Қазақстан • 12 Қаңтар, 2018

Болашақты бағдарлаған құжат

357 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы даму­дың жаңа мүмкіндіктері» атты Жол­дауы болашақты бағдарлаған, техно­кратиялық негізгі құжатымыз.

Болашақты бағдарлаған құжат

Әрине, жаңа Жолдаудың негізгі бағыты – қоғамдық дамудың барлық са­лаларына енетін экономиканың толық цифрлы деңгейге өтуі болып табылады. Онда цифрлы технологияларды индустрия саласында қолдануға баса назар аударылған. Мысалы, қазақстандық өндіріс орындарын цифрландыру бойынша маңызды жо­баны алуға болады. Қазақстандық эко-жүйені қалыптастыруға қаты­су­шы институттар қатары АХҚО және халықаралық ІТ-стартаптар техно­пар­кімен толықты.

Қазақстанда жүзеге асқан Назарбаев Университеті жобасы қазіргі таңда медицина және инжинирингтік әзірлемелердің орталығы, сондай-ақ халықаралық білім беру саласындағы ынтымақтастық үшін маңызды хаб болып отыр. Инновациялық технологиялар паркі жастар бастамаларын жинақтаудың басты орталығы болу әлеуетіне ие.

Қоғамда цифрлы ғасырға аяқ басуымен қатар, киберқауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңыздылығы арта түсуде. «WannaCry» және «BadRabbit» вирустық бағдарламаларының таралу тәжірибесін ескерсек, одан қорғануға ешкімнің иммунитеті жоқ деп айтуға болады. Сонымен бірге олар компаниялар мен банктерге үлкен шығын әкеледі. Оларды ақ­па­рат­тық қауіпсіздік және криптография сала­сындағы мамандар анықтайды, осыған байланысты ақпаратты қорғау және тиісті мамандарды дайындау мәсе­лелері өзекті болып табылады. Сон­дықтан Мемлекет басшысы Жолдауында киберқауіпсіздік сала­­сындағы шаралар Қазақстанның Ұлт­тық қауіпсіздік стратегиясы деңгейіне көтерілуі тиіс екенін атап өтуі кездейсоқтық емес.
Цифрлы экономика басқару жүйелерін және модельдерін түбегейлі өзгертеді. Ең алдымен, ол өзіміздің электронды өнімдеріміз бен өндірістік технологиямызды кеңейту қажеттілігі туралы ойлауға итермелейді.

Біз бүгінгі таңда шет мемлекет­тер­дің цифрлы технологиялары мен өнім­дерін, оның ішінде танымал мес­сенджерлерді, пошталық серверлерді, браузерлерді, әлеуметтік желілерді тұтынушы ғана болып келеміз.

Қазақстан өзінің математикалық, инженерлік ізденістер, информатика, есептеу техникалары салаларын­да айтарлықтай тарихи базаға ие. Мұ­ның бәрі жаңа сапаға айналуы мүмкін және өзгеруі тиіс. Егер назар салар болсаңыз, біздің жастары­мыз жасампаздықтың ең жоғары мүм­кін­діктерін көрсетуде. Мысалы, «Руха­ни жаңғыру» жобасы аясындағы 100 жаңа есім ұлттық байқауының жеңім­паздары арасында бионикалық қол про­тезін ойлап тапқан жас өнертап­қыш бар, оның өнімі қазірдің өзінде-ақ адамдардың игілігіне айналып отыр.

Жолдау сапалы өзгерістерге әкелетін тапсырмалар мен міндеттерге толы. Мәселен, бірінші кезекте өскелең ұрпақты мектепке дейінгі балалар мекемелерінен бастап дамытуды қамтамасыз ету ісі маңызды. Адамдардың қабілеттерінің 80%-ы 5 жасқа дейін қалыптасады. Сондықтан осы аралық шығармашылық тұл­ға­ны қалыптастырудың белсенді кезеңі. Осы орайда ата-аналардың қаты­суы, педагогтардың, білім беру меке­ме­лерінің және отбасының өзара әріптестігі болуы керек. Екіншіден, орта білімді «технологияландыру» бойынша іс-шаралар, оның ішінде жаратылыстану ғылымдары және математика пәндерін оқытудың сапасын арттыру, жанбасылық қаржыландыру, педагогикалық факультеттер мен кафедраларды дамыту және ең негізгісі өз инфрақұрылымы, компьютерлері, зертханасы және 3D принтерлері бар балалар саябақтары мен бизнес-инкубаторлардың желісін дамыту маңызды.

