Қазақстан • 25 Желтоқсан, 2017

Павлодарлық Әсет Әмірқұлов түбіртек жинап, «тұлпар» мінді

320 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесіп, «Түбіртекті талап ет те, жүлдені ұтып ал» атты кезекті акциясын ұйымдастырды. Азаматтық белсенділікті арттыру және көлеңкелі экономиканың мөлшерін қысқарту, сондай-ақ кәсіпкерлер арасында әділ бәсекелестікті ынталандыру мақсатындағы шара мәресіне жетіп, жеңімпаз анықталды.

Павлодарлық Әсет Әмірқұлов түбіртек жинап, «тұлпар» мінді

Акция тауарларды сатып алғаны, жұмыстарды орындағаны және қызметтерді көрсеткені үшін ақшалай есеп-айырысулар кезінде кәсіпкерлердің түбіртектерді беруіне қатысты бақылау-кассалық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған. Осылайша, Мемлекеттік кірістер комитеті  азаматтарға салықтық заңнаманы сақтау бойынша қоғамдық бақылауға қатысуына, оның үстіне бағалы жүлделер ұтып алуға мүмкіндік берді.

Шараға қатысу «Wipon»  мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асырылды. Оны «Apple App» store» мен «Google Play market» мобильді дүкендерінен тегін жүктеп алуға болады.

«1 мамырдан  30 қарашаға дейінгі мерзімде өткен акция еліміздегі барлық облыстарды, Астана мен Алматы қалаларын қамтыды. Ай сайын қорытынды жасап, ұтыс жүлделерін уақытылы тапсырып отырдық. Жеті ай ішінде республика бойынша 336 жеңімпаз анықталып, тұрмыстық және кеңсе техникаларын табыс еттік», деген Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Ардақ Теңгебаев үміткерлерден  2,4 миллионға жуық чек қабылданғанын айтты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, 13 желтоқсан күні акцияның бас жүлдесі – автокөліктің иесі анықталды. Ол – павлодарлық Әсет Әмірқұлов. «Осындай қомақты жүлдені ұтып алғаныма, шынымды айтсам, бастапқыда сенер-сенбесімді білмедім. Мұндай науқан ел азаматтарының салық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етіп, қаржысын ықтиятты жұмсауға үйретеді. Сонымен қатар бюджет қазынасын еселеуге де мүмкіндік туғызады. Барша қазақстандықтарды осы шараға қатысуға шақырамын», деді жеңімпаз «темір тұлпар» кілтін салтанатты түрде тапсыру рәсімінде.

Асхат РАЙҚҰЛ

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар