Қазақстан • 01 Қаңтар, 2018

Сейдолла Молдаханов: Әкем қазақ киносына түскенімді армандады

729 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Сейдолла Молдаханов: Әкем қазақ киносына түскенімді армандады

– Сіз Орталық Азиядағы ең ірі қаланың маңында туып-өсіп, қи­ял­шыл ауыл балалары сияқты сезім­нің жетегінде кетіп актерлікті таң­даған екен­сіз. Балалық шаққа саяхат жасап көрелікші, көңіліңізде театр мен киноға махаббаттың оянуына не себеп болды?

– Мен Ташкент қаласының маңында дүниеге келгеніммен, өмірімнің алғаш­қы он жылы Қазақстанда, дәлірек айтсам, Жезқазған облысының Рудник кен­тін­де өтті. Әкем Абдолла ТашПИ-ді геофизика мамандығы бойынша бітірген соң сол жаққа жұмысқа жі­бе­рілген. Кеңестік кезең емес пе, Руд­никтің өндіріс орындарында сан түрлі ұлт өкілдері еңбек ететін. Бәлкім, сон­дағы балалардың ғарышкер болу си­яқты ортақ арманы болған да шығар. Алай­да, әкем жеті жасқа тол­ға­нымда теледидар сатып алған соң ал­ғашқы киноны көрдім де көңілімде бір буырқаныс пайда болды. Сол сәтке дейін болашақта кім болу мәселесі мені ма­залаған емес-ті, сол сәттен бастап актер болуды армандадым. Әрине мынау өмірде бос қиял ғана адамды арманына жеткізбейді. Табанды түрде мақсатқа ұмтылған шығармын, қазір міне, көріп тұрғаныңыздай актермін.

– Алғашқы ойнаған рөліңіз есіңізде ме?

– Әрине. 1981 жылы режиссер Зино­вий Ройзманның «Встреча у высоких снегов» фильмі менің дебютім саналады. Онда кішігірім эпизодта ойнағам. Де­генмен, үлкен жолдың басындағы ал­ғашқы жетістігім болғандықтан ол рөл маған әманда ыстық. Сол эпизод­тық рөліммен-ақ көрермендердің де, мамандардың да көңілінен шыққан бо­луым керек, көп өтпей режиссер У.На­заровтың «Өтелмеген қарыз» («Неоплаченный долг») фильмінде бас­ты рөлді ойнауға шақырту алдым. Ал театрда алғаш рет «Петрушка» спек­таклінде Мавр бейнесін сомдадым.

– Бүкіл өміріңіз «Ильхом» театрымен байланысты. 1975 жылы талантты режиссер Марк Вайль тарапынан Ташкент қаласында ашылған КСРО-дағы тұң­ғыш мемлекеттік емес театр АҚШ, Франция, Италия, Германия, Ресей сияқты әлемнің көптеген елде­рін­де спектакльдер қойғанын өте жақ­сы білеміз.

– Өкінішке қарай, жетекшіміз ұлы режиссер Марк Вайль өмірден өткелі де біршама уақыт өтті. Тағдырға шара бар ма? Тау тұлғалардан соң да өмір тоқ­тап қалмайды екен. Алғашында Өзбек­стандағы, Ресейдегі сыншылар 2-3 жылдан соң театр тарап кететіндігіне сенімді болды. Олар өз болжамдарын айтып та, жазып та жүрді. Бірақ, арадан осыншама уақыт өтті, біз жұмыс жасап жатырмыз. Гастрольге де шығып, АҚШ, Еуропа елдерінде, Мәскеуде өте­тін «Золотая маска» фестивалінде бір­неше рет өнер көрсеттік. «Дождь за стеной» спектаклі арқылы Алматы жұрт­шылығымен қауыштық. Қойылым аяқ­талған соң зал толы көрермен түре­геліп қошемет көрсетті.Тамаша туындыдан рухани ләззат алған халық бізбен қоштасқысы келмеді. Кино өнері пайда болғаннан бері театрдың өлгенін айтып байбалам салып жүргендер жетерлік. Алайда, біз ешқашан көрермен тап­шы­лығына ұшыраған емеспіз. Кейбір спек­такльдеріміз 15-20 жылдан берін қойылып келе жатқанына қарамастан, Ташкентте де зал толы болады. Кезінде Марк Вайль қойған дүниелерді де хал-қадерімізше сахналап келеміз.

– «Ильхом» театрында Тимур Бек­­мамбетов те істеді ғой. Кей­бі­ре­у­лер оны сіздің шәкіртіңіз деп те жата­ды. Сіз оған осы театрда ұстаздық етті­ңіз бе?

 – Ел не демейді? Тимур ешқашан менің шәкіртім болған емес. Біріншіден, ол суретші әрі режиссер. Екіншіден, бізд­ің жасымыз бір-бірімізден онша ал­шақ емес. Тимурмен режиссер Джаник Файзиевтің «Петрушка» спек­та­клінде бірге жұмыс істедік. Ол сценографиямен айналысты әрі костюмдер жөніндегі суретші болды. Бұл пластикалық спек­такль үлкен жетістіктерге жетті. 1986 жылы Ташкент театр өнеріндегі со­ны құбылыс ретінде бағаланған спек­такльмен бірнеше халық­аралық фес­тивальге қатысып, даңқымыз ас­пан­дай түсті. Мұн­да әрине, Тимур Бек­мамбетовтің де зор еңбегі бар.

