Аймақтар • 08 Қаңтар, 2018

Солтүстік Қазақстан аграршылары министрлік ұсынысымен келіспейді

313 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

300-ден астам отбасы орналасқан Заградовка елді мекенінде тұрғындар үшін барлық әлеуметтік жағдайлар жасалған деуге болады.

Солтүстік Қазақстан аграршылары министрлік ұсынысымен келіспейді

Төрт жылдан бері жұмыс істеп тұрған қазандық 65 баспананы жылумен қамтамасыз етеді. 2016 жылы ашылған хоккей корты  балалар үшін нағыз спорт алаңқайына айналған.  Сыйымдылығы 10 мың тоннаны құрайтын астық қабылдау кәсіпорны германдық  қондырғылармен жабдықталған.

Іргелі ауылдың тыныс-тіршілігімен танысқан Парламент Мәжілісінің депутаттарына   айтар өтініш-тілектер аз болған жоқ. Мәселен,  «Прометей Агро» ЖШС-нің директоры Юрий Шоль  Ауыл шаруашылығы министрлігінің тұқым шаруашылығы картасына енгізілген  10 жылдан астам уақыттан бері қолданылып келе жатқан тұқымдар сорттарын субсидияламау туралы ұсынысымен келіспейтінін жеткізді.  Өңірлердің  климаты, топырақ құнарлылығы  әрқилы  келетіндіктен, жергілікті жағдайды жете ескерген жөн. Теріскейдің қатал ауа райына аудандастырылған  сорттар көп жыл бойы  жақсы өнім беріп келеді. Бір сортты жерсіндіру  көп уақытты қажет етеді, деді ауыл шаруашылық маманы.  Халық қалаулысы Сергей Звольский  карта мақсаты астық шығымдылығын арттыруды көздейтінін, нақты шешім әлі қабылданбағанын, бұл бастаманы аграршылар қолдап отырмағанын айтты.

Агроқұрылым жетекшілерімен өткен кездесуде егіншілік саласындағы  түйткілдер жан-жақты сөз етілді. Елімізде тракторлардың 46, комбайндардың  70 пайызы ескірген.Министрліктің техникалық жаңғыртуға арналған картасында инвест субсидиялар арқылы машина-трактор паркін жаңалаудың  жеңілдікті жолдары қарастырылған. Көкшетау машина жасау зауытында «Акрос» комбайндарын құрастырып, отандық техникаларға басымдық берілетін болады.

Мәжілісмен Владислав Косаревтың  айтуынша қосалқы шаруашылықтар кооператив құрамына енсе, ұтары мол болмақ.   Жиналған өнімді бірігіп өткізуге, санын да, сапасын да көбейтуге  мүмкіндіктер тудырылады.  Ауылдықтар жұмыспен қамтылады. Өндіріс ошақтары құрылады.

Кадр тапшылығына байланысты сауалға  Мәжіліс  депутаты Юрий  Тимощенко былай деп жауап берді: «Елімізде тегін кәсіптік-техникалық білім беру  бағдарламасы қабылданған.  Жобаға қатысу арқылы жұмысшы  мамандығын алам деушілерге жол ашық. Бұл  орайда жұмыс берушілер мамандардың  әлеуметтік мәселелерін шешуге мүдделі болулары тиіс.

Парламент Мәжілісінің депутаттары жұртшылықтың өтініш-тілектерін зейін қоя тыңдап, тиісті орындарға жеткізуге уағдаласты.

Өмір Есқали,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы

 Есіл ауданы