Әлем • 02 Қаңтар, 2018

Иранда наразылық шеруі кезінде 10 адам қаза болды

415 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Иранда 28 желтоқсан күні басталған наразылық шеруінен барлығы 10 адам қаза болды. Бұл туралы bbc.com хабарлады.

Иранда наразылық шеруі кезінде 10 адам қаза болды

Ирандағы жергілікті БАҚ жұрттың қай жерде опат болғаны туралы ақпарат таратпады. Ал осыған дейін алты адамның Изе қаласында көз жұмғаны белгілі болды.

Шеруге шыққандар ел президенті Хасан Руханидің тәртіпке шақыруына да құлақ аспады. Иран басшысы өз сөзінде азаматтар билікті сынға алып, ойын еркін білдіре алатынын жеткізді. Сондай-ақ, ол шеру кезінде зорлық-зомбылыққа жол берілмейтінін айтты. Алайда, тәртіп сақшылары Тегерандағы Энкелаб алаңынан тұрғындарды қуу үшін көзді жасаурататын газ, суатқыш қолданды. Мұндай шеру Керманшах, Хорремабад, Шахиншехр және Зенджан қалаларында өтті.

Билік қандай қадамға барды?

Хасан Рухани билік мемлекет мүлкіне зиян келтіретін, қоғамдық тәртіпті бұзған немесе тәртіпсіздікке шақырғандардың қылығына төзбейтінін ескертті. Тәртіп сақшылары бірнеше күн ішінде 400 адамды қамауға алды. Оның жартысы 1 қаңтарға қараған түні Тегеранда қамалды.

Билік Telegram және Instagram желілеріндегі халықты наразылыққа шақырды деген аккаунттарды бұғаттап жатыр.

Франс-пресс агенттігінің хабарлауынша мемлекеттік телеарналар наразылық шерулерінен үзінділер көрсетеді. Олардың арасында негізінен банкке шабуыл жасаған, Иран туын өртеген сәттер жиі көрсетіледі.

Дональд Трамп – Хасан Рухани

«Ирандағы ірі көтерілістер. Жұрт ақыры ойланды-ау. Олардың байлығы, ақшасы ұрланып, терроризмге жұмсалып жатыр. Халық енді оған төзбейтін секілді. АҚШ адам құқығын бұзушыларды назарда ұстап отырады», деді АҚШ президенті Дональд Трамп Twitter желісіндегі парақшасында.

Ал оған жауап ретінде Хасан Рухани АҚШ президентін «Иранның жауы» деген мәлімдеме жасады.

Халықтың жағдайы 15%-ға нашарлады

BBC мәліметі бойынша Иран халқының соңғы он жылда жағдайы 15%-ға нашарлаған. Нарызылық шеулеріне көбіне жастардан жиналған топтар қатысып жатыр. Олар клерикалдық режімді құлатуды талап етеді. Сонымен қатар, кейбірі монархияны қайтып орнатуды талап етті.  

Акциялар Иранның шағын қалаларына да тарап кетті. Алдағы уақытта көлемі артуы мүмкін. Дегенмен шерушілердің арасында нақты бір көшбасшылары жоқ. Ал оппозия басшылары әлдеқашан репрессияға ұшыраған немесе елден қуылған.

2009 жылы не болды?

2009 жылы сайлау кезінде президент лауазымына Махмұд Ахмадинежада отырғаны көпшіліктің наразылығын тудырды. Салдарынан наразылық акциялары өтіп, оған «Жасыл қозғалыс» деген атау берілді. Сол тұста оппозицияны миллиондаған адам қолдады.

Шеру кезінде кемінде 30 адам қаза тауып, мыңдаған тұрғын қамауға алынды. Бұл Иранда 1979 жылы Ислам революциясынан кейін тіркелген ең ірі шеру болды.

Соңғы жаңалықтар