Қазақстан • 12 Қаңтар, 2018

Тарихи мүмкіндік деген осы

563 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елбасы өз Жолдауын «Төр­тін­ші өнеркәсіптік революция жағ­дайындағы дамудың жаңа мүмкін­діктері» деп атауы негізсіз емес. Өнеркәсіптік революция адам өмірінің сан саласын қамтып, ол ендігі жағдайда адам баласының ақыл-ой санасына да, тұрмысы мен ғұрпына да, мына өмірге де, тұтас әлемге деген көзқарастарына да, таным-түйсіктеріне де түбегейлі өзгерістер әкелері хақ. Жеке халықтың да, тұтас мемлекеттің де ендігі тағдырын осы өнеркәсіптік революцияның анықтауы да ғажап емес. Өйткені, ендігі арада өнеркәсібі қуатты дамыған елдер ғана экономикалық саясатты анықтап, өз ойы мен өз дегендерін жүзеге асыруға ұмтылады. Мұны әлем дамуының қазіргі үрдісінен-ақ байқауға болады.

Тарихи мүмкіндік деген осы

 Міне, осы ойды әрі қарай сабақтайтын болсақ, заманның даму заңдылықтары мен қауіп-қатерлерін Елбасы алдын ала болжап, айтып та келеді, соған төтеп бере аларлық қауқары бар бағдарламалық істерді жасатып та жүр. Соның бір жарқын мысалы Қазақстанды индустрияландыру болса керек. Бұл тәуелсіз Қазақстанның болашағын, тіпті оның тағдырын анықтайтын маңызы бар жұмыс. 

 Елбасының Жолдауында атап көрсетілген 10 міндеттің қашан болсын өз маңызын жоймайтыны тағы бар. Сол он міндеттің бар­лығы еліміздің әлеуметтік-эконо­ми­калық дамуында, рухани жаңғы­руында, тарих сахнасына бұрын­ғыдан да берік орныға түсуінде, әлемдік саясатта өз сөзіңді бү­гін­гі­дей айтуың үшін де аса зор маңызы бар екендігі дау тудырмайтын мәселе.

Мемлекет басшысы: «Бүгін адамзат жаңа өнер­кəсіптік революция дəуіріне аяқ басып отыр. Заманауи технология­лар дүниені өзгеріске ұшыратуда. Жаһандық технологиялық ілге­рі­леушіліктер өзімен бірге сын-қа­терлерді де, сондай-ақ өсімнің жаңа мүмкіндіктерін де алып келуде. Бұл – біздің əлемдегі аса дамыған 30 елдің қатарына жедел ену үшін тарихи мүмкіндігіміз», деді. 

Тарихи мүмкіндік. Расында да бұл қазір және тіпті жедел, тіпті ұйқы-күлкі көрмей де біздің аса тиімді пайдаланып қалуға тиісті тарихи мүмкіндігіміз. Сол тарихи мүмкіндікті жедел пайдаланып қалудың тағы бір маңызы бар. Ал бұл келіп, өз еліміз бен болашағымыздың және келер ұрпағымыздың тағдыры алдындағы ұлы жауапкершілікке әкеліп саяды. Тереңірек зерделер болсақ, Қазақстан индустриясына жаңа технологияларды енгізудің, ел өнеркəсібіндегі еңбек өнімділігінің деңгейін көтеру мен өндірістік процестерді цифрландыру жəне заманауи бизнес-модельдерді меңгеру, Қазақстанның ресурс­тық əлеуетін пайдаланудың тиім­ді­лігін жақсарту, ақпараттық-тех­нологиялық шешімдерді енгізу, агроөнеркəсіп кешенін жаңа тех­нологиялық деңгейге көтеру және де көлік пен логистикалық инфра­құ­рылымды одан əрі дамыта беру сияқты Елбасы алға тартып отырған міндеттердің қай­сы­сын бүгінгі даму процестері үшін маңызды емес деп айта алар­сыз. Бәрі де маңызды және де бұл мін­деттерде әрқайсымыздың өмір ты­нысымыз, әрбірден соң ел тағ­ды­ры­мен қоса өз тағдырымыз жатыр.

 Бәріміздің өміріміз жол үстінде өтіп жатыр. Бәріміз де жолаушымыз. Осы бір ой төңірегінде отырып, назарым Жолдаудың «Көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру» атты төртінші міндетке еріксіз тоқтап, осы мәсе­леге ерекше ден қойдым. Өйткені бір-біріне жолдың аманшылығын тілейтін халқымыз қашанда қара жолды қасиет тұта білген. Осы орайда бүгінгі Қазақстанның қай салада болсын ілгерілеп кетуінің бір тармағы осы жолымызда жатыр. Елбасы көлік-логистика мәселесін бір бүгін ғана айтып отырған жоқ. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы тәуелсіздіктің алғашқы кезең­дері­нен бастап көңіл бөліп, үзбей дамы­тудың талабын қойып, соны ұдайы айтып, өз бақылауында ұстап келеді.

Қазақстан қазірдің өзінде кө­лік­тік ірі аймаққа айналып отыр. Қазір Қазақстан арқылы бірнеше трансконтиненталды дәліз өтетіні де белгілі. Соның нәтижесі болар, Жолдауда атап көрсетілгеніндей, Қазақстан арқылы өткен жүк транзиті 2017 жылы 17 пайызға өсіп, ол 17 миллион тоннаға жуық­таса, енді транзиттен түсетін сол жыл сайынғы табысты 2020 жылы 5 мил­лиард долларға жеткізу мінде­ті қойылды. Осы бес миллиард долларға қол жетер болса, көлік-логистика инфра­құ­рылымына жұмсалған мемлекет қаражатының тез арада қайтарымы да болады.

 Әрине, көлік-логистика саласын дамытып, жетілдіруге әлемнің кез келген мемлекетінің де ынталы болып, олар осы саланы жетілдірудің небір амал-тәсілдерін жасап жатқандары анық. Біз де солай жасауға міндеттіміз. Елбасы бұл орайда өз Жолдауында жүк қозғалысын «онлайн» жүйесінде бақылап, олардың кедергісіз тасымалын қамтамасыз етіп отыруды және кедендік операцияларды жеңілдету мақсатымен «блок­чейн» сияқты цифрлы техно­ло­гиялардың ауқымды түрде енгі­зілуін қамтамасыз етуді алға тартады. Өйткені осы күнгі бұл заманауи шешімдер көлік-логистика саласының барлық буынының өзара байланысын ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Міне, осы аса маңызды саланың әлемдік озық үрдіспен дамуы мен жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін жыл сайын бұған бөлінетін бюджет қаражатының жалпы көлемін орташа мерзімдегі кезеңде 150 миллиард теңгеге жеткізу көзделіп отыр. 

Жолдауда елдің алдына қо­йыл­ған он міндеттің әрқай­сы­сының да өмірлік, тарихи маңыз­ды­лығы ора­сан екенін айтуға болады. Негіз­гі бағыт – әлемнің дамыған 30 мем­лекетінің қатарына ену болса, енді келіп осы он міндет сол мақ­сатқа жету жолымыздағы темірқа­зы­ғымыз іспеттес. 

Жабал ЕРҒАЛИЕВ, 
жазушы, Қазақстанның еңбек 
сіңірген қайраткері

Көкшетау