– Сіз үшін басты орында ­теа­­­­­тр­­­ тұра ма, әлде кино тұра ма?

– Бұл маған жиі қойылатын сұрақтардың бірі. Мен үшін маңыздысы – мамандығым. Өзіме тапсырылған рөл­ді көңілдегідей сомдап шығуды қалаймын. Театр мен киноны ешқашан бөле-жармаймын.

– Сіз әйгілі ВГИК-тің түлегісіз. Ұлттық негізде дамып келе жатқан өз­бек киноөндірісінде сіздерге сұра­ныс бәсеңдеген жоқ па?

– Өзбекстанда жылына 100-ден аса көркем фильм, 40-тан аса телесериал түсіріледі. Бұлардың көбінде ВГИК тү­лек­терінің қолтаңбасы бар. Жақсы ма­манға әрқашан сұраныс жоғары ғой. Же­келеген тұлғалар тасада қалып бара жатқан болса, кемшілікті оқу орнынан емес, кәсіби деңгейінің төмендігінен іздеген жөн.

– Көбірек Ресей киноларына түсіп жүрсіз. Бұл сізді космополитизмге ұрындырмай ма?

– Жоқ. Мамандығым менің өмір сүру салтыма айналып кеткен. Осы кезге дейін Ресей киноларында космополитизм белгілерін байқаған емеспін. Оның үстіне мен белгілі бір ұлт өкілдерінің бейнесін сомдап жүрмін. Якут, қалмақ, тәжік, башқұрт, тіпті небәрі 4,5 мың адам­нан тұратын селькуп халқының бей­несін де экранға шығардым. Әзірге еш­кім сын айтқан жоқ. Соған қарағанда рөлдерім шынайы орындалған шығар. Кескін-келбетімнің түрлі халықтарға ұқсауы – актер ретіндегі жетістігім.

– «Ильхом» театрының сайтында сіздің АҚШ-та шеберлік сабақтарын жүргізгеніңіз жайлы жазбаға көзім түсті. Бұл қаншалықты дәрежеде рас? АҚШ-та Голливуд бар емес пе, олар Ор­­талық Азиядан шыққан ак­тер­лер­дің шеберлігіне қызыға қояр ма екен?

 – Мен ұзақ жылдар бойы Ташкент театр және көркемөнер институтында, кейінірек мәдениет институтын­да педагогикалық еңбекпен ай­налыс­тым. Арнайы пәннен – плас­тика не­ме­се пластикалық көркемдік және актердің пластикалық ойлау қабілетінен сабақ бергенмін. Қазір тек қана ­теа­­­­­тр жанындағы студияда студенттерге ше­берлік сабағын өткіземін. Бірнеше мәрте Алматыға мемлекеттік емес «Артишок» театрының шақыруымен ба­­рып, шеберлік сабағын өткіздім. АҚШ мәселесіне келетін болсақ, әри­­не, Голливудта мықты ма­ма­­­­н­­­­дар жеткілікті. Олар ешкімге қы­зы­­­­­ғу­­­шылық таныта қоймайды. Ал мен В­ашингтон, Индианаполис, Нью-Хэмпшир университеттері актерлік факуль­теттерінің арнайы шақыруымен барып, дәріс оқыдым.

– Киноөндіріс мол қаржының арқасында өркендейді. Экономикасы басқалардан мықты болғандықтан Ресей киносының әлемде өз орны бар. Ал қазақ, өзбек киносының дамуы қай дәрежеде?

 – Маған қазақ, өзбек, тіпті Ресей киносының дамуы жайлы айту өте қиын. Өйткені, кино көруге уақытым жоқ. Есесіне өзім кинода еңбектенгенді ұнатамын. Негізі, баға беру арнайы мамандардың жұмысы. Ғалым Гүлнар Әбікееваның «Нациостроительство в Казахстане и других странах Централь­ной Азии, и как этот процесс отражается в кинематографе» деген тамаша шығармасын оқыған едім. Осындай білікті мамандардың пікірі обьективті, ал біз сияқты ілуде бір кино көретін актерлердің пікірі субьективті болады. Сондықтан, бұл сұрағыңызға жауап бере алмаймын.

– Атақты адамдардың жеке өмірі үнемі өзгелерде қызығушылық туды­ра­ды. Отбасыңыз жайлы айтып бер­с­е­ңіз.

 – Қарапайым зиялы отбасында туып-өстім. Әкем бірнеше жыл бұрын 80 жасында бақи дүниеге аттанды. Ол кісі өмір бойы менің қазақ киносында ойнағанымды армандап өтті. «Жоғалған жұмақ»(«Потерянный рай»), «А-ға оралу» («Возвращение в А») фильмдеріне кейінірек түстім ғой. Әкеме оларды көру бұйырмады. Ал  шешем – өзбек қызы. Қазір 76 жаста. Қазақшаны өте жақсы біледі. Ұлтымды сұ­рағандарға кейде «қазбекпін» деп қал­жыңдайтыным бар. Әйелімнің есімі – Надежда, хореограф. 37 жылдан бері өмірдің ащы-тұщысын бірге татып келеміз. Қызым Александра күйеуімен бірге Мәскеуде тұрады. Халық­аралық экономика саласында қызмет етеді.

– Мазмұнды әңгімеңіз үшін рахмет. Сізге өнерде де, өмірде де мол табыс тілеймін.

 Әңгімелескен

Бегабат ҰЗАҚОВ,

журналист