Аймақтар • 08 Қаңтар, 2018

Қазақ мектебінің ашылуына себепкер болған Тойкен Сүтемгенов

818 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Науырзым ауданының орталығы Қарамеңдідегі Жамбыл қазақ орта мектебі қазір Қостанай өңіріндегі айтулы білім ошақтарының бірі. Бұл мектептің аз ғана болса да әсерлі тарихы бар. Қазақ мектебі бұрын облыс орталығынан автобуспен оншақты сағат жүріп жететін Қайғы деп аталатын қазақ ауылында болатын. Сол мектептен түлеген жүздеген түлек кейін өмірдің сан саласында білікті маман, айтулы азамат болып қалыптасты. Солардың бірі – Тойкен Сүтемгенов еді. 

Қазақ мектебінің ашылуына себепкер болған Тойкен Сүтемгенов

Ол 1968 жылы Қарағанды педа­гогикалық институтын бі­тір­геннен кейін, Науырзым ауда­ны орталығындағы орыс-қа­зақ аралас мектебіне мұғалім болып орналасты. Физика-мате­ма­тика пәнінен білікті мұғалім және істі үйіріп әкететін ұйым­дас­тыру­шылығы болған соң, мектеп ди­ректорының оқу-тәрбие ісі жө­ніндегі орынбасарлығына жо­­ғарылатылған еді. Науырзым қа­зақы жер дегенмен, аудан ор­та­лы­ғында орыс тілді жұрт көп тұратын. Сондықтан өткен ға­сырдың 80-ші жылдары қазақ тілі есіктен қарап қалғанда бұл өңір­дегі қазақ тілінде білім бере­тін мектептердің жағдайы облыс, аудан басшылары үшін ал­дыңғы орында тұратын мәселе емес еді. Науырзым ауданының орта­лығында қазақ мектебі болмайтын, балалар орыс-қазақ аралас мектебіне баратын. Ана тілдің жағдайы нашарлаған сайын адам­дар көңілінде бір алабұртқан ма­засыздық да шаң беріп қоятын. Ол көбіне жұрттың көңіл-күйге бе­ріліп, қызулана айтқан сөзінен әрі ас­пайтын, іштен тыну ғана бар-тын.

Аралас мектепте оқитын оқу­шылардың дені қазақ балалары. Неге қазақ мектебі жоқ? Осы мәселені көптен ойланып жүр­­ген мектеп директорының орын­­басары Тойкен Сүтемгенов бірде 1979-1984 жылдарға 10-шы шақырылған КСР Жоғарғы Ке­ңесінің облыстан сайланған де­путаты Геннадий Сергеевич За­харовқа барды. Ол Соколов-Сарыбай кен байыту комбина­ты­нда экскаваторшылар бригадирі болып істейтін. Еңбекпен көте­рілген, қарапайым орыс адамы еді. Осы депутатқа өздері бір жыл бұрын өткен сайлауда дау­ыс берген болатын. Төкеңнің бойында мәмі­легерлігі де жаман емес еді. Геннадий Сергеевичті іздеп келіп, әңгімені әріден қайырып, қазақ ауылындағы балалардың ана тілінде білім алғысы келетінін, оған бала саны артығымен жетіп тұрғанын, орыс тілділер көп ортада бала орысша білмей қал­майтынын айтып, түсіндірді. Өз алдына ғимарат болса, аралас мектептегі қазақ сыныптарын бір мектеп етіп ашуға толық мүм­­кіндік бар еді. Қарапайым Геннадий Сергеевичке  алыс аудан­­нан келген мұғалімнің сөз саптасы ұнап қалды ма, оның айт­қан уәждерінің барлығын қабылдады. Ол кезде КСРО Жо­ғарғы Кеңесі депутатының сөзі жерде қалмайды, ол тез ара­да іске кірісіп, шалғайдағы ауыл мек­тебінің жайын көтерді де, 1981 жылдың бюджетіне енгізіп жібер­ді. Көзді ашып-жұмғанша мектеп құрылысы басталды да кетті, балалар 1982 жылы сәулетті жаңа ғимараттағы қазақ мектебінде сабақ бастады. Бұл қызыл им­перияның түкірігі жерге түспей тұрғанда, қарапайым мұғалімнің біліктілігі, білімділігі әрі батыл ісі еді. Тойкен Көпейшеұлы қазіргі бәзбіреулердей байбалам салған жоқ, айқай-ұйқайға апарған жоқ, барлығын мақтамен бауыздағандай етіп, үлкен істі үндемей жүріп-ақ бітірді. Жаңа мектепке жыр алыбы Жам­былдың есімін берді, өзін жергілікті атқа­рушы билік директор етіп тағайын­дады. Ашылуына өзі себепкер болған сол білім ошағын 1982 жылдан 2012 жылға дейін 30 жыл басқарды. Сонау шалғай жатқан Науырзым ауданы орта­лығындағы осы мектепте қазір 630 бала білім алып жатыр. Ал облыс өңіріндегі өзге ауыл мек­тептерінің қайсысында да оқушы саны 300-350-ден аспайды, мұндай көрсеткіш саусақпен санарлық.

Ол мектепті басқарған жылдары білім ошағын үздік бітіріп, «Ал­тын медаль», «Алтын белгі» алған түлектер аз болған жоқ. Ел­басы айтатын бәсекеге қа­білет­­­тілік деген ұғымды Той­кен ұс­таз балаларды білімге ынтық­ты­рудың тамаша құралы деп есеп­тейтін.

– Есімде, 90-шы жылдары рес­публикалық «Сиқырлы қазан» деген телевизиялық білім сайысына біздің мектептің оқушыларын Тойкен Көпейшеұлының өзі ер­тіп барды. Біздің балалар сол сайыс­тан бірінші орын алып, облыс на­мысын қорғап келген еді, – дей­ді мектеп мұғалімі Жангелді Қардыбайұлы.

Ардагер ұстаз әлі де мектептің жұмысынан құлағдар болып оты­рады, жетістігіне қуанады. Мұға­лім­дерге ақыл-кеңесін де айта жүреді.

– Тойкен аға – көпшіл кісі. Ол педагогикалық ұжымда «біріміз – бәріміз, бәріміз біріміз үшін» деген ұстанымды қалыптастырған еді. Бір сыныптың көрсеткіші нашарласа барлығымыз соны уайымдап, көмекке жүгіретінбіз. Мек­тепте бір мұғалім ауырып қалса немесе бір қиындыққа душар болса барлығымыз со­ның қасынан табылатынбыз. «Түсі­нісіп жұмыс істемей, табыс болмайды. «Жалғыз ағаш орман емес, жалғыз адам қорған емес» деген, педагогикада жалғыз шауып бәйге алу міндет емес, айна­лаң дұрыс болмаса, сенің жеткен жетістігің еш­нәрсені өзгерте алмайды» деп оты­рушы еді. Ұжым сондай тату бол­ды, – дейді Жангелді Қарды­байұлы.

Қарт ұстаздың қалып­тастырып кеткен дәстүрі үзілмей келеді. Ол мұғалімдерден баланың білімге деген құштар­лығын оятуды талап ететін. «Бала­ның мүмкіндігін біз айтып бере алмаймыз. Ол керек десең тау қопарады. Сенің мін­детің, баланың бойындағы бұлақ көзін ашу» деп отыратын. Міне, Жамбыл орта мектебіндегі мұға­лімдердің ізденісі осы жерден басталатын. Олар балаға қалай түсіндіремін деп емес, баланың сабаққа ынтасы үшін жұмыс істейтін. Тойекең кез келген мұ­ғалім балаға үлгі, өнеге, бедел болуы тиіс екенін де ескертуден жалықпас еді. Ал ұстаздың сөзі мен ісі алшақ кетпейтін. Өзі де ұжым­дағы барлық мұғалімге, оқушыларға үлгі-өнеге болатын.

Жамбыл мектебінде жарысқа құрылған қызықты шараларды көптеп ұйымдастыру Тойкен Көпейшеұлы қалыптастырған дәстүрдің бірі. Жарыста ұстаздың да, оқушының да ізденісінен тамаша істер туатынын білікті директор ілкімділікпен байқаған. Ол мектеп директорлығымен қатар аудандағы қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысты. 1994-2003 жылдар аралығында Науырзым аудандық мәслихатының депутаты болды. Аудан экономикасы мен әлеуметтік өміріндегі өзекті мәселелерді көтеріп, олар­дың шешімін табуына да бір кісідей атсалысты. Тойкен ақсақал жолдасы екеуі 5 бала тәрбиелеп өсірді. Олар да өмірдің түрлі саласынан өз орнын тапты. Қазір немере сүйіп отырған бақытты ата. Тойкен ақсақалда марапат көп. Соның ішінде 1990 жылы алған «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісін, 2001 жылы алған Елба­сының «Алғыс хатын» ерекше көреді. Ол ұжымда «мұғалім үшін шәкірті қадірлейтін ұстаз дәрежесіне көтерілуден артық марапат жоқ» деп отыратын. Ардагер ұстаз әлі сол пікірінен айныған жоқ.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы,

Науырзым ауданы