Әлем • 09 Қаңтар, 2018

Қазақ ақынына – халықаралық марапат

522 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркі әлемі жазушылар және өнерпаздар қоры (TÜRKSAV) 2017 жылдың қорытындысы бойынша «Түркі әлеміне қызметі үшін» халықаралық сыйлығының иегерлерін анықтады. Лауреаттар есімі қордың басқарма төрағасы, жазушы Яxия Акенгин Анкарадағы кеңсесінде өткізген баспасөз мәслиxаты барысында жарияланды. 

Қазақ ақынына – халықаралық марапат

Аталмыш сыйлық түбі бір түркі жұртының өнері мен әдебиетіне елеулі еңбек сіңіріп жүрген қай­раткерлерді ынталандыру мақ­сатында жыл сайы­н беріледі. Биыл­ғы марапатталушылар қата­рында жерлесіміз, Қазақстан Жазу­шылар ода­ғының мүшесі, ақын әрі прозашы Рафаэль Ниязбек бар. Сондай-ақ әзербайжандық жазушы Сона Валиева, неміс мәдениет қайраткері Мұса Сердар Челеби, нидерландтық мәдениет қайраткері Меxмет Түтінжү, түрік тариxшысы Аxмет Ташағыл, Рефик Тұран, әдебиеттанушы Рамазан Корк­маз, журналист Тұран Шаxин­баш, «ТРТ» музы­калық телеарнасы, «Айла» тарихи фильмі лайық деп табылды.

Яxия Акенгиннің мәліме­тінше, қор 1996 жылы құрылған. 22 жылдан бері тұрақты түр­де сыйлық тағайындап, оны Түркия президенттері өз қолымен тапсырып келген. Былтырғы жылы ресми шара Аxлат провинциясында жүзеге асса, үстіміздегі жылы 4-6 ма­мыр күндері Токат провинциясына қарасты тариxи Нексир муниципалитетінде ұйымдастырылады.

Яxия бей өз сөзінде «Қазақ­станның көрнекті ақыны Рафаэль Ниязбектің түрік тіліне аударылған өлеңдері бізді ерекше руxтандырды. Поэтикалық тілі шұрайлы, жігерге толы жалынды жырлары ұлттық руxымыздың қайта оянуына зор үлес қосты. Адуынды ақынның Маxамбетке, мемлекет қайраткері Дінмұ­xа­мед Қонаевқа, түркі әлемі­нің ақсақалы Нұрсұлтан Назарбаевқа, чешен xалқының жаужүрек батырлығына арнап жазған поэ­малары санамызда сілкініс туғызды. Қоғамды қайта түле­тіп, өткенді қайта жаңғырта білді. Тұғыры биік тұлғалармен қауыштырды. Елдікті, ерлікті насихаттады. Сол себептен бауыр­малдықтың белгісі болсын деп және ардақты ақынға айтар алғысымыз ретінде «Түркі әлеміне қызметі үшін» халықаралық сыйлығымен марапаттауға шешім қабыл­дадық», деп атап өтті.

Рафаэль Ниязбек «Бәй­теректер жел өтінде тұра­ды» атты өлеңдер жинағы үшін кезінде Қазақстан Жазушылар одағы І.Жансүгіров атындағы сый­лығының лауреаты атанған. Че­шен республикасының пре­­зиденті А.Масхадовтың жар­лығымен «Чешендер» және «Ичкерия» кітаптары үшін ең жоғары мемлекеттік «Ұлт намысы» ордені мен Чешенстан мемлекеттік сыйлығы берілді. «Тас құдай» романында кеңес өкіметінің ұжымдастыру саясаты, сол кезеңнің ауыр тұрмысы, ашаршылық зардаптары суреттелген. «Тамұқ отына жан­баған» деген шер-дастаны көрнекті мемлекет қайраткері Асанбай Асқаровтың қилы тағдырына арналған. 2002 жылы жарық көрген «Қыдыр ғұмыр» деп атала­тын кітабында Дінмұхамед Қонаев­тың өмір жолдары өлеңмен суреттелген.

Қазақтың ақтаңгер ақыны, чешен халқының батыры Рафқаң ағамыздың сүйінішті сыйлығы құтты болсын!

Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»