Үшіншіден, бұл жоғары оқу орындарының академиялық еркін­діктерін кеңейту, цифрлы технологиялар мен озық ғылыми салалардағы шетелдік сарапшылар мен оқыту­шыларды тарту мүмкіндіктері болып табылады. Сондықтан қазіргі заманғы дағдылар және білімді қолдануды көздейтін жаңа кәсіби стандарттарды әзірлеу қажет.

Төртіншіден, электронды еңбек биржасын қалыптастыру, үйден шық­пай-ақ жастардың білім алуына, бі­ліктілігін арттыруға қажетті ақпаратты алуға мүмкіндіктер жасалуы тиіс. 

Бесіншіден, қашықтық диагнос­тиканы қолдану арқылы созылмалы ауруларды басқару жүйесін енгізу маңызды. Тағы бір маңызды мәселе – қауіпсіз және табысты қоғам үшін негіз ретінде қоғамдық денсаулық және саламатты өмір салты стандарттары мен критерийлерін насихаттау маңызды.
Алтыншыдан, әлеуметтік және білім беру саясаты барынша праг­матикалыққа айналуда және барлық адам ресурстарын экономикалық айналымға енгізуге бағыттайды. Осы орайда Жолдауда айтылған I топтағы ересек мүгедек балаларға қамқоршы бо­ла­тын ата-аналарға әлеуметтік жәр­дем­ақы төлеу туралы шешім әлеу­мет­тік саясаттың жетістігі мен жеңісі болды.

Жетіншіден, мемлекеттік салаға жаңа басқарушылардың келуіне жағ­дай жасау қажет. Олардың үлесі фак­тор­лық-балл жүйесі арқылы баға­ла­нуы тиіс.
Сонымен қатар цифрлы экономиканы дамыту бойынша барлық іс-шаралар жас энергияға, жастар мен өскелең ұрпақтың экономикалық және әлеуметтік белсенділігіне деген сұранысты арттыруға бағытталған. Қазақстан дарындылар мен таланттарды барынша ерте, мектепке дейінгі және жалпы білім беру мектептері кезеңдерінде анықтауы қажет.

Біз кадрларға деген жаһандық бәсеке­лестік дәуіріне кірдік. Осы орайда цифрлы технологиялар сала­­сын­да бізге екі үрдісті дамыту керек. Бір жағынан, кадрларды даяр­лау ісін, ақпараттық-коммуника­ция­­лық технологиялар саласында маман­­дар дайындайтын университет­тері­мізді нығайтуға тиіспіз. Екінші жағы­нан, біздің мамандар дағды­ларын жетіл­діріп, жоспарларын жүзеге асыруға жол ашатын инфра­құ­ры­лымды дамыту қажет. Инновация­лық алаңдар, хакатондар болуы керек. Тиісінше, электронды инфрақұры­лым­ды дамыту арқылы осы мамандарға деген сұранысты қалыптастырғанымыз абзал.

Қазіргі таңда тек әлеуметтік желі­лерге байланған жастардың ау­қым­ды энергиясын өнертапқыштыққа бағдарлап, әлеуметтік желілер мен интернетте жай саяхаттаудың орнына электронды сауда мен инновациялық жаңалықтар арқылы пайда табу дағдыларын дамыту мүмкіндігі туын­дап отыр. 2017 жылғы Оксфорд сөзді­гінің негізгі сөзі «жастар сілкінісі» болуы кездейсоқтық емес. Бұл миллениал ұрпақтың, яғни 2000-шы жылдардан кейін туған ұрпақтың оянуын білдіреді. Осы ұрпақ бұған дейінгі жастардан көптеген параметрлер бо­йынша ерекшеленеді. 

2019 жылдан бастап 10-11-сыныптарда жеке пәндерді ағылшын тілінде оқытуды бастау жоспарланып отыр. Ағылшын тілінің цифрлы әлемде үстем жағдайға ие екендігін ескеретін болсақ, оны үйрену еліміздегі цифр­лы технологиялардың жылдам дамуына ықпал етеді.

Қорыта айтқанда, жаңа Жолдау Ел­басының 2017 жылдың қаңтарында жария еткен Үшінші жаңғырту ба­сым­дықтарымен, сондай-ақ «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласымен сәтті үндеседі. Президенттің жаңа Жолдауы бізді жігерлендіреді және болашақ үшін жауапкершілікті арттырады.

Зарема ШӘУКЕНОВА, 
Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры