Аймақтар • 25 Желтоқсан, 2017

Солтүстік Қазақстанда қатыгез әйелге қатысты сот басталды

291 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бір айға да толмаған немересін отқа тірідей жағып жіберген 62 жастағы  Любовь  Русалиеваға қатысты сот процесі басталды.

Солтүстік Қазақстанда қатыгез әйелге қатысты сот басталды

Қайғылы оқиға  Мамлют ауданы Дубровное елді  мекенінде  орын алған.   Олеся Грудинская  деген келіншек  9 жастағы ұлымен, емшектегі қызымен және анасымен бір үйде тұрған. Ол бірнеше  жыл бұрын күйеуімен ажырасып,  әке-шешесінің қолына  көшіп келген. Сол күні  кейуана қызы мен үлкен немересінің дүкенге кеткен мезетін пайдаланып, дүние есігін іңгәлап ашқанына  үш апта ғана болған шақалақты тыр жалаңаш шешіндіріп, жанып жатқан пешке тастап  жіберген.  Үйге оралған екеу сәбиді таппай қалып, күйік  иісін сезгеннен кейін сандарын бірақ ұрған.

Ауылдастары Л.Русалиеваны  араққа қанша   құмар болса да, жанжал, айғай-шу шығармайтын, өзгелердің мазасын алмайтын  момын жан ретінде сипаттайды. Немересі сырқаттанып, жергілікті ауруханаға түскенде  қатты уайымдаған көрінеді. Ауылдық округтың әкімі Галина Швецова да  тұрмысы төмен санаттағылар отбасы ретінде тіркелмегенін, тату-тәтті тұрғандарын, әлеуметтік мұқтаждық көрмегендерін айтады. Тек отағасы көз жұмғалы беймаза күйге түсіп,  ішкілікті тоқтатпаса керек.

Туған немересін тірідей отқа жағып жіберіп, сұмдық қылмысқа барған  кейуананың бұл қадамы талайлардың жағасын ұстатқан.  Күдікті  сотқа берген жауабында жантүршігерлік қылмысқа  қу арақтың кесірінен бардым деп қанша ақталуға тырысса да, қызы мұндай айуандық әрекетке еш  кешірім болмауын,  ең қатал жазаны талап етті.

Зейнеткерге  «аса қатыгездікпен адам өлтірді» деген ауыр айып тағылып отыр.  Қылмысы дәлелденсе,  қалған ғұмырын абақтыда өткізуі мүмкін.

Өмір Есқали,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы