітабы шықпай, баспасөз бетінде де көріне алмай жүрген талантты қыздар әдебиеттің бұл саласында да аз емес», дедім.

– Е, сендер не қарап жүрсің­дер? Мағира, Шәрбан, мына отырған сен, маған итеріп таста­ғанша осы ойды іске асыруға болатын еді ғой, – деді бетіме сынай қарап.

– Сіз бастап берсеңіз, одан әрі қостайтындар табылар, – дедім мен де сөзден жығылмай.

– Онда сен былай істе. Жер-жерден көп көріне алмай жүрген талантты қыздарды сұрастырып, солардың тізімін жаса, – деді ол сәл ойланып барып. Сөйтті де іле өзі барып қайтқан өңірлерді оймен шарлап шыққандай бірер адамның аты-жөнін айтып та үлгерді. Байқаймын, мен айтқан ой оны бейжай қалдырмаған сияқты. «Кешті қашан, қайда өткізетінімізді кейін саған өзім айтамын, әзірге сен қыздарды іріктей бер», – деді ол кетерінде. Өкінішке қарай, әпкем бұл ниетіне жете алмай кетті...

Енді ойлап отырсам, бізден де білместік аз кетпеген сияқты. Өзгені қайдам, көкейде жүрген бір ауыз жылы лебізімді айтып, оны бір сәт жан шуағына бөлеуге мен де тым құлықсыз болған сияқтымын. Ол кісінің де жылы сөз естуден кет әрі емес екенін ескермеген сияқтымын. Соны әпкемнің маған бір ауыз сөзімен ғана ұқтырғаны бар.

Бұл соңғы очерктер жинағы шыққан кез. Сол жинаққа оның «Аты төбе демесең, Суықтөбе биік тау» атты мен туралы мақа­ла­сы да енген екен. Әрине, оны көргенмін. Алайда, білместігім шығар, хабарласа қоймадым. Фариза да жұмыр басты пенде ғой, менің үнсіз қалғаным көңіліне келсе керек, бір күні сіңлісі, менің құрбым Маруся Маралқызына телефон шалды. Дәл сол мезетте мен «Алма­ты» санаторийінде демалып жат­қанмын. Ал Маруся болса мені іздеп келіп отырған. Еке­уі әрнәрсені айтып біраз сөйлескеннен кейін Маруся маған жалт қарады да «Міне, ол менің қасымда отыр»,  деді. Телефон тұтқасын Жұмагүлге берші десе керек, Маруся маған саған ренжіп жатыр дегенді үнсіз ескертіп өтті де, телефон тұтқасын ұсынды. «Ту, осы сенің адам сүйетін қылығың жоқ»,  деді әпкем салған беттен. Мұның өзіме деген айналайыны екенін білсем де, неге екенін, мына сөзіне мен шамданып қалғандаймын. Содан да шығар, қитыға жауап бердім.

– Неге олай дейсіз. Мен өтірік айтпаймын, біреудің алды-артына шығып жандайшаптанып, жағымпазданатын да әдетім жоқ. Қараптан-қарап әлдекімнен ұстасып, өсек айтып, елді шағыстырып, улатып-шулатып жүруді де өзіме ар санайтын адаммын. Олай болса, неге менің кісі сүйетін қылығым болмауы керек? – дедім. Байқаймын, әпкемнің арыны су сепкендей басылып қалды.

–  Өй, сен не деп кеттің... Оның­­­ды білемін ғой... Тек сенің жым-жылас жоғалып кете­тініңді айтамын, – деді де артынша. – Егер біреуге жасаған ілтипатыңның шуа­ғын сезінбесең, көңілге салған қаяудың ащы-тұщысын айыр­масаң, мына тірліктің не мәні бар, – деді де телефон тұтқасын тас­тай салды. Қайран әпкем-ау, сені сағындыратын да осы міне­зің ғой.

Бәрімізге мәлім, Фаризаның жер-жерде ниеттес, тілектес адамдары аз емес. Солармен бар ғұмырында жақын сыйласып өткені де шындық. Солардың бірі менің әпкем Айшахан еді. Екеуі сонау жылдары жол түсіп, Жамбыл ауданына барғанда танысқан.

