Әдебиет • 29 Желтоқсан, 2017

Диалог

1384 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жақында Марио Льоса Варгас «Ясная Поляна» сыйлығын алды. Владимир Познерге берген сұхбатында Латын Америкасы әдебиетінің көрнекті өкілі қазіргі әдеби шығармалардың жеңіл тартып бара жатқаны туралы айтып қалған еді. 

Диалог

Тәуелсіздік үшін күрескен халықтың бейнетін терең сезінетін жазушы Латын Америкасы осы күнге әдебиетімен жеткенін жақсы түсінеді. Өйткені азаттық жолындағы жеңіс ең алдымен әдебиеттен басталып еді. «Әдебиет – қару» дер еді олар. Кеңес өкіметінің коммунистік идеясы, социалистік жүйеде жеткен «жетістіктері» мен «жарқын болашақтары» қаншама шығарманың өзегіне айналды. Бірақ Латын Америкасының әдебиеті тәуелсіздікке әкелді де, соцреализм коммунизм орната алмады. Неге? Қолдан жасалған әдебиет емес, қолдау көрген әдебиет қана жеміс беретіндей көрінеді осындайда. Біздің де тәуелсіздігіміздің түбінде бостандыққа ұмтылған азат рухымызды оятқан сөз өнері десек, жаңылмас едік. 

Бахтиннің диалог концепциясынан ұшқындайтын бір жарық – халық пен әдебиеттің арасына дұрыс диалог орнату. «Қылмыс пен жаза» романының өзегінде ХІХ ғасырдың реалистік әдебиетінің алдында тұр­­ған ең ауыр сұрақ жатқан еді. Фран­цуз буржуазиялық революция­сынан кейін қалыптасқан жағ­дайда Ба­тыс Еуропадағы жеке адам тұлғасы қа­лай дамыды және 1861 жылғы Ресей­дегі рефор­малардан кейін адам тағ­дыры не болады дегенге жауап іздегендей Достоевский. Абсолютті көзқарас жоғалған кезде адам баласы жан-жақты дамиды деп сенген халықтың да үміті ақталмаған кез болыпты. Буржуалар жеңгенде же­ке бастың қамын күйіттейтін қо­­ғамда тұлғалардың дамуы мүм­кін еместігіне әбден көз жетті. Бальзак, Стендаль, Дик­кенс, Теккерей, Флобер шығар­маларында бұндай қоғам тұлға­ның өсуіне еркіндік бергенімен, рухани жүдеулікке әкелетінін жазды. 

Француздар ақсүйек болсын­ деп, романдарында солар туралы жаз­ған Бальзактың үміті ақтал­мапты. Оқыр­ман-халқы буржуаларды жақсы кө­ріп, ақсүйектерді жек көрді. Себебі ұр­ла­са да, халықты асырап отырған солар еді. Бұл – бальзактық парадокс. Кімнің дегені болып жатыр?! Алдын болжауға мүмкіндік бол­­ға­нымен, ықтималдығы өте төмен «көріпкелдіктің» жолы болған кезі тым аз. Ал қазақ кімді жақсы көріп, кімді жек көреді? Жауабы өте өзекті болса да, мәселе онда емес. Қазақ жазушысында бальзактық амбиция қалды ма бүгін? 

Қазақ әдебиетінің алтын­ ға­сы­­рына баланатын ХХ ғасыр­­дың бедерінде әдебиет көк­жиегі ала-құла болғанымен халық­тың жүрегінен орын алған, кейіп­керіне қарап, оқырманы түзелген шығармалар болды. Өлеңін жаттап, өміріне қарап, соңынан халық ерген ақындары болды. «Бес ғасыр жырлайды» антологиясы шыққанда халық бойын­дағы архетиптер қайта оянып, домбыраның күмбіріне құлақ тосты. Сексен алтының ызғары қарыған жастар арқа сүйер тау іздеген уақытта Жазушылар одағының алдына барып, Ол­жас Сүлейменовті шақырды. Сол тұста батыл сөз айтқан Жұбан Молдағалиев, Сафуан Шәймерденов, Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұ­лов, Сағат Әшімбаевтардың аузынан­ шық­қан ашуға толы сөздер режімге қарсылықтан бұрын, халықтың жанай­қайына құлақ түру еді. Тәуелсіздікке деген ұмтылыс сол жанайқайды түсі­ніп, іштей ұғысудан, бірін-бірі қапысыз тапқан ізгі тілектерден туған асыл мұрат болатын. Онсыз да іште булығып жатқан аңсар-арманның лап етіп оттай жануы алдымен Тәңірге, сосын сөзге қарыздар емес пе екен?

