Қазақстан • 10 Қаңтар, 2018

Жұлдыздар жарығы: Димаштың қасиеттерінің жарқын қыры - таза қазақылығы

423 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Дүние жүзіне әртүсті құ­была жарқыраған жұлдыз­дай танымал болып, қазақ­тың киелі топырағынан түлеп ұшып, халқымыз­дың ән құдіретін шырқау биік­ке қалықтатқан жас ән­шіміз Димаш Құдайбер­ген­­ге деген ыстық ықыласы­мыз айрықша. Ол сөзсіз Қазақ­­станның айтулы «бренді»: еліміздің атағы мен ән өнерінің даңқын тағы да көз жетпес шыңы­рау биікке еңсеріп тас­тады. 

Жұлдыздар жарығы: Димаштың қасиеттерінің жарқын қыры - таза қазақылығы

Енді танымал «Димаш» есі­мін патенттеп, әнші­міз сол атпен ғана өнер мен бизнес кеңістігінде қадам басуы орынды болар деген ұсыныс жасаймын. Соны­мен, туған жер – киелі ата­­мекеніміздің Димаш­тай дарынды перзентін үлкенді-кішіміз тіл-көзден сақтасын деген тілеудеміз. 

Тың тақырыптың ойын қозғаудың бір тәсілі ретінде әуелі Димаштың тағы да талантына тәнті болған бірнеше ғана шетелдіктердің әсерін еске алайық. Бельгиялық Агнес де Бос: «Қандай күшті дауыс… Құдайдың берген сыйы ғой… Жылап отырмын, көзімнің жасын тыя алар емеспін… керемет… керемет… керемет…»; Солтүстікамерикалық Кристина Дельмендо: «Күлсеңіздер күле беріңіздер, бірақ мен әннің бір сөзін де түсінген жоқпын, есесіне, дауысы қандай тамаша! Тыңдап отырып, көзімді жұмып едім, көңілім босап кетті. Көз жасым бетімнен тарам-тарам боп ағып жатыр. Тілдік кедергі бар болса да, музыка жүректерді біріктіріп, оларды мейірім мен бейбітшілікке үндей алады!»; Франциялық Изабель Шоффетон: «Мен бұл видеоны төрт рет көріп шықтым. ...Мына әнші, сөз жоқ, гений. Нағыз гений!»;

Швециялық Эса Сейтту: «Менің бұл әнді тыңдап отырғаныма бірнеше сағат болды, тіпті тоқтай алар емеспін. Әннің не туралы екенін де білмеймін. Мынау – адамның емес, періштенің дау­сы. Музыка арқылы соғысты тоқтатуға бола ма? Иә, мына жігіт тоқтата алады. Мен әлемнің жеті кереметі туралы естігем, бірақ, мына әншінің ғажайыбы бәрінен асып түсетін сияқты. Мынадай дауысты жаратқан Құдайға енді сенбесіме амал жоқ!». 

Осыларды оқып жүрегіміз жарысқа қосылатын ақбоз аттай тулап, жанартаудан атқылаған оттай жанып, шынайы шексіз қуанышқа бөленді. Димаштың әлі де алдағы жарқын да табысты келешегі мол екендігіне үл­кен үміттеміз.

Бәрімізге белгілі анық бір жайт, ол жүздеген әлемдік эстрада жұлдыздарына көзі тойып, құлағы қанық шет мемлекет­тер­дің тыңдар­мандарын «таңдай қақтыру» оңай емес, бірақ Димаш оларды аса әсерлі сезімге бөлегені жүрекжарды сөздерінен есіп тұр ғой. Осының бәрін айта келе, ұлтжанды қазақтың қабыр­ғасын қайыстырып жүрген өзекті де айдай анық тақырыпқа ойы­сайық. Менің күнделікті көзім көріп, пайымым нық болып жүрген болжамым бойынша қазақ жастарының көпшілігі ана тілінде сөйлеп, ана тілінде кітап оқымайды. Ынтасы жоқ. Қайда барсаң да, қазақша сұрағыңа орысша жауап береді.

Осы жағ­дайдың түрлі себептері бар. Олардың бетін ашып, анықтау басқа тақырыптардың үлесінде. Ал бұл орайда ана тілі мәселесін «Димаштың феноменімен» ұштастырудың айқын негізі бар. Енді сол туралы сөз қозғайық. Димаштың әлемді таңдандырған сиқыры мол дауысы, оның бір басына Тәңірдің берген «көздің жауын алатын» жарқын жүзі, сырт көзге ұшырайтын ізет пен әдептілігі, бойына ойы сай келген сұңғақ денесі – бәрі де әр адамның асқақ арманындағы болмыс-бітім. Сонымен Димаш қалың өрімтал жасөспірімдердің, жалпы жастардың алып-ұшты жалындаған көкейлеріне қонатын қиялдарындағы бейне. Ол орынды да. Димаш әркімнің де қиял қанатына қондыратын жан-жақты дарынды жан. Осыған орай, оның қасиеттерінің тағы бір жарқын қырын көрсете кету, үлгі етуге ләзім екенін айту үлкен адами парыз. Ол Димаштың табиғи таза қазақылығы.

Ол ана тілін – қазақ тілін мейлінше ардақтайтын ұлан екенін терең де тыңғылықты түсінген, бойына терең сіңдірген. Ол домбыра немесе оркестрдің сүйемелдеуімен қазақша мүдірмей және табиғи ырғақты айтатын әндерін былай қойғанда, сөйлеген сөздерінен ешқандай жасанды қымсынбай, ой-пайымдарын ана тілінде өте жетік жеткізеді. Адам баласына ауа қандай қажет болса, Димашқа өзінің ана тілі сондай қажет. Осы ақиқатты да Димаш өзінің өнерімен, күнделікті болмысымен айқындап тұр. 

Нақыпбек СӘДУАҚАСОВ, 
заңгер 
 

Соңғы жаңалықтар