Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының нормативтік қаулысы (12.01.2018)

Террористік және экстремистік қылмыстар туралы заңнаманы қолдану бойынша сот практикасының кейбір мәселелері туралы

 

Егемен Қазақстан
12.01.2018 5111
2

2017 жылғы 8 желтоқсан

№11

Астана қаласы

Сот практикасын қорыту нәтижелерінің негізінде, Қазақстан Республикасының террористік және экстремистік қылмыстар үшін жауаптылық туралы заңнамасын соттардың дұрыс және біркелкі қолдануы мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы мынадай түсіндірмелер беруге қаулы етеді.
1. Террористік және экстремистік қылмыстар қоғамдық қауіпсіздікке елеулі зиян, мемлекеттілік негіздерге нұқсан келтіреді, сондықтан осы санаттардағы істерді уақтылы және дұрыс қарау мемлекеттің қауіпсіздігін, азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, Қазақстан Республикасының Конституциясын (бұдан әрі – Конституция), заңдарын және өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын орындауды қамтамасыз етудің маңызды қағидаттарының бірі болып табылады.
2. Террористік және экстремистік қылмыстар туралы істерді қарау кезінде соттар Конституцияның, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК), «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» 1999 жылғы 13 шілдедегі № 416 (бұдан әрі – Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы заң), «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» 2009 жылғы 28 тамыздағы № 191-IV (бұдан әрі – Кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) қарсы іс-қимыл туралы заң), «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» 2005 жылғы 18 ақпандағы № 31 (бұдан әрі - Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы заң) Қазақстан Республикасы заңдарының, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, сонымен қатар Қазақстан Республикасы ратификациялаған терроризмге және экстремизмге қарсы күрес мәселелері бойынша халықаралық шарттардың нормаларын басшылыққа алуы қажет. 
3. ҚК-нің 255-бабына және Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы заңның 1-бабының 6) тармақшасына сәйкес терроризм актісі дегеніміз адамдардың қаза табуы, едәуір мүліктік залал келтіру не қоғамға қауіпті өзге де зардаптардың туындау қаупін төндіретін жарылыс жасау, өрт қою немесе өзге де іс-әрекеттер жасау немесе жасаймын деп қорқыту, егер бұл іс-әрекеттер қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, халықты үрейлендіру, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, шет мемлекеттiң немесе халықаралық ұйымның шешiмдер қабылдауына ықпал ету, соғысқа арандату не халықаралық қарым-қатынастарды шиеленiстiру мақсатында жасалса, сондай-ақ нақ сол мақсаттарда адам өміріне қастандық жасау, сол сияқты мемлекет немесе қоғам қайраткерінің мемлекеттік немесе өзге де саяси қызметін тоқтату не осындай қызметі үшін кек алу мақсатында оның өміріне қастандық жасау не халықаралық қорғауды пайдаланатын адамдар мен ұйымдарға, ғимараттарға, құрылыстарға шабуыл жасаумен, адамды кепiлге алумен, ғимараттарды, құрылыстарды, қатынас және байланыс құралдарын басып алумен, әуе немесе су кемесін, жылжымалы темiржол құрамын не өзге де қоғамдық көлiктi айдап әкетумен, сол сияқты басып алумен ұштасқан адам өмiрiне қол сұғу болып табылады.
4. Террористік және экстремистік қылмыстар тізбесі ҚК-нің 3-бабының 30), 39) тармақтарында көрсетілген. 
ҚК-нің 184 (диверсия), 258 (террористiк немесе экстремистiк әрекетті қаржыландыру және терроризмге не экстремизмге өзге де дем берушілік), 259 (террористiк не экстремистiк әрекетті ұйымдастыру мақсатында адамдарды азғырып көндіру немесе даярлау не қаруландыру), 260-баптарында (террористік немесе экстремистік даярлықтан өту) көзделген әрекеттер экстремистік, сонымен қатар террористік қылмыстарға жатқызылғандығын назарға алған жөн.
5. Қылмыс жасаған уақытта он төрт жасқа толған адам ҚК-нің 173, 174, 177, 178, 184, 255, 256, 257 (бірінші және екінші бөліктерінде), 258, 261, 269-баптарында көзделген террористік және экстремистік қылмыстардың субъектісі бола алады. 
Террористік және экстремистік бағыттағы қылмыстардың өзге түрлерін жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық он алты жастан басталады. 
ҚК-нің 15-бабы үшінші бөлігіне сәйкес кәмелетке толмаған адам психикасының бұзылуына байланысты емес психикалық дамуы жағынан артта қалуы салдарынан қылмыстық құқық бұзушылық жасаған уақытта өзiнiң әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) iс жүзiндегi сипаты мен қоғамға қауiптiлiгiн толық көлемде ұғына алмаса не оларға ие бола алмаса, ол қылмыстық жауаптылыққа жатпайды.
6. Терроризм актісінің субъективті тарабы тікелей пиғылмен және арнайы мақсатпен сипатталады. 
Терроризм актісінің арнайы мақсаттары (бұдан әрі – арнайы мақсаттар): қоғамдық қауіпсіздікті бұзу; халықты үрейлендіру; Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, шет мемлекеттердiң және халықаралық ұйымдардың шешiмдер қабылдауына не болмаса мемлекет не қоғам қайраткерлерінің қызметін тоқтату немесе осындай қызметі үшін кек алу мақсатында ықпал ету; соғысқа арандату; халықаралық қатынастарды ушықтыру болып табылады. 
Терроризм актілері туралы істерді қарау кезінде субъектіде қылмыстың субъективтік тарабының құрамдас бөлігі ретінде арнайы мақсаттың бар болуын әрқашан анықтап отыру қажет. Бұл ретте әрекетті терроризм актісі деп тану үшін кінәлі адамда аталған арнайы мақсаттардың бірінің болуы жеткілікті.
Егер жасалған әрекеттердің бірде бір мақсаты анықталмаған болса, кінәлі адамдар ҚК-нің басқа тиісті баптарына сәйкес жауапты болады.
7. «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 6 қаңтардағы № 527-IV Заңы 4-бабының 1) тармақшасына сәйкес терроризм объектісі ретінде қоғамдық қауіпсіздік деп қоғамның тұтастығы мен оның тұрақтылығы қамтамасыз етілетін азаматтар өмiрiнiң, денсаулығының және амандығының, қазақстандық қоғамның рухани-имандылық құндылықтарының және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің нақты әрі ықтимал қауіп-қатерлерден қорғалуының жай-күйі түсіндіріледі.
Адамдардың өз өмірлері мен денсаулығы, жақындарының қауіпсіздігі, мүлкінің сақталуы және басқалар үшін қорқынышын тудыруға қабілетті іс-қимылдар сипаты жағынан халықтың үрейлендіретін іс-қимылдар деп танылуға тиіс.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, шет мемлекеттерге, халықаралық ұйымдарға, мемлекеттік не қоғам қайраткерлеріне ықпал ету тиісті субъектілердің белгілі бір шешімдер қабылдау не оларды қабылдаудан тартыну пиғылынан көрінуі мүмкін.
8. Жарылыс, өрт қою немесе өзге де іс-қимылдардың жасалуы, егер аталған әрекеттер халықты үрейлендiру сипатында болғаны және адамдардың қаза табуы, елеулi мүлiктiк залал келтiру не қоғамға қауiптi өзге де зардаптардың нақты туындау қаупiн төндiргені анықталса, ҚК-нің 255-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа алып келеді.
Бұл ретте адамның қаза табуы, елеулi мүлiктiк залал келтiру не қоғамға қауiптi өзге де зардаптардың туындау қаупi нақты болуға тиіс, бұл қылмыстың жасалған орны, уақыты, қарулары, құралдары, қылмысты жасау тәсілі және істің басқа да мән-жайлары (жарылыс орны ауданында болған адамдар саны туралы, пайдаланылған жарылғыш құрылғының қуаты мен жою қабілеті туралы деректер және тағы басқалар) ескеріле отырып, әрбір нақты жағдайда айқындалады.
ҚК-нің 255-бабында көрсетілген адамдардың қаза табуы, елеулi мүлiктiк залал келтiру не қоғамға қауiптi өзге де зардаптардың туындау қаупiн төндіретін өзге де іс-қимылдарды жасау деп зардаптары жағынан жарылыспен немесе өрт қоюмен салыстыруға болатын қасақана іс-қимылдарды (авариялар, апаттар ұйымдастыру, дамбаларды бұзу, су құбыры жүйесін, электр беру желілерін және халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін басқа да объектілерді бүлдіру, эпидемия немесе эпизоотия тудыра алатын ауру жұқтырғыш микробтар тарату, жерлерді радиоактивтік, химиялық, биологиялық (бактериологиялық) және өзге де улау, елді мекендерге қарулы шабуыл жасау, тұрғын үйлерді, мектептерді, ауруханаларды, әкімшілік ғимараттарды, әскери қызметкерлер немесе құқық қорғау, арнаулы немесе өзге де мемлекеттік органдар қызметкерлері орналасқан жерлерді атқылау; ғимараттарды, вокзалдарды, порттарды, мәдени немесе діни құрылыстарды басып алу және (немесе) қирату) түсінген жөн.
Мүліктік залалдың елеулі болатыны-болмайтыны туралы мәселені шешу кезінде соттар жойылған немесе бүлінген мүліктің, материалдық құндылықтардың бағасын және маңыздылығын, сондай-ақ бүлінген мүлікті қалпына келтіру (жөндеу) үшін қажетті нақты шығыстарды негізге алуға тиіс. Террористік актінің салдарынан елеулі мүліктік залал келтіру ҚК-нің 255-бабының бірінші бөлігі бойынша сараланады (ҚК-нің 255-бабының басқа саралау белгілері болмаған кезде) және ҚК-нің 202 және 203-баптары бойынша қосымша саралауды талап етпейді. 
ҚК-нің 255-бабының бірінші бөлігіне қатысты өзге де қоғамдық қауіпті зардаптарға, атап айтқанда, бірнеше адамдардың денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтіру, кәсіпорынның (кәсіпорындардың) және (немесе) мекеменің (мекемелердің) жұмысын ұзақ уақытқа бұзу, мемлекеттік билік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметін ұйымдастыруға іріткі салу, экологиялық ахуалды айтарлықтай нашарлату (мысалы, суды, атмосфераны ластау, жерлерді деградациялау және ауқымды материалдық шығындарды және олардың салдарларын жою үшін ұзақ уақытты талап ететін қоршаған ортаны өзге де келеңсіз өзгертулер) жатқызылуы мүмкін.
Кәсіпорынның немесе мекеменің жұмысын бұзу ұзақ болғаны-болмағаны туралы мәселені шешу кезінде соттар жұмыстың тоқтап тұру ұзақтығын, олардың қызмет ерекшелігін, келтірілген зардаптардың мөлшерін және басқаларын ескере отырып, істің нақты мән-жайларын негізге алуы тиіс. 
9. Кінәлі адамның арнайы мақсаттарда жарылыс, өрт қою немесе адамдардың қаза табуы, елеулi мүлiктiк залал келтiру не қоғамға қауiптi өзге де зардаптардың туындау қаупiн төндіретін өзге де іс-қимылдар жасауға анық көрінетін ниетін куәландыратын, кесімді мәлімдеумен жалғасатын іс-қимылдары терроризм актісін жасау қатері деп түсініледі.
Қатердің жүзеге асуынан қауіптенуге жеткілікті негіздердің бар болуы қатердің нақтылығын бағалаудың өлшемшарты болып табылады. Жарылыс, өрт қою немесе халықты үрейлендiретін және адамның немесе бірнеше адамдардың қаза табуы қаупін, елеулi мүлiктiк залал келтiру не қоғамға қауiптi басқа да зардаптардың туындау қаупін төндіретін өзге де іс-қимылдар жасап қорқыту формальдық құрамға жатады және аталған іс-қимылдарды жасау қатері тиісті адамға жеткізілген кезде, егер ол қатерді нақты деп қабылдаса, аяқталған қылмыс болып саналады.
Қатер мемлекеттік билік, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, ұйымдарға, мемлекет немесе қоғам қайраткерлеріне төнуі, ашық немесе жасырын болуы мүмкін.
Қатер әртүрлі тәсілдермен жеткізілуі мүмкін, мысалы, ауызша айту, жазбаша мәлімдеу, телефон арқылы хабарлау, техникалық құралдарды, ақпараттық-телекоммуникациялық желілерді, бұқаралық ақпарат құралдарын, компьютерлік технологияларды пайдаланып тарату.
Терроризм актісінің қатері терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлаудан (ҚК-нің 273-бабы) құқық қорғау органдарының және шұғыл ден қою қызметтерінің байланыс арналары арқылы түскен терроризм актісі қатерінің көрінеу жоқтығы туралы ақпарат терроризм актісі туралы жалған хабар болып табылатындығымен ерекшеленеді, яғни жалған хабар кезінде терроризм актісі қатерінің болмайтынын соттардың назарға алғандары жөн. Терроризм актісі қатері кезінде кінәлі адам арнайы мақсаттарды көздейді. 
10. Егер кінәлі адам террористік акт жасау мақсатында жарылыс, өрт қою немесе адамдардың қаза табуы, елеулi мүлiктiк залал келтiру не қоғамға қауiптi өзге де зардаптардың туындау қаупін төндіретін өзге де іс-қимылдар жасауға ұмтылған болса, бірақ өзіне байланысты емес мән-жайларға қарай бұл іс-қимылдарды жасай алмаса, жасалған әрекет терроризм актісін жасауға оқталу ретінде саралануға тиіс.
ҚК-нің 24-бабы екінші бөлігіне сүйене отырып, ауыр немесе аса ауыр қылмысқа дайындалғаны үшiн, сондай-ақ террористік қылмысқа дайындалғаны үшін қылмыстық жауаптылық туындайтындығын ескерген жөн.
Қылмыс үшін сотталмаған және қылмыстық жауаптылықтан босатылмаған адамның террористік қылмысты кемінде екі рет жасауы терроризм актісін бірнеше рет жасағандығын көздейді. 
Бір жағдайда аяқталған терроризм актісі, басқа жағдайда - терроризм актісіне оқталған кезде, не бір қылмыстық құқық бұзушылық жасаған кезде кінәлі адам орындаушы, ал басқаларын жасаған кезде – ұйымдастырушы, арандатушы немесе дем беруші болса, кінәлі адамның іс-қимылдары «Қылмыстық құқық бұзушылықтардың бірнеше рет жасалуын және жиынтығын саралау туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 25 желтоқсандағы № 11 нормативтік қаулысының түсіндірмелері ескеріле отырып саралануы тиіс.
11. «Қаруды не қару ретінде қолданылатын заттарды, жарғыш заттарды немесе жарылғыш құрылғыларды қолданып жасау» сияқты қылмысты саралау белгісінің болуы (жоқтығы) туралы мәселені шешу кезінде «Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 30 желтоқсандағы № 339-I Заңы 1-бабының 5) тармақшасына сәйкес конструкциялық жағынан алғанда тiрi немесе өзге де нысананы зақымдауға, сондай-ақ белгi беруге арналған құрылғылар мен заттар – қару болып табылатынын ескерген жөн.
Адамның адам өлтіруі, денсаулыққа зиян келтіруі немесе халықты үрейлендіруі үшін қолданатын кез келген заттар қару ретінде пайдаланылатын заттар деп танылуы мүмкін.
Заттар қару ретінде пайдаланылатын деп танылған кезде соттарға «Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену жөніндегі істер бойынша сот тәжірибесі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі № 8 нормативтік қаулысының 21-тармағының мазмұнын ескеру қажет. 
Жарылғыш заттар – бұл жарылу реакцияларына қабілетті химиялық заттар және олардың қоспалары. Жарылғыш заттар деп жарылу реакцияларына қабілетті оқ-дәрі, тротил, нитроглицерин, пироксилин, аммонал және басқа химиялық заттар мен олардың қоспаларын түсінген жөн. Конструкциялық жағынан жарылыс жасауға арналған заттарды жарғыш құрылғылар деп тану қажет. Бұл ретте қару, жарылғыш заттар немесе жарғыш құрылғылар зауытта, сонымен қатар қолдан жасалуы мүмкін.
Егер террористік акт жасау процесінде заңсыз сатып алынған, сақталған не жасалған атыс қаруы, оқ-дәрілер, жарылғыш заттар немесе жарғыш құрылғылар қолданылған болса, онда адамның іс-қимылдары ҚК-нің 255, 287, 288-баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша саралануға тиіс.
12. ҚК-нің 255-бабы үшінші бөлігінің 1) тармағында көзделген қылмыстың қоғамдық қауіптілігі терроризм актісін, жаппай қырып-жою қаруын, радиоактивтік материалдарды қолданып және жаппай улау немесе улаумен қорқыту, эпидемиялар немесе эпизоотиялар тарату арқылы, сол сияқты адамдардың жаппай қырылып-жойылуына алып келетін, адамдарды жаппай қырып-жою, халықтың тiршiлiгiн қамтамасыз ету объектiлерiн қирату, өсімдіктер немесе жануарлар дүниесіне ауру жұқтыру немесе жою қатерін төндіретін, сондай-ақ қоғам мен қоршаған табиғи орта үшін зиянды өзге де зардаптарға алып келуі мүмкін іс-қимылдарды жасау болып саналады.
«Экспорттық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі № 300 Заңының 1-бабының 2) тармақшасына сәйкес жаппай қырып-жою қаруы – химиялық, бактериологиялық (биологиялық), радиологиялық, ядролық және улы қару.
13. Жаппай қырып-жою қаруының түрлерін айқындаған кезде 1999 жылғы 24 маусымдағы № 398 Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған (Париж қаласы, 1993 жылғы 13 қаңтар) Химиялық қаруды әзірлеуге, өндіруге, жинақтау мен қолдануға тыйым салу және оны жою туралы конвенцияның 2-бабының 1-тармағын ескерген жөн.
