Аймақтар • 31 Желтоқсан, 2017

Павлодардағы «Журналистер үйі» күрделі жөндеуден өтті

485 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Павлодарда ашылған «Журналистер үйі» жуырда ғана  Астана көшесі аталған  №143  үй мекен-жайда орналасқан.

Павлодардағы «Журналистер үйі» күрделі жөндеуден өтті

Облыс орталығындағы  50 жылдық тарихы бар ғимарат жаңартылып, күрделі жөндеуден өтті. Осы  ғимаратта  бұрынғы «Қызыл ту»  қазіргі  «Сарыарқа самалы», «Звезда Прииртышья»   сияқты  облыстық газеттер редакциясы орналасты. Осы жолдардың авторы мен де 1985 жылы  КазГУ-дің  журналистика  факультетін бітіріп, жолдамамен Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетіне қызметке келген едім. Содан бері 30 жылдан аса уақыт өтті, енді, міне,   ғимарат  жарқырап, өзгеріп қайта оралды. Қазір  ғимаратта  «Ертіс Медиа» ЖШС құрамындағы ақпарат құралдары «Регион кз» деген газет, «Найзатас» журналы, Pavlodarnews.kz ақпараттық агенттігінің редакциялары жұмыс жасайды.

Бұған дейін редакциялар бірнеше жыл басқа  орында  қызмет жасады. Редакциялар  ғимаратын жаңартып, жөндеу қолға алынбады. Сондықтан, облыстық газеттер, «Ертіс Медиа» ЖШС-нің құрамындағы басқа  редакциялармен бірге әртүрлі ғимараттарға көшіп жүрді. Журналистер үйінің қайта оралуымен БАҚ өкілдерін облыс әкімі Болат Бақауов  та құттықтады. Жыл қорытындысына орай бірқатар телеарналар мен газеттердің өкілдеріне Алғыс хаттар және арнайы сертификаттар табыс етті. Журналистер үйінен   «Егемен Қазақстанның»  тілшілер қосынына да арналып, арнайы  орын берілетін болды.

Фарида Бықай,

«Егемен Қазақстан»

Павлодар

Суретті түсірген: Валерий Бугаев