Театр • 11 Қаңтар, 2018

Актрисаның аппақ әлемі

1238 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Спектакль аяқталды. Шымылдық жабылды. Актриса сахнадан ақырын ғана жылжып, бұрылып артына қарады да тұрып қалды... Құлағы шуылдап қоя берді. Жаңа ғана осы аядай жерде қаншама шырғалаң, шырмауық тағдырлардың тартысы, жүректің жасы, жеңу мен жеңілу, етпеттеп құлап, қайта тұру, сыбызғы сезім, сырнай күлкі сылқ-сылқ еткендей ме, махаббат әні... Бірде жаңбыр, кейде нөсер... Найзағай жарқылдап, отша лапылдаған толассыз, ессіз сезімдер тізбегі әлі шуылдасып жатқандай... Спектакль аяқталып, кетіп бара жатқан актриса артына бұрылып қараған сәтте сахнада жан бардай сезінді. Сахна мен актриса бірге ақырын ғана күрсінді... Актриса жымиып: «Кездескенше, менің киелі сахнам...» деп тез-тез басып шығып кетті. Бұл ғажайып күйді кешіп, саналы ғұмырын өнерге арнаған жаны сұлу, терең, талантты актриса Бақыт Арғынғазықызы Исабекова еді. 

 

Актрисаның аппақ әлемі

...Актрисамен кездесуге қала кеп­телісінен әрең жеттім.

– Өз өмірімді театрсыз елестете алмаймын, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актрисасы Бақыт Исабекова. Актрисаның грим жасайтын бөлмесінде алдын ала келіскеніміз бойынша сұрағымды қоя бастадым. 

– Бақыт апай, өзіңізбен көптен бері әңгімелессем бе деп едім. Сіз үнемі спек­такльге дайындалып жүресіз, одан қалды кино түсіру алаңында боласыз. Кеше кешкісін өзіңіз телефон шалып, ертең спектакльден кейін әңгімелесейік дегенде, шынымды айтсам, қуанғаным соншалық таң атқанша көз ілмедім. Ойлар жетегінде болдым. Сонау бір жылдары Семейдің Абай атындағы театрында жұмыс істеген кезіңізде сомдаған әр кейіпкеріңіз тізбектеліп көз алдымнан өте берді, өте берді...

– Тыңдап отырмын, сұрағыңды қоя бер, – деді актриса жүзі күлімсіреп.

– Астанадағы театрға қалай келген едіңіз? 

– Ол кезде Целиноград қаласы бола­тын. Осы жерде Қазақ театрын ашуға келген қазақтың біртуар азаматы, режиссер Жақып Омаров ағамыз ар­найы шақырды. Жолдасым, актер Сә­кен Омаров екеуміз екі баламызбен 1990 жылы Семейден қоныс аудардық. Осы театр құрылған алғашқы күннен бас­тап атсалысып, алғашқы қойылым Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» спектаклінде Сәкен Сердәлі рөлін сомдап, мен Ақтоқты рөлінде ойнадым. 

– Ең алғаш киелі сахна сізді қалай бауырына басты? 

– 1982 жылы Алматы мемлекеттік театр және көркемсурет институтын бітіргеннен кейін, Семейдің Абай атындағы музыкалық драма театрына жол тарттым. Ол кезде Семей театры­ның бас режиссері, Қазақстанның ха­лық әртісі Есмұхан Обаев еді. Семей теа­тры­ның бағы жанып, аты дүрілдеп тұрған тамаша кезең болатын. Арнайы диплом болғанымен, тәжірибе аздау. Осы кезде Семей театрының үлкендері ақылдарын айтып, жандарына жақын тартқан кездерін ұмыта алмаймын. 

Есмұхан ағамыз өмірде қарапайым, жұмсақ адам болғанымен, сахнада өте қатал адам дер едім. Талабы өте жоғары. Өзінің кәсіпқой режиссерлығымен Се­мей сахнасында алғаш қойылған «Ай­ман-Шолпан» спектаклінде Шол­панды ойнадым. Сондықтан бұл рөл маған өте ыс­тық. Семейде көптеген қойы­лым­дарда ойнап, Целиноград жеріне ысылып келген едік. 

– Дәстүрлі бір сұрақ болсын. Өнерге құштарлығыңыз қай кезден басталды?

– Әрине бәріміз де бала болдық, ауыл­да өстік. Семейдің Шұбартау деген жеріне әкем жоғары жақтың нұсқа­уы­мен аудандық сот болып барған еді. Әкем заң саласының маманы бол­ға­нымен, тарихты да, әншілікті де қатар ұстаған. Қиссаларды жатқа айтатын. Есімде қалғаны үйге өнер адамдары өте көп келетін. Әкем жарықтық домбыра шер­тетін, ескінің әңгімесін өте көп білетін. 

Содан бір күні Семейдің облыстық театры «Қыз Жібек» қойылымымен Шұбар­тауға келді. Мен баламын ғой, әке-шешеме еріп, «Қыз Жібек» қойы­лы­мына барайын. Ертеңінде ыстығым көтеріліп, ауырып жатып қалсам керек. Үшінші күн дегенде мен орнымнан тұ­рып, әкеме: «Маған сахна жасап бер!» деген екенмін. Содан «Абай театры» деген жазуы бар матаны қораның маңдайшасына іледі. Осыдан бастап, мен кәдімгі «Қыз Жібекпін». Батырды да, сұлуды да өзім ойнаймын. Баланың қылығын қызық көре ме, маңайдағы көрші-қолаң, ұсақ балалар бәрі жиналып, күнде менің «спектакліме» келеді. Мамамның біркиер көйлектерін алып шығамын. Қазіргі тілмен айтқанда сахналық «реквизит» сияқты. Менің өнер сахнасына алғашқы қадамым осылайша ауыл сахнасынан басталған.

– Мектеп бітірген соң Алматыға театр институтына құжат тапсыруға аттандыңыз...

– Бірден әке-шешем өнер саласына баруымды мақұл көрген жоқ. Алматыға медициналық институтқа құжат тапсыруға әкем апарды. Мамам болса, осыдан қызым дәрігерліктен басқа оқуға барса «менен жақсылық күтпеңдер!» деп шығарып салып еді. Алматыға барысымен қазақтың әйгілі скрипкашысы Әйткеш Толғанбаевтың үйіне түстік. Ол кісі әкемнің ағасы болып келеді. Өте жақсы адам еді, жа­рық­тық. Әлі есімде, әкем екеуі түні­мен әңгімелесіп, елдің-жердің жағ­дайын сұрасып, қисса айтып, шер тарқатысып еді. Біз демалыс күн­дері барып қалыппыз. Арада үш күн өткен­нен кейін құжат тапсыруға жинала бастадық. Әйткеш аға әкемнен анықтап қайта сұрады. «Мединститутқа» деді әкем қысқа қайырып. Үндемей тұр­ған менен сұрады. Қайдан бойыма ба­тылдық біткенін білмеймін, «актриса болғым келеді» деп айтып қалдым. Әйткеш аға ойланып, бөлмені кезіп жүрді де «Адамның арманы алдамайды, бала­ның бағын байлама, қарашы көзі жанып тұр ғой қызымның» деп маған күле қарады. Әкем жарықтық «Ойбай-ау, Әйткеш аға-ау, үйге барғаннан соң, келініңіз мені үйге кіргізбейді ғой» деп күлді. «Ау, Ағаш, уақыттың ағысын қара. Өмірдің ең биігіне арман ғана жетелейді, арман ғана шығарады. Өнерде қасиет бар, кие бар, ал қасиет адам­ға қанат бітіреді. Ал, қызым, саған батамды бердім. Әкеңді үйге қалдыр да өзің барып, құжатыңды тапсыр», деді. Сөйтіп Әйткеш ағаның батасымен Алматы мемлекеттік театр және көр­­кемсурет институтының студенті атандым. 

– Өнердегі алғашқы ұстаздарыңызды айта кетсеңіз? 

– Үлкен өнер оқу орны қабырғасында жүргенде Ыдырыс Ноғайбаев, Рабиға Қаныбаева, Гүлжаһан Жанысбаева сын­ды керемет ұстаздардан сабақ алдым. Олардың білімі, берген тәрбиесі өмі­ріме азық болды. 

– Ақмола жеріне табан тіреген кезде қиыншылықтар болған жоқ па? 

– Шынымды айтайын, Сәкенім жанымда болғанда, әріптес достарымыз болғанда, қиындықты елемегеніміз де шындық еді. Бағымызға қарай, адам жанының «инженері», сахнаның ака­демигі Жақып Омаровтың қолына түстік. Жақып ағай бізді өзінің достарындай, құрбы-құрдасындай көретін еді. Ол кісі шіркін, нағыз майталман еді ғой, жарықтық. Өте психолог, білімпаз, көреген адам болатын. Бірде әзіл-шыны аралас, театрдың бір актер жігіті: «Жақа, осы біз театрдың әртістеріміз. Ауыл-ауылды мына «Кубаньға» отырып кеземіз де жүреміз. Айлығымыз болса шайлықтан аспайды.

Жатақханада тұра­мыз. Бұл не жанкештілік?» десе, Жақып аға ақырын күліп: «Сенің айтып тұрғаныңның бәрі рас, ол ой менде де бар. Театр – халықтың болашағы. Сонау Семей жерінде Ойшілікте, далада киіз үйді тігіп, «Еңлік-Кебек» пьесасын қойғанда Мұхтар Әуезов қазақтың өнерінің бола­шағына сенім артқан ғой. Әуезов бол­масақ та Ақмоланың айналасындағы қа­зақ көрермендерін сахнаға келтіруге кү­ш салуымыз керек. Ол үшін неге ауыл­ауыл­ды, жер-жерді араламаймыз. Бұл – Ақмола Целиноград болғаннан бері, қымыз сапырылып, домбыра тартылып, ән шырқалмаған, тек орыстың частушкалары ғана шыр­қалған жер» деп еді. Содан Жақып ағаның ұйымдастыруымен жер-жерде дала сахнасы қойылымдары сахналанды. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында қазақтың хас батырларының мерейтойлары тойлана бастады. Біздің жігіттер ат құлағында ойнап, дала сахнасында тарихи спектакльдерді бірінен соң бірін қойды. Әрине қазақтың жү­регі даламен егіз. Әр қойылымда ауыл-ауылдан халық көп жиналушы еді. 

– Менің білуімше, сіз қазақтың май­тал­ман режиссері Әзірбайжан Мәм­бе­тов ағамыздың таңдауымен бірнеше рөл сомдаған екенсіз... 

– Иә. 

– Қызыңыз Марал кино саласында жақсы жобаларға қатысып жүр. Ма­ралдың әр қадамын қуанышпен бақылап отырамыз. 

– Рахмет! Маралтайым осы өнердің саласында жүріп, Тайландқа дейін барып, бірнеше жобалардың басы-қа­сында болды. Ол өзіне тәжірибе жи­нақтап, білімін жетілдіру үстінде. Ұлым Еркебұлан банк саласының қыз­меткері. Бір қуанарлығым, осы Аста­наның алғашқы тәуелсіздік күнде­рінен бастап куәгерлері. 

– Сіз кино саласында да еңбек етіп келесіз. Осы уақытқа дейін қанша кино­ға түстіңіз? Сізге театр саласы қымбат па, әлде кино дұрыс па?

– Әрине, театр саласы... 

– Мен сізді білгеннен бері үнемі Фариза апамыздың өлеңдерін оқып жүресіз. 

– Фариза апам – құбылыс, қайталан­байтын тұлға. Қазақтың қара өлеңіне Алла берген ырыс-береке дер едім. Ол бүкіл қазақпен жақсы араласқан адам. Өйткені ол кісіні облыс, аудан, ауыл, жал­пы қазақ білетін еді ғой. Жаны жай­саң, жастарға қамқорлығын аямаған кісі...

– Фариза апамызбен жақын аралас­тыңыз ба?

– Ол кісімен бір жүздесу, сырласу бір ғұмырға татитын еді ғой. Мен ақын апаммен жақын танысты. Фари­­заның «Күйші Дина» пьесасында Жантолы рөлін ойнадым. Жантолы Фариза апамның өзі деп ойлаймын. Әри­не бұл менің жеке пікірім. Фариза Оңғарсынованың ақын сіңілілері көп-ақ. Бәрі шетінен оқырмандарын терең жырларымен сусындатып жүрген ке­ре­мет жандар. Фариза апамыз еш­кімді ел-жерге бөлмейтін, талантты ғана сыйлайтын адам еді ғой. Елена Әбді­халықованың өнері мен таланты неге тұрады?! Ол нағыз Фаризаның жолын қуған сіңлісі деп айтар едім. 
– Бақыт апай, сіздің режиссерларға көзқарасыңыз қалай? 

– Әрине пьесаға жан бітіріп, көрер­мендерге жеткізетін режиссер. Өз басым ол жағынан бақыттымын. Әзір­бай­жан Мәмбетов, Кәукен Кенжетаев, Есмұхан Обаев, Жақып Омаров, Болат Ұзақов, Талғат Теменов, Нұрлан Жұма­ниязов сынды режиссерларға алғысым шексіз. 

* * *
Біз далаға шықтық. Аспаннан жапа­лақ-жапалақ қар жауып тұр. Қата­ры­мызда келе жатқан бейтаныс бозбала ұялы телефонмен сөйлесіп келеді. «Жеңеше, мен кездесуге келе жатырмын. А-а, гүл алуды ұмытып кетіппін. Барып ал дейсіз бе, кешігемін ғой, тұрмысқа шық деген ұсыныс айтамын. Сізге осы қыздан артық абысын керегі жоқ». Бізге жігіттің сөзі ап-анық естіліп тұр. 

Әсем Астана жылдың төрт мезгілінде де табиғаттың ерекшелігімен салтанат құрады ғой. Жап-жарық қала. Жар­қын өмір... Бір кезде актриса жігітке күле қарап: «Айып етпе, балам, дауы­сың анық, жақсы естіліп тұр бізге, менің Еркебұланымдай бала екенсің, мына гүл сендерге», деп өзінің гүлін ұсынды. «Бұл көрермендердің алғысы, бақытты болың­дар, айналайын!..». Жігіт қуан­ғанынан жүгіре жөнелді. Қолында гүл. Қар жауып тұр... Аппақ әлем.

Біз қоштастық.

...Аппақ әлемге қарап тұрып актриса не ойлады екен?.. 

Гүлмира КЕҢЕСБАЕВА