«Атом энергиясын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 12 қаңтардағы № 442-V Заңының 1-бабы 24) тармақшасына, сонымен қатар Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 14 мамырдағы № 33-IV Заңымен ратификацияланған Ядролық терроризм актілерімен күрес туралы халықаралық конвенцияның (Нью – Йорк қаласы, 2005 жылғы 14 қыркүйек) 1-бабының 1-бөлігіне сәйкес құрамында радионуклидтер бар, өздігінен ыдырайтын және өздерінің радиологиялық қасиеттеріне немесе өзінің бөліну қасиеттеріне байланыс­ты өлімге, ауыр зақымға не меншікке немесе қоршаған ортаға елеулі түрде залал келтіруі мүмкін ядролық материал және басқа радиоактивті заттар (кез келген агрегат­тық жағдайдағы шығу тегі табиғи немесе техно­гендік кез келген материалдар) радиоактивті материалдар болып табылады.
Егер терроризм актісін жасау кезінде заңсыз сатып алынған не сақталатын радиоактивтік заттар пайдаланылған болса, онда адамның іс-қимылдары ҚК-нің 255 және 283-баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша саралануға тиіс. 
14. «Эпидемия» және «эпизоотия» деген ұғымдар «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 1-бабында, сонымен қатар «Ветеринария туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шілдедегі № 339-II Заңының 1-бабында тиісінше айқындалған.
ҚК-нің 255-бабы үшінші бөлігінің 1) тармағында көрсетілген өзге де іс-қимылдар деп адамдардың жаппай қырылуына алып келуі мүмкін іс-қимылдарды түсінген жөн. 
15. Егер терроризм актісі адамның (не екі және одан көп адамдардың) абайсызда қазаға ұшырауына алып келсе, онда мұндай іс-қимылдар ҚК-нің 255-бабы үшінші бөлігінің 2) тармағымен қамтылады және ҚК-нің 99, 104-баптары бойынша қосымша саралауға жатпайды.
Адамды (не екі және одан көп адамдарды) қасақана қазаға ұшырату ҚК-нің 255-бабының төртінші бөлігі бо­йынша саралануға тиіс.
Терроризм актісінің арнайы мақсатын көздемейтін жарылыс жасауды, өрт қоюды немесе жалпыға бірдей қауіпті басқа тәсілдермен адам өміріне қол сұғуды терроризм ретінде емес, яғни ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 6) тармағы бойынша көп адамдардың өміріне қауіпті тәсілмен жасалған белгілі бір адамды өлтіру деп саралау қажеттігін соттар ескерулері қажет. 
Құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік орган қызмет­керінің, әскери қызметшінің, сонымен қатар сот төрелігін немесе сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асыратын адамның өміріне аталған тәсілдермен қол сұғылған, бірақ терроризмге тән арнайы мақсаты болмаған кезде кінәлі адамның іс-қимылдары ҚК-нің 380-1, 408-баптары бо­йынша саралануға жатады. 
16. Конституцияның 20-бабының 3-тармағына сәйкес Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгіттеуге жол берілмейді.
Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы заңның 1-бабы 5) тармақшасына сәйкес терроризм – бұл зорлық-зомбылық идеологиясы және халықты үрейлендірумен байланысты және жеке адамға, қоғамға және мемлекетке залал келтіруге бағытталған күш қолдану және (немесе) өзге де қылмыстық іс-қимылдар жасау не жасаумен қорқыту арқылы мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының немесе халықаралық ұйымдардың шешім қабылдауына ықпал ету практикасы.
Адамның (адамдардың) бойында террористік әрекеттер жасауға не мұндай әрекетті жүзеге асыру қажеттілігін негіздеуге немесе ақтауға ұмтылыс тудыру мақсатында, оның (олардың) санасы мен ерік-жігеріне әсер ету арқылы зорлық-зомбылық идеологиясы мен терроризм практикасын қамтитын материалдарды немесе ақпаратты кез келген тәсілмен таратуды терроризмді насихаттау деп түсінген жөн.
Терроризмді насихаттау зорлық-зомбылық идеологиясы мен терроризм практикасын тарату әрекеттерін жасаған кезден бастап аяқталған қылмыстық құқық бұзушылық құрамын құрайды. Терроризмді насихаттағаны үшін адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін тарату тәсілі маңызды емес. Насихаттау ауызша сөздер не жазбаша немесе баспа материалдарын тарату арқылы, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдаланумен жүзеге асырылуы мүмкін.
17. ҚК-нің 3-бабы 39) тармағында көрсетілген экстремистік қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылық басталады. 
Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы заңның 1-бабының 1) тармақшасына сәйкес экстремизм – бұл жеке және (немесе) заңды тұлғаның, жеке және (немесе) заңды тұлғалар бiрлестiгiнiң белгiленген тәртiппен экстремистiк деп танылған ұйымдар атынан әрекеттер ұйымдастыруы және (немесе) жасауы; жеке және (немесе) заңды тұлғаның, жеке және (немесе) заңды тұлғалар бiрлестігінің:
Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен өзгертуге, егемендiгiн, оның аумағының тұтастығын, қолсұғылмаушылығын және бөлiнбестігiн бұзуға, мемлекеттiң ұлттық қауіпсiздiгі мен қорғаныс қабiлетiне нұқсан келтiруге, билікті күшпен басып алуға немесе билікті күшпен ұстап тұруға, заңсыз әскерилендiрілген құралым құруға, оған басшылық жасауға және қатысуға, қарулы бүлiк ұйымдастыруға және оған қатысуға, әлеуметтік, тектiк-топтық алауыздықты қоздыруға (саяси экстремизм);
