Аймақтар • 29 Желтоқсан, 2017

Үздік жастар – алтын қорымыз

411 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

  Биыл Қостанайда үздік жастардың есімі он екінші рет «Қостанай облысы жастарының алтын кітабына» тіркелді. Олар­дың барлығы да жастығына қарамай, өмірдің әр саласында үздік жетістікке жеткендер болатын. 

Үздік жастар – алтын қорымыз

Мысалы, Қадыржан Мақан­ғалидың өзі жас ғалым. Ол таяу уақытта облыс орталығынан шал­ғайда жатқан Қамысты аудан­ында халықаралық дәреже­де аталып өткен инновация­лық технологиямен өңделетін шұжық цехын ашуды жоспарлап отыр. Ал Дмитрий Ромащенко мемлекеттік тілді таза мең­геріп алуымен қатар, Федоров ауданындағы №1 орта мектепте қазақ тілінен озық әдістемемен сабақ береді. Биыл «Алтын кітапқа» есімдері жазылған 11 жастың – тоғызқұмалақшы Қымбат Нөсерованың, актер Төленді Әлқожиннің, мұғалім Әміржан Жұмабековтің, журналист Дилара Аронованың, кәсіпкер Мирас Адамбаев­тың, жастар көшбасшылары Серік Манасбаевтың, Бәкір Марғұланның, дәрігерлер Алек­сандр Колесниченко мен Эльвира Асадованың әрқай­сы­сы өзінің осындай үздік ісі­мен, дарынымен қызықты дастан секілді.

– Бала жасымнан мемлекет­тік тілге қызығушылығым болатын. Бірақ А.Байтұрсынов атын­дағы Қостанай мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы мамандығына түс­кенім­де тілім қазақшаға онша келмейтін және көп сөздерді түсінбейтінмін. Қиналған күндердің бәрі артта қалды, төртінші курста еркін сөйлеп кеттім. Менде мемлекеттік тілді білуім керек деген мақсат болды. Қазақ тілі мен үшін ашылған терең теңіз секілді. Ал ауыл­да мемлекеттік тілде сабақ беруді өмірлік мақсатым деп білдім, – дейді Дима ағынан жарылып. 

Қазір оның қазақ тілін мең­геру және үйрету жөніндегі ізденістері тіл мамандарының назарын аударып жүр.

Жылда дәстүрлі түрде өтетін «Қостанай облысы жастары­ның алтын кітабы» бал-кешіне биыл да облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қатысты. 
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы айтылған мәселелердің барлығы да жас­тарға арналады, сондықтан оны жүзеге асыратын да сіздер боласыздар. Еңбексіз, мақсатсыз ешкім де мемлекетке, отбасына пайдалы іс істей алмайды. Біздің бұл шара жыл сайын ел болашағының көкжиегіндей арман қуған талантты, дарынды жастардың өсіп келе жатқанына кепіл болады. Бүгінгі марапат, құрмет сіздердің еңбектеріңізді мойындау ғана емес, қоғамның сіздерге көрсеткен үлкен сенімі. Өзге жастар сіздерге теңелгісі келеді, – деді облыс басшысы.

Қостанайда 12 жылдың ішінде 184 жастың есімі «Қостанай облысы жастары­ның алтын кітабына» алтын әріп­пен жазылды. Олар­дың арасында бүгінгі Парла­мент Мәжілісінің депутаты Әлия Сапарова, ғалым Индира Бейішева, екі дүркін Олимпиада жүлдегері, бүгінде кәсіпқой бокс­та жүрген Иван Дычко, конькимен сырғанаудан Әлем чемпионы, аты «Қазақстанның 100 жаңа есімі» тізіміне кірген Денис Кузин, арбада оты­рып билеуден әлем чемпио­наты­ның 2 рет қола жүлдегері Мәлике Мұхтарова, Қазақстан фут­болының чемпионы, ұлттық құ­рама капитаны Нұрбол Жұмас­қалиев, тағы басқалар бар. 

Қостанай облысында мем­лекеттік жастар саясатын қаржылық қолдау да жыл са­йын өсіп келеді. Биыл бюджеттен осы мақсатқа 190 миллион теңге бөлінді. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ

Соңғы жаңалықтар