Медицина • 08 Қаңтар, 2018

Туберкулез ауруын қалай құрықтауға болады?

734 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ «Үйінен қырық қа­дам шыққан адам мүсәпір» дей­ді. Өз ошағынан ғана емес, Отанынан алыстап, несібесін шеттен теріп жүрген пенделер қаншама?! 

Туберкулез ауруын қалай құрықтауға болады?

Өңірлік кездесуде сөй­леген халықаралық ұйымдар сарапшыларының пікіріне жүгінер болсақ, ең­бек миг­рант­тарынан тыс, тек бос­қындар арасында жүр­гізіл­ген зерттеулер олар­дың алғаш­қы 5 жыл ішінде тубер­кулезге шалдығуының дең­гейі жоға­рылығын анықтаған. Әри­не, үй-күйі жоқ адамда қандай жағдай бар, сондықтан да олар­дың әлеуметтік дерт саналатын туберкулезбен ауруының бір астарын осыдан да іздеуге болар. Еліміздің шекарасын босқындар легі баспағанымен жақын көршілерден келетін еңбек мигранттары баршылық. Ал туберкулездің жұқпалы әрі ауа арқылы тарай беретінін ескере келе, Үкімет бірнеше жыл бұрын өңірлік басқосулар өткізуді бастады. Астанада желтоқсан айында өткен Ор­талық Азия елдерінде ту­бер­­кулезге трансшекаралық ба­қылау жүргізу мәселелеріне ар­налған жоғары деңгейлі үшінші өңірлік кездесуде біраз мә­селенің басы қайырылды.

Иә, бүгінгі медицинаның жетістігіне, ауруларды емдеу­де жаңа технологиялардың қол­данылуына қарамастан тубер­кулез дертін толық ауыз­дықтау мүмкін болмай отыр. Оны кездесуге қатысқан білік­ті сарапшылардың өзі мойын­даған. Мәселен, «Стоп ТБ» серіктестігінің жауапты хатшысы Лючика Дитиу әлем бойын­ша осы ауру түрінің таралуына көші-қонның өз «үлесін» қосып отырғанына қын­жылыс білдірді. «Әлем­дегі туберкулезбен ауыра­тындардың 10 пайы­зынан астамы мигранттар» екенін айтқан ол дүние жүзіне кеңі­нен таралған үш жұқпалы ауру­дың қатарындағы инфекцияны ауыздықтауда күш-жі­герді біріктіру қажеттігін, бұл орайда ынтымақтастықты тиімді дамытуда Қазақстанның Орталық Азиядағы көрші­лер­мен үнқа­тысуды бас­тап, бірқатар мемлекетпен екі­жақты келісімдерге қол қой­ғанына ризашылығын жет­кізді. Жалпы, елімізде осы бір жұқпалы дертке қарсы күрес­ке қатысты 2014-2020 жыл­­дарға арналған кешенді жос­пар қабылданғаны мә­лім. Со­ның арқасында ауру қар­қыны саябырлаған. Фтизио­пульмонология ұлттық зерттеу орталығының директоры Мәлік Әденовтің айтуынша, Қазақстанда туберкулез диагнозымен диспансерлік тіркеуде тұрған 9 мыңнан астам адам бар. Ауруға шалдығу 100 мыңға шаққанда соңғы 10 жыл ішінде 3,3 есеге, ал өлім­нің 5,4 есеге төмендегенін айтқан ол туберкулезді диагнос­тикалау мен емдеудің Қазақстан азаматтары үшін толық тегін атқа­рылатынын, ал 2018 жыл­дың 1 қаңтарынан бас­тап тұруға ықтиярхаты бар тұлғалардың да сондай құқыққа ие болатынына тоқталды.

Денсаулық сақтау минис­­трлігі Медициналық кө­мек­ті ұйымдастыру депар­таментінің директоры Лаура Ахмет­ния­зова елімізге жыл сайын 300 мыңнан миллионға дейін келетін еңбек мигранттарының 15 пайызының ту­беркулез, АИТВ (СПИД) сын­ды жұқ­палы ауруларға шал­ды­ғу мүм­кіндігін тілге тиек еттті.

Жағымды жайтты да айта кеткен ләзім. Туберкулезді анық­­тау бойынша жүргізілетін шаралар Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымының ұсы­нымында 70 пайыз болуы көрсетілсе, елімізде бұл көр­сет­кіш 80 пайызды құрады, тубер­кулездің дәрілерге тө­зімді формаларын емдеуде де ай­тарлықтай жетістіктер бар. «Бұл аурумен күресте қо­ғам мүшелерінің түсінуі мен белсенділігі өте маңызды. Егер бірнеше жыл бұрын екі ҮЕҰ ғана бізге көмекке келсе, қазір олардың саны 12-ге жетті. Азаматтардың туберкулезден толық айығуға болатынын білуі маңызды. Тіпті елімізде төзімді формаларымен күресте жақсы нәтижелер байқалды. Ол Үкімет тарапынан өте жоғары сапалы препараттардың сатып алынуының арқасында жүзеге асты» дейді М.Әбенов.

Астанаға жиылған алқалы топ еңбек мигранттарында ауру анықталған жағдайда елден шығарып жібермей, ем­деуді бастап кетудің маңыз­дылығына тоқталды. Себебі еңбек мигранты шет жерде жүрген шамалы уақытында ақша тапсам дейді. Ал егер ауру анықталған күні елден шығарыласың десе олар тексерілуден бой тасалаудың жолын табады. Сондықтан еңбек мигрантының уақытша кел­ген мемлекетінде де, кейін еліне қайтқанда емді жалғастыра аламын деген сені­мінің орнауы да маңызды деген пікірлерін жеткізді.

 Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»