нәсілдiк, ұлттық және рулық алауыздықты, оның iшiнде зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылыққа шақырумен байланысты алауыздықты қоздыруға (ұлттық экстремизм);
дiни өшпендiлiктi немесе алауыздықты, оның iшiнде зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылыққа шақырумен байланысты алауыздықты қоздыруға, сондай-ақ азаматтардың қауiпсiздiгiне, өмiрiне, денсаулығына, имандылығына немесе құқықтары мен бостандықтарына қатер төндiретiн кез келген дiни практиканы қолдануға (дiни экстремизмге) бағытталған әрекеттерді ұйымдастыруы және (немесе) жасауы екендігін соттардың назарға алғаны жөн.
18. ҚК-нің 256-бабының бірінші бөлігіндегі терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру деп кез келген нысандағы (ауызша, жазбаша) үндеулерді түсінген жөн.
Шақырулар жария сипатта болуға тиіс. Басқа азаматтарды осы актіні жүзеге асыруға түрткі болғаны-болмағанына қарамастан, ең болмағанда бір үндеуді ашық жариялаған (таратқан) сәттен бастап терроризм актісін жасауға жария түрде шақыруларды аяқталған қылмыстық құқық бұзушылық деп есептеу қажет.
Терроризм актісін жасауға шақырулардың жариялылығы туралы мәселені соттар орнын, тәсілін, істің жағдайы мен басқа да мән-жайларын, мысалы, адамдар тобына қоғамдық орындарда, жиналыстарда, митингілерде, демонстрацияларда үндеу жолдау, парақтар тарату, плакаттар ілу, электрондық хабарламаларды жаппай жөнелту жолымен үндеулерді таратуды ескере отырып шешуге тиіс. 
Егер терроризм актісін жүзеге асыруға жария шақырулар бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін (мерзімді баспасөз басылымдарын, теле-радиоарнаны, интернет-ресурстарды және басқа құралдарды) пайдалану арқылы жасалса, онда жасалған іс-әрекетті ҚК-нің 256-бабының екінші бөлігі бойынша саралаған жөн.
Терроризм актісін жүзеге асыруға мобильді байланыс абоненттеріне электрондық немесе ақпараттық-телекоммуникациялық желілерді пайдалану арқылы хабарламаларды жаппай жөнелту жолымен жария шақырулар кезінде жалпы пайдаланымдағы көрсетілген желілерде (мысалы, сайттарда, форумдарда немесе блогтарда) үндеулерді орналастырған, басқа адамдарға хабарламаларды жіберген сәттен бастап қылмысты аяқталған деп есептеу керек. 
Терроризмді насихаттауға немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақырулар үшін бұқаралық ақпарат құралдарын және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін пайдалану мәселесін шешу кезінде «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» 1999 жылғы 23 шілдедегі № 451-І, «Ақпараттандыру туралы» 2015 жылғы 24 қарашадағы № 418-V Қазақстан Республикасы Заңдарының нормаларын ескеру қажет. 
19. Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы заңның 1-бабының 14-1) тармақшасына сәйкес террористік материалдар – терроризм актісін жасау тәсілдері мен құралдары туралы ақпаратты, сондай-ақ террористiк iс-әрекет белгілерін және (немесе) оны жүзеге асыруға шақыруларды қамтитын не осындай iс-әрекеттi жүзеге асыру қажеттiлігiн негiздейтiн немесе ақтайтын кез келген ақпараттық материалдар.
Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы заңның 1-бабының 7) тармақшасына сәйкес экстремистік әрекеттердi жасауға шақыратын не оларды жасау қажеттігін негiздейтiн немесе ақтайтын кез келген ақпараттық материалдар экстремистiк материалдар болып табылады. 
Террористік әрекетті жүзеге асыруға түрткі болу мақсатында басқа адамға (адамдарға) осындай материалдарды кез келген тәсілмен беруге бағытталған іс-әрекеттерді жасауды терроризмді насихаттайтын материалдарды тарату деп түсінген жөн. 
Террористік материалдарға құбылыстың мәнін түсіндіретін жалпы сипаттағы және оларда терроризмді насихаттау және (немесе) терроризм актісін жасауға шақыру белгілері жоқ мәліметтерді қамтитын ақпарат жатпайтындығын соттардың назарға алғандары жөн.
20. Терроризмге және экстремизмге байланысты істерді сотқа дейін тергеп-тексеру және соттардың қарауы кезінде арнайы білімдер пайдаланылуы мүмкін екендігі түсіндірілсін. Қажет болған жағдайда материалдардың террористікке және (немесе) экстремистікке жататынын, сонымен қатар қылмыстық құқық бұзушы субъек­тілердің, әсіресе ақыл-есі кем кәмелетке толмаған­дардың психикалық даму деңгейін және таралатын материалдардың мәнін террористік және (немесе) экстремистік ретінде түсіну қабілетін анықтау үшін тиісті сараптамалар тағайындалып, жүргізілуі мүмкін. Бұл ретте қылмыстық-процестік заңнаманы, сондай-ақ «Қылмыстық істер бойынша сот сараптамасы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2004 жылғы 26 қарашадағы № 16 нормативтік қаулысының түсіндірмелерін басшылыққа алу қажет. 
21. ҚК-нің 3-бабының 31) тармағына (ҚК-нің 3-бабы 40) тармағына), Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы заңның 1-бабының 15) тармақшасына (Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы заңның 1-бабының 8) тармақшасына) сәйкес террористік (экстремистік) топ (бұдан әрі – топ) бір немесе бірнеше террористік (экстремистік) қылмыстар жасау мақсатын көздейтін ұйымдасқан топ болып табылады. 
Террористік (ҚК-нің 257-бабының бірінші бөлігі), экстремистік (ҚК-нің 182-бабының бірінші бөлігі) топтарды құру топ іс жүзінде құрылған сәттен бастап, яғни бірнеше адам бір топқа біріккен сәттен бастап аяқталған қылмыс деп есептеледі.
