Қазақстан • 27 Желтоқсан, 2017

Дариға Назарбаева бастаған депутаттар Ұлттық ғарыш орталығын аралады

418 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенаттың «Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің» мүшелері Ұлттық ғарыш орталығын және тікұшақ құрастыру мен қызмет көрсету зауытының жұмысымен танысты.

Дариға Назарбаева бастаған депутаттар Ұлттық ғарыш орталығын аралады

Комитет төрағасы Дариға Назарбаева бастаған депутаттар бірінші Ұлттық ғарыш орталығына келіп, жаңадан ашылған ғарыш техникаларын құрастыру бюросына барды. Сапар барысында «халық қалаулылары» бюроның өндірістік учаскелерін аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Ғарыштық аппараттарды құрастыру және сынау кешенінің цехінде болып, көрсетілім галереясын, ұшуды басқару орталығын тамашалады.

Содан кейін Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов депутаттарға осы салада игі істермен таныстырды. Оның айтуынша, кейінгі жылдары қазақстандық жер серіктеріне шетелдіктердің қызығушылығы артқан.

«Ауғанстан тарапы біздің спутниктерге қызығып отыр. Бұдан бөлек, Түркіменстан еліміздің жер серігі кескініне тапсырыс берді. Өзбекстанда телекоммуникациялық спутник болмағандықтан, оларға байланыс қызметін ұсындық. Алдағы уақытта Ұлттық ғарыш орталығы Airbus компаниясымен бірге конкурсқа түсуді көздеп отыр. Чили мен Перу де қазақстандық жер серігі кескінін қызығатынын жеткізді», деді Б.Атамқұлов.

Бұдан бөлек, Ведомство басшысы жер серігінің тиімділігі қалай қолданылып жатқанын жөнінде әңгімелеп берді. Оның айтуынша, Алматы қаласында жол ережесін бұзған көліктерді анықтайтын ғарыштық бақылау жүйесі енгізілген. Соның нәтижесінде, жүзден астам ереже бұзу тіркелген. Министрдің айтуынша, заңсыз жер басып алушыларды, есірткі алқабын, жасырын контрабанданы, жол сапасын жер серігі арқылы анықтауға мүмкіндік бар.

«Спутниктердің көмегі арқылы түрлі салада мониторинг жүргізіледі. Мәселен, ауыл шаруашылығында бірқатар міндет жүктелген. Жер серігі арқылы топырақтың ылғалын, егіннің өнімділігін, жерді дұрыс пайдалану мәселелерін бақылаймыз», деді Б.Атамқұлов.

Бұдан кейін депутаттар «Еурокоптер Қазақстан инжиниринг» ЖШС тікұшақ құрастыру және қызмет көрсету зауытына барып, өндірістік алаңдармен, сервистік және авиациялық оқыту орталықтарын аралады.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген Ерлан ОМАР