Енді қарасаңыз, бүкіл әлемде жеңіл тартып бара жатқан әдебиеттің хәлінен қазақ басы да аман емес сияқты. Барды жоққа шығарып, жоқтан байбалам салуға хақымыз жоқ, рас. Бірақ салмақты сөз, қастерлі әдебиет халық үшін бағасыз болып бара жатқан жоқ па? Оған халықтың әдебиетті бағалай алмауы себеп емес. Әдебиет халыққа өз дәрежесінде жетпей жатқандай. Айтылудай айтылып, жазылудай жазылып келе жатқан кітаптың таралым мәселесін де сөз еткіміз келмейді. Мәселе  халық­тың руханиятқа бет бұ­руында. Әдебиет пен халық арасындағы диалогтың орна­уында. «Рухани жаңғыру» деген бағдарламаны жаппай зиялы қауым қолдап жатқанда, құр ұраншылдыққа, жайдақ сөзге ұрынбай, ондағы көрсе­тілген те­тіктер нақты жүзеге асуы керек. Рухани жаңғыру халықтан бұ­рын, ақын-жазушылардың өздеріне ке­рек. Халықтан бұрын қаламгерлер, өнер адамдары рухани саналарын жаңғыртпай (егер осылай айту керек болса), ештеңе өзгермейтіндей көрі­неді. Әдеби шығарманың көркем­дігінен де маңызды шаруадай сезіледі. 

Көп ақынның «бір өлеңім қалса болды ертеңге» деген ішкі тілек-аңсарлары өлеңге түсе­ді. Ертеңге қалатын бір көркем шығармам болса деген арман өзге де қаламгерлерде бар. Ағалар мақтаса, сыйлық, жүлде алсам, әдебиеттің табал­дырығын аттай сала төрге озсам дейтін жастың «жалыны» өз алдына, үлкендер де Мем­лекеттік сыйлық, орден, марапат деп шабылады да жүреді. Сон­да мұрат не? Қазтуған жырына, Бұқар толғауына, Абай өлеңіне, Мұхтар прозасына ертең не күйге түсер екен деп бас қатырған жоқ. Сан ғасырлық тарихымыз бен мәдениетімізді, рухымызды асыл сөз арқылы бүгінге жеткізген, әдебиетімізді жасаған жекелеген тұлғалар өзіне алаңдамаған. Олардың мұңы – халқы, аңсары – халық бақыты болған. Сонда біздікі не алаң? Бүгінгі қоғамның кейпі жазылудай-ақ жазылып жатыр. Бірақ қоғамның өзінен алыстау. Жазушы айнадағы бей­­неңді көрсеткендей етіп жазуға ғана емес, соған өзіндік пікірін білдіруге де міндетті. Шығармадан қоғамның келбеті ғана емес, рухани дидары, ахуалы сезілсе, оған деген жазушының көзқарасы туынды өзегінде жатса, бәлкім, әдебиет деген сол. 

Шеберліктің шегі жоқ. Кім қа­лай­ жазсам, не жазам десе де, еркі. Осы бір еркіндікті дұрыс сезіне алмай, басқаша түсініп жүрген жоқ па­ екенбіз? Қалай болса солай жазу, бі­лім­сіз бола тұра білгішсіну, не болса соны айту. Парықсыздық пен жүйесіздікті еркіндік деп шатыстырып жүрген жоқпыз ба, ненің озық, ненің тозық екенін ажырата алмайтын дәрежеге түсіп қалған жоқпыз ба деп алаңдауға да себеп табылып жатады. Теледидардан әзіл-сықақ деп берілетін хабарлардың орынсыз жыртаңы, қаптаған әншілердің шығармашылығы рейтинг жинайтын-ақ шығар. Бірақ көпке ұнайды, рейтинг жинайды деп осы жүріспен жүрсек, қайда барамыз? Танымдық, интел­лектуалдық, халықтың жанына қозғау, ақылына салмақ салатын дүниелерді шығармай рухани жаңғыру жоқ. Осы тұста айтатын бір жайт, біздің телеарналарда бірде-бір әдебиетті талқылайтын хабар жоқ. «Мә­дениет-Білім» арнасында бір­неше жыл тұрақты жүрген «Кітап­хана» бағдарламасы да жабылып қалған. Ал ол бізге керек-ақ дүние еді. Жауға сілтейтін қылышыңды дұрыс ұстамасаң, қолыңды кеседі деген мазмұндағы сөз бар еді. «Әдебиет – қару» болса, оны шебер ұстаған халық қана сес көрсете алады.
Дүние дидары сәт сайын құбылып тұр. Өзгермейтін бір-ақ нәрсе бар. Ол – халықтың рухы, рухани құнды­лығы. Тәуелсіз елдің ойы азат, сөзі мығым болуы үшін де әдебиет керек. Біз­дің әдебиет енді тәуелсіздік үшін күрес­пейді. Өйткені оған жеткен! Ен­ді рух үшін, ұлт үшін, ұрпақ үшін өмір сүреді. Ал өмір – күрес!

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»