Топтың әрекетін қамтамасыз ету мақсатында топқа, сондай-ақ оның жекелеген қатысушыларына қатысты басқару функцияларын жүзеге асыру топты басқару болып табылады.
Топты басқару, атап айтқанда, террористік және (немесе) экстремистік әрекеттің жоспарларын бекітуден, топта қылмыстық міндеттерді бөлуден, жекелеген террористік және (немесе) экстремистік актілер жасаған кезде топ мүшелерін басқарудан, сондай-ақ белгілі бір мақсаттарға жетуге бағытталған өзге де іс-әрекеттер жасаудан (мысалы, материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуді ұйымдастырудан, осындай топ мүшелеріне қатысты қауіпсіздік шараларын қабылдаудан) көрініс табуы мүмкін. 
ҚК-нің 257-бабының екінші бөлігі бойынша (ҚК-нің 182-бабы екінші бөлігі бойынша) террористік (экстремистік) топқа қатысқаны үшін қылмыстық жауаптылық осы топтың қатысушылары оның заңсыздығы мен өзінің оған жататындығын және террористік (экстремистік) мақсаттарды іске асыру үшін іс-әрекет ететінін түсінген жағдайларда басталады. 
Топтың құрамына кіруді (мысалы, ант қабылдау, террористік және (немесе) экстремистік әрекетпен айналысатын ұйымға мүшелік, топ басшысының тапсырмалары мен нұсқауларын орындау) топтың әрекетіне қатысу деп түсінген жөн. Террористік және (немесе) экстремистік әрекетті жүзеге асыруға не террористік және (немесе) экстремистік бағыттағы бір немесе бірнеше қылмыстық құқық бұзушылықтарды дайындауға немесе жасауға қатысу ниетімен осындай топтың құрамына кірген сәттен бастап адамның топқа қатысуы нысанындағы қылмыстық құқық бұзушылығы аяқталған деп есептеледі.
Террористік топтың, заңсыз қаруланған құралымның қатысушылары нақты террористік қылмысты жасаған кезде, олардың іс-әрекеттері ҚК-нің 257-бабының екінші бөлігінде, 267-бабының екінші бөлігінде және ҚК-нің тиісті баптарында (мысалы, ҚК-нің 255, 256, 259-баптарында) көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша саралануға тиіс. 
22. Тергеудің толықтығын қамтамасыз ету үшін қылмыстық процесті жүргізетін орган Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы заңның 12-1-бабына сәйкес сот террористік деп таныған құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органның интернет-ресурсында орналастырылған ұйымдардың және ақпараттық материалдардың бірыңғай тізімдерін пайдалана алатындығы түсіндірілсін. 
23. ҚК-нің 258-бабына, сонымен қатар Кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) қарсы іс-қимыл туралы заңның 1-бабының 12) тармақшасына және Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы заңның 1-бабының 3) тармақшасына сәйкес жеке тұлғаның не адамдар тобының, не заңды тұлғаның іс-әрекетінің террористік және экстремистік сипатын, не берілген мүліктің, көрсетілген ақпараттық, қаржылық және өзге де қызмет түрлерінің террористік немесе экстремистік әрекетті жүзеге асыру, не террористік немесе экстремистік топты, террористік немесе экстремистік ұйымды, заңсыз әскерилендірілген құралымды қамтамасыз ету үшін пайдаланылатынын көрінеу ұғынып жасаған адамның оларға ақшаны және (немесе) өзге де мүлікті, мүлікке құқықты немесе мүліктік сипаттағы пайданы беруі немесе жинауы, сондай-ақ сыйға тартуы, айырбастауы, қайырмалдық жасауы, демеушілік және қайырымдылық көмегі, ақпараттық және өзге де қызмет түрлерін көрсетуі не қаржылық қызметтер көрсетуі терроризм мен экстремизмді қаржыландыру болып табылады.
Материалдық құралдарды, мысалы, киім-кешек, керек-жарақтар нысандарын, байланыс құралдарын, дәрілік препараттарды, тұрғын не тұрғын емес үй-жайларды, көлік құралдарын ұсынуды немесе жинауды да терроризм мен экстремизмді қаржыландыру деп тану қажет.
Қылмыс ақша, өзге мүлік жиналған, берілген (жіберілген) немесе қызметтер көрсетілген сәттен бастап аяқталған деп танылады. Бұл ретте ҚК-нің 258-бабының диспозициясында баяндалғанның мақсатында көрсетілген активтердің нақты пайдаланылуы талап етілмейді. 
24. Белгілі бір адамда (адамдар тобында) террористiк не экстремистiк қылмыс жасау ниетін (тілегін, ұмтылысын) және оған қатысуға дайындығын қалыптастыру бойынша террористiк не экстремистiк әрекетті ұйымдастыруға бағытталған көрінеу әрекеттерді азғырып көндіру деп есептеу қажет (ҚК-нің 259-бабының бірінші бөлігі). Атап айтқанда, адамдарды іздеу және террористiк не экстремистiк әрекетке тарту, үгіттеу жұмысын жүргізу, оқытуға даярлау үшін тізімге енгізу және басқалары. Бұл ретте азғырып көндіруші адамның іс-әрекеті белсенді сипатта болуға тиіс және психикалық немесе физикалық ықпал етуді қолданумен жүргізілуі мүмкін.
Азғырып көндіру әртүрлі тәсілдермен, мысалы азғыру, сендіру, өтіну, ұсыныс жасау, қорқыту, үрейлендіру, ұрып-соғу, параға сатып алу, алдау, кек алу, көре алмаушылық қасиеттерін және басқа да опасыз ниеттерді қоздыру, жазаланбайтынына сендіру, терроризм актісін жасағаны үшін ақы төлеуге уәде беру арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Азғырып көндіруді аталған адам террористiк және экстремистiк бағыттағы қылмысты жасағаны-жасамағанына қарамастан, көрсетілген іс-әрекеттер жасалған сәттен бастап аяқталған қылмыстық құқық бұзушылық деп есептеу қажет. 
Даярлау террористік не экстремистік әрекетті кез келген нысанда ұйымдастыру мақсатында азғырып көндірілген адамдарды қару-жарақты, оқ-дәріні, жарылғыш құрылғыларды, радиоактивті заттарды, ядролық материалдарды, әскери техниканы, байланыс құралдарын пайдалану қағидаларына, әскери іс-қимылдар жүргізу қағидаларына үйретуден, сондай-ақ тиісті нұсқамалар, жаттығулар, атыстар, оқу-жаттығулар және басқа да әрекеттер жасаудан тұрады. 
Террористiк не экстремистiк әрекетке қатысу үшін адамдарды қарудың кез келген түрімен қамтамасыз ету ҚК-нің 259-бабының бірінші бөлігінде қаруландыру деп түсіндіріледі.
25. Адамның көрсетілген объектілерді басып алуға бағытталған зорлық-зомбылық әрекеттер жасағанын ҚК-нің 269-бабына сәйкес ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына, өзге де коммуникацияларға шабуыл жасау деп таныған жөн екендігі түсіндірілсін.
ҚК-нің 269-бабының бірінші бөлігіне сай ғимараттарды, құрылыстарды, қатынас және байланыс құралдарын, өзге де коммуникацияларды құқыққа қайшы иеленуді басып алу деп түсіну қажет. Басып алу құпия, сондай-ақ ашық түрде де, күш қолдану арқылы немесе күш қолданбастан жүзеге асырылуы мүмкін.
«Ғимарат» және «құрылыс» ұғымдары «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі № 242-ІІ Заңының 1-бабында анықталғандығын ескерген жөн. Бұдан басқа телекоммуникация құралдары (байланыс құралдары) деп «Байланыс туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 5 шілдедегі № 567-ІІ Заңының 2-бабының 57) тармақшасына сәйкес электрмагниттік немесе оптикалық сигналдарды қалыптастыруға, таратуға, қабылдауға, сақтауға, өңдеуге, коммутациялауға мүмкіндік беретін техникалық құрылғылар, жабдық, жүйелер және бағдарламалық құралдар немесе оларды басқару түсініледі. 
26. ҚК-нің 170, 171, 173, 182, 184, 255, 256, 257, 258, 259, 270-баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасауда кінәлі деп танылған адамдарға қатысты сот ҚК-нің 48-бабы екінші бөлігінің 1), 2), 3) тармақтарына сәйкес көрсетілген қылмыстарды жасау нәтижесінде алынған ақшаны, құндылықтар мен өзге мүлiкті және осы мүліктен алынған кез келген кірісті; мүлiк пен осы мүліктен алынған кірістер ішінара немесе толығымен ауыстырылған немесе айналдырылған ақшаны, құндылықтар мен өзге мүлiкті; терроризмді, экстремизді, ұйымдасқан топты, заңсыз әскерилендірілген құралымды, қылмыстық қоғамдастықты (қылмыстық ұйымды) қаржыландыруға пайдаланылатын немесе арналған ақшаны, құндылықтар мен өзге мүлiкті тәркілеу туралы мәселені шешуі қажет.
ҚК-нің 48-бабы екінші бөлігінің 4) тармағының ережесіне сүйене отырып, сот сотталушыға тиесілі, қылмыстық құқық бұзушылық жасауда пайдаланылған қаруын немесе өзге құралдарын тәркілеу туралы шешім шығаруға тиіс. 
Терроризм мен экстремизмді қаржыландырудың жолын кесу мақсатында қажет болған жағдайларда Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 71-тарауында көзделген шараларды қабылдау қажет. 
27. Террористік және экстремистік қылмыстардың кейбір түрлерін жасағаны үшін жаза белгілейтін ҚК-нің баптарының санкциялары қосымша жаза ретінде Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыруды көздейді. Соттар ҚК-нің 50-1-бабының бірінші бөлігіне сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру мемлекеттің сотталған адаммен орнықты саяси-құқықтық байланысты мәжбүрлі тоқтату деп түсінілетіндігін назарға алғандары жөн, бұл олардың өзара құқықтары мен міндеттерінің жиынтығын білдіреді.
Соттар қосымша жазаның аталған түрін тағайындау немесе тағайындамау туралы мәселені талқылау кезінде істің барлық мән-жайларын, террористік және (немесе) экстремистік қылмыстардан болған зардаптарды және кінәлі адамның жеке басы туралы деректерді назарға алуы қажет. Осы бөлікте сот шешімі уәжді болуы тиіс. Он сегіз жасқа дейін қылмыс жасаған адамдарға Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру тағайындалмайтындығын ескеру қажет. 
 28. ҚК-нің 182, 255, 258, 260, 261-баптарына берілген ескертулерде террористік және (немесе) экстремистік әрекетке қатысуды өз еркімен тоқтатқан адамдарды, егер олардың әрекеттерiнде өзге қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босату талаптары көзделеді.
Адамның қылмыстық әрекетті жалғастыру мүмкіндігін біле тұра, оны тоқтатуы қатысуды өз еркімен тоқтату деп саналады, мысалы, экстремистік топтың құрамынан шығу, оның басшыларының өкімдерін орындамау, қылмыстық құқық бұзушылықтарды, сондай-ақ террористік және (немесе) экстремистік топтың әрекеттеріне ықпал ететін өзге іс-әрекеттерді жасаудан бас тарту түрінде көрініс табуы мүмкін.
29. Соттардың терроризм мен экстремизмнің көріністерін жою бойынша алдын алу-профилактикалық жұмысының маңыздылығына назар аударғаны жөн, бұл мақсатта жазадан құтылмаушылықты қамтамасыз етуге бағытталған заңда көзделген пәрменді шараларды қабылдау қажет. Қажет болған жағдайларда, соттар ҚПК-нің 405-бабына сәйкес террористік және (немесе) экстремистік қылмыстарды жасауға әсер еткен себептер мен жағдайларды жоюға бағытталған шаралар қабылдау үшін жекеше қаулылар шығаруы керек.
30. Конституцияның 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы
Сотының Төрағасы
Қ.МӘМИ
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының
судьясы, жалпы отырыс хатшысы 
Г.ӘЛМАҒАМБЕТОВА

