Әдебиет • 27 Желтоқсан, 2017

Журналист жазбалары: Аспендос аңызы

469 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ежелгі Аспендос қаласының көне қабырғалары қалған тау бөктеріндегі кең шатқалда қызылкүрең шатырлары көзге жылыұшырап көрінетін Балқыз ауылы бар. Ол ауылдың бау-бақшасы мен тал-шарбағы кәдімгі қазақ ауылдарының тіршілігін еске салады. Көшедегі автобустарға қарап, ыржиып күлетін қарадомалақ балалары да біздің елдегі бауыр­ларымыздан аумайды.

Журналист жазбалары: Аспендос аңызы

Көгілдір мұнарға оранған Таурус тауларының етегіндегі осы бір елді мекеннің ежелгі аңыздармен тікелей байланысы бар екенін естігенде, ескілікті заттар мен көне бұйымдарды жинап, сақтап отыратын ескі сандықты көргендей қызығып қаласыз.
Ендеше, сол аңыздарды бү­гін еске алып, азды-көпті әңгі­ме шертудің реті келіп-ақ тұрған секілді.
...Ерте, ерте, ертеде Аспен­дос королінің ай десе аузы, күн десе көзі бар сұлу қызы болған деседі. Оған алыс-жақындағы жұрттың назары ауып, апыр-ай, қай ханзаданың бағы жанып, мерейі үстем болар екен десіп, әңгіме ете бастайды.
Сөйтіп жүргенде сұлу қыз­дың әкесі жалпақ елге жар салып, кімде-кімнің өнері асып, елді таңғалдырса, қызымды соған беремін дейді. Сол сол-ақ екен, әркім өз кәсібімен ерек­­­шеленіп, көзге түсуге тырысып бағады.
Әне, сол кезде қаладағы екі сәулетші жігіт басқалардан өнерін асырып, ел кәдесіне жа­райтын таң-тамаша екі құрылыс салады. Оның бірі – тас тұғырларға орнатылған суағар (акведук) болса, екін­шісі – тастан қаланған зәулім театр ғимараты екен.
Бұл екі құрылыс та елге қатты ұнапты. Бірінен бірінің артықшылығы да, кемшілігі де жоқ болғанға ұқсайды. Бірақ, өкінішке қарай, корольдің қызы біреу-ақ қой.
Міне, осыны әрі ойлап,­ бері ойлап басы қатқан король әлгі екеуін сарайға шақырып алып: «Айналайын, сендер екеу болғанмен, қызым жал­ғыз. Сондықтан, өзара келісіп, бө­­ліп алыңдар», дейді.
Сол кезде таудан қалаға су алып келетін тамаша құрылыс­ты ойлап тапқан сәулетші жігіт бірден келісіп, «жарайды» деген екен. Ал театрды салған сәу­лет­ші жігіт: «Қалай десеңіз де, мен сіздің қызыңызды өлім­ге қия алмаймын. Бақытты болсын», деп бас тартыпты.
Әне, сонда король да өзінің түбегейлі шешімін шығарып: «Менің қызымды шын сүйетін жігіт осы!» деп, театрды салған жігітке береді қызын.
Әрине бұл аңыздың сіз үшін де, біз үшін де айтарлық­тай жаңалық емес екені айдан анық, қымбатты оқырман.
Себебі, төл аңызымызда да­ бір балаға таласып, төбе би­­дің ал­дына келген екі анаға осы тәрізді билік айтылып: «Ба­ла­ны екеуің қақ ортасынан бөліп алыңдар,» дегенде, өгей шеше келісе кетіп, өз шешесі: «Қай­да жүрсең де аман бол, құлыным!», деп зарламаушы ма еді.
Содан да болар, ел аңызда­ры бір-біріне ұқсай береді екен-ау деген ойдан арыға бара алма­ға­нымыз рас.
Алайда, Аспендос театры­ның алдында кездейсоқ кезде­сіп қалған бейтаныс кісі айтқан аңыз бұдан өзгешелеу болды. 
Енді соған зейін салайық.

* * *
...Ерте, ерте, ертеде Аспен­дос аймағының ханы өзінің ай десе аузы, күн десе көзі бар сұлу қызына арнап бір зәу­лім театр салдырыпты. Жә­не де оның жобасын сызып, құры­лысын жүргізген бөтен емес, бөгде емес, сол заман­дағы әй­гілі сәулетші Зенонның өзі бол­ған деседі.
Сөйтіп, театр салынып біт­кен кезде ханның үріп ауыз­ға салғандай сұлу қызы да бой­жетіпті. Оның дидарын көр­ген ер жігіттер есінен танып, ғашық бола бастайды.
Бірде хан түн ортасында аулаға шығып, зәулім театр ғима­ратына көз салып тұрса, оның ішінен күміс қоңыраудай сың­ғырлаған бір құпия дауыс­тар естіліп жатқанын аңдайды.
Япыр-ау, бұл не жұмбақ? Қа­ла жұртшылығы тегіс ұйқы­да­ жатыр емес пе. Театрда тірі жан жоқ қой.
Хан тағы да құлағын тігіп, тың тыңдайды. Мына дауыстар не деп жатыр, құдай-ау?
«Ол сіздің қызыңызға ла­йық! Лайық жігіт! Көрмейсіз бе­ өнерін? Естімейсіз бе әуе­­нін­...» деп қайта-қайта қайталай бе­ретіні несі?!.
Енді ханның көңілінде күдік пен үміт тайталасады. Алғашқысы: «Әй, мен оған театр салуды тапсырдым емес пе. Ал оның ойы қалай-қалай қиыс тартқан?»,  дейді.
Кейінгісі: «Ол тамаша өнер ордасын салды. Бұл енді мәң­гілік ғимарат болады. Сол арқылы оның сіздің қызыңызға деген сезімі де мәңгілік аңызға айналады!», дейді.
Содан соң хан ашуын­ ақыл­­­ға жеңгізіп, өзінің қы­зын сәулетші жігіт Зенонға қосып­ты деседі.
Міне, мәңгілік махаббат хикаясы дегеніміз де осы.

* * *
Ал енді, қымбатты оқыр­ман, бұл аңыздың тау бөк­теріндегі Балқыз ауылына қан­дай қатысы бар деріңіз хақ. Оның себебі, түрік қауымы әлгі аты аңызға айналған хан­ның қызын бағзы заманда бал қыз, балдай тәтті қыз деп еркелеткен екен. Міне, сондықтан да, мына ауылдың ежелгі Балқыз атауы сол бір тамаша аңызбен байланысып жатқанға ұқсайды.
Аспендос театры туралы­ екінші аңызды естігенде менің қиялымда: «Бәлкім, бұл да бі­рінші аңызбен сабақтас бо­лар-ау», деген бір ой туды. Се­бебі алғашқы аңызда театр сәу­летшісіне таудан қала­ға қа­рай су тартқызған сәу­лет­ші бәсекелес болмаушы ма еді. Ендеше, Аспендос теа­трындағы түнгі жұмбақ дауыс­тар әлгі суағармен ағып келген су­дың дыбысынан пайда болуы да мүмкін ғой. 
Аспендос театрының алдында кездескен бейтаныс кісі менің бұл ойымды зейін қоя тыңдап алған соң: «Кім білсін, аңыздың бір нұсқасы солай болуы да мүмкін, – деді ойланып. – Ең бастысы, бұл өнердің ғажап екендігін білдіреді емес пе...»
«Әрине, – дедім мен. – Өнер арқылы тіл қату... керемет...»­
«Әр адамның жүрегінде сыл­дырап ағып жататын бір жыл­ға бар екені анық, – деді ол енді күлімсіреп. – Тек оның не деп үн қататынын тыңдап, түсіне білуіміз керек».
Біз қол алысып, жылы қош­тастық.

* * *
Түркиядағы көне ескерткіш – Аспендос театры Анталия қаласынан небары қырық ша­қырымдай жердегі тау бөк­терінде. Жол түсіп, сол өлкеге бара қалсаңыздар, ол туралы тағы да бір тамаша аңыздар естіп қайтуларыңыз әбден мүм­кін. 

Нұрғали Ораз, 
«Егемен Қазақстан»