Әлем • 11 Қаңтар, 2018

Рохинья қақтығысы: Мьянма әскері кісі өлтіруге қатысқанын мойындады

296 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мьянма әскері Ракхайн штатындағы қақтығыстар кезінде адам өлтіруге қатысқанын мойындады. Баяндамада айтылғандай, қауіпсіздік күштерінің 4 мүшесі Инн Дин ауылында 10 адамды өлтірген, деп хабарлады ВВС. 

Рохинья қақтығысы: Мьянма әскері кісі өлтіруге қатысқанын мойындады

Мьянма журналистер мен сырттан келген тергеушілерге Ракхайндағы жағдайды зерттеуге тыйым салған болатын. Ал өткен айда әскерилер Инн Диннен табылған 10 адамның мәйітін зерттейтінін айтты. Тергеу нәтижелерінде кісі өлтіру жағдайы 2 қыркүйекте болғаны анықталды. 

"Бұл рас. Ауыл тұрғындары да, қауіпсіздік күштері де 10 бенгал терроршысын өлтіргенін айтты. Әскер адам өлтіргендерге және ереже бұзғандарға қатысты барлық жауапкершілікті өз мойнына алады", делінген хабарламада. Бұл Мьянма қарулы күштерінің осындай жағдайларды алғашқы рет мойындауы. 

Естеріңізге сала кетсек, Мьянма Ракхайн штатында этникалық "тазалау жұмыстарын" жүргізіп жатқаны үшін айыпталуда. Елдегі жаппай зорлық-зомбылық кесірінен 650 мыңнан астам адам Бангладешке қашып кеткен.