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

24.09.2018

FIFA-2018 марапаттау рәсімінде Роналду болмайды

24.09.2018

Ұлы Дала Еліне саяхат — «Жаңа Жібек жолы» бағыты бойынша экспедиция Таразға келді

24.09.2018

«Егемен академиясының» жаңа маусымына тіркелу басталды

24.09.2018

Мақтаарал құрылыс саласымен де танымал болмақ

24.09.2018

Атырауда «Тау тұлғалы Таумыш» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті

24.09.2018

Ақмола облысында мемлекеттік қызмет мектебін ашылды

24.09.2018

Алматыда III Baikonyr Short Film Festivalдің жабылу салтанаты өтті

24.09.2018

Ақтөбелік полицейлер Агенттіктің «Пара алма!» үндеуіне құлақ асуда

24.09.2018

Қыздар Университетінің студенттері республикалық турнирдің жеңімпазы атанды

24.09.2018

Талдықорған қаласы әкімінің жаңа орынбасары тағайындалды

24.09.2018

25 қыркүйекте Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтеді

24.09.2018

Ақтауға үлкен футбол оралды

24.09.2018

Үш дзюдошымыз да алғашқы айналымда ұтылды

24.09.2018

Оралда бокстан халықаралық турнирдің жеңімпаздары анықталды

24.09.2018

Қазақстанда ұшақ билеттері арзандауы мүмкін

24.09.2018

Қазақстанда 14 миллион тоннаға жуық астық жиналды

24.09.2018

«Түн құдайы» фильмі Парижде өткен ретроспектива барысында көрсетілді

24.09.2018

Универсиада алауы Алматы арқылы өтті

24.09.2018

Бүгін Бакуде үш дзюдошымыз белдесуде

24.09.2018

Бизнес салымдар үшін қай қаржы ұйымы тиімді?

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Асан Мирас,

Ulaǵat pen muraǵat

Qaıǵyly ólimi qalyń jurttyń qabyrǵasyn qaıystyryp, qyrshyn ǵumyry qıylǵan óner, mádenıet, sport sańlaqtary qaı ultta bolsyn az emes. Ondaı has talanttardy halyq eshqashan umytpaıdy. Talanttardyń fánıdegi taǵdyry kelte bolǵanymen, halyqtyń júregi men jadyndaǵy ǵumyryn myńjyldyqtarmen ólsheýge bolady. Aıtalyq, áıgili grek ańyzyndaǵy aıbyndy batyrlar Ahılles pen Gektordyń esimderi dáýirlerden dáýirlerge kóshe júrip, ult sanasynda jarqyrap ǵumyr keshýde. Ańyzdyń epıloginde aıtylǵandaı, keıingi urpaq tıtandardy máńgi eske tutatyn bolady. Tipti, grektiń búkil tarıhy áli kúnge deıin ataqty Gektor men Ahıll shaıqasyna baılanysty óriledi. Biz muny nege aıtyp otyrmyz? Qaı ult bolmasyn, esimi elge eleýli tulǵalaryn este qaldyrýdyń esti joldaryn ustanady. Qazaq tarıhyn aqtarsaq ta, ádebıet betterin paraqtasaq ta túrli klassıkalyq joqtaý úlgilerine jolyǵatynymyz sózsiz. Joǵarydaǵy dańqty grek batyry Ahıllestiń de atyn aqıqatqa bergisiz asqaqtatqan áıgili Gomer abyz. 

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Qasiet pen qasiret

«Dánikkennen qunyqqan jaman» degen sózge mán bersek, munda úlken fılosofııalyq maǵyna bar. Táýba, bireý bireýden nan surap jeıtin zaman emes qazir. Toqshylyq zaman. О́zimizdi qoı ústine boztorǵaı jumyrtqalaǵan barshylyqta, etek-jeńniń keń kezinde dúnıege kelgen, zárýlik kúıin sezinbeı ósken urpaqqa balaımyz. Dastarqannan nan, maı, qant, sút, qaımaq eshqashan úzilgen emes. Sonymyzben baı sanalmasaq ta, bardyń sanatynan bolatynbyz... Qudaı saqtaı gór, taǵamǵa talǵam-talabymyzdyń sharyqtap ósip ketkeni sonshalyq keıde dastarqannan búginde nan qoıylatyn bos oryn tappaı qınalatynymyz ras. Sóıte tura, toqshylyq zamanda ómir súrip jatqanymyzdy sezinbeıtinimiz jaman. Moıyndaǵymyz kelmeıtini qorqynyshty. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Minez adamnyń taǵdyry ma?

Qazir Elbasynyń «Bolashaqqa baǵdar: rýhanı jańǵyrý» baǵdarlamasy týraly jıi áńgime qozǵalýda. Jańa turpatty jańǵyrýdyń eń basty sharty – ulttyq kodyńdy saqtaı bilý, ıaǵnı zaman jańalyqtaryn qabyldaı, oǵan ún qosa otyryp, basqa ulttardan árdaıym erekshelendirip turatyn ózińniń ulttyq bolmysyńdy, qazaqy qalybyńdy damyta bilý ekendigi aıtylýda.

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Esti men eski

Elektrondy aqparat quraldaryn qosa qalsań-aq jarq etip shyǵa keletin ánshilerdiń bitim-bolmystarynan syr aýlaı uzaq qadalatynyń bar. Qyz-jigitterdiń arasynda burynnan biletiniń ıa qatarǵa jańa-jańa ilingenderiniń oryndaǵan ánderine qulaı elikpeseń de – beker obaldary káne, beıjaı tyńdap otyrǵyzbaıtyn izdenisteriniń qýaty barshylyq. Bul salanyń jetik bilgiri sanalmasań da, tańdaǵan repertýaryna ózińshe kóńil aýdaryp, naqyshyn ishki tarazyńmen ólshep, órnek ıirimin oısha saraptaısyń ǵoı, baıaǵy. 

Ермухамед Мәулен, «Егемен Қазақстан»

Boljam aıtyp baıyǵandar

Sport bızneske aınalǵaly qashan. Árıne bul sózben qazir eshkim daýlasa almaıdy. Álemdegi eń baı adamdar sportshylar ekeni anyq. Alaıda osy sport bıznesi salasynda alaıaqtyq ta joq emes. Ásirese bás tigip aqsha tabatyndar men qandaı báske qoıý kerektigin usynatyndardan aıaq alyp júre almaısyz. Keńes beretin keń­seler men aqyl aıtyp otyratyn saıttar qap­tady. Aldaǵy ýaqytta alaıaqtardyń arbaýyna túspes úshin bul júıeniń qalaı áreket etetinin aıtyp óteıin. 

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу