Қазақстан • 01 Қаңтар, 2018

Сөз сойыл №50

667 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Әзіл-оспақ, сын-сықақ.

Сөз сойыл №50

Тәк, былай... 

Жылдың соңғы күні
Бастық бұйыра сөйледі:
– Әй, Әкпір-ай!
Тәк, былай:
«Жұмыстан кешіккені үшін,
Қызмет бабын пайдаланып,
Сопаққа өшіккені үшін,
Ішкілік ішкені,
Айықтырғышқа түскені,
Тапсырманы орындамағаны үшін,
Жұмыс кезінде қорылдағаны үшін,
Қызметінен алынсын».
– Бәке, кім сонда?
– Кім болушы еді,
Құрбасов Жарылсын!
– Ойпырм-ай, Бәке,
Бұл енді бастықтардың 
жұмысы ғой,
Жарылсын жоғарыдағы 
Нәкеңнің інісі ғой...
– Не дейді? ! Солай ма?
 Онда...
Қапы қалма,
Жаңағы бұйрықты өшіріп,
Жаңасын жаз көшіріп...
*  *  *
– Әй, Әкпір-ай!
Тәк, былай:
«Жұмысты адал істегені үшін,
Жұмыс уақтысында ішпегені үшін,
Қоғамшыл болғаны үшін,
Қырық жасқа толғаны үшін,
Жыл бойы
Сенімді ақтағаны үшін,
Қоғам мүлкін көздің қарашығындай
сақтағаны үшін,
Жүз мың теңге сыйлық берілсін.
Бүкіл ұжымға танылсын!»
– Бәке, кім сонда?
– Кім болушы еді,
Құрбасов Жарылсын.
– Оһо, мынауыңыз қатып кетті!

*  *  *
Сол сыйлық алған Жарылсын 
Жаңа жылдың алғашқы күні
Тағы да айықтырғышқа жатып кепті.
Әкім ЫСҚАҚ
Шымкент


Сол үшін...

Кез келген балықшы қармақ салып отырып қалғып кетіп, көзін ашқанда алдында тыпырлап алтын балық жатқанын көргісі келеді... Кез келген бойжеткен тәтті түс көріп оянғанында, өзіне жымия қарап тұрған тақ мұрагерін көргісі келеді... Ержеткен жасөспірім атаулы түсінде ғана емес, өңінде де ханшайымды көз алдында көргісі келеді.
Яғни, бұл тосты жеміс ішіндегі құрметтісі – сәбіз үшін алайық! Өйткені сәбіздің көз жанарының көргіштігін арттыратыны баяғыда-ақ дәлелденген.

*  *  *
Өзен үстінде арқасында улы жыланы бар тарбиған тасбақа жәйменен жылжып келе жатыр. Жыланның ойы: «Егер шағып алсам ғой, сілкіп түсіріп кетеді…» Тасбақаның ойы: «Сілкіп түсіруге әрекет қылсам, онда шағып алады…»
Яғни, бұл жалғанда жұптаса ілгері жылжу пешенеге жазылған екен, түсінісіп, тіл табыса ғұмыр кешу үшін осы тосты алып қоялық.

*  *  *
Біз дүниеге келгенде шыр етіп айғайлап келеміз де, қайтыс болғанымызда ел-жұртты жылатып кетеміз.
Сондықтан, осы тосты бұйырған тірлікте үнемі емен-жарқын жайдары жүру үшін алып қойсақ. 

Бастық болып нем бар еді!..

Пықып ғұмырдан баз кешіп құса болып жүргенінде желтоқсанның ақырғы күні ауылдан бала кезден бірге өскен сыныптас та сырлас досы Ілдебай келгенде қуанғаны соншалық, құшақтап көрісіп, әй-шайға қаратпай әйдік дәмханаға алып кіріп, «ескі жыл екіркесін» мәнде екі қайтара тілек айтылып ішке «ел қонған» сәттен сөз тізгінін өзі алды.
– Ілдеке-ай, келгенің ғажап болды! Құса болып құлауға шақ қалып едім! Шер-мұңымды тыңдап көрші... «Не боп қалды екен!?» дерсің... Тоқ етері, бекер бастық болдым ба деймін. Ел қатарлы жақсы еді, бастық боламын деп бордай тоздым емес пе! Ана қытайдың Конфуций данышпаны: «Адамның шын қалпын білгің келсе – бастық етіп, қолына билік бер» дегені айдай анық екен... Бастық болған күннен-ақ бұрынғы Пықып келмеске кетті... Бақырып-шақыруға, жер тепкілеп шәт-шәлекей болуға тура келді. Алдымен бұрыннан бірге келе жатқан қызметтестер теріс айналды. Алдымнан келсе тістеп, артымнан келсе теуіп теперіш көрсеттім... Бұрынғы сыпайы да кішіпейіл қалпымнан жұрнақ та қалмапты. Қарсы келген үш-төртеуін қызметтен қуыппын. Біразын төпелеп өзімше «тәубасына» келтіріппін... Қарапайым кезімізден «қара нанды бөле жеп келген» қызметтестерге қырғидай тиіп қара бастым емес пе?!
Әй, иттікі-ай, бастық болып нем бар еді!.. Бастықсың ғой деп ағайын-туыс жағдай айтып жалпайып келеді. Бірін бітіресің, көбіне күшің келмейді. Көбісі «бүйтіп бастық болғаныңды ұрып қойыппын» деп кіжініп кетіп қарасын мүлдем батырады... 
Мұндайда дос-жаранның да өтініші көбейеді. Көмектескен боласың... Әй, бірақ көбінің «қышығанын» дөп басу мүмкін емес екен... Алды-артыма қарасам, бұрынғы дос-жараннан да жұрдай боппын. 
Мінезімде ит мінез екен... Әйелім: «Бастық болып болмысың ашылды. Ойпыр-ай, анық жылқы, кім білген, жылқының тексізі екенсің! Алдыңдағыны тістеп, артыңдағыны теуіп, ойсыз-қырсыз осқырынып, бала безіп, қыз қашып – кімің қалды сенің-ей?!» деп, көз жасына ерік беріп еңіреп алады, – деп Пықып, ара-арасында жөпелдете құйылған үремкені төңкеріп тастап отырғаны есінде. 
Қасындағы «ауылбайскй» досы не десін, мұның бұлқына айтқан «бұйдалы сөздерін» ұйып тыңдап бас шұлғып отырып, бір мезеттерде тілі күрмеле: «Пықып, бастық екенің рас болса менің бір баламды қарамағыңа қызметке ал, алда жақсылығыңды жаса» деп сонау ит арқасынан ат арылтып келгендегі өтінішін айтып қалған болатын. 
Содан көп отырыпты... Әжің-гүжің әңгіме айтылыпты. Не керек, сөздің соңы  Пықекең мына келген ит жылында ауыл досымен де ырың-жырың керілдесіп кеңірдек барысып... не керек, ол: «Досым деп келіп едім, бір өтінішімді орындар деп едім... Нағыз ит екенсің, бүйткен бастықтығыңды басыңа бүрк... Ұққаным – көмусіз қаларсың», деп кете барыпты... 

Ерсұлтан МАҒЖАН

ТАЛДЫҚОРҒАН

Тарихи күн

Фабрика қақпасында қақайып отыратын күзетші шал жылдың алғашқы күні цех жұмысшысы Миконы желкесінен түйгіштеп директордың алдына дедектеткен күйі бір-ақ әкелді. Итерісе-жұлқыласып енген екеуіне бастық аң-таң. Күзетші шал бір қолымен ұстаған ұрысын шеңгелдей сығымдап, екіншісімен дорбадағы балалар бұт киімін үстел үстіне үйе бастады.
– Жолдас директор, ұрыны ұстадық. Шығар есікте шап бердік, бәлемді. Өзіміздің өнім, балалар калготкиі...
Қабағын қарс түйіп, қаһар шашудың орнына – директордың жанары жайнап, өңіне қан жүгіріп, істеп отырған ісін тастай-мастай:
– Не дейді? Қателесіп тұрған жоқпысыз? – деді де жүгіре басып күзетшінің қасына жетіп келді.
Күзетші шал Миконы нұқып:
– Сенбейсіз бе? Ұрлықшының өзінен сұраңыз. Сабаздың сазайын беру керек! – деп жатыр.
Ұры не десін: «Алғаным рас еді» деп мүсәпірсіп міңгірледі.
Директор ұрыны құдасындай дереу құшақтап маңдайынан мейірлене сүйді...
Бұған аң-таң болып алақтаған күзетші жүрегін ұстап, жанындағы орындыққа қисая кетті. 
 Директор:
– Айтыңызшы, ағасы, – деді күзетшіге күлімсіреп, – фабрика өнімін ұрлап бара жатқан суыққолдарды соңғы рет қашан ұстап едіңіз?..
– Ұмытпасам, сірә, екі жылдан асты-ау деймін...
– Көрдіңіз бе, ұры деп ұстаған Мико бүгін бізге қандай қуаныш әкеліп тұрғанын. Бұл, білесіз бе, біздің өнімге ел-жұрттың назары ауды деген сөз. Яғни өніміміздің сапасы артқаны... Сапасыз нәрсе кімге керек? Мұндай қуаныш үшін шампан атылсын! Қанеки, бәріңіз де столға жақындаңыздар! Бүгін – ит жылының бірінші күні – тарихи күн! Өніміміздің сапасы жақсарғаны үшін, жолдастар!
Тарс!.. 

Петр ГОНКОВ

Шырша жанындағы жымиыс

31 желтоқсан күні сыртта жауын себелеп тұрды. «Ал керек болса, алай-дүлей нөсер!» – деп кейіді қалталы Қилыбай. Сәлден соң жауын тоқтап, күн шайдай ашылып, Қилыбай күнге қыздырынып алды да, кешкісін бау-бақшасынан құшағын толтыра гүл жұлып келді де көзтаныстарын мерекемен құттықтауға жиналды. Е, несін айтасың, Жаңа жылды Аустралияда қарсы алғанға жетері жоқ…
*  *  *
Аяз ата кішкентай Керімбекке:
– Алақаныңды тос, мен уысыңа тәтті сала қояйын, – дейді.
– Маған емес, оныңызды әкеме ұсыныңызшы.
– Сен не, тәттіні ұнатпаушы ма едің?
– Жоғ-а. Әкемнің алақаны үлкендеу ғой…
*  *  *
 Екі студенттің әңгімесі:
 – Жаңа жыл мерекесі түнінде қайда отырамыз?
 – Былтыр «агентте» болдық, биыл «фейсбукте» отыратын шығармыз...
*  *  *
 Еркектің өсіп-жетілуінің үш сатысы:
 1. Ең әуелі Аяз атаның алдауына сенеді.
 2. «Аяз ата алдап жүр екен ғой» деп сенбейтін болады.
 3. Өзі Аяз ата болып, балаларды алдайды. 
*  *  *
 Жаңа жыл қарсаңында Аяз ата болып киініп алған екі актердің бірі екіншісіне өтініш білдіреді:
 – Мүмкіндігің болса біздің үйге барып, бала-шағамды мерекелерімен құттықтап шығасың ба?
 – Неге мен?! Өзің бармайсың ба?
 – Түсінесің бе, мен қызметім үшін көп ақша сұраймын.
*  *  *
 Екі орманшының әйелі әңгімелесіп тұр:
 – Менің күйеуім маған арнаған сыйлығын дәстүр бойынша шыршаның астына тығып қойыпты.
 – Ол қандай сыйлық екен?
 – Алдымен қалың орманның ішінен сол шыршаны тауып алу керек.

Мүйісті жүргізетін

Берік САДЫР