Медицина • 05 Қаңтар, 2018

Баспана – басты қажеттілік

1909 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деп, қара шаңырағында көсіліп жатуды кім армандамайды дейсіз?! Әсіресе урбанизация үдерісі белең алған бүгінгі қоғамда баспана проблемасының өзектілігі күшейіп, жоғарыда тілге тиек еткен тіркестің мәні арта түскені түсінікті. 2016 жылдың соңында Үкіметте «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасын бекітудегі басты мақсат та халықтың баспаналы болсам деген арманын ақиқатқа айналдыру болатын. 

Баспана – басты қажеттілік

Бағдарламаны жүзеге асырудың басталғанына онша көп бола қойған жоқ. Дегенмен, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған жобаның қалай жүргізіліп жатқанына назар салып қоюдың артықшылығы жоқ деген ойдамыз. 

Ел Үкіметінің мәліметіне сүйе­нер болсақ, 2017 жылдың соңына дейін «Нұрлы жер» бойынша 10,1 млн шаршы метр, түсініктірек тіл­мен айтқанда, 99 мың баспана беру жоспарланған болатын. Оның ішінде 545 мың пәтер мемлекеттік инвес­тицияның есебінен салынып жат­қанын айта кетейік. Он айдың қоры­тындысына көз жүгіртер бол­сақ, тиісті жұмыс 87,1 пайызға орын­далып, 8,8 млн шаршы метр, яғни 77 мың пәтер иесін тауыпты. 
Он ай ішінде өңірлерде атқа­рыл­­ған жұмыстарға шолу жасасақ, басқа облыстарға қараған­да Батыс Қазақстанда халықты баспанамен қамту ісі қарқын алғанын байқауға болады. Бұл облыста пайдалануға берілген баспана көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 49,2 пайыз­ға асып түскені осыны айғақтайды. Одан кейінгі орындарға Павлодар, Атырау, Қызылорда, Ақмола, Қос­­­танай, Жамбыл облыстары жай­ғасыпты. 

Өңірлерде халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған бөлігіне арналған арендалық құрылысқа үміт артып отырғандар аз емес. Осы мақсатта 2017 жылдың соңына дейін – 2697 пәтер, 2018 жылы – 2270 пәтер, 2019 жылы 979 пәтер беру жоспарланып отыр. Жергілікті әкімдіктердің кезе­гінде тұрған мүгедек жандарға, асы­рау­шысы жоқ отбасыларға арнал­ған арендалық пәтерлердің төлемі де біршама арзан екенін айта кетейік. Мысалы, 50 шаршы метрлік пәтердің айлық жалға алу құны 5 мың теңге шамасында екен. 

Бағдарламаның табысты жүр­гізілуінің басты тетігі қаржы­ға тірелетіні мәлім. Жыл ішінде «Нұрлы жерге» барлық қаржы көз­дерінен бас-аяғы 744,8 млрд тең­ге инвестицияланғанын, оның өт­кен жылғы көрсеткіштен 16 па­йыз­ға жуық асып түскенін айт­сақ, қара­жат бөлінуден кемшілік жоқ деуге болады. Жалпы, бағдар­ламаны жүзеге асыру үшін 2017 жыл­дың басында «Бәйтерек» ұлттық бас­қарушы холдингінің еншілес ұйым­­­дарын жұмылдыру туралы шешім қабылданған болатын. 

 Бүгінде жоба бірнеше бағыт бойынша өрістеуде. Бірінші кезекте тұрғындардың ипотекалық несие алуына ыңғайлы жағдай туғызу көзделген. Ол үшін жыл сайынғы сыйақы мөлшері 7 пайыздан аспайтын субсидия бөліне бастады. Субсидия үшін мемлекеттік бюджеттен 10 млрд теңге қарас­тырылып отыр. Қаржыны игерумен «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» АҚ айналысады. Қаржыны екінші деңгейлі банк­тер халыққа жеңілдетілген несие түрінде ұсынуда. Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, Цеснабанк, Tengri Bank сынды қаржы ұйымдары да осы жұмысқа жұмылдырылған. Осы бағыт бо­йынша күні бүгінге дейін 8 770 пәтер пайдалануға беріліпті. 

Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақ­­­стан­ның үшінші жаң­ғыруы: жаһандық бәсекеге қабілет­тілік» атты Жолдауында ел эконо­ми­касының толыққанды драйвері ретінде құрылыс секторын одан әрі дамыту міндеті жүктелгені мәлім. Ал баспанамен қамту бағдарламасы құрылыс секторына тың серпін беруге тиіс екені анық. Сол себепті сөз етіп отырған жобаны жүзеге асырудың тағы бір маңызды бағы­ты ретінде тұрғын үй құрылысымен айналысатын компанияларды ынталандыру тетіктері жолға қо­йылып отыр. Атап айтар болсақ, құ­ры­лыс компанияларының банк­терден алған займдары бюджет есебінен субсидияланады. Есесіне тұрғызылған үйлердің бір бөлігі жоғарыда тілге тиек етіп өткен Тұр­ғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына берілуде. 

Үшінші бағыт еліміздің әрбір азаматына 10 сотық жер бөлу мәсе­ле­сіне қатысты. Ұлттық экономика министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті таратқан ақпарға сәйкес, «Еліміздің әр азаматының жер заңнамасымен регламенттелген жеке тұрғын үй құрылысына әкімдік инфрақұрылым тартқан 10 сотық жерді тегін алуға құқы бар. 10 сотық жер алу үшін әкімдікке өтініш беру керек, яғни жер телі­міне кезекке тұрған жөн». 

Жоспар бойынша 2017 жылдың соңына дейін тұрғын үй салу үшін облыс әкімдіктері түзген тізімнің ретімен республика бойынша 60 мыңға жуық жер телімі таратылуға тиіс. Халық саны әр өңірде әртүрлі екенін ескерсек, беріліп жатқан жер телімдерінің көлемі де әртүрлі. Мәселен, Маңғыстауда – 15 мың, Ақтөбеде 11 мың жер телімі бері­луде. Қостанай, Шығыс Қазақ­стан, Павлодар облыстарында бұл көр­сет­кіш біршама төмен. 2017-2018 жылдар аралығында жеке тұрғын үй құрылысына жер телімін бөлудің арқасында жалпы аумағы 2019,3 мың шаршы метрден астам 1 975 үй салынады деп жоспарланып отыр. 

Жоғарыда атап өткеніміздей, «Нұрлы жер» бағдарламасы – Елбасы Жолдауында алға қойыл­ған міндеттердің бірі. Президент Жолдауында бұл туралы «Менің тапсырмам бойынша биыл «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы іске асырыла бастайды. Ол аса ма­ңызды міндетті орындауға – алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасын тұр­ғын үймен қамтамасыз етуге ба­ғыт­талған», деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Үкіметтің есебі бойынша соңғы 10 айда елімізде 77 мыңнан астам пәтер беріл­генін, 2017 жылдың соңына дейін оны 99 мыңға дейін жеткізу жоспарланып отырғанын ескерсек, бағдарлама біршама сәтті жүргі­зіліп жатыр деу­ге болатындай. «Үйі бардың – күйі бар» деген аксиоманы алға тарта отырып, еліміздің әр азаматының әлеуметтік ахуалын жақсартуға бұл бағдарламаның әлеуеті жетеді деген үміт мол. 

Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»