Әлем • 09 Қаңтар, 2018

Қандастарымыз БҰҰ-да қызмет етеді

863 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Беделді халықаралық ұйымдарда қызмет ету арқылы еліміздің атын шығарып жүрген қазақстандықтар аз емес. Солардың бірі – Ғалымжан Кирбасов. Ол БҰҰ-да жұмыс істейтін санаулы қазақтың бірі. 

Қандастарымыз БҰҰ-да қызмет етеді

– Ғалымжан, Біріккен Ұлттар Ұй­ымы қарапайым қазақ баласы үшін бағындырмас белес секілді. Ал әлемге әйгілі Ұйымда қыз­мет ету мүмкіндігіне қалай ие бол­ды­ңыз?

– Жалпы, БҰҰ-ға жұмысқа ша­қыру туралы ақпарат өте көп. Ұй­ым өзінің сайтында бос орындарға бай­­қау жариялап тұрады. Онда жұ­мыс­қа алу тәртібі қалай жүретіні жайлы мәліметтің бәрі ескерілген. Бірақ бос орындар жөніндегі ақпаратты бы­лайғы жұрт көп біле бермейді. Өйт­кені Қазақстанда БҰҰ-дағы бос орын­дарға қатысты ақпарат тым аз. АҚШ-та оқып жүргенде біздің уни­верситеттің студенттері БҰҰ-ға тә­жі­ри­беден өтуге барып тұратын. Ол жақ­тан түрлі саладағы сарапшылар мен мамандар келіп, лекция оқитын. Қо­ғамдық шараларға қатысып, өзара ты­ғыз әріптестік орнатқан. Соның нә­ти­жесінде студенттер БҰҰ-ға жұ­мыс­­қа орналасуға мүмкіндік алатын.

Білімімді ұштау мақсатында АҚШ-қа магистрлік білім алуға аттан­дым. Кейінірек докторантурада оқып жүргенімде БҰҰ-да өндірістік тә­жірибеден өтудің сәті түсті. Ұйым­ның бас ғимаратында жаңадан құры­лған «БҰҰ-ның бейбітшілікті қол­дау миссиясы жөніндегі жоғары дең­гейлі тәуелсіз панелінде» бірнеше ай өндірістік тәжірибеден өттім. Панельдің міндеті – Бейбітшілікті қолдау жөніндегі департаменттің жұмыс тәртібін, жоспарын жақсарту және реформа ұсыну. Осы кеңсенің хат­шылығында жұмыс істедім. Өнді­ріс­тік тәжірибе мен үшін БҰҰ-ға қарай ашылған жол болды. Уа­қыт­ша жұ­мыс істеп жүргенде басшы­лар тара­пы менің еңбегімді жоға­ры бағалап, Ұйым­да жұмысқа қа­луға ұсыныс жасады. Айта кетер­лік мәселе, БҰҰ-да білімге де аса мән береді. Егер танымал жоғары оқу орнын аяқтап, жүргізген зерттеулеріңіз көп болса, мұнда жұмысқа тұру мүм­кін­дігі мол.

– Әр жұмыстың өзіндік ауыр­тпа­лығы болатыны белгі­лі. Ал­ғаш­қы кезде қандай қиын­дық­тар кез­десті?

– БҰҰ-ның шиеленісті елдердегі миссиясы әрдайым қауіп-қатерге толы. Ол жақтағы жұмыс штаб-пәтердегі жұмыстан әлдеқайда өзгеше. Мәселен, Сомалиде жағдай тұрақсыз. Біздің міндетке елде саяси институттарды қайта қалпына келтіру, заң жүйелерін қалыптастыру, түрлі деңгейде көмек көрсету секілді жұмыстар кірді. Бұлардың өзіндік қиыншылықтары бар. Сомалиде бірқатар қиыншылықтар кездесті. Елде әлі күнге дейін тыныштық ор­намаған. Террористік топтардың ық­палы бар. Кедейшілік, жоқшылық жайлаған. Әйтсе де БҰҰ-ның қолдау­ымен Африкалық одақтың сарбаздары «Әл-Шабаб» деп аталатын лаңкестік ұйымның тамырына балта шабуға үлес қосты. Ондағы жағдай қауіпті болғандықтан, БҰҰ офисі аумағынан сыртқа себепсіз шығуға рұқсат жоқ. Жұмыс бабымен ғана шығуға болады. Оның өзінде арнайы оққағарлар бірге ілесіп жүреді.

– Қазір БҰҰ-да қандай жұмыс істейсіз?

– БҰҰ-да тәжірибеден өткен соң, Нью-Йорктегі Колумбия уни­вер­си­те­тінде дәріс оқыдым. Әрі док­торлық бі­лімімді жетілдіре түс­тім. Кейінірек жеке консультация­мен айналыстым. Екі-үш жыл бұрын БҰҰ-дан Сомалидегі миссияға және Ұйымның штаб-пәтеріне жұмысқа шақырды. Екі қызметтің арасында таңдау жасау керек болды. Тәжірибеден өткен кездегі әріптестеріммен ақылдаса келе, Сомали миссиясын жөн деп таптым. Сөйтіп артынып-тартынып Африкаға аттанып кеттік. Миссияның мақсаты Сомалидегі түрлі саяси инс­титуттардың құрылуына көмек көр­сету болатын. Біз ел орталығы Мо­га­дишодағы кеңседе жұмыс істедік.

Таяуда Сомалидегі миссиядағы жұмысты аяқтадым. Қазіргі таңда БҰҰ-ның Женевадағы кеңсесінде Си­рия жөніндегі арнайы өкілеттігіне жұ­мысқа орналастым. Алдағы уа­қытта Сирия жөніндегі арнайы ел­ші Стефан де Мистураның кең­се­сін­де саяси істер жөніндегі сарап­шы­лық жұмысымды бастаймын.

– БҰҰ-ға жұмысқа орналасу процесі қалай жүреді?

– БҰҰ құрамындағы әр ұйымның жұ­мысқа алу процесі бөлек. Мәселен, қыз­меткер таңдауда ЮНИСЕФ-те бөлек, БҰҰ Даму бағдарламасы өз­геше бағыт ұстанады. Дегенмен жалпыға ортақ пункттер бар. Ең әуелі жұмысқа тұру үшін интернет арқылы құжаттарды жіберу керек. БҰҰ-ның бос орындарға арналған ар­найы веб-сайты бар. Сонда бүкіл ке­ректі ақпарат жазылған. Кез келген адам өзінің түйіндемесін толтырып, жұ­мысқа ұсыныс жібере алады. Бұл – қи­ын шаруа емес, бірақ түйіндеме то­лтыру кезінде мұқият болған жөн. БҰҰ-ға әлемнің түкпір-түкпірінен өті­ніш келіп түсетіндіктен, бір орын­ға мыңдаған үміткер таласуы мүмкін.

Іріктеуден сүрінбей өткен үміт­керлер келесі кезеңде емтихан тап­сырады. Бұдан жақсы нәтиже көр­сет­к­ендер тағы бір мәрте сынақ тапсырады. Емтиханда ұсыныс жіберген жұмысқа тікелей қатысты сұрақтар болады. Бұл сынақ өте қиын әрі көп оқып, жан-жақты ақпарат жинауды талап етеді. Соңғы кезеңде жоғары балл жинағандарды бетпе-бет сұхбатқа шақырады. Қазіргі таңда әңгімелесу барысы жаңа заманға лайықталып, интернет, скайп, телефон арқылы жүргізіледі. Сұхбат барысында кәсіби деңгейді, топ­пен жұмыс істеуді тексеретін сауал­дар қойылады. Ақыры осы бес кезеңді саралай отырып, ең үздігін жұмысқа қабылдайды. Жалпы, БҰҰ-ның негізгі тілі алтау болғанымен, ағылшынша не французша білу міндетті. Жұмыс ерекшелігіне байланысты да тіл білу талабы өзгеріп отырады. Мәселен, араб тілі басым елдерде арабша міндетті тіл саналады.

– Қазіргі кезде БҰҰ-да, оның бас штабында қанша қазақ жұмыс істейді?

– БҰҰ-ның бүкіл бөлімдерінде қанша қазақ қызмет ететінін дөп басып айту қиын. Бірақ Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде оншақты қазақ бар. Сомалидегі әріптестерімнің айтуынша, БҰҰ-да жұмыс істейтін қазақстандықтардың саны аз көрінеді. Мұның бір себебі – елімізде БҰҰ-ға жұмысқа тұру жөніндегі ақпарат аз. БҰҰ халықпен жұмыс істеуге ынталы. Алда-жалда біздегі университеттер, оқу орындары Қазақстандағы БҰҰ кеңсесімен тығыз әріптестік орнатса, онда жұмыс істейтін қазақтар саны көбейер еді.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»