Әдебиет • 05 Қаңтар, 2018

Дидахмет дидары

979 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жазушының болмысын жазған шығармасынан ұғу қиын емес. Бұл тұрғыдан келгенде белгілі қаламгер Дидахмет Әшімханұлының кісілік келбеті, асып-таспайтын біртоға мінезі, сөйлеу мәнері, пенделікке салынып, қалыбын бұзбайтын өзіндік байлам пайы­мы, тоқтар тоқтамы, турашылдығы туындыларын оқып отырғанда кейіп­керлерімен қатарласып көз алдыңда тұра қалады. Алтайдай биік жердің түлегі әр туындысына терең мән беріп, ойлы көзбен қарады.

Дидахмет дидары

Аз жазды, бірақ сандықта жататын сап алтындай бабына келтіріп саз жазды. Бәріне талғаммен қарады. Сол талғам таразысынан сығымдалып шыққан шығармаларының үш томы («Нұра-Астана» баспасынан) таяуда қолға тиіп, қайта бір қарап шықтық. Бір байқағанымыз, Дидахмет үш томды да өзі әзірлеп кеткен секілді.

Бірінші том «Тасқала» деп аталып, профессор Құлбек Ергөбектің «Ұлт­­тық рух жыршысы» деген салмақты мақаласымен ашылыпты. «Д.Әшімханұлы – әңгіме жанрының айтулы шебері, қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгері», депті замандас ғалым бауыры. Бұл – алып қосары жоқ ақиқат сөз. Әсіресе сөз қолданысындағы халықтық бояу тәнті етеді. Ол «Жер аңсаған Саратан» повесінен байқалады. Есберген мен Қожық арасындағы әңгіме, сыбызғы үнімен баяндалатын Саратан оқиғасы кімді де болса бей-жай қалдырмайды. Туған жер адам үшін ғана емес, жануар үшін де қымбат дегенді санаңа мысқалдап сіңіріп, ұйқыға батқан ойыңа себезгілеп сәуле түсіреді. Тіпті кейде сыбызғы үнімен көркем тілді ұштастырғанда толқытады, толғантады. 

Екінші том «Ақшоқы» деп аталып, өзінің «Сырласу» атты алғы сө­зінен бастау алып, бес әңгімесімен ұштасып, әдеби эсселерге жалғасып, мақалаларымен түйінделеді. Мақа­ла­ларының ішінде «Жүсіпбектің сын­шылығы туралы» дүниесі сауатты жазылған. Сөз зергері Аймауытов әлемі жан-жақты талданады. Сол секілді П.Мерименің новеллалары, әсіресе «Таманго» новелласындағы Таманго атты құл сатушының өзінің қандастарын өзгеге құлдыққа беріп есіргені, есіре келіп арақтың буымен әйелін де тегін құлдыққа өткізіп жібергені, артынан өзі ит өліммен өлгені алға тартылып, осыдан сабақ алсақ, қане, дегенді меңзейді.

Үшінші том «Теңіз қорқауы» деп аталып, әлем әдебиетінің айтулылары Джек Лондон мен Джон Голсуорсидің романы мен новеллалары топтастырылыпты. Қазақ тілінің көркемдігін жетік меңгерген жазушы аудармада да өзінің қарымды екенін дәлелдепті.

Дидахмет Әшімханұлының бұл сү­белі еңбегі, асқар Алтайын, мұз құр­санған Мұзтауын, ерен Ертісін, өзге де атажұртын көркем тілмен келістіріп суреттеген құндылық. Ұлт тілінде сөй­леген кітаптардан адам деген ардақты атқа қылау түсірмеген «Өмірді сүйген, адамды сүйген жүрекпен, Қаламмен мынау қағазға талай гүл еккем» деген Дидахметтей талантты жазушының да дидары көрініп тұрғаны анық.

Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»