Медицина • 05 Қаңтар, 2018

Болашақты басқарудың сыры – адами капитал

770 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елбасы Жолдауының мән-маңызы ерекше. Ол болашаққа ұмтылудың басым тұстарын айшықтауымен бірге қалыптасқан кейбір жайсыз ахуалды түзеуді көздейді. Мәселен, жаппай цифрлы технологияларға өту мен жемқорлықтың алдын алу немесе адами капитал сапасын жақсарту мен экстремизмге қарсы жұмыс жүргізу. Осы тұрғыдан алғанда, еліміздің арғы-бергі тарихына, оңды-солды жақтарына ғылым-білім тілімен ой жүгірткен жөн. Тәуелсіздіктің арқасында біз жаһанның жаңалықтарымен тікелей беттесуге мүмкіндік алдық. Азаттық бізге болашағымызды басқаруға жол ашты.

Болашақты басқарудың сыры – адами капитал

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлемде қалыптасқан жағдай көптеген елдердің қарқынды дамуына мүмкіндік берді. Қоғам және мемлекет істерін реттеуде батыстың бастамасы арқылы қалыптасқан жаңа жүйелер адамның тұрмысын жақсартып, өмір сапасын анағұрлым арттыруға жағдай жасады, сөйтіп адами өлшемдердің жаңа белестері бой көтерді. Белгілі жалпыәлемдік жаңа стандарттар пайда болды. Олардың енуі мен орындалуын бақылайтын халық­аралық ұйымдар құрылды.

Халықаралық саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынас­тарды реттеуге бағытталған ережелер бекітіліп, тиісті құрылымдар іске қосыл­ды. Гуманитарлық салада жаңа ұғымдар мен түсініктер орнықты. Осының барлы­ғы адам өмірінің жаңа мәдениетінің қалыптасуына себеп болды. Орнаған экономикалық ахуал адам мүмкіндіктерін барынша ашуға қолайлы жағдайлар туғызды. Адам (тұлға) мен қоғамның құқықтарын қорғау күшейіп, мемлекеттің жауапкершілігі артты. Жаһанданудың лебі жақындап, орныққан жабық жүйелер дағдарысқа ұшырады. Бірқатар елдер өз тәуелсіздіктерін жариялады.

Соңғы бірнеше онжылдықта адамзат баласы бұрын болмаған өсімді бастан өткеріп жатыр. Адамның өмір жасы ұза­рып, жаңа әлеуметтік заңдылықтар қалып­тасуда. Бүгінгінің бұл ерекшелігі адам тір­­шілігінің барлық саласына өз әсе­рін ти­гізуде. Өткен ғасырда жер бетін­дегі адам саны төрт есе өсіп, ал орташа өмір жасы­ның ұзақтығы екі есе артқан. Білім­ге, ден­саулық сақтау жүйесіне, жалпы әлеу­мет­тік қызметтерге қолжетімділік еселенген.

Бүгінде кеңінен етек алған ғаламдық үрдіс – адамның өмір жасының ұзарып, ал туу көрсеткіштерінің төмендей түсуі салдарынан бірқатар ұлттардың қар­тая бастауы. Ол өз кезегінде әлеумет­тік жүйе­г­е қосымша салмақ салып, адамның экономиканың дамуына қатысуының жаңа жолдарын іздестіруге итермелеу­де. Қазір көптеген елдер зейнет жасын ұлғайтып, сырттан арзан жұмыс күшін тарту мәселесін егжей-тегжейлі қарастыруда. Ал кедей елдерде, керісін­ше, орта жас мөлшері төмендеп, тұрғын­дар саны артып, жұмыссыздық пен әлеуметтік тұрақсыздық адамдарды қоныс аударуға мәжбүрлеуде.

Біріккен Ұлттар Ұйымының болжауынша, 2100 жылы Жер шарында орта есеппен 11,2 миллиардқа жуық адам өмір сүреді екен. Еуропа елдері халқының саны алдағы жылдарда кеми түспек. Ал көршіміз Ресейде адам саны 83 жылдан кейін 18,7%-ға азайып, 60 жас­тан асқан азаматтар саны бүгінгі 20%-дан 27,5%-ға дейін ұлғаймақ. «Жалпы, Азия аймағы адамдар санының өсуі­мен ерекшеленеді», – дейді ғалымдар. Нағыз демографиялық дүмпу Африка елдерінде болмақ. Ғасыр­дың аяғына қарай бұл құрлықтағы тұр­ғын­дар саны 3-4 есеге көбейіп, 5,6 мил­лиардқа дейін жетуі мүмкін. Бүгінгі күні әлем тұр­ғындарының 46%-ы халық саны­ның өсуін қамтамасыз ете алмайтын, туу көр­сет­кіші төмен елдерде тұрады. Бұл жалпы Жер тұрғындарының қартаюына алып келеді.

Қазақстанға келсек, тәуелсіздік жыл­дары адамның орташа өмір жасы ұзарып, 70-тен асып жығылды. БҰҰ сарап­шы­лары­ның пікірінше, 2100 жылы бұл көр­сеткіш 80 жасқа жетпек. Ал Қазақстан халқының саны 24,7 миллион болады. Әрине бұл болжамдардың іске асуы жүйелі жұмысқа байланысты екенін естен шығармаған жөн.

Шиеленістер мен түрлі әлеуметтік-экономикалық себептерге байланысты ауқымды көші-қон орын алған жағ­дай­да, қабылдаушы елдердің ішкі демо­гра­­фия­лық, діни әрі мәдени карт­а­сы шұ­бар­лануы мүмкін. Мұндай үрдіс өзімен бірге көптеген әлеуметтік, құқықтық және басқа қауіп-қатерлер әке­летінін тарихтан білеміз. Еуропаның бүгінгі көрінісі – осының айшықты дәлелі. Осы орайда кейбір ғалымдардың адамзат тарихындағы кезекті «ұлы көш бастал­ды» деуі қисынды. Бұл бағыт­тағы бола­шақ үрдістер құрлықтың кіндігінде орналасқан Қазақстан үшін аса маңызды.

Ғылым мен техника дамуының жаңа кезеңі адамзат алдынан бұрын-соңды болмаған, тіпті армандап көрмеген дүние­лерге жол ашты. Науқастарды емдеудің, дерт­тің алдын алудың сан алуан жаңа түр­лері табылуда, тіпті биороботты тех­ника саласы көз алдымызда өрістеп, даму үстінде. Көлік-қатынас, байланыс пен ком­муникация, бейне-фото түсірілім жүйе­лерінің революциялық шешімдері эконо­мика, тәртіпті сақтау, қорғаныс сияқ­ты салалардың мүмкіндіктері аясын барынша кеңейте түсті. Азық-түлік мәсе­лесін ауыл шаруашылығы сала­сын­дағы жаңа шешімдер арқылы реттеу кеңінен қанат жаюда. Ғарыштық тех­но­логиялардың әлеуетін пайдалану Қазақ­станда да қолданысқа ене бастады. Бұл – ел дамуының мүлде басқа сапалы деңгейі. Ал смартфон, интернет және мо­­биль­ді қосымшалардың бірігуі қоғам­дық қа­тынастардың жаңа қырларын аша түсуде.

Осындай құрылғысы бар адам қазір жалғыз өзі бір теледидардың міндетін атқара алады. Бұл мүмкіндіктердің азаматтық қоғамның дамуына да тигізер әсері мол. Адам, қоғам және мемлекет арасындағы қалыптасқан ұғымдар мен қатынастардың осы арнада жаңа дүние­лермен толығуы күн тәртібіне шы­ғып отыр. Білім беру, түрлі қызмет көрсету, ақпарат жеткізу, тіпті уағыздау мен наси­хаттаудың өзі жаңашылдыққа толы.

Ғалымдардың пайымдауынша, осынау ауқымды өзгерістер бұдан да жедел қарқынмен жалғаса бермек. Осы өзгерістердің ерекшелігі – уақыттың жеделдеуі және адам қатысуының азаюы. Мәселен цифрлы технологиялардың дамуы мен интернеттің кең етек жаюы қала мен ауыл арасындағы ақпараттық алшақтықты айтарлықтай кеміткені біздің елде анық байқалады. Сонымен қатар хат-хабар алмасудың дәстүрлі жүйелері қазір дағдарысқа түсіп, адамның атқарып келген көптеген қол жұмыстары қажетсіз болып қалуда. Яғни жұмыссыздық туғызуда. Зымыраған жаңа заман әкелген осындай және басқа да көптеген өзгерістердің оң-теріс салдарына біз дайын болуымыз керек.

Әлемдік үздік үлгі бойынша университеттер, дарынды балаларға ар­налған арнаулы мектептер ашу, жалпы мектептердің бүгінгі жабдықталуының жоғары деңгейі, озық технологияларды игерген емханалар мен ауруханаларды іске қосу, жастарымызды арнаулы бағдарлама арқылы шетелдердің ең үздік оқу орындарына жолдау сияқ­ты, адам капиталын дамыту бойынша көптеген ауқымды істердің негізінде ұлтымыздың өз болашағын өзі басқара алатын қабілетін арттыру ниеті жатқаны анық.

Әрине, кей мәселе жөнінде кешегі келеңсіздік пен еңселі ертеңгінің арасын­дағы тартыстың бүгін жүріп жатқанын естен шығармаған абзал. Алайда барып орнығар орныңды алдын ала ойластырмай атқарған істің бәрі бекер.

Абзал НҮКЕНОВ, 
Дін істері және азаматтық 
қоғам вице-министрі, 
саяси ғылымдар кандидаты