Айшахан Сарыбай ауылын­дағы мектептің қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін қа­ра­па­йым мұғалім. Ой-өресі озық Айшахан қазақтың ақын- жазушыларын жақсы білетін және олардың шығармаларын терең талдай да алатын. Сол жүздесуде оның Фаризаның шығармашылығы хақында да түйдек-түйдек ой айтқаны есімде. Жеті баланың анасы, ата-енесін мәпелеп, күтіп, өз қолымен қайтпас сапарға аттан­дырған, төрт бірдей қайын­сіңлісіне де ана орнына ана бола білген Айшаханның адами болмысы Фаризаға да ұнап қалса керек. Сол сапардан кейін-ақ олар бір-бірінен қол үзбеген. Сиректеу болса да қуа­на қауышатын.

Мен ауылға барып келсем,­ ең алдымен Айшаханның ха­лін сұрайтын Фариза бір күні «Осы сен Айшаханды кім деп атайсың?», деді оқыстан. Ойым­­да ешнәрсе жоқ, біраз бө­геліп қалдым. Өйткені, мен Айшаханның атын атайтын едім. Солай еді деп айтуға қысылсам керек, әпке деймін дедім қысыла жауап қатып. «Олай болса сен мені бүгіннен бастап әпке дейтін бол», деді ол. Сол өтінішіне орай содан кейін-ақ мен оны әпке дейтін болдым. Алайда айналадағы жұрттың бәрі апай деп жатқан соң әрі үйреніп қалған ауыз, кейде мен де апай деп қалсам, ол маған сұстана жалт қарайтын. Кейде тіпті «Әй, сен не дедің?», деп қабағымен жасқап алатыны да бар еді. Менің бүгінде әпке деп отыруымның бар сыры осы.

Фариза әпкем өзімен жаны жақын дос таңдауға келгенде еш жаңылмаған екен. Сол Айшахан құрбысы Фариза Германияда емделіп жатқанда оның хал жағдайын білу үшін маған жиі хабарласып тұрды. Тіпті, бір жолы маған «Алыста жатыр, мен қайдан білейін» деп қол қусырып отыра бермей, мән-жайдан хабары бар жұрттан сұрамайсың ба?», деп кәдімгідей ренжіген. Сол сөз түрткі болды ма, мен осы біледі-ау деген біраз адамнан Фаризаның денсаулығы жайлы сұрастыра бас­тадым. Көбісінің білетіні – оның шетелде емделіп жатқаны ғана. Дегенмен, Мереке Құлкеновтен бір жақсы хабар естідім. Фариза апай тәуір болып қалды, жуырда елге қайтатын шығар деді ол. Айшахан хабарласқан кезде соны айтып едім: «Ау, бұл тамаша хабар ғой. Газетке беріп, жұрттан сүйінші сұрамайсыңдар ма?», деді ол қуанышын жасыра алмай. Осы сөз ой салған шығар, газеттің сол кездегі президенті, айтулы азамат Сауытбек Аб­драх­мановқа Фаризаның тәуір боп қалғанын, жуырда елге қайтып қалуы мүмкін екенін әңгі­ме үстінде айтып едім, Сәкең­нің ойы Айшаханмен орай­лас шықты. «Фариза елдің сүйікті қызы ғой. Бір хабарын білгеніміз дұрыс болды. Сүйін­ші айдарына берейік», деді. Сөйтіп, бұл хабарды Айшахан құрбысының арқасында алғаны­мызды ескеріп, сол кісінің атымен берілген «Фариза ақын тәуір болып қалыпты», деген алақайлаған шағын мақала газет бетіне шықты.

Байқасаңыз, бұл мақала­да Фариза әпкемнің шығарма­шылығы хақында еш сөз етпедім. Өйткені бұл жөнінде айтылып та, жазылып та жатыр. Алдағы уақытта да айтылары да, жазылары да хақ. Яғни, Фаризатану ендігі ұрпақтың еншісінде демекпін. Ал менің мақсатым – өзім қырық жылдан астам уақыт бойы қатар жүр­ген, дәмдес-тұздас болған Фаризаның адами болмысын хал-қадерімше айтып, оған деген жүрек түкпіріндегі сартап болған сағынышты сығып беру ғана болды.

Жұмагүл СОЛТИЕВА,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері