Қысқы спорт • 11 Қаңтар, 2018

Қысқы Олимпиада: Көк ту Пхенчхан аспанында желбіресін

848 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Санаулы күндерден соң Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында төрт жылдықтың басты додасы – Қысқы Олимпия ойындары басталады. Осыдан бірер күн бұрын Мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру комитеті төрағасының орынбасары Серік Жарасбаев Пхенчхан Олимпиадасында Қазақстан туын шорт-трекші Абзал Әжғалиев ұстап шығатынын мәлімдеді. 

 

Қысқы Олимпиада: Көк ту Пхенчхан аспанында желбіресін

«Біздің спортшылар Пхен­чхан­да өтетін Олимпия ойын­­да­рына спорттың тоғыз түрінен 50-ден астам лицензия алуды жос­парлап отыр. Қазіргі таңда спорт­тың төрт түрінен 33 лицензия жеңіп алды. 10 жолдаманы биатлоншылар, онын шорт-трек­шілер, үшеуін мәнерлеп сырға­наушылар және 10 лицензияны конькимен жүгі­ру­шілер иеленді. Жалпы, біз спорт­тың тоғыз түрінен қатысуды ой­ластырып отырмыз. Олардың қатарында трамплиннен секіру, шаңғы қоссайысы, фристайл бар. Шорт-тректен Қазақстан құ­рамасының спортшыларын ерек­ше атап өткім келеді. Олар барлық лицензиялық турнирлерде бақтарын сынап, жақсы көрсеткіш көрсетіп, 10 жолдама жеңіп алды. Алдағы Олимпия ойындарында Қазақстан құрамасының туын Абзал Әжғалиев алып шығады. Ол ұлттық құрамада бірнеше жылдан бері өнер көрсетіп келе жатқан спортшы. Сондықтан да ту ұстап шығуға әбден лайықты», дейді Серік Жарасбаев.

Ұлттық құрамамыз тұңғыш рет Норвегияның Лиллехамер қаласында (1994) өткен Қысқы Олимпия ойындарына қатысты. Онда Қазақстан туын трамплиннен секіруші, еліміздің төрт дүркін чемпионы, ТМД елдері кубогының иегері Қайрат Биекенов ұстап шықты. Олимпиадада ол 90 метр­лік трамплиннен секіруде 49-шы орын алса (157,5 ұпай), 120 метр­лік трамплиннен секіруде 58-ші (35,2 ұпай) орыннан көрінді. Қайрат 2001 жылы спорттық карьерасын аяқтап, бапкерлікке біржола бет бұрды. Бүгінде трамплиннен секіруден Қазақстан ұлттық құрамасының бапкері.

1998 жылы Жапонияның На­га­но қаласында жалауы желбі­­ре­ген Ақ Олимпиадада көк ту­­­ды ұстау мәртебесі Лилле­ха­мер­­­де Қазақстан құрама­сы­ның қор­­­­жынына үш жүлде сал­ған шаң­­­­ғышы Владимир Смир­новқа бұй­­­ырды. Владимир Смир­нов Наганода да жүлдегерлер қата­ры­нан көрініп, Олимпиаданың қола жүлдесін иеленді. 1999 жы­лы спорттық мансабын аяқтап, 2000 жылы Халықаралық Олим­пиада комитетінің атқару ко­ми­тетінің мүшесі болып сай­лан­ды. Ал 2002 жылдан 2010 жылға дей­ін Қазақстан биатлон фе­де­ра­циясының президенті қыз­ме­тін атқарды. Сондай-ақ Смирнов 2014-2015 жылдары аралығында «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының бас директоры бол­ды.

АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қа­ла­сында өткен XIX Қысқы Олимпия ойындарында Қазақстан байрағын конькимен жүгіруші Радик Бикчентаев ұстап шықты. Радик Бикчентаев үш Олимпиадаға қатысты (1994, 1998 және 2002 жылдары). Оның Олимпиададағы ең үздік көрсеткіші – 16-шы орын. Бұл нәтижеге ол 1994 жылы Лиллехамерде өткен додада 5000 метр қашықтыққа жүгіруде қол жеткізген. Р.Бикчентаев конькимен жүгіруден қазақстанның үш дүр­кін чемпионы және төрт рет ел біріншілігінің қола жүлдесін ие­ленді. Сондай-ақ 1999 жылғы Қыс­қы Азия ойындарында ал­тын ме­даль алған. Ол бүгінде Қазақ­стан­ның конькимен жүгіру фе­де­рациясының атқарушы дирек­торы. 

2006 жылы Италияның Турин қаласында өткен Олимпиадада еліміздің көк туын хоккейші Александр Корешков ұстады. Туринде өткен бәсекеде хоккей­ден Қазақстан құрамасы іріктеу кезеңінде «В» тобында сынға түсіп, екі ұпаймен алты құраманың ішінде бесінші орын алды. Сөйтіп іріктеуден іркілген құрамамыз Олимпиаданы ерте аяқтауға мәжбүр болды. 

2010 жылы Канаданың Ван­ку­вер қаласында жалауы жел­бі­­реген Қысқы Олимпия ойын­да­рында Қазақстанның туын би­атлоншы Диас Кенешев алып шық­ты. Дегенмен ту ұстаушы бұл дүбірлі додада көңіл көншітерлік нәтиже көрсете алмады.

Қазақстан құрамасы қатысқан соңғы Сочи Олимпиадасында көк туды ұстап шығу шаңғышы Ердос Ахмадиевке сеніп тапсырылды. Ту ұстаған спортшымыз шаңғыдан 15 шақырымдық классикалық стильде жүру жарысында сынға түсіп, мәреге 54-ші болып келді. Ердос Ахмадиев былтыр Жапонияның Саппоро қаласында өткен Қысқы Азия ойындарына қатысып, эстафеталық жарыста күміс жүлде иеленді.

Пхенчханда өтетін Олимпиа­да­да қазақстанның туын шорт-трек­ші Абзал Әжғалиев ұстап шы­ғатынын жоғарыда айтып өттік. Негізі, ту Олимпиадада медаль алуы мүмкін деген спортшыға тапсырылды. Оңтүстік Кореяда Абзал өзіне артылған сенімді ақтап, елге жүлдемен оралады деген үмітіміз басым. Әжғалиев ха­лық­аралық жарыстарға қа­тысып, ысылған, тәжірибесі то­лыс­қан спортшы. Абзал 2016 жы­лы Солт-Лейк-Ситиде (АҚШ) өт­кен әлем кубогы кезеңінде 500 ме­тр қашықтықта алтын алған. Со­ны­мен қатар былтыр Алматыда өткен Қысқы Универсиаданың күміс жүлдегері. Әжғалиев Пхенчхандағы ойындарда 500 және 1000 метрлік қашықтықта медальға таласатын болады.

Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»