Футбол • 11 Қаңтар, 2018

Ұзынтұралар құрамасы һәм «шалдар» командасы

239 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Футболдан әлем чемпионаты  бұрын-соңды Қазақстанға іргелес елде әлі өтпеген еді. Мысалы, мундиальдің ойындары өтетін Самара қаласы мен Оралдың арасы небәрі 260 шақырым ғана. Әлем чемпионаты жайлы егжей-тегжейлі жазатын «Егемен Қазақстан» газеті бүгін оқырмандарға командалардың жас мөлшеріне байланысты мәліметтерін ұсынады. 

Ұзынтұралар құрамасы һәм «шалдар» командасы

Негізінен мұндай есеп-қисаппен CIES Football Observatory деген зерттеу компа­ния­сы айналысады. Олардың мә­ліметі бой­­ынша 2018 жылғы бі­рін­ші­ліктегі жасы үл­­кен команда – Па­нама. Соңғы 32-ші жол­­даманы аяқас­­т­ы жеңіп кеткен Панама ойын­­шы­ла­ры­ның орташа жасы – 29,4. Тұң­­ғыш рет ға­ламдық додаға қатысқалы отыр­­ған бұл ұжым тәжірибесі толысқан фут­­бол­шы­ларға, әзілдеп айтқанда «шал­дар­­ға» сенім артады екен. 

Ал одан кейінгі орындарда Ис­лан­дия (29,0) және Коста-Рика (29,0). Ең жас құ­рама санатына Нигерия (24,9), Германия (25,7) және Англия (25,9) жатады. Жер шарының чемпионын анықтауға келген  барлық 32 команданың орташа жасы болса 27,4-ті құрайды. 

Енді осы жас мәселесін құрлықтарға бө­ліп қарайтын болсақ, онда мынандай тіз­бек шығады: КОНКАКАФ – 28,6, Оң­түс­тік Америка – 27,8, Азия – 27,2, Еу­ропа – 27,2, Африка – 26,5.

2018 жылдың біріншілігінде футбол­шы­лары ең ұзын құрама – Сербия. Балқан тү­бе­гінің аяқдопшыларының орташа бойы 185,6 сантиметрді құрайды. Олардың қа­тарында кезінде «Астана» сапында ой­на­ған Неманья Максимовичте болып қа­луы әбден ықтимал. Сербия ұлттық құра­ма­­сы­­ның бас бапкері Сла­волюб Муслин «Ва­­­ленсия» сапында арагі­дік алмасып алаң­­­ға шығып жүрген жас ойыншыны қо­сал­­қы құрамға алуы мүм­кін. Сербиядан сәл ғана қалып тұр­ған құрамалардың үш­ті­гін түгелімен скандинавтар иемденді. Мы­са­лы, Швеция (185,2), Исландия 
(185, 0) және Дания (185,0). Ал Әлем бірін­ші­­­­лігін қабылдайтын Ресей бұл тұрғыда 6-орында (184,9). Ең ұзын құраманы анық­та­дық, ал ең қыс­қалары қайсы дейсіз ғой? Ол Оңтүс­тік Америка өкілі – Перу (178,3), одан ке­йін Жапония (178,1) және Сауд Арабиясы (176, 2).

Ал енді мына қызыққа қараңыз: Африка құрлығынан шыққан Марокко құрамасы футболшыларының 61,5 пайызы Мароккода туылмаған азаматтар. Бұл жөнінен Мароккоға тең келер ешкім жоқ. Тек Сенегалдың ғана 40 пайызы өзге елде туып-өскендер. Сонымен қатар айтса сенгісіз, дегенмен Португалия футболшыларының 32,1 пайызының кін­дігі Пиреней түбегінде кесілмегендер. Жа­рыс қожайыны Ресей бұл есепте 5 пай­ыздық көрсеткішпен 12-орында. Одан бө­лек Бразилия, Сауд Арабиясы, Иран, Гер­мания, Колумбия, Мексика және Оң­түстік Корея құрамаларында да арагідік осындай ойыншылар бар. 

Сөз соңында кейбір құрамалар ойын­шыларының өнер көрсететін бірін­­ші­ліктеріне де тоқталып өтсек. Мысалы, Хорватия, Швеция, Исландия құ­­рама­ла­рының 23 футболшысы түге­лі­мен өз­ге біріншіліктерде ойнайды. Яғни өзге чем­пионаттарда ой­нап, нәпақа тау­ып жүр­ген легионерлер. Олар­дан кей­ін Сенегал (97 пайыз), Сербия (92,3 пай­ыз). Ал бұл жағынан 0 пайыз көр­сет­кіш тіркеп отырған екі команда бар. Олар – Сауд Арабиясы мен Англия. Сау­д Арабиясында өздеріңіз білетіндей фут­бол­шыларға өзге елде өнер көрсетуге тый­ым салынған. Батыстың азғындаған өмі­рін көріп, адам бұзылады деп санайды. Ал Англияның жағдайы айтпаса да түсінікті. Әлемдегі ең мықты футбол лигасы Англияда екені дау тудыра қоймас. 

Ермұхамед МӘУЛЕН, 
«Егемен Қазақстан»